Серікбаева Зәуреш Шайхисламқызы
Астана қаласы, №60 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Мектептегі негізгі білім көзі – оқулық. Сондықтан қазақ зиялылары мектептерде оқудың ана тілінде жүргізілуіне айрықша көңіл бөлді. Сондай ғұламаларымыздың бірі – Ахмет Байтұрсынұлы. Ол қазақ балаларының өз ана тілінде сауат ашуын көздеп, қазақ тіл тарихында тұңғыш рет «Оқу құралы» деп аталатын әліппені жазып жариялады. Бұл оның қазақ тілінің грамматикалық құрамын ана тілінде талдап беруді мақсат ететін «Тіл-құрал» атты еңбегін жазуға негіз болды. Еңбектерде балалардың жас ерекшелігі мен олардың мінез-құлқының қалыптасуына игі әсер ететін материалдарды іріктеп алу мәселесі аталып өтілген.
А.Байтұрсынұлы бастаған білім берудің жаңаша жүйесі бүгінгі таңда одан әрі жалғасуда. Сондай ұлттық педагогика мен психологияға негізделген міндеттердің бірі ауызша және жазбаша түрде нақты, анық, жүйелі жеткізе алатын жеке тұлғаны қалыптастыру. Мұндай зерттеулер Кеңестер Одағында 40-50-жылдардан жекелеген пәндер бойынша балаға білімді игерту жолдарына бағытталған болатын (СЛ.Рубинштейн, А.НЛеонтьев т.б.). Бұл зерттеулерде әртүрлі білім мазмұны мен оқыту әдістерінің балалардың психикалық даму ерекшеліктеріне әсері анықталды.
50-60-жылдарда бұл әдіс одан әрі жетілдіріліп, оқыту әдістері мен оқу үдерісіне жаңа, бұрынғыдан күрделірек мазмұн беру арқылы балалардың таным қызметін кеңейту, ойлау қабілетін жетілдіріп дамыту міндеттері қойылды. Осыған байланысты зерттеу әдістері де өзгерді: тұтас сыныптармен эксперименттер жасау басталды. Мұндай оқытудың тиімді тұсы білім мен дағдыны жетілдіру үдерісімен байланысты сыныпта орындалатын жұмыстардың орындалуын жылдамдатып, дамытуға қатысты болды. Мысалы, Д.Б.Эльконин жазбаша тіл ауызша сөйлеудің қызметі, қолдану ерекшелігінен ғана емес, ішкі құрылымының қалыптасуы жөнінен де ерекшеленетінін, оның түрлі жағдайларға тәуелді емес екендігін, баланың ауызша сөйлеуінде оның ерікті екендігін дәлелдеу үшін өзінің зерттеулерін бастауыш сынып оқушыларының жазбаша тіліне, бала психикасының әсеріне және оның қалыптасу кезеңдеріне сәйкес құрды. Ол жазбаша тілді баланың жас ерекшелігіне сәйкес пікірлесудің, ойды қалыптастырудың ерекше тәсілі ретінде түсінгісі келді және оның грамматикалық формаларға емес, психологиялық күйге қалай әсер ететінін зерттеді. Сөйтіп ол бастауыш сынып оқушыларының жазбаша тілін қалыптасыруда еркін сөйлеудің негізгі мүмкіндіктері көшіру мен жаздырудың емес, еркін хат жазуға үйретудің психологиялық маңызды екендігін көрсетті. Оның ойынша, жазбаша тіл ойды тәртіпке, жүйеге келтіреді. Баланың ойлау мүмкіндіктерін реттеп, оны ауыспалы мағынада жазбаша жеткізе білуге үйретеді. Бірақ баланың ойды реттеп бере алуы, оның пікірлесуі, ортаға, сонда пайда болған жағдаятқа бейімделуі, қабілетінің қалыптасуы, жазбаша тілдің психологиялық механизмдерін меңгеру ерекшеліктеріне қарай олардың ауызша тілі де дамиды және икемді, еркін әрі жүйелі бола түседі. Сондықтан да зерттеу жұмысында балалар тілі деген тіркестің бастауыш сынып оқулықтары мәтіндеріндегі сөз, сөз формасы мен сөйлемдердің балалар тілі арқылы қолданысқа түсетіндігін, яғни мектептегі оқыту барысында бұл сөздерді олардың толық меңгергендігін есепке ала отырып алынған тіркес екендігіне назар аударылды.
2000-2009 жылдары жарық көрген бастауыш сынып оқулықтары мен балалар әдебиеті мәтіндерін лингвостатистикалық әдіспен зерттеу нәтижесінде балалар тілінің даму динамикасын анықтау үшін бастауыш сынып оқулықтары мен балалар әдебиеті мәтіндерінде сөз қолданыстардың игерілу, меңгерілу шамасын анықтау мақсатында қала және дала мектептерінде арнайы эксперименттер жүргізіп, алынған нәтижелерді лингвостатистикалық әдіспен зерттеу арқылы алынған қорытындылармен салыстыра отырып, мектеп оқулықтарындағы мәтіндердің оқушылардың әдеби сөздік қорын молайту мен байыту мақсатында біршама жұмыстар жүргізілді.
Ендігі мақсат – бастауыш мектеп оқулықтарына берілетін тілдік материалдарды ғылыми тұрғыдан сұрыптап, бала тілінің дамуы, меңгерілген лексиканың сандық және сапалық ерекшеліктерін ескеру. Сол сияқты оқып-үйренуге арналған минимум сөздіктерге тілімізде жиі кездесетін және жаңа мәнге ие сөздерді сұрыптап ала білу. Мұндай жұмыстар тілдік таңбаның мағыналық тұтастығынан тұратын, тілдік қатынастың іске асуына негіз болатын қатысымдық бірліктің негізгісі мәтін құру арқылы жүргізіледі.
Соңғы кездері әдістемелік еңбектерде мәтін тек оқу және оқыту материалы ретінде ғана емес, сөйлеу кезінде ойды басқаға жеткізу құралы тұрғысынан қарастырылуда. Сөйлеушінің айтатын ойы мәтін арқылы жүзеге асырылатыны жөніндегі ой-пікірлер, зерттеулер Ф.Ш.Оразбаева, Т.Әбдікәрім, Г.Смағұлова, Ә.Е.Жұмабаева т.б. көптеген ғалымдардың ғылыми-әдістемелік еңбектерінде қарастырылған [1-4]. Ал мәтінді лингвистикалық білімнің жеке саласы тұрғысынан қарастыру ХХ ғасырдың 60-70-жылдарынан қалыптаса бастады. Лингвистиканың зерттеу нысаны ретінде мәтінге берілген анықтамалар да жетерлік. Олардың бірқатарына тән ортақ пікір бойынша, мәтін дегеніміз – аяқталған тұтас ойды білдіретін сөйлеудің басты бірлігі.
Мәтінді толығырақ тануда мәтін мен сөйлемдер арақатынасын анықтап алудың өте маңызы зор. Себебі біршама ғалымдар мәтінді бір ғана (жай немесе күрделі) сөйлемнен тұрады деп санайды. Бұнымен келісуге болмайды. Тек бір ғана сөйлемнен мәтін құралуы мүмкін емес. Сондықтан мәтін құру мен сөйлем түзу заңдылықтарын бір-бірінен ажырата білу қажет. Осы тұрғыдан алғанда С.И.Гиндин мәтін мен сөйлемнің айырмашылығын былайша көрсетеді: «біріншіден, сөйлем дайын формулаға сәйкес құрылады да, мәтін жалпы ұстаным бойынша құрылады; екіншіден, сөйлемнің негізгі белгісі оның грамматикалық құрылымында болса, мәтінде мағыналық құрылымында; Үшіншіден, сөйлемді грамматикалық жағынан құрғанда қатаң ұстанымға негізделсе, мәтінді мағыналық жағынан ұйымдастыру, яғни сөз таптарының ішкі байланысы еркін (икемді) ұстанымға негізделеді» [5, 17 б.]. Бұған қоса, мәтін стилистикалық жағынан әр автордың жазу ерекшелігіне байланысты сөйлеу түрлерін қарастырады. Олай болса, бастауыш сыныпта мәтіннің әдеби тілдің функционалдық типтері (сипаттау, әңгімелеу, пайымдау) оқытылуы, соларды құрастыру жолдары үйретілуі керек. Себебі балаға көрген-білгенін өзгеше сипаттау, әңгімелеу тән. Солар арқылы бала ойланады. Ойлау үдерісі кезінде тілдік материалдарды реттеп қолданады, нәтижесінде өз ойын жазбаша түрде жүйелі мазмұндау мәдениеті қалыптасады. Сондықтан әңгімелеу, сипаттау және пайымдау мәтіндерін, олардың мағыналық құрылымдарын меңгертуде оқушыға мәтіннің белгілі бір тақырыпқа қарай құрылатыны; мәтін тақырыбы мен негізгі ойдың байланысы; мәтін бөліктерінің арасында байланыс болатындығы; мәтін түрлері және олардың құрылымдық ерекшеліктері болатындығы; мәтіндегі сөйлемдер тілдік құралдар көмегімен байланысатындығы берілуі тиіс.
Мәтін құрамындағы сөйлемдердің өзара байланысуын аңғарту арқылы бастауыш мектеп оқушыларына жүйелі ойдың дамуын, өрістеуін байқатуға болады. Сондықтан балаларға арналған мәтін құрамындағы сөйлемдердің өзара байланысу ерекшелігін, сөйлемдердің ұзындығын өзара қатар келген екі сөйлемнің қалай байланысып тұрғанын анықтауға үйретудің маңызы зор. Себебі бұлар мәтіндік ішкі байланыс арқылы жүзеге асады. Ол бір сөздің екінші сөйлемде қайталануы немесе бір түбірлі сөздер арқылы жасалады. Бірінші сөйлемде келесі сөйлемде айтылатын ойдың элементі, екінші сөйлемде үшінші бір сөйлемде берілетін ойдың элементі жүреді. Сөйтіп мәтінде айтылатын ой қашан біткенше бұл тізбек өзара байланысып, жалғаса береді. Бастауыш сынып оқушыларына мәтін құрамындағы сөйлемдер байланысының жасалу жолдары жайлы түсінік беру арқылы балаларды жас ерекшелігіне, сынып-сыныбына қарай жүйелі ойлауға, мінез-құлқын ұлттық психика негізінде тәрбиелеуге болады. Мұның бәрі мәтіндегі сөздерді ой елегінен өткізу, пайымдау арқылы жүзеге асады.
Мәтіннің сөйлемнен айырмашылығы, оның бөліктерге жіктелуі, негізгі ой мен тақырыптың мәтіндегі сөйлемдер байланысының теориялық білім беруде мәтін құрастыру үдерісіндегі ерекше кезең болып табылады. Мәтінді мағыналық, құрылымдық жағынан талдауға үйрету тілдік ерекшеліктерді танып білуге септеседі, мәтіннің ақпараттық бағытын түсінуге, мәтіндегі тұтастықты қамтамасыз ететін элементтердің арасындағы байланысты саналы түрде ұғынуға мүмкіндік ашады. Бастауыш сыныптардағы «Қазақ тілі» оқулықтарында жеке-жеке сөйлемдерден құрастырылған мәтінге қарағанда, жазушылардың көркем шығармаларынан балалардың жас ерекшелігіне қарай іріктеліп алынған үзінділер оқушыға қазақ әдеби тілінің көркемдігін, сөз бейнелілігін тануға көмектеседі. Баланың қоршаған ортаны, болмысты дұрыс түсінуі, өмірде ненің жақсы, ненің жаман екенін аңғара білуі, ұлттық психологияның қалыптасуы жазушы шығармаларынан алынған үзінділерді талдау барысында біртіндеп жүзеге асады.
Қ.Жұбанов – грамматиканы сатылы ұстанымға сүйене отырып, қазақ тілінің заңдылықтарына сәйкес қолданып жазған, соған сай тілдің заңдылықтарын жүйелеп берген ғалым. Ол оқулық түзуде сөйлем мүшелерінің ішінен алдымен «баяндауышты», содан кейін «бастауышты» берген: баяндауыш сөйлем ішінен оңай табылады, өйткені олар қазақ тілінде сөйлемнің аяғында тұрады. Ең әуелі осы оңай табылатын сыртқы белгісін танытып алып, мағыналық жағына кейінірек көшкен, сұрауын да білдірген. Ал бастауышты баяндауыштың алдына кім? не? деген сұрауларды қойып, оңай тауып алуға болады дейді [6].
Ал қазіргі «Қазақ тілі» оқулықтарында бұл тақырыптар керісінше берілген: бірінші бастауышты танытып, содан кейін баяндауышқа көшеді. Бұл орыс тілі әдістемесіндегі синтаксистік ұғымдардың қазақ тілінде сол күйінше қайталануын көрсетеді. Оқушыларға сөйлем мүшелерін талдатқан кезде алдымен баяндауышты тапқызады. Содан кейін барып сөйлемдегі қимыл, іс-әрекеттің иесін – бастауышты анықтайды. Бұдан тақырыптардың берілу реті мен синтаксистік талдау жолында сәйкессіздік бар екені байқалады. Ал бұл өз кезегінде бала психикасына кері әсер етеді.
Қ.Жұбанов 1936 жылы жарық көрген грамматикасында қазақ халқының ұлттық педагогикасы мен психологиясының дәстүрлі жолдарын негіз етіп ала білген. Ендеше ғалымның жоғарыда айтылған ойлы пікірлерін өз зерттеу жұмыстарында қолдануы қажет, соларды басшылыққа алу керек. Бастауыш мектеп – оқушы тұлғасы дамуының іргетасы саналатын оқу әрекетінің қарқынды жүретін кезеңі. Оқу әрекеті оқушының ақыл-ойын жүйеге түсіріп, белгілі бір бағытта өріс алуын қамтамасыз етеді, психикасын онан әрі жетілдіріп, тұрақтандырып, бірте-бірте ырықты зейін, өзін-өзі бақылау, амалдың ішкі жоспары сияқты «жаңа түзілімдерді» дүниеге әкеледі. Бастауыш мектепте қазақ тілі синтаксисін меңгеруде оқушы үшін ең маңыздысы – орфографиялық және орфоэпиялық сауаттылық. Бұл жердегі сауаттылық сөздерді дұрыс айтып, дұрыс жазу дегенмен шектелмейді. Бұл құзырет ретінде оқушының бұдан кейінгі сатыларда игеретін білімдерінің іргетасы болуымен құнды. Түпкі нәтиже болып табылатын синтаксистің ең бір шешуші компоненті – сөздерді дұрыс қолданудың алғашқы басқышы орфографиялық және орфоэпиялық дағдылардың бастауыш сатыдағы білім өзегіне алынуының мәні де осында.
Орыс ғалымдары Ф.И.Буслаев, К.С.Аксаков, А.А.Потебняның тіл біліміндегі синтаксис мәселесіне арналған зерттеу еңбектерінде сөйлем логикалық, психологиялық байымдаумен ұштасып, қатарласып қарастырылған.
Қазақ тіл білімінде жай сөйлем синтаксисі бойынша А.Байтұрсынұлының «Тіл-құрал» кітабынан бастап, Қ.Жұбанов, Р.Әміров, Т.Сайрамбаев, Б.Шалабай, М.Серғалиев, А.Қайыров т.б. ғалымдардың еңбектері бар. Бұл зерттеулер қорытындысы мынаған саяды: бастауыш мектепте синтаксис саласы бойынша оқытылатын білім мазмұны тіл бірлігі туралы лингвистикалық материалды жүйелік-құрылымдық тұрғыдан сипаттап, оны дидактикалық мақсатқа сай жүйелеп, синтаксис модельдері мен психологиялық-лингвистикалық ерекшеліктерін, мәтін түзудегі қызметін жаңа қырынан сипаттау арқылы жаңартуға болады.
Тілдегі болған, болып жатқан құбылыстарды, заңдылықтарды сөйлеу әрекетімен байланыстыра зерттеу – бүгінгі таңда тек қана психолингвистиканың, психологияның мәселесі емес, лингвистиканың да аса зер салып зерттейтін негізгі нысаналарының бірі. Бұған дәлел 1930 жылдары Л.С.Выготский бала тілінің дамуын және оның қалыптасуын баланың өсуімен, оның танымдық деңгейінің өсуімен бірлікте қарау керек екендігін өз еңбектерінде жан-жақты зерттеп, ғылыми із тастап кеткен. Сол себепті де, осы ғылыми негіз бала тіліне, оның өсуі мен танымының өсуін және тілінің дамуын бірлікте қарау лингвистиканың бала тілін зерттеудегі бағытын күрделендіріп және олардың даму жолдарының өз ерекшеліктері барлығын тану, бала тілін тек қана психолингвистиканың мәселесі ретінде ғана санамай, оны лингвистиканың да басты мәселесі екендігін танытты [4].
А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев оқулықтарда баланың өз бетімен сөйлеуіне мүмкіндік беру үшін ондағы материал бала ұғымына сәйкес болу керек екендігін және өмір кітапқа қарай емес, кітаптар өмірге бейімделіп жазылу керек екендігін айтқан. Оқулықтағы берілетін материалдар балаға, баланы қоршаған ортаға, өмірдегі бала түсіне алатын құбылыстарға жақын, жеңілден ауырға қарай берілуге тиісті, өйткені бала ана тілін меңгеру үдерісінде алдымен өз заттары, өзін қоршаған орта туралы пайымдауы қалыптасуы арқасында оған сөйлеуге деген қажеттілік пайда болып, сөйлеу тілі қарапайым сөйлеуден күрделілікке қарай дамиды. Осыған орай оқулықтағы тақырыптар, оларға сәйкес мәтіндер баланың танымына, жас ерекшелігіне сәйкес болуға тиісті [7, 226 б.].
Мұндай оқулықтарға лингвостатистикалық әдіспен іріктеліп алынған мәтіндер балалардың психикалық дамуына әсер етіп, ұлттық патриотизмнің, отансүйгіштіктің, имандылықтың қалыптасуына өте күшті ықпал жасайды. Бала бойында ұлттық психика, ұлттық намыс, ұлттық сүйіспеншілік пайда болады. Мемлекет тарапынан мектеп оқушыларына жасалған қамқорлықтың арқасында Қазақстан мектептерінде ұлттық сипаттағы жаңа буын оқулықтар қолданылуда.
Резюме
В этой статье рассматривается влияние текстов учебников на особенности психического развития детей.
Summury
The article is about the influence of texts from the manuals on the children mental development.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Оразбаева Ф.Ш .Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі. – Алматы: РБК, 2000. – 208 б.
2 Әбдікәрім Т.М. «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулықтарында мәтін түзудің ғылыми-әдістемелік негіздері. пед.ғыл. док. .... дисс. – Алматы, 2000. – 295 б.
3 Смағұлова Г. Алғашқы оқулықтар. – Алматы: Мектеп, 1976. – 58 б.
4 Жұмабаева А.Е. Бастауыш мектепте қазақ тілі синтаксисін дамыта оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері. пед.ғыл. док. .... автореф. – Алматы, 2009. – 46 б.
5 Гиндин С.И. Внутренная организация текста: Элементы теории и семан-тический анализ: автореф. .... канд. филол. наук: – М., 1972. – 23 с.
6 Жұбанов Қ.Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 1999. – 581 б.
7 Аяпова Т.Т. Сөйлеу әрекетінің онтогенезі: синтаксистік семантиканың дамуы. фил. ғыл. док. ..... дисс. – Алматы, 2003. – 295 б.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі