Өлең, жыр, ақындар

Абай – әлемдік мәдениеттің тұлғасы

Әлемдік мәдениет тарихында есімдері алтын әріппен жазылған тұлғалар жетерлік. Олар даналықтың, кемеңгерліктің, парасаттылықтың негізгі нышаны болды. Олардың ішінде жалпыадамзаттық рухани құндылықтардың жаршысы Абай Құнанбайұлының есімі бар. Данышпан ақын және ойшыл, қазақ ағарту саласының ең ірі қайраткері Абай Құнанбайұлы (1845-1904), қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов бейнелеп айтқандай, “өз халқының рухани діңгегі болды”, халқымен бірге ойлап, бірге сезінді, оның жарқын болашағына сенді. Еркін ойлы халықтар достығын шынайы жырлап өткен ақын Абай Шығыстағы бірегей тұлғаға айналды. Шығыс поэзиясын терең сезініп, бағалай білген ол қазақ халқының көпғасырлық мәдениетінен ең озығын таңдап алып, осы қазынаны орыс және батысеуропалық пайдалы әсерімен байыта түсті. 

   Абай – қазақ поэзиясындағы ең бір трагедиялық тұлға. Ол жан жарасы жазылмай кеткен ойшыл. Қазақ поззиясын Абай тұңғыш рет терең философиялық қуатты оймен суарды. Дешті Қыпшақ даласына жаңа поэзия қамалын соғып, Абай есімімен қазақ топырағына философиялық және стилистикалық бағыттағы жаңа поэзия келді. Қазақ классикасының шыңы саналатын Абай мұрасы – көл-көсір қазынаға айналды. Ақынның шығармашылығы рухани-фәлсафалық, пайымы мен парасаты ұштасқан адами құндылықтарға негізделді. Ол халқының образдық тұтастық қасиетін сырттан ғана қызықтаған жоқ. Абайдың ұлылығы халық поэзиясының образ әлеміне терең еніп, өмір, махаббат, өлім ұғымдарына ғарыштық сипат беруінде жатыр. Сонау 19 ғасырдың соңында сомдалған Абай жыры 20 ғасырдағы реалистік поэзияның биік шыңына айналды. 

   Абайдың лирикасы адамның қапалы өміріне назаланған жан азасы. Адам бойындағы сезім – өмір мен өлімге шақ болуы керек, өйткені өлімнің еншісі жаңа өмірмен ғана қайрылмақ. Ойшылдың поэзиясы ой мен сезім әлемін еркін жетелеп, қазақтың тарихи тынысын да, ғаламдық болмыстың да тынысын кең ашады. Оның шығармашылығы тірліктің терең тамырынан үздіксіз нәр алған. Ақын жаны әлем әдебиетімен суарылғаны сонша, араб, парсы, орыс ақындарының мыңдаған жолдарын жатқа айтып отыратын. Абай ұлы ақын ретінде әлем әдебиетін өз жүрегінен өткізіп, өз жанын өз ішінен қорытып шығара алды. Сонан да оның шығармашылығы сыртқы әшекей мен жалған бояудан мүлде ада.

  Абай – әлемдік мәдениеттің тұлғасы ғана емес, күллі қазақты ізгілік пен зұлымдықты, жақсы мен жаманды айыруға нұсқаған жол сілтеушісі болды. Абайдың ойынша, адамзат баласы ызалы жүректің құлы емес, сондықтан да адам өмір сүруі, еңбек етуі және адамдыққа ұмтылуы қажет. Осынау терең, ұтымды ойларымен қоса, бар толғанысын өз туындыларына арқау еткен ақынның бүгінде маңыздылығы артумен келеді. 

  Халық арасында ғана емес, әлемдік сипаттағы дана ойшылдың еңбектері осы уақытқа дейін бірнеше тілге аударылып, біраз мәртебеге ие болды. Ұлы ағартушы және гуманист Абай Құнанбаевтың поэзиясы 21 ғасырда орыс тілінде қайта қауышып, ал неміс, беларусь, поляк және корей тілдеріне алғаш рет аударылды.

  2006 жылы Пушкин мен Абай жылына арналып “Абай.Отыз жеті өлең” деген атаумен құрастырушы және аудармашы Марат Әдібаевтың көмегімен жаңа басылым жарық көрді. Кітаптың басты ерекшелігі – ішіне енгізілген 37 өлең түпнұсқада жазылып, сонан кейін сөзбе-сөз аудармасы беріліп, шыққан мерзіміне қарай орысшаға аударылған барлық танымал туындылары жинақталды. Жинақтың соңында М.Әдібаевтың жаңа поэтикалық аудармасы берілген. Бұл әр авторды және олардың шығармашылық деңгейін, түпнұсқа мәтініне жақындап келуін және оны өзге тілге жеткізудегі ұстанымын салыстыруға мүмкіндік береді.

  Жазушы, публицист, аудармашы Г.Бельгер “Абайды аудару неге қиын?” деген сауал қойған, кейінірек ойланып барып, өз сұрағына былай деп жауап берген еді: «Абайдың бейнелері ұлттық дүние қабылдау мен ұлттық дүниетанымға тұнып тұр. Оны қайта дәлме-дәл жаңадан жасау орынсыз дүние… Поэзия – поэзиямен, тағдыр – тағдырмен аударылады. Ішкі жан-дүние – ішкі жан-дүниемен астасады. Тек осылай ғана жоғары деңгейдегі өз үйлесімін таппақ». Абайдың 1886 жыл­дан 1902 жылдары шыққан 20 өлеңін неміс тіліне Леонард Кошут аударған. Осы сериямен «Оenel Verlag» баспасынан «Abai. Zwanzig Gedichte» деп аталатын кітап тамаша басылыммен шықты. 

  Леонард Кашур мен Герольд Бельгердің Абайдың поэзиясын неміс тіліне аудару туралы алмасқан хаттары Германияның өнер академиясының мұражайында сақтаулы тұр екен. Осындай алып тұлғаның туындылары ендігі неміс жерінде де көрініс тауып, оған атсалысқан жазушы, аудармашылардың еңбегі де айтарлықтай құрметке ие. 

  Әйгілі классик-жазушы Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” роман-эпопеясы да 116 тілге аударылып, әлем әдебиетінің төрінен көрініс тапқан. Роман Абайдың өмірі, шығармашылық жолы, тәлім-тәрбиесі айрықша суреттелген, көп адамның қызығушылығын тудырған тағлымы мол мұра десек болады. 

  Оған қоса, ЮНЕСКО 1995 жылды «Абай жылы» деп жариялады. 150 жылдық мерейтой әлемнің 25 елінде атап өтіліп, «Абай» энциклопедиясы жарық көрді. 2020 жылы ұлы ақынның туғанына 175 жыл толуына орай елімізде карантин талаптарын сақтай отырып, онлайн түрде іс-шаралар, челлендждер ұйымдастырылды. «Abai TV» телеарнасы ашылып, «Qazaqstan» арнасы түсірген «Абай» телехикаясы көрерменге жол тартты. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Абайдың жұмбағы» спектаклі қойылды. Бұл мереке Қазақстанда ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде тойланды. Мәселен, Түркияның Анталья қаласында ақынға арналған саябақ, Ыстамбұлда «Абай үйі» қазақ мәдени-іскерлік орталығы ашылды. Люксембургте ақын мерейтойына орай концерт өтті.

  Сөз соңын қорытындылар болсақ, аталған іс-шаралар мен әлем әдебиетшілерінің еңбегі Абайдың тек қазақ халқы үшін ғана емес, барша адамзат үшін ұлы адам екенін көрсетеді. Әлемдік мәдениеттің нышанына айналған ақын туған халқының алдындағы парызына дақ түсірмей, ақиқатқа жан-тәнімен қызмет етіп өтті. Абай ұлтының адал ұлы болды. Далалықтар Абай арқылы Гете, Сократ, Лермонтов, Фирдоуси, Пушкин еңбектерімен танысты. Шығыс пен батыс әдебиетіне ерекше ден қойып, заманы ауыр кезеңде ғұмырын халқының көзін ашуға арнап, бар адамзат баласын ілім жолында еңбектенуге үндеген  ұлы ақынның даналығы мен даралығы, танымдық философиясы қазіргінің ең өзекті қажеттілігіне айналды. Абайдың мол мұрасы ұлт жадында мәңгі сақталып, әлемнің игілігіне жарайтындай мәртебеге ие болары хақ. Абайдай ұлы тұлғасы бар – қазақ халқы үшін үлкен сый, маңдайға біткен бақ.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер