«Ғылым – адамзатқа жол көрсетуші шам», - деп айтсақ, осы шамның жарығын жаққандардың бірі – ұлы ойшыл, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби. Әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фараби – тек шығыстың ғана емес, бүкіл адамзаттың ұлы ойшылдарының бірі. Ол адамзатқа өлшеусіз білім мен терең философиялық мұра қалдырды. Әл-Фарабидің еңбектері – тек теориялық ілім ғана емес, өмір сүрудің, болмысты түсінудің, ізгілікке жетудің жолы. Оның трактаттары ғылымның әр саласын қамтып, кейінгі ғалымдарға бағыт-бағдар берді.
Әл-Фараби өз трактаттарын X ғасырда, ғылым мен мәдениет дамыған заманда жазды. Бағдад, Дамаск, Каир секілді білім ордаларына барып, сол дәуірдегі ең озық ғылым мен философияны меңгерді. Оның трактаттары араб тілінде жазылып, кейіннен латын, парсы, түркі тілдеріне аударылды. Ғұлама еңбектерін жазғанда ежелгі грек ойшылдары Платон мен Аристотельдің еңбектерін талдап, оларды дамыта отырып, өз көзқарасын қалыптастырды. Ол әсіресе логика, метафизика, этика, музыка, астрономия, математика, саясат және тіл білімі салаларында көптеген еңбектер жазды. Оның «Ғылымдардың жіктелуі туралы сөз», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат», «Азаматтық саясат», «Мемлекет қайраткерінің афоризмдері», «Бақытқа жету жолын көрсету», «Философияның дінге қатынасы», «Адам ағзалары туралы», «Алхимия өнеріне қажеттілік туралы» және басқа да трактаттары бүгінгі қоғам үшін маңызды мәселелерді қамтиды. Әл-Фарабидің әлеуметтік-этикалық трактаттары қазіргі заман үшін өзектілігін жоғалтпаған.
«Ғылымдардың жіктелуі туралы сөз» еңбегінде әл-Фарабидің ғылым саласында зерттеген тақырыбының барлығы дерлік қамтылады. Математика, физика, логика, жұлдыздар туралы, оптика, арифметика сонымен қатар тіл, сөз тіркестерінің ережелері туралы да жеке қарастырып өтеді. Бұл дегеніміз ғылымға қосқан үлесі. Қазіргі таңдағы өзектілігіне алып келетін болсақ, білім-ғылымды о заманда да зерттеді, қазіргі 21 ғасырда да зерттеп келеді. Яғни, бұл біздегі білім-ғылымның бір орында тұрмайтындығы. Уақыт пен кеңістік аясында қарыштап келетіндігі. Қазіргі кезде ғылыми-технологиялық прогресс экономикалық және әлеуметтік дамуға ықпал етеді. Әл-Фарабидің ғылым мен білімге берген бағасы ХХІ ғасырдағы білім беру жүйесі үшін де өзекті. Осы тұста мысал ретінде алып қарайтын болсақ, Әл-Фараби зерттеген оптика саласы бүгінде лазерлік технологиялар, голография, виртуалды шындық сияқты жаңа бағыттардың негізін қалады. Соның ішінде жасанды интеллект логика мен математика ғылымдарының дамуы нәтижесінде пайда болды. Астрономияны ғылым ретінде қараған әл-Фараби бүгінгі біздің болашақ үшін Қазақстандағы ғарыш саласы: «Байқоңыр» ғарыш айлағы арқылы Қазақстан әлемдік ғарыштық зерттеулерге үлес қосып жатқанын айтамыз.
Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» еңбегі – қоғамның қалай әділ әрі дұрыс құрылуы керектігі туралы философиялық трактат. Бұл еңбегінде ол қоғамды басқару, адамгершілік құндылықтар, білім мен тәрбие, әділеттілік мәселелерін көтереді. Сол арқылы қоғамды екіге бөледі - қайырымды қала және надан қала деп. Қайырымды қалада билеуші ақылды, әділ, парасатты болады және халықтың игілігі үшін қызмет етеді. Мұндай қоғамда адамдар бір-біріне көмектесіп, әділетті өмір сүреді. Ал надан қалада билеуші өз пайдасын ойлайды, әділетсіздік пен надандық жайлаған, адамдар бір-біріне сенбейді. Қайырымды қалаға мысал ретінде Швеция, Норвегия, Швецария сияқты әлеуметтік әділетті мемлекеттерді жатқызуымызға болады. Бұл елдерде білім, медицина тегін, халықтың әл-ауқаты жоғары. Яғни әлеуметтік мәселені бірінші орынға қоя отырып, этика тұрғысынан бір-біріне деген құрметті көрсетеді. Мемлекет басшылары мен халық арасындағы тікелей байланысты да көрсетеді. Надан қалаға жемқорлық жайлаған, адамдардың құқықтары қорғалмайтын елдерді жатқызуымызға болады. Мұндай елдерде әлеуметтік теңсіздік жоғары, заң әділетсіз жұмыс істейді. Мысал ретінде Африканың кейбір елдерінде халық кедейлікке ұшырағанымен, билеушілер өз қалтасын толтырумен айналысады дегенді жатқызуымызға болады.
Әл-Фарабидің «Азаматтық саясат» еңбегі – қоғамды басқару, адамдар арасындағы қарым-қатынас және мемлекеттің қалай дұрыс дамуы керектігі туралы философиялық трактат. Бұл еңбекте ол адамның өмір сүру салтын, билік пен халықтың қарым-қатынасын, әділетті қоғам құру жолдарын қарастырады. Оңтүстік Корея, Жапония, Германия және т.б. сияқты елдердегі азаматтық саясат басты орынға қойылған. Білім, мемлекеттік басқарушылық, мәдениеттің даму мен жаһандануды басты назарға қоя отырып-ақ елдің дамуына алып келеді. Технология, оқушылардың білімге деген құштарлығы мен бәсекелестік, инновация мен мәдениетті бір арнаға тоғыстырып, халықаралық аренаға шығуының өзі бір саясат екендігін көруімізге болады.
«Мемлекет қайраткерінің афоризмдері» еңбегінде қоғам, мемлекет және адамдардың қатынастары туралы маңызды пікірлер мен пайымдаулар баяндалады. Оның қоғамдық-саяси көзқарастары, мемлекет және ел басқару жөніндегі тұжырымдары бүгінгі қоғам үшін аса маңызды. Әл-Фараби мемлекет қайраткерін тәнді емдеуші дәрігермен салыстырып, оның міндетін жанды емдеуші әміршінің қызметімен теңейді. Сонымен қатар, игіліктерді екі түрге бөледі: этикалық және интеллектуалдық. Интеллектуалдық игіліктер ақыл-парасатқа жататын қасиеттер, мысалы, даналық, парасаттылық, ақыл-ойдың тапқырлығы мен ұғымталдық. Ал этикалық игіліктер жанның ізгілікке ұмтылуымен байланысты қасиеттер болып табылады, мысалы, ұстамдылық, батылдық, жомарттық, әділдік. Жаман қылықтар да осы категорияларға сәйкес бөлінеді. Әл-Фараби адамның әуелде белгілі бір мамандыққа немесе қасиетке ие болмайтынын, бірақ ізгілік пен жаман қылықтың адамға жаратылысы бойынша бейімділікпен берілуі мүмкін екенін айтады. Осылайша, адам белгілі бір күйге бейім болғанда, сол күйден туындайтын әрекеттерді істеу оған оңай болады.
Өз еңбектерінде қайырымдылық пен ұстамдылық адамның жанынан орын алған кезде, қоғамда теріс қылықтар жойылатынын атап өтеді. Бұл оның бақытқа жету жолы туралы көзқарастарымен тығыз байланысты.
«Бақытқа жету – жан мен жүректің тазалығынан басталады», - деп келтіре отырып, Әл-Фарабидің өз заманында адамзаттың ең ұлы арманы – бақытқа жету туралы терең ой қозғап, оның жолын көрсеткен ғұлама. Оның «Бақытқа жету жолын көрсету» атты трактаты – тек орта ғасырлар үшін емес, бүгінгі заман үшін де аса құнды еңбек. Ғұлама бақытқа жету үшін ең алдымен адамның жан дүниесі тазаруы керек екенін айтады. Ол байлық, атақ немесе лауазым бақыттың өлшемі емес екенін ескертіп, шынайы бақыт – адам бойындағы ақыл мен парасаттың, ізгілік пен адалдықтың үйлесімінде екенін дәлелдейді. Әл-Фараби адамды екі топқа бөледі: біріншісі – ақиқат пен жақсылықты іздейтіндер, яғни шынайы бақытқа ұмтылатындар. Екіншісі – уақытша ләззат пен өткінші нәрселерге алданып, жалған бақыттың соңынан қуатындар. Ол адам өмірінің мәні – тек өз пайдасын ойлауда емес, айналасына жақсылық жасап, білімге, өнерге, рухани кемелдікке ұмтылуда екенін айтады.
Қазіргі заманды сол қағидамен байланыстыратын болсақ, біздің жылдам өмір сүруімізді адамдар шынайы бақыт деп, қателесіп жатады. Бүгінгі қоғамда көпшілігі байлық пен атаққа жетуді басты мақсат санайды. Бірақ бұл әл-Фараби айтқан өткінші бақыт екенін көре аламыз. Мысал ретінде, әлемдегі ең бай адамдардың бірі – Стив Джобс. Ол өмірінің соңында нағыз бақыттың ақша мен даңқта емес екенін түсінді. Өзінің соңғы хатында ол: «Мен бизнес әлемінде жетістікке жеттім. Бірақ жұмыстан тыс өмірімде менің қуанышым аз болды. Ақыр соңында, байлық – тек бір өмірлік факт қана. Өмірде ең маңызды нәрсе – жүректе махаббат ұялату», - деп келтірген екен. Оның сөзі дәл әл-Фараби ілімін қайталайды. Шынайы бақыт – тек сыртқы жетістіктерде емес, рухани даму мен ізгілікте. Әл-Фараби көрсеткен жол әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ғылым, парасат, әділеттілік пен ізгілік – міне, нағыз бақыттың негізі. Егер адам өмірде осы құндылықтарды ұстанса, ол нағыз кемелдікке, шынайы бақытқа жетеді.
«Әл-Фараби және философияның дінге қатынасы» еңбегінде «Білім мен дін – екі қанат, егер екеуі тең ұшса, адамзат биікке көтеріледі», деген. Ғұлама адамзат дамуының басты тіректері – философия мен дін туралы терең ой қозғаған. Оның «Философияның дінге қатынасы» атты трактаты осы екі ұлы ілімнің бір-бірімен байланысын түсіндіреді. Философия – ақыл мен логика арқылы дүниені танудың жолы, ал дін – адамзаттың моральдық-рухани бағдарын айқындайтын күш. Екеуі де адамды ізгілікке, кемелдікке жетелейді. Бірақ айырмашылығы – философия ақиқатқа зерделеу, зерттеу арқылы жетсе, дін оны сенім арқылы түсіндіреді. Әл-Фараби философия мен діннің мақсаты бір деп санайды: адам жанының кемелденуі және қоғамның әділетті, ізгі болуы. Бірақ олар ақиқатқа әртүрлі жолмен жетеді. Дінді көпшілікке түсінікті тілдегі моральдық-этикалық ілім десе, философияны ақыл-ойдың жоғары деңгейдегі таным құралы деп біледі.
Қазіргі қоғамда ғылым мен дін жиі қарама-қайшы қойылады. Кейбіреулер ғылымды дінге қарсы күш ретінде, ал кейбіреулер дінді ғылымға қарсы деп қабылдайды. Бірақ шын мәнінде, олар бірін-бірі толықтыратын құбылыстар. Мысалы, ХХ ғасырдың ұлы физигі Альберт Эйнштейн: «Ғылым дінсіз – ақсақ, дін ғылымсыз – соқыр», – деген. Бұл ой дәл әл-Фарабидің көзқарасына үндес. Егер қоғам тек ғылымға сүйеніп, рухани құндылықтарды елемесе, онда ол моральдық дағдарысқа ұшырайды. Ал керісінше, егер адам тек сенімге сүйеніп, білімге ұмтылмаса, онда ол надандыққа душар болады. Әл-Фараби көрсеткендей, философия мен дін – бір-біріне қарсы емес, керісінше, үйлесім табуы керек ұғымдар. Егер адам екеуін тең ұстанса, ол ақыл мен жүректің тепе-теңдігін сақтап, шынайы кемелдікке жете алады.
«Адам ағзалары туралы» және «Жануарлар ағзалары туралы» трактаттары бірінші кезекте Фараби өзінің ұстазы Аристотель секілді медицина ғылымын дәрігерлік өнердің тәжірибелік типі деп атайды. Яғни, медицина ғылымы да алхимия секілді тәжірибеге негізделген ғылым саласы. Ал, оның объектісі – адам денесі мен оның ағзалары. Яғни, дәрігерлік өнерді тәжірибе жасау арқылы игеруге болады. Тәжірибені жүргізу үшін дәрігерге жануардың денесі мен ағзалары керек. Жануарға Аристотель адамды да жатқызған. Сонымен қатар, адам денесін емдеу барысында «Адамның» өзін емдеу аса маңызды. Адамды зерттеу үшін оның қорегін зерттеу арқылы емін жасауға болады деп атап көрсеткен. Адамның қорегін үш түрге бөлген. Олар жануарлар, өсімдіктер және минералдар. Адам баласы жануарлардың етін пайдаланатындықтан жануарлардың ауруларымен де дәрігер жақсы таныс болса, дұрыс ем жасай алады. Ал, адам қорек ретінде пайдаланатын өсімдіктер мен минералдар туралы да тура осы талап қойылады. Бұған қосымша дәрігер адам ағзаларын жетік білуі тиіс. Әр ағзаның құрылымы мен ерекшелігін жақсы білу арқылы аурудың түрлерін анықтауға болады деп жазады. Көріп тұрғанымыздай, дәрігер адамды зерттеу үшін жануарларды, өсімдіктерді, минералдарды зерттеп барып, ем-шара қолдана алады. Дәрігердің қаруы – дұрыс тамақтану, дәрілер мен скальпель және т.б. деген. Шын мәнінде бүгінгі таңдағы медицина да дұрыс тамақтану – денсаулықтың кепілі деп түсіндіреді. Ал ет тағамдарын қолданғанда ерекше сақ болумен қатар, дұрыс пісіру керектігі барлық жерде айтылады. Ауырған малдың етін жемеу немесе ет тағамдарын дұрыс сақтау туралы да нұсқаулықтар бүгінгі таңда емес, Әл-Фарабидың заманында өзекті мәселе болғандығына көз жеткіземіз. Көріп тұрғанымыздай, медицина өнерін игеру терең және жан-жақты тәжірибені талап етеді және тәжірибе сәтті болуы үшін дәрігер адам баласы болмысының философиясын білсе, әлдеқайда оңай және сәтті жұмыс жасайды деген тұжырымға келген.
«Әл-Фараби және алхимия өнерінің қажеттілігі» еңбегіндегі «Табиғат – жасырын сырларға толы кітап, оны оқу үшін білім мен сабыр керек», деген сөздерге көз жүгірте отырып-ақ, осы трактаттың сол замандағы жаратылыстану ғылымдары мен философияның өзара байланысын түсіндіретін маңызды еңбек. Бұл трактатта ғұлама алхимияның мақсаты мен оның адамзатқа қажет екенін жан-жақты талдайды. Ең алдымен «Алхимия деген не?», деген сұрақты қоятын болсақ, алхимия – материяны өзгерту, металдарды жетілдіру, тіпті бейметалдарды алтынға айналдыруды зерттейтін ғылым. Бірақ бұл тек қарапайым химиялық тәжірибе емес. Әл-Фараби алхимияны рухани жетілу мен табиғатты танудың жолы деп қарастырды. Оның пікірінше, алхимик тек тәжірибе жасаушы емес, ол табиғаттың тылсым сырларын зерттеуші, ақиқатқа ұмтылушы адам болуы тиіс. Ғұлама бұл өнерді екі негізгі мақсатпен байланыстырады:
Біріншісі табиғатты тану: Алхимия арқылы адам табиғаттағы өзгерістердің заңдылықтарын түсінеді. Бұл ғылым кейіннен химия, фармацевтика және материалтану салаларының дамуына ықпал етті.
Екіншісі рухани жетілу: Алхимия – адамның тек материалдық әлемді ғана емес, өзін-өзі жетілдіру жолы. Ғұламаның айтуынша, шынайы алхимия – адамның жаны мен ой-санасын тазартып, кемелдікке жеткізу. Мысал ретінде түсіндірсек, Мария Кюри – радиоактивтілік саласында жаңалық ашқан ғалым. Оның жұмысы алхимиктердің арманы болған нәрсені шынайы ғылымға айналдырды: бір элементті басқа элементке айналдыру. Ол уран мен радийдің қасиеттерін зерттеп, жаңа химиялық элементтерді ашты. Бұл оның өмірін құрбан етуге дейін жеткізген, бірақ адамзатқа баға жетпес пайда әкелген еңбек болды. Осы мысал Әл-Фарабидің алхимия туралы ілімін дәлелдейді. Ғұлама айтқандай, алхимия – тек материалдық тәжірибе емес, ол адамның өз өмірін зерттеуі, ақиқатқа ұмтылуы. Бүгінде біз оны химия, медицина, технология түрінде көреміз. Бірақ оның түпкі мақсаты – адамзатқа жақсылық жасау және табиғатты тану деп қарастырады. Әл-Фараби бізге: «Ғылым мен даналық – адамзаттың ең үлкен байлығы», – деп өсиет қалдырған. Бұл сөз алхимияның да, жалпы ғылымның да шынайы мәнін ашып тұр.
Әл-Фараби – тек философ қана емес, адамзаттың рухани ұстазы. Оның еңбектері ғасырлар бойы адамзат дамуының бағдаршамы болып келеді. Ғұлама бақытқа жету жолын, философия мен діннің байланысын, алхимия өнерінің қажеттілігін зерттей отырып, бір ғана ұлы шындыққа тоқталады: адам мен қоғамның кемелдікке жетуі – білім мен ізгілікте. Ғұламаның еңбектері бізге әлі күнге дейін жол көрсетеді. Егер біз оның өсиетін ұстанып, білім мен ізгілікті қатар дамытсақ, бақытқа жетеміз. Өйткені адамзаттың ең ұлы құндылығы – оның ойы мен жүрегінің тазалығы.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Журналистика факультетінің 3-курс студенттері
Қасымхан Гаухар, Құлбекова Ақерке, Нурадин Ұлдана
Жетекшісі: Р.С. Жақсылықбаева
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Әл-Фараби. Әлеуметтік-этикалық трактаттар : монография / Әл-Фараби ; жауапты ред. А. Х. Қасымжанов ; қазақшаға ауд.: Қ. Сағындықов, М. Жанғалин, М. Ишмұхамедов ; сый Х. Ж. Сүйіншәліден, Т. Сайрамбаевтан; Қазақ ССР ҒА, Философия және құқық ин-ты. — Алматы : Ғылым, 1975. — 420 б.
2. Әл-Фараби. Философиялық трактаттар : монография / Әл-Фараби ; сый Ө. Қ. Шеденовтан; Қазақ ССР ҒА, Философия және құқық ин-ты. — Алматы : Ғылым, 1973. — 446 б.
3. Әбу Насыр әл-Фараби. Қайырымды қала. Музыка туралы кітап : әлеуметтік-этикалық трактаттар / Әбу Насыр әл-Фараби; [жоба авт. Р. Сейсенбаев]; Ұлы ақын-жазушылар мен ойшылдар аллеясы, «Аманат» журналының кітапханасы. – Алматы : RS; Халықаралық «Абай» клубы, 2018. – 929 б.
4. Әбу Насыр әл-Фараби. Бақытқа жету жайында: монография / Әбу Насыр әл-Фараби ; араб тіл. ауд. және түсініктеме берген Ж. Сандыбаев. — Алматы : Қазақ ун-ті, 2020. — 65 б.
5. Әбу Насыр әл-Фараби. Ғылымдардың жіктелуі туралы: монография / Әбу Насыр әл-Фараби ; ауд. және түсініктеме берген Ж. Сандыбаев. — Алматы : Қазақ ун-ті, 2020. — 61б.
6. Әл-Фараби және қазіргі заман : оқу құралы / Ғ. М. Мұтанов [т.б.]; ҚР БҒМ, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ. — Алматы : Қазақ ун-ті, 2014. — 221 б.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі