Өлең, жыр, ақындар

Бүгінгі журналистің тіл мәдениеті, сауаттылық әдебі және тіл шеберлігі


Журналистиканың ең маңызды талаптарының бірі – тіл тазалығы мен сауаттылық. Сөздің дұрыс қолданылуы, орынды тіркестердің таңдалуы және ойды ұтымды жеткізу – кез келген ақпараттың құндылығын арттырады. Журналистің тіл мәдениеті – оның кәсібилігі мен жауапкершілігінің көрсеткіші. Тіл мәдениеті дегеніміз – тілдің тазалығын сақтау, орынды сөз қолданып, ойды нақты әрі түсінікті жеткізе білу. 

Журналисттің сауатты болғаны маңызды, ол ұғым тек грамматикалық және орфографиялық ережелерді сақтау ғана емес, сондай-ақ ақпаратты дұрыс құрылымдау, ойды жүйелі жеткізу және логикалық байланыстарды сақтай білу дегенді білдіреді.
Журналистің сауаттылығы оның оқырманға деген құрметін де  көрсетеді. Сауатты жазылған мақала немесе жаңалық оқырманға жеңіл қабылданады, ақпараттың мәні бұзылмайды. Сонымен қатар, сауаттылық әдебі журналистің этикалық ұстанымдарымен де тікелей байланысты. Ақпаратты шынайы әрі бейтарап түрде ұсыну, ешкімнің намысына тимеу, қоғамда іріткі салмау – кәсіби журналистің басты ұстанымы болуы керек. “Сөз сүйектен өтеді”, сондықтан журналист әрбір сөзінің жауапкершілігін сезінуі тиіс.
Сөздің салмағын түсіну, ақпаратты әдепті әрі құрметпен жеткізу – кез келген журналистің парызы. Қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну, тіл тазалығына мән беру және ойын шебер жеткізу – бүгінгі медианың ажырамас бөлігіне айналуы тиіс.
Сондықтан қазіргі журналист өз тілін дамытып, сауаттылығын жетілдіруге, ақпаратты әсерлі әрі түсінікті жеткізуге ұмтылуы керек. Бұл – тек кәсіби талап қана емес, сонымен қатар журналистиканың сапасын арттыратын маңызды фактор. 

Қазақ журналистикасында тіл мәдениетіне қойылатын талаптар жылдан-жылға артып келеді. Белгілі медиатренер Назгүл Қожабек отандық журналистердің сөз қолданысы мен стилін жетілдіру мақсатында арнайы нұсқаулықтар қажет екенін атап өткен. Ол қазақ тіліне тән емес, орыс тілінен сөзбе-сөз аударылған «туылған», «үстіміздегі жылы» секілді қате тіркестердің кеңінен қолданылуының зиянын көрсеткен. Осыған ұқсас тілдік қателіктер бүгінде БАҚ-та жиі кездеседі. Мәселен, кейбір жаңалықтарда «Оқу орнында 27 мың студенттер оқиды» немесе «Полицей болып жұмыс жасайды» деген мақалалар кездеседі. Бұл тікелей аудармалардан аулақ болу қажеттігін көрсетеді. Журналист әр сөзіне жауапкершілікпен қарап, материалдың мағынасын нақты әрі сауатты жеткізуі тиіс. Журналистің тілдік сауаттылығы оның кәсіби әдебімен тығыз байланысты. Журналистиканың этикалық қағидалары туралы зерттеулерде журналистің басты міндеті – шынайылық пен объективтілікті сақтау екені көрсетіледі. Сонымен қатар, журналистің тілін қолдану әдебі де маңызды рөл атқарады. БАҚ-тағы кейбір материалдарда эмоцияға толы, бейтараптықтан алыс сөздер қолданылып жатады. Бұл журналистік стандарттарға қайшы келеді. Жазу мәдениеті мен этикасы сақталмаған жағдайда, ақпараттың сенімділігі мен әсері төмендейді.  Қазақ журналистикасында кейбір хабарлар мен мақалаларда тілдің қарабайырлануы немесе жасанды ресмиленуі байқалады. Бұған әсіресе, мемлекеттік тапсырыс аясында жасалған материалдар әсер етеді. БАҚ-тың мемлекеттік тапсырысқа тәуелділігі журналистерді еркін ой айту мүмкіндігінен айырып, «көлемді, бірақ мәнсіз» мақалалар жазуға итермелейді. Мұндай жағдайда тілдік көркемдік пен әсерлілік екінші орынға ысырылады.  
Мәселен, «Media Құрылтай» жиынында қазақ медиасының сапасы қаржылық тәуелділікке байланысты төмендейтіні айтылған. Мемлекеттік тапсырысқа тәуелділіктен арылмаған БАҚ тілдік шеберлікті дамытуға емес, әкімдіктердің насихаттық материалдарын жариялауға көбірек көңіл бөледі. Осылайша, журналистиканың ең басты құндылығы – халыққа шынайы, таза әрі түсінікті тілде ақпарат жеткізу қағидаты бұзылады. Журналистиканың негізгі қағидаларының бірі – оқырманға түсінікті, көркем, әрі әдеби нормаларға сай жазу. Алайда соңғы жылдары БАҚ-та орын алып жатқан орфографиялық, емле және синтаксистік қателердің көбеюі халықтың сөйлеу мәнеріне де теріс әсер етуде.

Қорыта келе, журналистің тіл мәдениеті мен сауаттылығы – оның кәсіби беделін ғана емес, бүкіл ақпарат кеңістігінің сапасын айқындайтын басты көрсеткіштердің бірі. Қоғамға сапалы ақпарат ұсыну үшін тілдік тазалықты сақтау, ойды жүйелі жеткізу және бейтараптық қағидаларын ұстану маңызды.
Қазақ журналистикасында тілдік қателіктер мен стильдік олқылықтардың жиі кездесуі ақпараттың сапасына кері әсер етуде. Кейбір материалдарда қарабайыр тілдің қолданылуы, мемлекеттік тапсырыс аясында жазылған мақалалардың тартымсыз болуы оқырманға ауыр қабылданады. Сондықтан әрбір журналист өз тілін дамытып, сауатты әрі түсінікті ақпарат ұсынуға ұмтылуы тиіс.
Журналистика – қоғамның айнасы, ал сол айна қаншалықты таза болса, халықтың ақпаратқа деген сенімі де соншалықты берік болады. Осыған байланысты журналист өз сөзінің салмағын түсініп, тілдік сауаттылығын жетілдіруі қажет. Қорыта айтқанда, тіл мәдениеті жоғары, сауатты жазатын, кәсіби этиканы сақтайтын журналист қашанда халықтың сеніміне ие бола алады.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар