Өлең, жыр, ақындар

“Ұлттың игілігіне қызмет еткен- Абдолла Байтасұлы”

 “Ұлттың игілігіне қызмет еткен- Абдолла Байтасұлы” 

Абдолла Байтасұлына арнау

Қазақтың асқақ рухы, даңқты тұлға,
Өмір жолы — үлгі, әрбір ісі дана.
Ұлт үшін қызмет еттің бар ғұмыр бойы,
Қаламыңмен өргенсің мәңгі дара.

Жас ұрпаққа білім мен тәрбие берген,
Алаштың арманын ешқашан кемітпеген.
Терең ойы, сарқылмас қайратың,
Өміріне толық мәңгі із еткен.

Ұлт үшін жүрек жанып, еңбек еттің,
Әдебиет пен білімді бағалап, өркендеттің.
Сөздің күшімен көкке ұмтылдырып,
Ұлы ұстаз, айқын жолды өрнектедің.

Абдолла Байтасұлының өмірі мен шығармашылық мұрасы

Абдолла Байтасұлы — ХХ ғасырдың басында қазақ халқының рухани, мәдени және әдеби өміріне зор үлес қосқан ғұлама әдебиетші, қабырғалы журналист, шебер аудармашы, байсалды сыншы, білікті ұстаз және зерттеуші. Ол Халел Досмұхамедұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Қошке Кемеңгерұлы сияқты алаш ардақтыларымен бірге ұлттың мүддесін қорғаған алаштың белгілі тұлғасы. Оның өмірі мен қызметі туралы жазушы-филолог, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай «Ұраным — Алаш!..» атты зерттеу әфсанасында атап өткен:

«1900 жылы Ақмола губерниясы Көкшетау уезінің Айыртау болысында (кейбір деректер бойынша, Қостанай округінің Бақбаққара ауданында) дүниеге келген. Мұғалімдер семинариясын тәмамдаған. 1921 жылдан бастап кәсіподақ мүшесі. 1920 жылдан бастап өз мамандығы бойынша қызмет атқарған. Шетелде, әскерде немесе Қызыл Армия қатарында болмаған, бұрын сотталмаған. Қоғамдық қызметтермен айналыспаған, денсаулығы жақсы, қазіргі кезде мұғалім болып қызмет атқарады. Сын-ескертпесі жоқ. «Жас алаш», «Жас қайрат» газеттерінің белсенді авторы. Ағартушылық, сауат ашу және әр түрлі ғылым салаларында мақалалар жазған. Саяси экономия туралы пікірлер айтқан.»

ХХ ғасырдың алғашқы жартысы қазақ халқы үшін тарихи кезең болып саналады. Ұлттық тәуелсіздік үшін күрес, ұлттық идеологияның қалыптасуы және білім беру жүйесінің дамуы бұл дәуірдің негізгі ерекшеліктері болды. Осы кезеңнің жарқын тұлғаларының бірі — қазақтың ұлы педагогы, әдебиетші және аудармашысы Абдолла Байтасұлы. Оның өмірі мен шығармашылығы тек қазақ тілінің дамуына ғана емес, сонымен қатар қазақ халқының білім мен мәдениет саласындағы серпінді өзгерістеріне ықпал етті.

Абдолла Байтасұлы зеректігі мен ұлттық сана сезімі ерте оянған қазақ жастарының өкілі еді. Білімін кеңейту үшін Омбы қаласындағы мұғалімдер семинариясына оқуға түсіп, оны 1917 жылы бітіріп шығады. Сонда оқып жүргенде қазақ жастарының «Бірлік» ұйымына мүше болады.


1917 жылы семинарияны сәтті бітірген Абдолла қазақ жеріндегі қызып тұрған саяси майданға дөп келеді. Жікке бөлініп, сан бағытқа сарсылған әлеумет ісінде Алаш жолын таңдады.

1920 жылы
Мұғалімдік жолды таңдап, Ш. Құсайынов атымен аталатын мектептің алғашқы ұстазы болып қызмет етеді. Ташкент қаласында география-физика пәндерінен сабақ береді. Институтта ана-тілі және ҚазПед техникум жанындағы қазақ мектептерінің мұғалімдерін даярлауға арналған педагогикалық курстарда сабақ береді.

Алаш қозғалысын қолдап, қазақ комитеттерін құруға атсалысады. 1921-1922 жылдары Петропавл қаласында мұғалімдерді қайта даярлау курстарында өз еркімен оқиды және «Бостандық туы» газетінде Мағжан Жұмабаевпен бірге қызмет етеді. 1923 жылы Ташкентке келіп Қазақ ағарту институтының жұмысшы факультетінде және Қазақстан Академиясының орталығында қызмет атқарады.
1924-1927 жылдары Абдолла Байтасұлы Орта Азия Мемлекеттік Университетінің алдымен қоғамдық ғылымдар факультетінде, кейін Шығыстану факультетінде оқиды.

1926 жылы
Абдолла өмірінің жаңа парағын ашады. Тәңірінің қалауымен шаңырақ көтеріп, отбасы құрады. Айша Темірбекқызын өзіне жар етті. Жақын досы Жұмағали Тілеулинмен бажа болады. Екі апалы-сіңілі Райхан мен Айша Темірбековалар екі досты туыстық тұрғыда жақындатты.

1928 жылы
Қызылордада «Еңбекші қазақ» газетінің ғылым-техника бөлімінде және «Ауыл тілі» басылымын да еңбек етті. Сол жылдары алғашқы кітабы «37 мемлекет: жер жүзінің кейбір мемлекеттері» басылып шықты.

1924-1929 жылдары тек география пәнінен 1 төл туынды және 9 аударма кітап әзірлеп, қазақ мектептеріндегі осы пән саласының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты. Одан тыс баспасөз беттерінде оқу мәселесі туралы ұдайы ғылыми-әдістемелік, публицистикалық мақалалар жазды.

1929 жылы
8 сәуірде Ташкентте қамауға алынып, шілдеде Алматыға, қыркүйекте Мәскеудегі Бутырка түрмесіне ауыстырылады. 1930 жылы 4 сәуірдегі ОГПУ шешімімен Архангельскіге жер аударады. 1933 жылы қараша айында жаза мерзімі бітіп, Фрунзеге (қазіргі Бішкек) қоныстанады. Мұнда өзінің сүйікті кәсібі — ұстаздықпен шұғылданады.

 


 

Абдолла Байтасұлының педагогикалық қызметі және білім жүйесіне қосқан үлесі
Абдолла Байтасұлының педагогикалық қызметі қазақ тілінің негіздерін оқыту мен ғылыми негізде білім беру жүйесін қалыптастыруда маңызды роль атқарды. Оның еңбектері қазақ тілін мектептерде оқыту әдістемесінің қалыптасуына және қазақ мектептерінің оқыту жүйесін дамытуға ықпал етті. Ол тек педагог емес, сонымен бірге әдіскер, ғылыми еңбектер жазған ғалым болып табылады.
А.Байтасұлының «Тәжірибе сабақтары» және «Мектеп тілі» сияқты еңбектері қазақ тілін оқытуға арналған әдістемелік жұмыс ретінде маңызды болды. Осы еңбектерінде ол қазақ тілінің грамматикасы мен тіл үйретудің әдістері бойынша тың пікірлер айтты.

Оның еңбектері тек педагогикалық теория емес, сонымен қатар күнделікті мектеп практикасында қолданылатын оқулықтардың негізін қалады.

 


 

Абдолла Байтасұлының әдеби мұрасы және сыншылық қызметі
Абдолла Байтасұлы тек педагог емес, сонымен қатар әдеби сыншы ретінде де үлкен ықпалға ие болды. Оның сыншылық қызметі қазақ әдебиетінің дамуында маңызды орын алды. Абдолла Байтасұлы қазақ әдебиетін жаңа тұрғыдан бағалап, оның сапасын арттыруды мақсат етті. Ол өзінің сын мақалаларында әдебиеттің эстетикалық және қоғамдық рөлін көтеріп, ұлттық әдебиетке жаңаша көзқарас енгізді.
Байтасұлының әдеби сыншы ретіндегі еңбектерінің бірі – оның «Кекесін болмасын», «Еңбек мектебі» сияқты мақалалары. Бұл мақалаларда ол қазақ әдебиетінің жаңа бағыттарын қарастырды, жаңа дәуірдің талабына сәйкес шығармашылық жасаудың жолдарын ұсынды.

 


 

Абдолла Байтасұлының аудармашылық қызметі
Аударма саласы да Абдолла Байтасұлының маңызды қызметінің бірі болды. Ол өз заманының озық ойшылдарын, ғалымдары мен жазушыларын қазақ тіліне аударды. Вагнердің «Жануарлар туралы әңгімелер», Гейкінің «Физикалық география» сияқты еңбектері оның аудармашылық қызметінің жемістері болып табылады. Бұл аудармалар қазақ тілінің ғылыми тіл ретінде дамуына ықпал етті.

Абдолла Байтасұлының саяси күресі мен Алаш қозғалысындағы орны
Абдолла Байтасұлы Алаш қозғалысының белсенді мүшесі болған. Ол ұлттық тәуел

сіздік үшін күресіп, өз халқының болашағы үшін еңбек еткен азамат. Абдолла Байтасұлының Алаш қозғалысына қатысуы оның саяси көзқарастарының қалыптасуына әсер етті. Ол ұлт үшін күресте тек біліммен ғана емес, саяси тұрғыдан да өз үлесін қосты.
А.Байтасұлының Алаш қозғалысындағы қызметі репрессияға ұшырауына себеп болды. 1930 жылдары ол «Алқа» үйірмесін құруға қатысқаны үшін айыпталып, түрмеге қамалды. Оның осы саяси қызметі мен ұлт үшін жасаған еңбектері бүгінде қайта бағалануда.

 


 

Абдолла Байтасұлы бойындағы дарынды талантын елеген елеулі азаматтардың бірі болды. Ол бос уақытында театр ойындарын қоюды қолға алған. Театрдан түскен қаржыны Мәскеудегі мұқтаж шәкірттердің оқуына жіберіп отырған. Осылайша, өз бойындағы әртістік қабілетін барынша шындай білген. «Ел ағасы» атты спектакльде мұғалімнің рөлін сомдаған. Бұл спектакль 1921 жылы Орынбор қаласында қойылған. Қойылымның авторы Мұхтар Әуезов болды. Ең қызықтысы, дәл сол қойылымнан түскен қаражат толықтай қайырымдылыққа жұмсалған. Абдолла Байтасұлының бойындағы әртістік қабілетін өз көзімен көрген сол заман куәгері Гүлнар Дулатова былай деп өз естелігінде жазып қалдырған:

“Абдолла ұзын бойлы, талғампаз келген бұйра шашты, ылғи күліп, көңілді жүретін әдебиетті жеті білетін жігіт болатын. Ахмет Байтұрсынов ағайдың "Оқу құралы", "Қырық мысал", "Мәселенің", "Есеп құралы", "Оқу құралы" (хрестоматия) кітаптарынан, Мағжанның өлеңдерінен, Мұхтар Әуезовтің "Қаракөз", Жүсіпбек Аймауытовтың "Шернияз" пьесаларынан, Иса Байзақовтың "Қызыл сұңқарларынан" үзінділер оқып, балаларға арналған өлеңдерден Абдолла Байтасұлы  үзіліссіз оқитын. Ол нағыз әртістік шеберліктің дауысын да, кескінін де мүлдем өзгертіп, кейіпкердің бейнесін келтіріп, сөз мәнерін салып құбылтып, жандырақ оқитын. Оқығандарын сүйсініп қабыл алатын.

Ал біз үшін әр жазушының көркі, олардың шығармаларын оқып тыңдау үлкен бақыт, мәңгі естен шықпайтын мектеп болатын.”

Абдолла Байтасұлының мұрасы ұлт тарихы мен әдебиетіне, педагогикасына, қазақ тілінің дамуына қосқан орасан үлесі ретінде бағаланады. Оның есімі ұлттық руханият пен мәдениеттің жарық жұлдызы ретінде мәңгі сақталады. Өмір жолы мен шығармашылық мұрасы жас ұрпаққа үлгі болып, оның еңбектері бүгінгі күнде де маңызды және қажетті.

Тұлғаның шығармашылық мұрасы мен өмір жолы қазақ халқының мәдениеті мен ғылымына зор әсер етті. Ол тек ұстаз әрі ғалым ретінде ғана емес, әдебиетші, аудармашы, әрі Алаш қозғалысының белсенді мүшесі ретінде қазақ қоғамында үлкен із қалдырды. Оның еңбектері мен ұстаздық қызметі қазақ тілінің, әдебиеті мен білім жүйесінің дамуына айрықша ықпал етті. Абдолла Байтасұлының жазған мақалалары мен аударған шығармалары, оның терең ойлау қабілетін, ұлттық рухты сақтап қалу жолындағы қажырлы еңбегін дәлелдейді.

Алаш қозғалысына қатысуы мен тәуелсіздік үшін күресі оның саяси көзқарастарын айқындап, қазақ халқының болашағы үшін батыл қадамдар жасауына негіз болды. Оның саяси қызметі мен қоғамдағы белсенділігі бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлық..

Мақала авторы: Эльмира ЖУМАБАЙ 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер