Өлең, жыр, ақындар

Айтарым бар

Журналистика жолына түскелі, айналамда “Газетке қалай жазылсам болады?”, “Жақсы материал жазу үшін неден бастау керек?” деген сұрақтар жиілеп кеткен. Ақпаратты іздесең, алақаныңдағы телефоннан-ақ табылатын заманда осындай қарапайым сұрақтардың жауапсыз қалуы мені шынымен таңғалдырады. Бұл мақалам — болашақта журналистика факультетіне түскісі келетін талапкерлерге арнаған ізгі замандастық үндеуім. Әлі 11-сынып оқушысы, болашақ абитуриент болсам да, осы уақытқа дейін жинаған білімім мен тәжірибемді өзгелерге пайдалы болсын деген ниетпен бөлісуді ұйғардым.
Алдымен газетке жазылу мәселесіне тоқталсам. Қазіргі таңда кез келген газетке жазылу әлдеқайда жеңіл әрі қолжетімді. Мұны Kaspi қосымшасы арқылы немесе газеттің ресми сайтынан онлайн жүзеге асыруға болады. Егер бұл тәсілдер түсініксіз болып көрінсе, уайымдаудың қажеті жоқ – әр газеттің Instagram, Facebook сияқты әлеуметтік желілерде ресми парақшалары бар. Сол жерде «Газетке қалай жазылуға болады?» деген нақты түсіндірме посттар мен видеонұсқаулықтар жиі жарияланады. Талапкерлер кейде осыны қиын әрі даулы мәселе қылып алса да, бұл мәселе оп-оңай шешіледі. 
Ендігі көтерер маңызды мәселелердің бірі – қандай тақырыпта мақала жазуға болады? Біз – талапкерміз. Сондықтан бірден күрделі, терең әлеуметтік немесе ғылыми тақырыптарға бару міндет емес. Ең бастысы өзіңе жақын, жүрегіңе ыстық тақырыпты таңдай білу. Сол арқылы сен өз ойыңды еркін әрі сенімді жеткізесің.
Мақала жазу үшін тақырыпты таңдағанда, оның қоғам үшін қаншалықты өзекті екенін бағалаған жөн. Бұл – сенің материалыңның құндылығын арттырады. Әсіресе, жасөспірімдерге арналған басылымдар сторителлинг жанрын жақсы көреді. Яғни, жеке өмірлік тәжірибең, сезімдерің мен шынайы оқиғаларың арқылы жазылған мақалалар оқырманды өзіне тартады. Өйткені жүректен шыққан сөз – жүрекке жетеді.
Сонымен қатар, мақала жариялайтын орын тек газет-журналдармен шектелмейді. Қазір көптеген сайттар жас авторларға өз шығармаларын тегін жариялауға мүмкіндік береді. Мысалы, мақалаларды келесі платформаларға жариялауға болады:
•  bilim.all.kz
• balbal.kz
•  yvisuon.kz                                                           Бұл сайттарда тіркеліп, өзіңе жеке парақша ашып алсаң жеткілікті. Содан кейін мақалаңды өз атыңмен жариялай беруге болады. Осы арқылы сенің материалдарыңды көпшілік оқып, пікір білдіреді. 
Сала жаңалықтарынан қалыс қалмай, өзен ағысымен бірге ілесе жүру үшін бір маңызды кеңес – өзің түскің келетін жоғарғы оқу орындарының, түрлі басылымдардың және танымал журналистердің әлеуметтік желідегі парақшаларына тіркеліп ал. Онда жиі пайдалы ақпараттар, шеберлік сағаттары, байқаулар, гранттар жайлы жаңалықтар жарияланып отырады. Бұл – сенің болашақ кәсіби жолыңа бағыт сілтейтін нақты дереккөздер болып табылады. 
Көптеген талапкерлерді мазалайтын тағы бір маңызды сұрақ – қандай құжаттарды тапсыру керек, оларды қайда апару керек, шығармашылық емтихан қашан басталады деген мәселелер. Бұл сұрақтарға ең нақты әрі сенімді жауапты өзің түскің келетін жоғарғы оқу орнының қабылдау комиссиясынан аласың. Ол үшін оқу орнының ресми сайтына кіріп, байланыс нөмірлерін тауып, тікелей қабылдау комиссиясына хабарласу керек. Әр университеттің шығармашылық емтихан өткізу тәртібі әртүрлі болуы мүмкін, сондықтан дәл сол оқу орнының нақты ережелерін білген жөн. Қажет болса, онлайн кеңеске жазылып, өзіңді мазалаған кез келген сұрақты тікелей қоюға болады.
Журналистика факультетіне түсу жолында сұрақ көп. Мен де сол жолдан өтіп келемін. Газетке қалай жазыламын, мақала қайда жарияланады, емтихан уақыты қай кезде – бәрін мен де білмей, ізденіп жүріп үйрендім. Енді сол жолда келе жатқан басқа талапкерлерге көмектескім келді. Бұл мақала – өзім секілді арманына сеніп келе жатқан достарыма арналған ақ ниетім. Егер сен де осы саланы қаласаң, ерінбе, сұрақ қой, ізден, жаз, сынап көр. Журналист болу үшін бірден бәрін білу шарт емес. Бастысы – әрдайым саналы әрекет пен адымдап алға басу.

 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз