Өлең, жыр, ақындар

Қабілетті қазақ жастары шетел асып, нәпақа тауып жүр

     Қазіргі таңда еліміздегі өзекті әрі күрделі мәселелердің бірі – қабілетті, білімді қазақ жастарының шетел асып, жұмыс істеуі. Иә, шындық сол – бүгінде жастардың шетелге құмартып баруы немесе жақсырақ мүмкіндіктерді қарастыру үшін кетуі қалыпты жағдайға айналғандай.

Қазақ жастарының шетелде жұмыс істеуінің бірнеше себебі бар:

1. Жақсы мүмкіндіктер. Көптеген жастар жоғары жалақы, кәсіби даму, әділ жүйе секілді факторлар үшін шетелге кетеді. Елдегі жұмыссыздық, жалақының аздығы және жастарға жасалатын мүмкіндіктердің шектеулігі бұл таңдау жасауға итермелейді.

2. Білім беру сапасы. Әлемдік деңгейдегі университеттерде оқу және зерттеу жүргізу мүмкіндігі жастарды тартады. Көбісі білім алған елінде қалып, сол жерде жұмыс істейді.

3. Әлеуметтік әділетсіздік. Ел ішіндегі жемқорлық, таныстық, мансаптық өсу жолындағы кедергілер жастардың үмітін үзіп жібереді. Ал шетелде туыстық байланысқа емес, тек кәсіби қабілет пен білімге қарайды. Бұл – әділдік орнаған ортада еңбек етуге деген ұмтылысты күшейтеді.

Талабы таудай, ақылды, қабілетті қазақ жастары туған жерінде емес, шетелде жұмыс істеуге мәжбүр. Бұл – жай қызығушылықтан емес, қажеттіліктен туған жағдай.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше:

 • 2023 жылы – 194 000 адам шетелге жұмыс істеуге кеткен. Олардың басым бөлігі Ресейге, сондай-ақ Польша, Оңтүстік Корея мен Ұлыбританияға аттанған. Оның 57 пайызы – ер адамдар, 43 пайызы – әйелдер. Бұл – тек ресми ақпарат. Ал бейресми деректер бойынша бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Шетелге кеткендердің көпшілігі – технология, экономика, білім саласының мамандары.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше:

 • 2023 жылы – 191 000 адам шетелге жұмыс істеуге кеткен.

 • 2024 жылы – 140 521 адам кеткен.

Олардың арасында Ұлыбританияға – 4 446, БАӘ-ге – 3 000, Түркияға – 6 595, Ресейге – 101 622 адам кеткен. Яғни, алдыңғы жылмен салыстырғанда 50 мың адамға азайған. Дегенмен бұл көрсеткіш жыл сайын өзгеріп отырады.

Қынжылтатыны – еліміздің өркендеуіне үлес қосады деген үмітпен өсірген жастарымыздың шетелге барып, қара жұмысқа жегіліп немесе өз білімін басқа елдің игілігіне жұмсауы. Бұл – еліміздегі жұмыс тапшылығы мен жалақының аздығынан туындаған мәселе. Білімді жастар өз елінен үміт үзген. Олар болашағын тек шетелде көреді. Ал елімізде олардың еңбегін бағалайтындар аз. Сондықтан «өз еліме көмектескім келеді» дейтін жастар да азайып барады. Міне, осы себептерден еліміз дамыған 10 елдің қатарына жете алмай отыр. Егер жастарға жақсы жағдай жасалса, еңбегіне сай жалақы төленсе, олар да аянбай еңбек етері сөзсіз.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Дарменбай Зейнеп


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз