Әбу Насыр Әл-Фараби - адамзат тарихындағы ұлы ойшылдардың бірі, ғылым мен философияның дамуына зор үлес қосқан ғұлама. Оның әлеуметтік-этикалық трактаттары бүгінгі күнде де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ол қоғамның тұрақтылығы мен дамуы адамның мінез-құлқына, тәрбиесіне, әділеттілігіне және парасаттылығына байланысты екенін баса айтты. Бүгінгі уақытта жаһандану, әлеуметтік теңсіздік, рухани дағдарыс сияқты мәселелер белең алып жатқанда, Әл-Фарабидің идеялары біз үшін бағдаршам бола алады.
Ғұламаның «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты еңбегінде идеалды қоғам үлгісі сипатталады. Ол қоғамның дамуын әділ басқарушыға, білім мен парасаттылықтың үстемдік етуімен байланыстырады. Әл-Фараби мемлекет қағидаларын атап көрсетеді:
•Басшы әділ, білімді және кемел адам болуы керек
•Қоғамның әрбір мүшесі өз орнын тауып, игілікке ұмтылуы қажет
•Адамдар бір-біріне қайырымды, мейірімді және әділ болуы тиіс
Қазіргі таңда бұл ойлар мемлекет басқару жүйесінде, қоғамның тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз етуде аса маңызды. Егер билік өкілдері шынайы білімді, парасатты әрі әділ болса, онда елде тұрақтылық орнап, әділетті қоғам қалыптасар еді. Мысалы, дамыған елдерде көшбасшылардың жоғары білімді, ел мүддесіне адал қызмет ететін тұлғалардан сайлануы олардың өркендеуіне ықпал етуде. Қазақстан контекстінде бұл идеялар өте өзекті. Елдің дамуы үшін мемлекеттік қызметкерлер мен халық арасында өзара сенім мен әділдік қағидалары қалыптасуы тиіс. Сондай-ақ, жастардың білімге, ғылымға ұмтылуы - қайырымды қоғам құрудың негізгі кепілі. Осы тұста Әл-Фарабидің этикалық, моральдық құндылықтарының бүгінгі күндегі мәніне ойыссақ. Әл-Фараби адамгершілік қасиеттерін жоғары бағалаған. Оның пікірінше, адам бойында шыншылдық, әділеттілік, мейірімділік, сабырлылық сияқты ізгі қасиеттер болуы керек. Ойшыл былай дейді:
«Бақытқа жетудің жолы - кемелдікке ұмтылу және қоғам игілігі үшін қызмет ету».
Әлемде көптеген моральдық құндылықтар өзгеріске ұшырауда. Жалған ақпараттың таралуы, материалдық құндылықтардың бірінші орынға шығуы, әлеуметтік желілердегі әдеп нормаларының бұзылуы - қазіргі қоғамда өзекті мәселелердің бірі. Мұндай жағдайда Әл-Фарабидің адамгершілік қағидаларының маңызы арта түседі. Мысалы, қазіргі қоғамда жастардың тәрбиесі мен моральдық құндылықтары алаңдататын жайттардың бірі. Әл-Фараби білім мен тәрбиені қатар алып жүру қажеттігін баса айтты. Бүгінгі білім беру жүйесі тек теориялық білім берумен шектелмей, тұлғаның рухани-адамгершілік дамуына да көңіл бөлуі керек.
Әл-Фараби білім мен ғылымды қоғамның іргетасы деп санады. Оның «Қайырымды қала тұрғындары» атты еңбегінде білімді басшы мен саналы азаматтар ғана қоғамды өркендететінін атап өтеді. Бүгінгі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті осы идеяларды жүзеге асырып, еліміздің ғылымы мен білімінің дамуына үлкен үлес қосып келеді. 2024 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдық мерейтойы атап өтілді. Бұл шара аясында әл-Фарабидің еңбектері жан-жақты талқыланып, оның әлеуметтік-этикалық трактаттарының қазіргі қоғамдағы маңызы сараланды. ҚазҰУ - ұлы ойшылдың есімін иеленген білім ордасы ретінде оның мұрасын дәріптеп, жастарды білім мен ғылымға баулуда маңызды рөл атқарып келеді. ҚазҰУ-дың 90 жылдығы аясында өткізілген ғылыми конференциялар мен форумдарда әл-Фарабидің философиялық және әлеуметтік көзқарастары кеңінен талқыланды. Университет ғалымдары оның әділетті қоғам, ізгілік, білімнің маңызы туралы ойлары бүгінгі қоғам үшін маңызды екенін атап өтті. Студенттер арасында өткізілген пікірталастарда әл-Фараби идеяларының қазіргі жастарға беретін тәлімдік маңызы талқыланды.
Қортындылай келе, Әл-Фарабидің әлеуметтік-этикалық трактаттары - уақыт өте өзектілігін жоғалтпайтын құнды еңбектер. Оның қоғамдағы әділеттілік, адамгершілік, білім мен тәрбие туралы ойлары бүгінгі күні де маңызын сақтап келеді. Қазақстанның тұрақты дамуы үшін жастардың парасатты, білімді, әділ болуына мән беруіміз керек. Сондай-ақ, мемлекетті басқаруда әділдік, адалдық, білімділік сияқты құндылықтар басшылыққа алынуы тиіс. Әл-Фарабидің идеялары – кез келген қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі. Бұл ойларды ескере отырып, қазіргі заманның білім беру, моральдық құндылықтар, әділдік қағидалары мен көшбасшылық ұстанымдарын нығайту - болашаққа сенімді қадам жасаудың басты шарты болмақ.
Досымова Нұршат, Талгатова Алия, Қанатқызы Карина
Журналистика факультетінің 3 курс студенттері
Жетекшісі ф.ғ.к., доцент Жақсылықбаева Римма
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі