Халқымыздың сан ғасырлық тарихы мен тағылымын, кешегісі мен бүгінгісін сыр сандыққа сақтап, мәңгі өшпес алтын қазынаға айналдырған мерзімді басылымдардың қай салада болсын, орны ерекше. «Газет-халықтың көзі, құлағы һәм тілі» - деп, бір-ақ ауыз сөзбен мағынасы мен мәнін ашып берген Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, халық өмірімен біте-қайнасқан газет-оқырман қауымға шынайы әрі жылдам хабар жеткізетін ақпараттық-саяси, мәдени-танымдық жетекші құрал.
Қазақ тарихында сонау Алашшыл үкіметпен бірге жасасып, жаңғырып келе жатқан газеттер жетерлік. Соның жалғасы іспетті, ХХ ғасырдың соңғы жылдарында жарық көрген «Әділет» газеті – қазақ баспасөз тарихында ерекше орын алған бірегей басылым. «Әділет» газеті жұмыскер халықтың өмірін баяндаумен басталып, саяси-әлеуметтік оқиғаларды ашық түрде жазатын шындық пен әділеттіліктің жаршысына айналды. 14 мыңнан аса тиражбен шығарылған басылым «Кісіподақ-еңбек қорғау», «Үндемеуге қақым жоқ», «Шетелдік әріптестер тәжірибесінен» секілді ойлы да озық айдарларымен ерекшеленеді.
«Әділет» газеті қандай мақала жарияласа да, оның ауқымын толық қамтып, түстеп, түрлеп, нақты деректер келтіріп жариялады. Сондай халықтың ой-санасына сіңіп, көзі түссе оқымай өтпейтін мақаласының бірі - 11.03.2022 жылғы санында жарық көрген «Ұлт ұстазы һәм Алаштың Ахметі» А.Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай шығарылған мақаласы. Авторы-жазушы Н.Қапалбекұлы. Мақала ауқымды көлемде, әдеби-ғылыми тілмен, публицистикалық бағытта жазылған. Мақалаға жоспар құрсақ:
1) Кіріспе бөлім
Ұлттың ұлы ұстазы
2) Негізгі бөлім
А) Қазақ жастарының темірқазығы
Ә) «Қазақ» үні және Алаш автономиясы
Б) А.Байтұрсынұлының әдебиет пен тіл саласындағы еңбектері
3) Қорытынды
«Азаматты» құрған есіл ер.
Жазушы ұлт зиялысының өмір жолынан бастап, өнеге жолына дейінгі елге еткен қызметін толық, таратып айтады.
Көзі қарақты барша қазақ үшін Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазына айналған ұлы тұлға. Ол - қараңғылықтың тұңғиығынан айналасына шуағын төгіп, жарқырап шыққан Алашшыл көсем. Жасынан тағдырдың тауқыметін тартып, «оқ тиіп, он үшінде жараланып», ұлт мүддесі үшін «басын тауға да, тасқа да» соғып алса да, абақтыда қамалып, «Халық жауы» атанып, аяусыз атылса да, артына елі үшін ерен еңбек қалдырып кетті. «Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал» «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылғы қазақтың қан жылаған баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын». Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің кемеңгер қайраткерге берген бағасынан-ақ, А.Байтұрсынұлының атақ-даңқы сол заманда-ақ ашық болсын, жасырын болсын, шын бағаланғаны анық. Оны оқып, зерттеп біліп отырған ұрпағы үшін Байтұрсынұлы мәңгі жасай беретін, лаулай беретін шам іспетті. Күн қалай сәулесін бүкіл әлемге тарататыны секілді, Ахмет те «қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып Күн болған» кемеңгер азамат.
«Әділет» газетінде жарияланған А.Байтұрсынұлы туралы мақала жас ұрпақты сусындатып, білім көзін еселей аша түсіп, жүрек түкпіріне патриоттық сезім мен рухты жалын орнатып, болмаса да, ұқсап бағатын жас буын өсіп шығатынына сенімдімін.
Жуанқан Айтолқын
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі