Тіл – ұлттың тарихы
Өткен мен бүгінді сабақтастыра отырып, тіл – әр халықтың рухани байлығы мен мәдени мұрасын ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін маңызды құралға айналды. Тіл арқылы біз ата-бабамыздың өмір салтын, дүниетанымы мен мәдениетін айқын түсінеміз. Сондықтан әр ұлттың өз ана тілін құрметтеуі – оны жай ғана қарым-қатынас құралы ретінде көру емес, ұлттық болмысты және ұрпақ жадындағы тарихи сананы сақтаудың кепілі.
Бүгінде қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алғанына 37 жыл толды. Жылдар бойы тіліміздің қоғамдағы маңыздылығын арттыру мақсатында арнайы Конституциялық және заңнамалық нормалар қарастырылды. Бұл шаралардың басты мақсаты -қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, соның ішінде өз Отанында тұрып, ана тілін білмейтін қандастарымыздың тілге деген ықыласын ояту. Тіл мәртебесі – ел мәртебесі. Шетелдіктерге ана тіліміздің біз үшін қаншалықты бағалы екенін көрсету - Отан алдындағы міндетіміз. Тіліміздің қалыптасу тарихына тікелей куә болмасақ та, оның ұрпақтан ұрпаққа тарап, әлемдік дәрежеде танылуына үлес қосу - қасиетті парызымыз. Еліміздің келешегіне тілдің қосар үлесі зор, себебі тіл - өлшеусіз қазына әрі өрісі кең әлем.
Соңғы жылдары елімізде қазақ тілінің қолданыс аясы айтарлықтай кеңейді. XXI ғасырдың инновациялық ағымына сай, қазақ тілді жаңа технологиялар, соның ішінде роботтар, арнайы ойын құралдары мен күнделікті өмірге қажетті цифрлық заттар шығарылып жатыр. Одан бөлек, әлеуметтік желілерде жастар ұлттық тілімізді дамытуға арналған түрлі мазмұнды контенттер түсіруде. Дегенмен, танымал әлеуметтік желілерде көп қаралым мен аудитория жинау үшін контентін әдейі орыс тілінде жүргізетін қазақ блогерлері де жоқ емес. Жеке бас пайдасы үшін халық алдында жағымпазданып, өзге тілде сөйлеу қоғамда үлкен талқылау тудыруда. Сан ғасырлық тарихы бар қазақ тілі күнделікті өмірімізде басты рөл атқаруы тиіс. Бұл мәселе қоғамда жан-жақты бағаланып, халықтың белсенділігін оятты.
Деректерге сүйенсек, Google және YouTube платформаларында қазақ тілді сұраныстар мен контент көлемі соңғы 3 жылда 2 есеге артқан. Алайда, ғылыми-техникалық және IT бағытындағы ақпараттың 85%-дан астамы әлі де орыс немесе ағылшын тілдерінде тұтынылады. Біз қазақ тіліндегі ақпараттың маңыздылығын қаншалықты насихаттасақ, оның халық арасында таралуы да соншалықты арта түседі. Қоғамда таза қазақша сөйлеуді талап етушілер де көбейді. Себебі өткенге үңілсек, халқымыздың көрген қасіреті аз емес. Жойылып кетіге шақ қалған ұлттың бүгінгі күнге жетіп, бейбіт әрі тәуелсіз мемлекетке айналуы — осы жолда жанын пида еткен ақын-жазушыларымыз бен батырларымыздың арқасы. Кеңес дәуіріндегі ауыр ахуалды әлі де алға тартып, өзге ұлттарға теріс пікір ұстанатын азаматтар да кездеседі. Алайда өткен іс — өткеннің еншісінде. «Жаман ұлт болмайды, жаман адам болады» деген нақыл бар. Тәуелсіз заманда өткеннің өкпесімен барлық көрші елдерге қисық көзбен қарап, оларды құрметтемеу — азаматтығымызға сын. Бүгінгі бейбіт күнде өзге елдермен қырғиқабақ болу — мемлекеттің тыныштығын бұзатын қадам.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметінше , 2021 жылғы ұлттық халық санағының нәтижесінде 5 жастан асқан қазақстандықтардың 80,1 пайызы мемлекеттік тілді меңгерген. Ал оның ішінде қазақтардың 98,4 пайызы ана тілін біледі деп көрсетілген. Мұндағы негізгі мәселе - тілді тек «білу» деңгейі емес, оның күнделікті қолданыс аясының ахуалы.
Мемлекеттік тілдің құндылығын түсіндіру мектеп қабырғасынан бастау алады. Соңғы онжылдықта қазақ тілінде білім алатын оқушылар санының өсімі оң динамика көрсетіп отыр. Оқушының араласатын ортасы, тұтынатын ақпараты және қай тілде білім алатыны өте маңызды. Қазіргі таңда Қазақстан мектептеріндегі оқушылардың 70%-дан астамы қазақ тілінде оқиды. Жыл сайын орыс сыныптарына қарағанда, қазақ сыныптарына баратын бүлдіршіндер саны қарқынды артып келеді. Бұл зерттеу нәтижесі балалардың жастайынан қазақ тіліне бейімделіп, қазақша ойлауына мүмкіндік беретінін дәлелдейді. Қазақстан - көпұлтты мемлекет болғандықтан, мектептерде өзге ұлт өкілдері де білім алады. Ал қазақ оқушыларының өзге ұлт балаларының ортаға сіңісуіне тигізер пайдасы — оларға қазақ тілін үйрету. Оларға ыңғайлы болуы үшін орыс немесе басқа тілде сөйлесуді әдетке айналдырғаннан гөрі, өз ана тілімізді үйреткеніміз екі есе игілікті іс.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің жылдық есептері мен «Білім беру статистикасы» жинақтарының көрсеткіші — болашақ зиялы қауым мен негізгі аудиторияның қазақтілді болатынын айқындайтын басты фактор.
Қорытындыны Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған сөзбен аяқтағым келеді: «Мемлекеттік тілді дамыту саясаты — ұлттық ерекшелігімізді сақтаудың кепілі. Тіл — тек қарым-қатынас құралы емес, ол ұлттың рухани кодын тасымалдаушы». Тілдік ахуалды жақсарту үшін тек статистикалық көрсеткіштерге сүйену жеткіліксіз. Нақты деректер көрсеткендей, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту үшін оны заманауи контенттің, сапалы білімнің және цифрлық экономиканың тіліне айналдыру қажет.
«Тіл тағдыры – ұлт тағдыры» деген ұғым жай ғана ұран емес, бұл – мемлекеттігіміздің іргетасы. Тіл өлген жерде ұлттық бірегейлік те, тарихи жады да жойылады. Сондықтан ана тілімізді төрге шығару – тек биліктің міндеті емес, әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы. Біз тілді тек өткеннің мұрасы ретінде емес, болашақтың, ғылым мен технологияның құралы ретінде дамытқанда ғана «Мәңгілік ел» мұратына жетеміз. Тілдің мерейі – ұлттың мерейі.

- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі