Қарағанды облысы, Жезқазған қаласындағы
«№ 21 жалпы орта білім беретін мектебі» КММ
Жоғары санатты, қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі: Егизбаева Сауле Хамитовна
Ғылыми – зерттеу жұмысымен айналысушы 8 «В» сынып
оқушысы Шамуратов Асхат
Ғылыми зерттеу жұмысының жетекшісі
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: Егизбаева Сауле Хамитовна
Секция: Қазақ әдебиеті
Мақсаты:
Міндеттері:
Нысаны:
Пәні:
Болжам:
Нәтижесі:
ЖОСПАР
І. Кіріспе
ІІ. Негізгі бөлім
1. М.Шаханов лирикасындағы дәстүр мен жаңашылдық мәселесі
2. Ақын өлеңдерінің мазмұны мен пішіні жайлы ойлар.
ІІІ. Қорытынды
ІV. Замандастар пікірлері.
V. Пайдаланылған әдебиеттер
Кіріспе
Өлең - қасиетті де киелі сөз.Осы бір ауыз сөздің астарында қаншама – мағына жатыр десеңізші. Толғақты ой, терең тебіреніспен дүрия дүниенің төрт құбылысынан сыр тартып, тұтас бір дәуір бейнесін ашып қана қоймай таңғажайып келешектің тамашасын болжай алса, онан асқан керемет қане. Ал осының алтын кілті іспетті ақындықтың жүгі де ауыр. Оны белі қабыспай биікке тік көтеру тарықпас талабы бар тума талантқа ғана тән. Сол ғана халық аңсаған арманның, халық ойы мен халық қиялының барометрі бола алады. Сол ғана өз қоғамның өз дәстүрінің айнасы болуға лайық. Жер жүзіндегі сан алуан құбылыстарды сұлу сөзбен өрнектейтін, жырында сәби күлкісіндей сыңғыр бұлақтың назы бар, жүзінде ана мейіріміндей арайлы таңның ажары айшықтана көрінген поэзияның құдіреттілігі де, міне осы. Егер данышпан сыншы Белинскийдің сөзімен айтсақ ... Бүкіл әлем, гүл, бояулар, дыбыстар, бар жаратылыс, барлық өмір –поэзия дүниесі, осы құбылыстардағы құпия қуат, оларға тіршілік, ойнақы өмір беретін сырлар поэзияның тетігі мен жаны. Поэзия - әлемдік өмірдің қан тамырының соғуы, сол өмірдің қаны мен оты, жарығы мен оты.
Шетсіз де шексіз далада ашық аспан, тыңдаушысы толағай таулар мен жазира жайлау болған қазақ халқы әуелден-ақ өлең мен өнерді еншілеп өскені мәлім. Небәрі төкпе шайырлар мен суырып салма сұңғыла ақындар өнер құдіреті мен тамсантып өткен өз халқын. Апта емес, айлап толғаса да бітпейтін көркем шежірелер көмейден күмбірлетіп, тілден төгіліп жатқанда шалқар сахараның әр бұтасы мен түбірінің өз тылсымынан шым-шым ырғақ тартып, сыр шертпес пе еді ! Шөп үстінде жіпси жүйткіп, бауыры жазыла түскен бәйге атындай арқалы ақындай алқалы топта жыр маржанын төккенде бойында қаны қызып, қырандай шаңқ етіп сілкінбес дала перзенті болар ма еді ! Сол ақын халық, батыр халық болған елдің бүгінгі жас түлек ұрпағы бабалардың қасиетті өнерін қастерлеп, дәстүрінен нәр алып, оны уақыт елегімен елеп-екшеп, барған сайын жанғырта, құлпырта түсуде. Бұл шынайы шындық.
Халық өзінің өсуі жолында бұрынғы көркем мұраны біліп, игеруі арқылы жинақтаған өнерпаздық тәжірбиенің нәтежесінде творчествалық дәстүр қалыптасады. Дәстүр өнердің өсіп-өркендеуінің негізінде дамып жетіледі. Өйткені, өнердің көзі халықтың даналығы мен рухани күш-қуатында жатыр. Ал жаңалық дейтініміз, сол дәстүрдің заңды дамуы нәтежесінде пайда болған жемісі.
Лирика жанрының сыр-сипаты, табиғаты жайында ойласақ, бұл жанрдың жанары сөніп көрген емес. Ол атам заманнан бері ынтықтығымен ынтықтырып келеді. Тым ары кетпей Аристотель заманынан бергіні қарап өтсек те, лирика әдебиеттің үш саласының бірі саналатынын білеміз. Содан бері лирика туралы айтылып келеді, бірақ әлі де айтуға болады.
Адамзат өзінің даму тарихында қандай сатылардан, қандай қоғамдық тарихи дәуірлерді бастан кешсе, солардың ынғайымен лирика да өзгеріп, үрленіп, жаңарып отырған.
Қалыптасқан ұғым бойынша, лирикада автордың дүниеге көзқарасы, қатысы, оның сезімін, ойын, көңіл-күйін, ынта-ықыласын суреттеу, бейнелеу арқылы көрсетеді. Бірақ кез келген түйсік пен әсер лирикалық шығарма тудыра алмайды.
Қай жанр болмасын-адамның мінез-құлқын, күйініш-сүйінішін суреттеп қана қоймайды, сол арқылы сол кездің шындығын суреттейтінін көреміз. Лирика-ақынның бір сәтте жалт еткен нұрлы ойы, жарқ етіп тұтас көрінген ішкі сырлы дүниесі. Мұхтар творчествосын бір жанр тұрғысында сыйғызып талдау, қаламгердің өзіндік қолтаңбасын айқындай алмайды. Оның ойлы лирикалық туындылары, шағын балладалары мен поэмалары кімді де болсын елеңдетпей қойған емес.
Дегенмен, жоба корғау жұмысымызда ақынның лирикалық өлендерін талқылап, талдау негізінде Мухтар ақындығының кейбір мәселелерін пайымдап, аздап болсын жүйелі ой айтуға талпындық.
Алдымен ақын жайлы жазылған ғылыми зерттеулер мен мақалаларға назар аударайық.
Мұхтар Шаханов жайлы пікірлер алғаш рет республикалық газет-журналдарда жарық көрді.″Жұлдыз″журналының 1974 жылғы №9 санында Д.Стамбековтың ″Жыр иірімі″ атты мақаласы шықты. Сыншы ақынның лирика жанрындағы жетістіктерімен бірге алғашқы өлеңдерінде кездескен кейбір кемшіліктеріне тоқталған. Мысалы: ″Жанды мұнға жібітіп″ ,″Вокзал мен вокзал арасында жүріп, алыстан адам күтуі″ және т.б. сөз тіркестері.
Е.Шаймерденов 1978 жылғы ″Ленин туы″ газетіндегі ″Адамгершілік тақырыбындағы өлендер″мақаласында М.Шахановтың осы мазмұндас өлеңдеріне шолу жасады. Ақынның тақырып таңдау қасиеті баса көрсетілді. 1983 жылы ″Қазақ әдебиеті газетінде К.Ахметованың мезгіл қоңыраулары″атты ауқымды мақаласы жарық көрді. Ақын Мұхтарға жасанды қысым мен шарттылықтан, ерекшеліктен, жайдақтықтан, ауызекі әңгімеге лайық қара байырлықтан сақтану керектігін ескертеді.
Енді көлемді зерттеулерге тоқталайық. 1984 жылы жалын баспасынан ″Сөзстанның″ бесінші кітабы оқырман қауымның қолына тиді. Жинаққа Ә.Нұршайықовтың ″Жол іздеймін әлі ешкім бастамаған″...деген мақаласы енген. Автор М.Шаханов жайлы білгісі келетін көп оқырманның бірі – Айгүлге жауап ретінде оқушыларды ақынның өмірбаяны және творчестволық өсу жолымен таныстырады. Мақалада қызғылықты жазылған өмірбаяндық деректермен қоса, кей өлеңдерінің шығу тарихы да баяндалған.
С. Сейітовтың “Өлең өлкесінде” деген кітабында да Мұхтар өлеңдеріне аз да болса мәнді шолулар жасалған. Сыншы-ғылым “осындай алуан-алуан жақсы ақындар көбейсін” деп ой қорытады.
“Жалын” баспасынан 1984 жылы жарық көрген ғалым-сыншы Б.Кәрібаеваның “Талап деңгейі” атты әдеби сын мақалалар жинағында М.Шахановтың лирикалық өлендеріне бірқыдыру талдау жасалып, ақын шығармаларындағы дәстүр мен жаңашылдық мәселелері сөз болды.
Ақын жайлы пікір таусылмайды. Қорыта айтсақ, зерттеушілеріміз ақын талантына қуана қол соғып, болашағынан үлкен үміт күтеді.
Лирика жанрын өркендетуде М.Шаханов тыңғылықты еңбек сіңіріп жүр. Халық өмірінің терең шындығын айқын да әдемі бейнелеген талай-талай туындылары қалың жұртшылықтың рухани серігі болуымен қатар, ұлттық әдебиетіміздің алтын қорын үздіксіз молайтып отырады.
Лирика жанрын өркендетуде М.Шаханов тыңғылықты еңбек сіңіріп жүр. Халық өмірінің терең шындығын айқын да әдемі бейнелеген талай-талай туындылары қалың жұртшылықтың рухани серігі болуымен қатар, ұлттық әдебиетіміздің атын қорын үздіксіз молайтып отырады.
М.Шаханов лирика жанрының барлық түріне қалам тартып жүрген ақын. Гетенің: “Өзіне дейінгі айтылғанды айтылмағандай етіп қайталау” дегені сияқты, Мұхтардың да таңдағаны бұрыннан мәлім – махаббат, табиғат, адамгершілік, азаматтық мораль тақырыптары бола тұра, ақын аталған тақырыптарға жаңа мазмұн, тың өрнек енгізген.
Ақын өлеңдерін оқып отырғанда ол көптеген тақырыпты аттап өтіп, өмірдің бүгінгі күнін келесі күнмен жалғау мүмкін еместей көрінеді. Сөз барысында сыншы С.Әшімбаевтың: “М.Шаханов поэзиясында адамгершілік, мораль мәселесі орынды қойылып жүр” – деген пікірін айта кеткен жөн болар. Осы тақырыптағы “Шапағат”, “Тоқшылық” атты туындылары совет адамына лайықты адамгершілікті меңзейді. Махаббат лирикалары абстракт ұғымнан емес, оқиғадан өрбиді. “Ғашықтық ғаламаты” өлеңі осы пікірдің дәлелі.
Ақын өлеңдерінің бір қасиеті – көңіл күй, табиғат деп аталатын лирика түрлерінің жанды образбен жымдасып кетуі.
Жоба жұмысымызда мақсатқа жету үшін оны мынадай екі бөлімнен құрып, қарастырмақпыз.
І бөлім: М.Шаханов лирикасындағы дәстүр мен жаңашылдық.
ІІ бөлім: Ақын өлеңдерінің мазмұны мен пішіні жайлы ойлар.
М.Шаханов лирикасындағы дәстүр мен жаңашылдық мәселесі
Халық поэзиясының дәстүрі - өміршең құбылыс. Халықтың ғасырлар бойы жасап, сақтап келген ақындық дәстүрлері жаңа заманда бірден жоғалып, не өзгеріп кетпек емес. Өйткені поэзия, оның қалыптасқан дәстүрі – сол халықтың қаны мен тәні тәрізді. Әрбір халықтың поэзиясы мен поэзиялық дәстүрі арқылы оның қандай халық екенін тануға, білуге болады. Ендеше поэзия өзінің алдындағы дәстүрден қол үзбеуі қажет. Жаңашылдықтың өзі содан басталады. Горькийдің «Халық ауыз әдебиетінен үйрену керек» - деген пікірі осыған орай айтылған. Олай болса, бүгінгі поэзия кешегінің жалғасы «Халық ауыз әдебиетінің» жетілген, шыңдалған, әлі шыңдала беретін түрі. Шынында да, XV – XVIII ғасырларда ғұмыр кешкен Бұқар, Шал ақындардың қазақ өлеңіне салып кеткен кестелері Абай тұсында жаңа сапа береді емес пе. Одан берідегі қазақ поэзиясы Абай өлеңдеріндегі дәстүрді шолумен тынбай, оны искусство дәрежесіне көтеретін жағдайға жетсе, С.Сейфуллиннен О.Сүлейменовке дейінгі күллі қазақ поэзиясы Совет дәуіріндегі поэзиялық жаңа өмір, жаңа тұрмыс заңдарымен өзгеріп, жаңаланғанын дәлелдеді.
Бүгінде ақындарымыз қазақ поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылдыққа өз үндерін қосып, қазіргі өмірдің әдеби бейнесін тұтас көрсетуге талап жасап отыр.
Бүгінгі ақындар арасынан тақырыбымызға арқау болып отырған Мұхтар Шаханов өлеңдері көпшілікке ойлылығымен, оқырман ойымен тоғысуының сәттілігімен көзге түсіп жүр. Ақын өлең жазу кезінде доктор Ә.Тәжібаевтың: “Біздің өмірді өзіміз танығанымыз аз, оны өзгеге танытуымыз керек. Ол үшін өмірдің негізгі тенденциясын ақын тілімен қанатты жырға айналдыруымыз керек” – деген пікірін еске алып отыратындай әсер қалдырады. Себебі М.Шахановтың қай өлеңін алсақ та “Ғашықтық ғаламаты”, “Сенім патшалығы”, “Ай туып келеді” тәрбиелік мәні зор. Оқушы ақын өлеңдерін тек қызықтап оқып шықпайды, одан өмірдің қыры мен сырын түйсінеді, өлеңдегі кей кейіпкердің қылығына қызығып ұқсағысы келсе, кейбіреуінен жиіркенеді.
“Перзент жыры” өлеңінде туған жерге, Отанға деген сүйіспеншілік көзқарасында перзент атынан ой тастайды. Туған жердің кімге болса да ыстық екені белгілі. Алайда, ол, кімді, нені болса да жатырқамайды өзіндегі бар болмысын сенің өмір сүруіңе жағдай жасаған. Осынысымен де ол ыстық, осынысымен де ол түсінген, түйсінген адамның шабытын қайрап жатады. Ол ұшы-қиырсыз кең де, қатал талап қоятыны, ағат кетсең аямай жазалайтыны да бар. Ол ұлы ма, кіші ме, кәрі ме, жас па – оған бәрі бір, жікке бөлмейді, алаламайды. Сол үшін де ол ыстық, содай әділдігі үшін де қалтқысыз ынтығасың, саясында болғың келеді.
“Самолеттағы ой” атты өлеңі де сәтті жазылған туынды. Ақын туған жерге әрі биіктен, әрі қашықтан қарай отырып, туған жердегі болып жататын заттар мен құбылыстардың елеусіз байқалмай, танылмай қалыс қалатын ерекшеліктерін жеңіл, ұтымды түрде жеткізген.
Алыстан бір қарағанда көзің тоятын, жақын келіп сөйлесе қалсаң, пікір алалығы көрініп тұратын кейбір арамыздағы азаматтарды тану үшін жазылған өлең екені белгілі.
“Бір тегіс боп көрінеді жыралар,
Тереңінде жыланы бар ұралар.
Байқалмайды әжім-әжім қыраттар,
Қырат көзін жарып шыққан бұлақтар”
Осы шумақтағы жыланы бар ұра да, әжімді қыраттар да, мөлдіреп жатқан бұлақтар да өз орнында қолданылып тұрған сияқты болып көрінгенімен, ақынның меңзеп отырғаны адамдар арасындағы көрініс екені даусыз. Жалпы ақынның ақындық қуатын танытуы оның ақын екенін айтып кеуде қағуынан емес, жазған өлеңінің тілге жеңілділігі, ойын дөп жеткізуі, философиялық қорытуы, тіліңнің ұшында тұрғанды әрі қарай жалғастыруы жүзеге асқанда ғана оның ақындығын еріксіз мойындайсың, оны құрмет тұтасың. Мұхтар өлеңінде осындай ерекшеліктер көптеп табылады. Көркем мәнді, құнды сөз құнарлы ойдан ғана туады. Сол себепті ақынның тіл ерекшелігіне, өлең құрылысына, шеберлігіне көбірек тоқталайық. Ақын ойын жеткізуде алуан түрлі амал-тәсілдерді қолданады. «Қараспан қыпшақтары» туындысында мынадай жолдар бар:
Жер астынан көз жіберіп сонау алыс күндерге,
Менің ата-бабаларым ұйықтап жатыр бұл жерде,
немесе,
Ал, Арыстың ойлы өзені ойға шомып не түрлі,
Сол жылдарға қарғыс айтып күрсінетін секілді
тағы бір жерінде,
Ата-бабаң құм астынан құлақ етіп қияқты,
Сенің әрбір қимылыңды тыңдап жатқан сияқты,-
Деп ата-бабаң «Жер астынан көз жіберуі», «Ойлы өзеннің ойға шомуы», «Жылдарға қарғыс айтып күрсінуі», «Құм астынан құлақ еткен» ата-баба бейнесі көз алдымызға жанды сурет әкеледі. Ақынның қиял көзі, фантазия күші, суреткерлік қабілеті ашып тұр.
Сөз өнерінің басы- халық творчествосы, фольклор болса, Мұхтар да ұлттық сөз өнеріне көп үңілгендігін байқатады. Ақын халықтың ауыз екі сөйлеу тілінде қолданылатын тұрақты бейнелі сөз тіркестерін сәтімен пайдаланып отырады. Мысалы:
Көңілінің күні жоқтардан,
Табанының бүрі жоқтардан,
Жұрт онсыз да зардап шегіп жатқанда,
Шалалықтан ел несібі шашылар – деген тәрізді жаңа тың тіркестен туған мақал сөздер де ұшырасып қалады.
Адамды арман өсіреді
Адамды арман асырайды
«Өсе берді төске шауып, төрге өрлей»,
Ерте, ерте, ертеде,
Отырарда
Сен ер жеткен өлкеде – деген тіркестер кез-келген ертегінің басында айтыла беретін халықтық үлгінің көрінісі екені аян.
Кейде Мұхтар өлеңдері фольклорлық сарынымен қанатты ойларға ұласып жатады.
Адамдар аласарады,
Намысы кірлегенде...
немесе
Енжарлық жетіп келеді,
Ерлігің қалғығанда...
«...Таяз су да ерке өзенмен жарысқан
Тым жарқырап көрінеді алыстан»
Сөз зергерінің кейде шығыстың поэзиясына еліктейтін сәттері де баршылық.
Аңызға құрылса да, шындыққа тұтастай жақын «Арман» атты балладасында сонау ықылым заманда өмір сүрген шығыстық ғұлама Әл-Фараби мен саудагер Дойылдың екі түрлі көзқарасын суреттеуде шынайы шығыстық өмірдің келбетін көз алдымызға әкеледі.
Мысалы, Медресе үйі, басына сәлде ораған ақ сақалды дана қария, ит өлген жердегі мекен Мысыр, Бағдат елдерінің екі шәкіртке көз тігуі т.б. жәйттерді суреттеуімен ақынның шығыстық өмірдің ерекшелігін жақсы білетіндігін байқауға болады. Алайда, Шаханов негізінен жаңашыл ақын. Оның бұл қасиетін, жаңашылдығын поэтикалық тілінен аңғарамыз.
Әдеби тілді ажарлаумен, құбылтумен қатар, керек жағдайда айшықтай білген де жөн. М.Шахановтың сөздің әсерлілігін күшейту үшін жиі қолданғаны – қайталау. Оның жай қайталау, есеп қайталау сияқты түрлері автор туындыларында молынан кездеседі.
Мысалы жай қайталау:
Ұйықтап жатыр. Тіпті көзің сенбес еді қарасаң,
Ұйықтап жатыр қолтығына найза қысқан қара шал.
немесе:
Кеудесіне кең дала сыйған еді,
Кең даланың мәрттігін жиған еді.
Есеп қайталау:
-Егер олай етпесе,
Естай, Естай бола ма!
Естай, Естай бола ма!
немесе:
Бағаласаң махаббатты бағала,
Бағаласаң махаббатты бағала!
Ақынның шағын өлеңдерінен бастап көсілмелі дастандарына дейін айрықша байқалатын ерекшелік – өлеңге тән еркін көсілу мен халық өлеңдеріне тән шешендіктің қазіргі өмір өресіне сай пікір түйіндеу, астарлы ойларға меңзеу ыңғайындағы поэзия үлгілерімен шебер ұласуы.
Ақынның «Әйелдер» атты өлеңінен де жаңалық серпінін байқауға болады. Сөзіміз жалаң болмас үшін өлеңнің екі шумағын мысалға келтірейік:
Не толқытса соның мұңын тартарсың...
Аурухана ауласында сытырлатып картасын
Жанарында әзіл ойнап жарасты,
Маған бір қыз бал ашты:
Жазыласыз,
Налымаңыз бекер сіз.
Әйтсе де әйел қауымына ежелден
Немқұрайды қарамайды екенсіз.
Сәуегейі сен боп жүрме қаланың
Бұл бетіңмен сығандарды жұмыссыз
Қалдырарсың, қарағым, - деген өлеңнің ұйқас ерекшелігі мойын бұрғызбай қалдырмайды. Алғашқы сөйлемді оқығанда басқа жолдарын оқымай-ақ толық түсінесің және мәселенің қуанышты жағдай емес екенін де сезінесің. Өлеңді екі шумақ деп айтуға сыйғыза алмаймыз, өйткені бірінші төрт жолдан кейін ой аяқталмай қалады да, жалғасын күтесің. Осы екі шумақтағы ұйқас та, буын саны да бірдей емес, айнымалы, бірақ мағынасын кетіріп, үркіп тұрмай біте қайнасып тұр.
Ақын өлеңдерінің мазмұны мен пішіні жайлы ойлар
Ақынның Мұхтар поэзиясын түсініп қолдап, соншама, жылы пікір айтуы, көңіл аударуы – бәрімізге ортақ абырой. Евгений Евтушенконың қазақ халқының бір перзентіне көңіл бөліп, үлкен аренаға шығуына ықпал жасағанына біз ризамыз. Ұлы орыс халқы Е.Евтушенконың аудармалары арқылы М.Шаханов шығармаларымен танысуда “Самолеттегі ой”, “Өзендер”, “Достық туралы” т.б. ұлттық өнердің өркен жаюына интернационалистік достықтың игі әсер етуінің бір көрінісі.
Ия, Мұхтар өлеңдері мазмұны мен түрі жағынан үйлесім тапқан, ақынның өзіндік бетін абайлататын дүниелер. Ең басты қасиет – Шаханов поэзиясында гуманистік сарындардың күштілігінде, адам бойындағы жақсылықты дәріптеуге құштарлығында, шындықты шынайы қалпында көрсетуге күш салатындығында.
“Жігерлендіру” өлеңін оқиық:
Өмірдің барлық сәтсіздіктерін
Бақытсыздық деп кім айтты саған
Тұлпарды сүрінбейді – деп
Асауды мінілмейді – деп,
Ақ көйлек кірлемейді – деп,
Қара ешкі мүжіген ағаш
Қайтадан гүлденбейді – деп,
Кім айтты саған.
Жұрттың бәрі шындықты қалайды – деп,
Биікті ардақтайды – деп,
Асылды қорлатпайды деп...
Тап-таза шындық! Осы дәлелдерге кімнің қандай таласы бар. Ендеше, жұрттың шын жүректен қол соғатыны ақынның шындыққа еш бүкпесіз тура қарайтын батылдығынан болар. Ақынның таза лирикалық табиғатының күрделенуі себебінен оны тақырыптық жағынан топтау кезінде де осылайша топтап қарастыруға болар еді.
Алайда, қай уақытта болсын, шын талантқа тұтастық тән. М.Шахановтың өлеңдерінде де көңіл-күй, махаббат, табиғат лирикалары жымдасып, тұтасып кетеді екен.
Шын көркем туындыны форма мен мазмұнға бөле алмайтынымызды Белинскийдей дәл түйген ешкім жоқ. Қазақ әдебиет тану ғылымында бұл мәселеге Белинскийше қарап, бағалап келе жатқан сыншы-ғалым М.Қаратаев:
“Мынау мазмұн, мынау форма – деп оңай ажырататын шығармалар бар. Олар: жасық шығармалар. Олардың ниеті жақсы болғанымен, тілі солғын, сюжеті болбыр, шұбалаң, характері шықпаған шығармалар болады. Ал жақсы шығармалардың формасы мен мазмұнын ажырату қиынның қиыны” – деген еді. Мұхтар өлеңдері осы пікірдің дәлелі. Мысалы: “Отан” атты өлеңінде:
Ісім аздау болса да әлі мандықтан,
Жел етіне егілген ерен талдай
Гүлді ызғардан қалқалап келем талмай,
Қаншама рет жалын жасты қорғап қалдым зорлықтан.
Сенің ойсыз ұлдарыңның кей кезде
Маған тісін қайрайтыны сондықтан.
Өлең өмірдің өзінен туып тұр. Сөз күші мен мазмұнын ажырата алмаймыз. Өлеңдегі:
Көк майсалы өнер тауын шаңғытқан
Күрес аштым жалынсызға қулықпенен жанды ұтқан ,- деген жолдар жаңа поэтикалық ұғым. Ақынды жұрттың ыстық қабылдауының тағы бір себебі - өлеңдеріндегі форма мен мазмұнның ажырамай, айтпақ ойын өткір тілмен жеткізуінде. Осы “Отан” өлеңіндегі:
Әр кез сені жалғандықтан қорғауға
Бақыттымын күшім жетіп тұрса егер, - деген екі жол
өлеңнің барлық лирикалық жүгін көтеріп тұр. Қарапайым сөздері арқылы автор қандай ұлы ниетін жеткізген!
Ал, «Өзендер» өлеңі арқылы, адам тағдырын өзенмен салыстырып, жастарды өмірін босқа өткізбеуге үндейді.
Ән туады мұраттан,
Ой туады сұрақтан.
Небір үлкен өзендер басталады бұлақтан.
Бірақ соның барлығы жете алмайды теңізге
Теңізге жоғалтады өзді-өзін, түседі де көп ізге
Өмір кейде тым қатал, өмір кейде тұйықтау
Небір асау-асығыс, шулы өзендер ақ тарлан
Ағып-ағып барғанда, құмға сіңіп жоқ болған
Жолсыздық пен жөнсізді жалықты көз көруден
Құтқар анау өзенді құмға сіңіп өлуден.
Ойды табудан оны жүрекке құю қиын. Осы қиындықтарды игере отырып, ақын өзіне-өзі зор жауапкершілік артқан.
М.Шахановтың тағы бір балладасы «Тоқшылық» деп аталады. Шығарманың көтеріп отырған негізгі мәселесі өмірмен мәңгі жалғас тақырып – адамгершілік. Қолда барды қадірлемеушілікті, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған алтын заманда өз-өзінен тойынып асқынуды сынап, тиесілі үкімін бетке айтады. Бойына дархан даланың кеңдігін жинаған Бәкір баба қасиетті нанды сыйламаған келіні құрысын деп, өз саусағын өзі кеседі. Баласын жас жарынан еріксіз айырады.
Әке шешімі қатал. Өйткені, кешегі аяусыз айқас жылдарында тіршіліктің нәрі нанды халық қалай бағалаған еді. Бәкір қарт «Кенет келінінің, жолдың жиегінде жатқан нанды теуіп өткенін көріп», үлкен ренішке соғуы кімді болсын ой соқпағына жетелейді. Бір тілім нан, бір тістем шақпақ қант өзегі талып, еңбектен, ауыр соғыстан қажыған адамға әл-қуат берген жоқ па еді.
Иә, кез келген тоқшылықтың арғы тегі жоқшылық
Асқан зорлық бар ма бірақ, барды қадірлемеуден
Әттең кейде бізге соны ойлатпайды тоқшылық.
Адамзатқа қауіпті жау-асқыну,
Оның бізден аулы қашық десе де,
Кеше ғана көз алдымда көшеде,
Нанды теуіп өте шықты жас сұлу.
Тоқшылықтың күйісі ме міне бұл.
Тоқшылықтың керуенін тартқан тарлан дихан Бәкір баба нан дәмін, нан иісін жете сезінбей жүргендерге ой салу үшін де өзін-өзі аямаған. Мұндай асқанға, әдепсіздікке жаны төзбеген. Көпшіл қарттың бұл сияқты қатал мінезіне риза боламыз. Бейсен ата мен Бәкір бабаның бойындағы келер ұрпақ үлгі аларлық зиялы қасиеттер кімнің де болсын жүрегіне ыстық ұялайды.
«Біз әдеби шығарманы моральдік және қоғамдық әсер күші қаншалықты неге үйретеді, қайда нұсқайды, міне осы тұрғыдан бағалауға тиіспіз» дейді А.В.Луначарский.
Автордың ақындық тұлғасын айқындай түсу үшін оны ң өзімен үзеңгілес кейбір ақындармен байланысын, сонда көрініс беретін кейбір ерекшелігін қарастырайық. Шаханов өлеңді ойлы сюжетке, балладаға құратын дарынды әріптес Өтежан Нұрғалиевпен творчестволық табиғаты жағынан ұқсас, мұны бір ғана «Жылдарға сапар» балладасын оқу үстінде көз жеткіздік. Жаңа ғана сөз еткен «Тоқшылық» балладасымен қатар алып салыстырайық. Екі шығарманың да басты тұлғасы халық молшылығын жасаушы дихан.Бірі – ырғалған ақ бидайдың бапкері Бәкір баба болса, енді бірі – балдай тәтті қауын иесі Сағындық атай. Мінез жағынан бір-бірінен айнымайтын екі шалдың қолынан келгенінше тірі пендеге жақсылық жасай білетін асқан мейірімділігі, жан баласына өздігінен сөз айтпайтын «қой аузынан шөп алмас» момындығы бар болатын. Бірақ кезі келгенде екеуі де қатал екен. Мысалы, Бәкір баба нанды теуіп өте шыққан келініне кешіріммен қарауды артық санап морт кетсе, Сағындық атай «қауын аңдуға келген» алты жасар баланы да аямастай. Телміре қараған қаршадай балаға бір дорба қауынды ұстатып жіберуге Сағындық атайдың күш-қадірі жетпейді емес, ол одан да жоғары адамгершілікті, жас жеткіншектің болашақ тәрбиесін ойлайды. Балалық ұрлықтың үлкеймесіне кім кепіл. Атай осыдан сескеніп, оған қатты мән береді. Колхоз қауынын ұрлап сатқандарға деген айықпастай ашуы да жоқ емес. Ол сондықтан да қатал, мейірімсіз болып көрінеді.
Сондай-сондай шалдар болды ауылда,
Бел шешпейтін дауыл менен жауында.
Шал өлетін ... сентябрьде ... бір түстік,
Сонан кейін түскен жоқпыз қауынға – деген жолдар көңіл дидарына жып-жылы лирикалы мұң ұялатады.
ақындар |
Мұхтар Шаханов |
Өтежан Нұрғалиев |
балладалары |
«Тоқшылық» балладасы |
«Жылдарға сапар» балладасы |
негізгі кейіпкерлері |
Бәкір баба |
Сағындық атай |
мамандықтары |
ақ бидайдың бапкері |
балдай тәтті қауын өсіруші бағбан |
негізгі ой |
келінінің нанды теуіп кетуіне қатал үкім шығарады |
қауын ұрлауға келген алты жасар баланы аямайды |
ұқсастықтары |
мінездері ұқсас, екеуі де мейірімді жан, бірақ жас жеткіншектердің болашағын ойлағандықтан да қатал, мейірімсіз болып көрінеді, оларға қатаң талап қояды. |
Екі балладаның да көпшілікке ұнайтын бір жері – жақсылыққа жаны әуес көпті көрген көнекөз қадірлі қарттардың толыққанды бейнесінің жұп-жұмыр, ұнамды қалпында жаныңа жақын келе алғандығы болса керек. Адам сезіміне жанды әсер ететін тәтті өлең есіңнен шықпайды.
Мұхтар Шаханов қызмет бабымен творчестволық командировкасының бірінде «Торғай дәптерінде» өлеңін жазады.
Бұлбұлдары булықпай сөйлеген жер,
Сарайларда сәйгүлік ойнаған жер,
Май гүліндей маздаған майдангерлер,
Қапылыста мерт болған қайран ерлер!
Қайран ерлер қайтпаған шешімінен
Дала даңқы лаулаған есімінен
Сендер шауып кірдіңдер ту көтеріп,
Жиырмасыншы ғасырдың есігінен.
Өлеңнен ыстық қанды батыр, арыстан жүректі Аманкелді аты аталмай-ақ атойлап тұрған секілді. «Дала даңқы лаулаған есімінен» - деген жолдар қандай дүбірлі, музыкалы болса, сондай әдемі образды.
«Түркістан аңызы» атты балладасының оқиғасы жұп-жұмыр, шағын дүние. Оқиға Түркістанда атақты Ақсақ Темірдің әмірімен салынған, бірақ оң қанатын сәулеттендіру жұмысы аяқталмай қалған ғимарат жөніндегі аңыз төңірегінде өрбиді. Баллададағы ұста жігіт қаншама әнші, шебер, көрікті болғанымен, оның бойында үлкен кемшілік жатыр. Ол-ерлігінің, табандылығының жоқтығы. Құрақсыз бұлақ өмір сүргенімен, ерлік мұратсыз өмір сүре алмақ емес. Балладаның өн бойынан есіп тұрған асқақ идея- жүрегінде байлауы жоқ адамның үлкен іске келгенде осалдық жасайтындығы, тайқып шыға беретіндігі, жүрегінде байлауы жоқ, ерлігі жоқ адамдардан қорқу керек деген лебі бар.
Мұхтар Шаханов поэзиясында белгілі тақырыптардың өзі қайталанғанымен ақынның ой айту дәстүрі бұрынғылардың ешқайсысына ұқсамайды. Ақын ой, толғаудың поэзиялық жаңа бейнелеу тәсілдерін әр кітабында-ақ көрсетіп келеді. Оның ескі аңыздық сарындарды арқау ете отырып, идеясын бүгінгі күннің мүддесіне иіп әкелгені оқушысын баурап алады. Мұндай көркемдік дәстүр поэзиямызда бұрын да бар болатын, ал Мұхтар өлеңдерінің ерекшелігі сол бар дәстүрді жаңа уақытқа лайықтап, жетілдіре, дамыта түскендігінде.
Қорытынды
М.Шахановтың лирикалық өлеңдерінің дәстүр мен жаңашылдығын және ақын өлеңдерінің мазмұны мен пішінін қарастыра отырып мынандай шешімге келдік.
а) М.Шаханов - өзге түгілі өзін қайталамайтын ақын. “Әр өлең - өзге туыстарына тартпай тууға тиісті перзент” – деген ақын Қ.Мырзалиевтың жалпы өлеңге қойған орынды талабы Мұхтар өлеңдерінде өз мәнінде орындалып жүр. Ол ешкімге ұқсамай, бар қуатын сарқа саналы түрде өрге ұмтылуды мақсат етеді.
ә) Ақын шығармаларда адам санасын сәулелендіріп, жарық түсіретін терең түйіндеу, өткір тілмен әсерлі беріп отырады.
Ендеше, ақынды жыр құмар жұртымыздың өздері сұранып, ізденіп жүріп, оқитын себебі – Мұхтар өлеңдеріндегі өткірлік.
б) Ақын жырларынын өзгеге ұқсамайтын ұлы қасиеттің бірі – шындықты еш бүкпесіз, шынайы қалпында көрсетуге күш салатындығында.
Ол Махамбет пен Естайды еске алса да, Қасым мен Тайыр тағдырына қайрылса да, бүгінгі күннің бейнесін жасауға ұмтылса да шындықты табуға ұмтылады. Шындық жайлы жырға шөлдеген көңілдерге жол тартады.
в) М.Шаханов – махаббатты алғаш талантқа теңеген ақын – дейді сыншы Б.Кәрібаева. Ақын тек махабатты жырлап, қорғап, қолдап қана қоймай жастарға өмірдің мәні махаббат арқылы көрінетінін дәлелдейді.
г) Ақын өлеңдеріндегі тағы бір ерекшелік – оқушысымен бетпе-бет отырып сырласқандай әсер етуі, өзі сұрақ қойып, өзі жауап береді.
д) М.Шаханов монолог үлгісінде де өлең жазады, бұл оның дарашылдығын танытады. Әдебиет табыстары жақсы туындылармен өлшенеді десек, мұндай шығармалар қатарына осындай дарашылдығынан Мұхтар өлеңдері де сөзсіз енеді.
Тарихи шындықты дәлдікпен көрсетіп, өмірдегі өзгерістерді толық көркемдікпен бейнелеу, оның маңызды-маңызды проблемаларын дөп басу, сол негізінде қоғам дамуының заңдылықтарын дәлелдеу партиялық көзқарасы толысқан суреткердің ғана қолынан келмек.
Замандастар пікірлері
Мен үшін Олжас пен Мұхтар Шахановтың орны бөлек. Халқы да солай қадірлейді. Ақындығын азаматтығы, азаматтығын ақындығы көтерген, елдің сөзін сөйлеп, жоғын жоқтаған, дауласуға бар, бірақ жауласуға жоқ, осындай ұлдары бар, осындай ақындары бар халықта не арман бар?!
Дінмұхамед Қонаев
Бакудың екі драма театрында Мұхтар Шахановтың «Сократты ескеру түні» (Шыңғыс Айтматовпен бірлесіп жазылған) және « Шыңғыс ханның пенделік құпиясы» шығармалары бойынша қойылған спектакльдер зор табыспен өтіп жатыр. Бұл ақынымыздың тек түрік дүниесінде ғана емес, күллі әлемдік поэзияда да алар орны ерекше екені белгілі.
Полад БЮЛЬ-БЮЛЬ-ОГЛЫ,
Түрік СОИ төрағасы, Әзірбайжан Республикасының Мәдениет министрі
Құдайым әр ақынға өз ұлтына осы Мұхтар Шахановтай еңбек етуді жазсын.
Джон Эшбери
Табиғат берген ақындық талантыңа қоса елім деп еңірегенде етегі жасқа толатын ұлы азаматы бола алсаң, халқың үшін құдайдың бергені емес пе?
Мұхтар Шаханов – ақындық толымы талант пен күрескер азаматтық қасиеттердің қорытпасынан жаралған өрелі тұлға.
Мұхтардың 20 ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқы дүниеге әкелген айрықша құбылыс екені содан.
Сафуан Шәймерденов
Мұхтар Шаханов - өзінің адасқақ дүлей дәуірінің белсенді ар-ожданы. Оны билік тұғырындағылар бағалай қоюр ма екен? Бірақ мен осындай азаматтың өзіме жақын дос екенін мақтан етемін.
Расул Ғамзатов
Қалай десеңдер де олай деңдер, Мұхтар Шаханов – ұлт мүддесін қорғаушылардың ең алдыңғы сапында келе жатқан қайсар, тұлғалы ұлы ақын. Кешегі Желтоқсан көтерілісі кезеңінде, ел ерге, ер жерге қараған сын сағаттарда сонау Мәскеудегі қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйенің алпауыттарына басын бәйгеге тіге отырып қарсы шыққан, сөйтіп ұлтымызды үлкен әділетсіздіктен қорғап қалған осы жігіт еді ғой. Арал қасіретіне күллі әлемнің назарын бұрған да – Шаханов. Ұлтымыздың ірілі-ұсақты проблемаларының маңында ылғида осы ақын келе жатқан жоқ па? Тіпті қазіргі өздерің тойлап жүрген «Наурыз» мерекесін де Колбинмен жағаласып жүріп осы бала тірілтпеп пе еді? Елдік мазмұндағы ерен істері үшін бұл дара азаматқа дұрыстап алғыс та айтпаппыз-ау. Алғыс түгілі оның әлем ЮНЕСКО мойындаған шығармалары төңірегінде өз ішіміздегі кейбіреулар жалдамалы жазғыштар арқылы дау дамай ұйымдастырылып, кедергі жасаумен келеді. Енді тіл мәселесі ауқымында «ертең ұлт боп қаламыз ба, қалмаймыз ба?» деген зарлы күдік алдымызды ораған сәтте тағы да Шаханов орнынан көтерілді. Бұл істе де біз оны қолдамасақ ұтылатынымыз айқын. Өйткені оның түйсігі – таза ақындық пайым парасат пен ұлттық санаға терең тамыр жіберген, жалғандыққа жаны қас шыншыл түйсік.
Қасым Қайсенов
Шаханов поэмасына ЮНЕСКО тарапынан ерекше назар аударылуының басты себебі қазіргі кезеңдегі Орта Азия қоғамдық – философиялық ойлау деңгейінің жаңа белестерге артқандығынан ғана емес, осы дара ақын туындысының бүгінгі әлемдік поэзиядағы жана биіктік ретінде мойындалуына және оның өз сана түйсігі арқылы ХХ ғасыр тудырған келеңсіздіктерге батыл күрес ашуында жатса керек.
Ханс-Петер ДЮРР
Нобель свйлығының лауриаты
Ашық айтар болсақ, бүгінгі өз замандастары арасында Еуропада Шахановқа тең келер ақын жоқ.
Роберто Чиули
Шахановтың «Өркениеттің адасуы» - назыз шыншыл рухани дабылдар эпопеясы, ол – Орталық Азиядан оянған домалақ найзағайдай Батыс Еуропа кеңістігіндегі қара түнек ойларды селк еткізді.
Фридрих Хидцер
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Мұхтар Шаханов «Эверестке шығу», Атамұра 2003 ж.
2. Мұхтар Шаханов «Заблуждение цивилизации», Астана 2003 ж.
3. Қазақ тілі мен әдебиеті журналы № 5, 2010 жыл
4. Ғаламтордан алынған мәліметтер
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі