Орта жүз Қошқарұлы Жәнібек он үш жасқа келгенде Ұлы жүзде Қараби деген аузы дуалы, өзі білімді би бар деген даңқын естіп, содан барып бата алуға жолға шығады. Ол қазақ пен қалмақтың жауласып жатқан кезі болса керек. Бұлардың барар жолын қалмақтар басып алып, олар өте алмай үйіне қайтып келіп үш жыл жатады.
Төртінші жылда жол ашылып, Жәнібек он алты жасында Қарабидің еліне келеді.
- Шырағым, кімнің ұлысың? – дейді Қараби.
- Қошқарұлы Жәнібекпін, - деп жауап береді бала.
- Мен сені осыдан үш жыл бұрын күтіп едім, неге кешіктің?
Жәнібек себебін айтады. Қараби қонақасын беріп ертеңіне:
- Не қалайсың, шырағым? – дейді.
- Сізден бата алайын және өсиет боларлық өз аузыңыздан сөз естиін деп келіп едім, - дейді Жәнібек.
Сонда Қараби батасын беріп былай деген екен:
Бедері жоқ қамқадан,
Берік тоқылған бөз артық.
Берекеті жоқ ағайыннан,
Берік сөйлескен жат артық.
Пайданы алыстан қылғайсың,
Залалды жақыннан қылғайсың.
Тышқан да інінің айналасына оттамайды,
Оны да есіңе алғайсың.
Қайтып кірер есікті,
Қатты серпіп жаппағайсың.
Қайтып көрер досыңа.
Қайрылмастай сөз айтпағайсың.
Осыны есіңе ала жүрсең, ешкімнен
Кем де, қор да болмайсың.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Bain
Қандай дұрыс айтылған...Ajlukz
Дұрыс айтылған