Өлең, жыр, ақындар

Хоббиді қалай кәсіпке айналдырамыз?

Хобби – адамның бос уақытын жеке қызығушылығы бойынша өткізуі. Оны кәсіпке айналдыру қаншалықты қиын? Қазақстан жастары өз кәсіптерін қалай жүргізіп жүр? Осы тақырып төңірегінде Қызылорда облысы, Сырдария ауданыны, Шаған ауылының тумасы Ұмай Нұрмышевамен сұхбат құрдым. Ұмай – Қызылорда тұрғындарының арасында кеңінен танылған онлайн тәттілер дүкенінің негізін қалаушы жасөспірім.

Фото: автордан

Басында хобби ретінде көрдім...

- Ұмай, осы кәсіп жолына қалай келдіңіз? Қызығушылық неден басталды? 

- Анам көп шеберлік сағаттарына қатысқанды ұнатады. Маған қайта-қайта нешетүрлі курстарды ұсынған, мен онша қызыға қоймадым. Осыдан бірнеше жылдар бұрын тағы бір шеберлік сағатына қатысты. Ол – шоколадқа малынған құлпынайды жасау және сату курсы еді. Ауылда жасап көрді, бірақ, сұраныс көп болмады. Мен қатысып көруді жөн көрдім.  Сол кезде ол тәтті өте танымал еді. «Ең қиыны – бастау»,- демекші, курсты сәтті тәмамдап, жасап көруге бел будым. Көп зат сатып алмадым, аз мөлшерде жасап көрмекші болдым. Иә, басында мұның бәрін хобби ретінде көретінмін. Ол кезде тіпті ойламаппын, қазірдегідей кәсіпке айналады деп. Адамдармен байланыс орнату қиын, сату техникасын білмеймін, қолымнан келетінін тәттіні жасау, солай бастап кеттім. Барлығы тәжірибемен келеді деген рас екен. 

- Әр кәсіпкер өзінің алғашқы сатылымын ерекше есіңде сақтайды, ал сіздің алғашқы сатылымыңыз қалай болды?

- Ол кезде мен әлеуметтік желіні дұрыс жүргізе алмайтынмын. Таргет жіберуді жөн көрдім. Ол да қиынға соқты, бірақ, тәуекелге бел буып, жібердім. Аз болса да, сатып алушылар жаза бастады. Барлық әлеуметтік желілерге тараттым. Алғашқы сатып алушының тапсырысын түнде жасадым. Алғашқы тапсырыс болғасын ол мінсіз болмады. Сыртын кандуринмен бояп тастаппын, олай жасауға болмайтынын білмедім. Алғашқы тапсырыстарым қандай да бір кемшілікпен жасалғаны рас. Бастағаннан мінсіз жасау мүмкін емес қой, барлығы уақытымен, тәжірибемен орнығады. Сол алғашында қаламызға бір блогер келді, сол кезде өз тәттімді жасап, сол кісіге апарғанмын. Содан кейін өз брендингімді қалыптастырғым келді. Қораптардың сыртына жапсырмалар, логотип жасаттым. Кіріс пен шығысты жазып, есептей бастадым. Көбі айтады, оны міндетті түрде жазып жүру керек деп, бірақ, бүгінгі күннің өзінде кейде жазуды ұмытып кетемін. 

- Осы кәсіпті жүргізіп жүргенде қандай да бір қиындықтармен жолықтыңыз ба?

- Иә... Наурыз айында Халықаралық Әйелдер күніне орай кенеттен сұраныс тым көп боп кетті. Өзім аң-таң болғанмын. Сол сәтте құлпынайдың 3 келісі 70 мың теңге тұрды. Тапсырыс көп, амал жоқтан оны сатып алуға және тәттілердің бағасын көтеруге тура келді. Күні-түні ұйықтамай жасаған кездер де болды. Сол сәтте көмекке анам мен әпкелерім келіп, үлгердік. Бірақ, бір риза болатыным, сол сәттегі сауда жақсы жүріп, тәтті өз-өзін ақтап, кіріске шыға алдым. Иә, бұл бір қиын әрі қызықты кезеңдердің бірі болған. Одан бөлек, сатып алушылар арасында нешетүрлі адамдар болады емес пе? Бірақ, кез-келген қиындыққа төтеп беріп, жалғастыра бердім. Негізі біздің өңірде кәсіп бастау қиын, өйткені, халық саны аз. Сол себепті, бір кездері Алматыға барып, жасап көрдім. Ол жақта да сауда жақсы жүріп, кіріске шықтым. 

- Енді, осы шоколадқа малынған құлпынайды сату кәсібін бастағысы келіп жүрген немесе жалпы кәсіп бастағысы келіп жүрген замандастырыңызға айтарыңыз бар болса, мархаббат:

- Бірінші кезекте, адам өзінің нишасын табуы керек. Ниша – адамның қолынан келетін қандай да бір іс, сала. Нишаның түрлері көп қой, білім, тәттілер, киім және т.б. Менің нишам – тәттілер. Басты кеңесім – әлеуметтік желіні жүргізу, таргет жіберу жолдарын жақсырақ меңгерген жөн. Басында менде дәл осы таргет мәселесімен қиындықтар туған. Тағы да ескеретін жайт, қаржылық сауаттылық. Бұл кәсіп, сауда болғандықтан, міндетті түрде қаржылай сауатты болу керек. Қандай кәсіп болмасын , оны зерттеу қажет.  Сіздің өңірде сұраныс қандай, шығысы мен кірісі қандай болмақ, барлығын алдын-ала зерттеп , саралаған жөн. Сөзімнің соңында айтарым, қандай іс болмасын, оны сүйіп жасау керек. Мысалы, басында мен хобби ретінде қарадым, қызықтым, сүйіп жасадым. Солай уақыт өте келе қазір ол хоббиім кәсіпке айналды. 

Рақмет, Ұмай! Кәсібіңізге табыс тілеймін! Меніңше сіздің бұл жолыңыз, оқырманға пайдалы болды.
Құрметті оқырман, хоббиіңізге көбірек көңіл бөліңіз, мүмкін, сіздің де хоббиіңіз Ұмайдың хоббиіндей кәсіпке айналып, табысқа жетелер!

Сұхбат құрған: 

Әбдірахман ҚАЙРАТ


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз