Астанада 500-ден астам жас «ASK CAMP II» XXI дәстүрлі республикалық студенттер шақырылымында жиналды

Басты бет / bilim-all.kz / Астанада 500-ден астам жас «ASK CAMP II» XXI дәстүрлі республикалық студенттер шақырылымында жиналды

Жасанды интеллект дәуіріндегі азамат

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 208 Президенттік аудиториясынан бастау алған форум биыл жиырма бірінші рет өткізілді. Шақырылымның негізгі идеясы — жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар қарқынды дамып жатқан бүгінгі заманда жастардың азаматтық санасын, патриоттық ұстанымын және өмірлік құндылықтарын бекіту.

Форумның идеологиялық өзегін үш бағыт қалыптастырды: «Толық адам» — тұлғалық және зияткерлік даму; «Таза Қазақстан» — экологиялық жауапкершілік; «Заң мен тәртіп» — цифрлық ортадағы құқықтық мәдениет. Осы бағыттар шеңберінде өткен тренингтер мен интерактивті сессиялар қатысушыларға терең ой тастады.

«Бүгінгі жастар — ертеңгі Қазақстанның тірегі. Jas Power форумы дәл осы ұрпақты патриот, саналы азамат, нағыз көшбасшы ретінде қалыптастыруға бағытталған платформа.» — Наукен Ұлан Аманқазыұлы, «ҚСА» Республикалық студенттер қозғалысы» төрағасы

Үш күн — үш бағыт — мың серпіліс

Бірінші күні ашылу салтанатында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, ҚР Ақпарат және мәдениет министрлігі өкілдері, ЕҰУ проректоры Индира Рыстина және «ҚСА» төрағасы Ұлан Наукен алғы сөз сөйледі. «Qazsport» телеарнасының директоры Нағи Бақытбеков пен Аманат медиа групп кеңесшісі Ермек Мақаш — шақырылымның бұрынғы басшылары — тәжірибесімен бөлісіп, жастарға ерекше шабыт сыйлады.

«Jas Power Talks» сессиясында заңгер Нұрсұлтан Орынбеков заңдылық пен тәртіп мәселелерін, цифрлық сарапшы Данияр Оралбаев AI дәуіріндегі азаматтық жауапкершілікті, «Dauletten» қорының президенті Жасұлан Қуандық тұлғалық дамуды тақырыбына сөз сөйледі. Диалог алаңдарында волонтерлік, жастар ұйымдарының рөлі және әлеуметтік көшбасшылық талқыланды.

Екінші күн экологиялық белсенділікке арналды. Таңертеңгі «Тазалық жаршысы» эко-акциясы, «Өз ағашыңды отырғыз» семинары және «EcoTalk: Таза ой — таза орта» диалог алаңы қатысушыларда табиғатқа деген жауапкершілік сезімін оятты. Түстен кейін дәстүрлі «ASK Cup» футбол турнирі жастарды спорттық рухпен біріктірді.

Үшінші, қорытынды күні «Q-idea» жобалар байқауы мен «IQup» интеллектуалды ойыны өтті. Қатысушылар нақты азаматтық, экологиялық және технологиялық жобаларын таныстырды. Іс-шара Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне саяхатпен аяқталды.

«ASK CAMP — бұл тек шақырылым емес, бұл мектеп. Осында біз ел үшін жанатын, болашаққа нанатын, бір-бірін қолдайтын жастар ортасын тудырамыз.» — Форум қатысушысы

Шақырылым Қазақстан Республикасы Ақпарат және мәдениет министрлігінің тапсырысы бойынша және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның гранттық қаржыландыруы аясында жүзеге асып жатқан «Jas Power» азаматтық-патриоттық тәрбие беру жобасы шеңберінде ұйымдастырылды.



WhatsApp Telegram

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.