Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына орай Қазақ даласының тұңғыш ағартушысы

Басты бет / bilim-all.kz / Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына орай Қазақ даласының тұңғыш ағартушысы

Қазақ даласында елдің санасын оятып, халықты білімге бастаған тарихи тұлғалар аз емес. Солардың ішінде Ыбырай Алтынсарин алғашқы зайырлы қазақ мектептерінің негізін қалаушы және тұңғыш қазақ хрестоматиясының авторы ретінде тарихта қалды. 

Ыбырай бала кезінен өз бетінше оқып, білуге бейім болып, көп оқыды, білгеннің үстіне біле түссем деді. Соның арқасында білімін өз халқының пайдасына асыруға талпынып, біраз еңбек атқарып, мол мұра қалдырды. «Мектеп – қазақтарға білім берудің басты құралы, - деп жазды Ыбырай Алтынсарин, – барлық үмітіміз, қазақ халқының келешегі – осы мектептерде». Ағартушылықты жақтаған Ыбырай білімді адамның ардақты борышы балаларға білім беру деп санаған.

  ​Ыбырай Алтынсариннің қазақ тарихындағы ең үлкен еңбектерінің бірі – зайырлы білім беретін мектептер ашу жолындағы қызметі. Халықтың дамуы үшін балалардың сауатты болуы қажет екенін жақсы түсініп, оқыту әдістерін жетілдіруге, мұғалім даярлауға және оқу құралдарын жасауға күш салды. Қыз балалардың білім алуына үлкен мән бергенін айтпасақ болмас. Ыбырай осы қызмет жолында көптеген қиындықты бастан кешірсе де сынбады. Өз мақсатына адал болып, халықтың ертеңін ойлады. Келешек ұрпақтың болашағын бүгінгі ұрпақтың қандай білім алғанына байланысты екенін түсінді. 1884 жылғы 14 қыркүйекте Н.И.Ильминскийге жазған хатында: «Ал енді құдай басыма не садса да мен күшімнің жеткенінше туған еліме пайдалы адам болайын деген негізгі ойымнан, талабымнан еш уақытта да қайтпаймын. Құдайым тек адам баласының жауыздық қылықтарына қарсы тұруға, нахақ жала-жапсардың күйігінен арманда кетпеуге дем берсін», - деп Алла тағаладан медет сұрайды. Бұл сөз әрі оның елі үшін басын бәйгеге тіккендігінің дәлелі. «Менің оқу жұмыстарым, Құдайға шүкір, жаман жүріп жатқан жоқ», деп Аллаға рахметін айтады.

   Ыбырай Алтынсариннің 1880 жылы 7 сәуірде «Оренбургский листок» газетінде: «Жуырда мен «Оренбург листокiне» Торғай қазақтарының басына түскен ауыртпалықтар туралы мақала жазып жiбердiм, әрi онда өзiмнiң қазақ даласына орыстарды қоныстандыру жөнiндегi ұсыныстарға қарсы пiкiрiмдi бiлдiрдiм. Менiң ойымша, бұл ұсыныс ақымақтықтың шыңы. Iстi бұлай өрескел жүргiзетiн болса, қазақ секiлдi болашағынан үмiт күттiретiн тамаша халықтың тағдыры құрдымға кетедi...», -деп жазды.

 ​Көпшілігіміз Алтынсарин десе, тек балаларды оқытып, әліппе жазған ұстазды ғана елестетеміз. Ал бұл жерде біз патша үкіметінің отарлау саясатына қарсы ашық үн көтерген, халықтың тағдыры үшін жаны ауырған нағыз батыл Ыбырайды көреміз. Ол кезде орыс шенеуніктерінің көзінше қазақтың шұрайлы жерлерін тартып алып, жергілікті халықты тықсыру — империяның қатал және қазақ халқын құрту саясаты еді. Ыбырайдың бұл әділетсіздікке шыдап отырмай, өз атымен либералды басылымға мақала жазуы– үлкен ерлік. Өйткені бұл оның басына қатер төндіріп, кейіннен әкімшілік іс қозғалуына да себеп болды.

  ​Патшалық Ресейдің Орталық Азия мен Қазақстанды отарлау саясаты тек жер мен шекараны басып алумен шектелмеді, ол халықтың дініне, діліне де бағытталған еді. Тағы да осы бағыттағы қауіптілерінің бірі – халықты күштеп шоқындыру және орыстандыру саясаты болатын. Осы бағытта да Ыбырай Алтынсарин өзінің қарсылықтарын ашық көрсетіп, қарсы шықты. Оған мысал: Николай Ильминский ұсынған орыстандыру жүйесі орыс-қазақ мектептері арқылы өз дінінен, төл мәдениетінен ажыратып, патша үкіметіне қызмет еттіру еді. Дегенмен, сол заманның озық ойлы ағартушылары бұл саясаттың астарында не жатқанын түсініп қарсы тұрды.Осылайша, Ыбырай Алтынсарин патша үкіметінің отарлық саясаты жағдайында өз халқының мүддесін қорғауға тырысқан тұлға болды. Ағартушының ұстанымы сол дәуірдегі билікпен сійукс келмеді.Соған қарамастан өз көзқарасын сақтап қалып, халықтың рухани құндылықтарын сақтап қалуға, қорғауға бар күшін салды.

   ​Ыбырай Алтынсарин — қазақ халқының тарихында ерекше орын алатын көрнекті ағартушы әрі қоғам қайраткері екені бала кезімізден белгілі. Ол күрделі тарихи кезеңде өмір сүрсе де, ұлттық мүдде мен халықтың рухани құндылықтарын сақтауға ұмтылды. Қазіргі заманның адамдары бұндай ерлік көрсете алмайтыны өте өкінішті жағдай. Оның өмір жолы сол дәуірдегі отарлық саясат пен қазақ қоғамының мүдделері арасындағы қайшылықтарды айқын көрсетеді. Ыбырайдың қайсарлығы кейінгі ұрпақ үшін тарихи маңызын жоғалтпайды. Оның есімі қазақ халқының ұлттық тарихында ел тағдырына бейжай қарамаған тұлға ретінде мәңгі сақталады.

 

Ұлпанай ТӘЖІБАЙ, 

Нұргүл СЕРІКҚАЖЫ 

ҚазҰУ-дың 1 курс студенті.

 

Ғылыми жетекші: 

Р.С Жақсылықбаева,

фил.ғ.к., профессор

 



WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)