Біз тыныштықтан қорқамызба ?

Басты бет / Әңгіме мен мақала / Біз тыныштықтан қорқамызба ?

Кіріспе

Бірде кафеде отырғанымда қызық көрініске куә болдым. Бір ұстелде төрт дос отыр. Бірақ ешқайсысы бір- бірімен сөйлесіп отырған жоқ. Әркімнің қолында телефон. Бірі TikTok қарап отыр, бірі хабарлама жазып жатыр, енді біpi Instagram- дағы сторилерді ақтарып отыр. Сырт көзге бәрі бірге отырғандай көрінгенімен, шын мәнінде әрқайсысы өз әлемінде еді. Сол кезде «Біз шынымен жалғыздықтан қорқамыз ба, әлде үнсіздіктен бе?» деген сұрақ ойыма келді.

 

Қазіргі қоғамда жалғыз қалу қиын емес, бірақ жалғыз қалуды қабылдау қиын. Бос уақытымыз болса, бірден телефонға үңілеміз. Бірнеше минут үнсіз отырудың өзі бізге ыңғайсыз сезіледі. Себебі миымыз үздіксіз ақпарат қабылдауға үйреніп қалған.

Психологтар мұны адамның әлеуметтік табиғатымен байланыстырады. 1943 жылы америкалық психолог Абрахам Маслоу адамның негізгі қажеттіліктерінің бірі басқа адамдармен байланыс орнату екенін айтқан. Бұл рас. Адам жалғыз өмір сүре алмайды. Бірақ қазіргі заманда бізге қарым-қатынастың өзі емес, үнемі біреудің назарында болу маңыздырақ болып бара жатқандай.

Бұл ойды бір қызық зерттеу де дәлелдейді. 2014 жылы Вирджиния университетінің ғалымдары адамдарды бөлмеде 15 минут ештеңе істемей, өз ойымен ғана отыруға шақырған. Көптеген қатысушылар бұл уақытты өте жайсыз өткізген. Ең таңғаларлығы кейбіреулері ештеңе істемей отырғаннан гөрі, өз еркімен әлсіз ток соққысын алғанды тандаған. Бұл тәжірибе адамның кейде үнсіздіктен қаншалықты қашатынын көрсетті.

Тағы бір мәселе әлеуметтік желілер. Біз күн сайын ондаған адамның жетістігін көреміз. Біреу шетелге демалуға кеткен, біреу жаңа көлік алған, енді бірі тағы бір марапатпен бөлісіп жатыр. Осындай сәттерде еріксіз өз өмірімізді салыстырамыз. Психолог Леон Фестингер ұсынған әлеуметтік салыстыру теориясы бойынша, адам өзін өзгелермен салыстыру арқылы бағалайды. Егер бұл салыстыру шектен тыс көбейсе, адамның өзіне деген сенімі төмендеуі мүмкін.Қызығы, жалғыздықтың өзі адамды бақытсыз етпейді. Керісінше, кейбір зерттеулер жалғыз өткізілген уақыттың шығармашылық қабілетті арттырып, күйзелісті азайтуда көмектесетінін көрсетеді. Көптеген жазушылар мен ғалымдар ең маңызды ойлары дәл тыныштықта келгенін айтқан. Демек, жалғыздық пен жалғызсырау - екі бөлек ұғым. Біріншісі саналы таңдау, екіншісі - эмоционалдық күй.

 

Менің ойымша, мәселе технологияда емес. Мәселе - оны қалай пайдаланатынымызда. Егер бос қалған әр минутымызды телефонмен толтыра берсек, өзімізді тыңдауға уақыт қалмайды. Ал кейде адамның өзімен оңаша қалып, өткеніне есеп беріп, болашағын ойлағаны да қажет.Қазіргі қоғам адамдарды үнемі байланыста болуға үйретті. Бірақ шынайы байланыс желідегі жүздеген жазылушыдан емес, бір адамның шынайы әңгімесінен басталады. Кейде телефонды үнсіздік режиміне қойып, өз ойынмен оңаша қалған да пайдалы. Себебі адам өзін түсіне алғанда ғана өзгелерді де тереңірек түсіне бастайды.

Сондықтан жалғыздықты жау ретінде қабылдаудың қажеті жоқ. Кейде дәл сол тыныштық адамның ең маңызды шешімдерін қабылдауына, өз құндылықтарын қайта саралауына мүмкіндік береді. Мүмкін, бүгінгі қоғамға жетіспей тұрған нәрсе адамдардың көбірек сөйлесуі емес, өз-өзін тыңдай білуі шығар.


Ұқсас тақырыптар

тыныштық қорқыныш

WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)