Өлең, жыр, ақындар

Қағаздағы теңдік пен шындықтағы айырма

      Гендерлік теңдік — қоғамның өзі қалыптасқан құрылымдарында әділдік пен тең мүмкіндіктердің орнау деңгейін көрсететін маңызды әлеуметтік индикатор. Қазақстан осы бағытта маңызды қадамдар жасап келеді. Бірақ нақты талдау көрсеткендей, заңды қамтамасыз ету мен «мәдени» деңгейде жүзеге асыру арасында алшақтық бар. Қазақстандағы көптеген зерттеулер гендерлік теңдікке қатысты жан-жақты деректер ұсынады. Солардың негізінде қазіргі жағдайды талдап, даму бағыттарын қарастыруға болады.

      Қазақстанда гендерлік теңдікке мемлекеттік деңгейде құжаттар арқылы жол ашылғаны белгілі. Мысалы, «Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын бекіту туралы» құжат болып, қоғам өмірінің барлық салаларында гендерлік теңдік қағидаттарын іске асыруды мақсат етті. ҚР Үкіметінің сайтындағы ақпаратқа сәйкес, «Қазақстан гендерлік теңдіктің жаһандық рейтингінде 65-орынға ие болды». Бұл — оң үрдіс болса да, рейтинг көрсеткіші сол елдегі нақты әлеуметтік қатынастардың толықтай тең екенін білдірмейді. Бұған қоса, United Nations Development Programme-ның Қазақстандағы зерттеуі көрсеткендей, халықтың «гендерлік теңдік» ұғымы жайлы хабардарлығы төмен. Респонденттердің үштен бірінен аз бөлігі ғана («гендер», «гендерлік теңдік», «әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктері» ұғымдарын) түсінетінін айтқан.  Бұл — теңдік саясатының нормативтік деңгейде болса да, қоғамдық деңгейде толық қабылданбағанын көрсететін маңызды көрсеткіш.

      Еңбек нарығында гендерлік теңсіздік әлі де сақталған. 2025 жылы жарияланған зерттеуінде Maqsut Narikbayev University(«MNU») зерттеуінше, Қазақстанда әйелдер функционалдық сауаттылық бойынша ерлерден асып түссе де, еңбек нарығында төмен жалақы сияқты кедергілерге тап болуда. Бұл — гендерлік теңдіктің экономикалық аспектісіне нақты шолу береді. Тең білім, тең деңгейде еңбек ету мүмкіндігі болғанымен нәтижелер бойынша айырма бар.            

         Қоғамдық пікір тұрғысынан қарасақ, әйел мен ер адамдардың пікірлері арасында «гендерлік теңдік бар» деген түсінікте айырмашылық бар. Жоғарыда аталған БҰҰДБ зерттеуінде ерлердің 72,9%-ы «әйелдердің саясатта құқықтары мен мүмкіндіктері тым көп немесе жеткілікті» деп есептесе, әйелдердің арасында бұл көрсеткіш 57,7% болған. Сонымен бірге, дәстүрлі гендерлік рөлдерді қолдайтындар да баршылық: әйелдің басты міндеті — отбасының қамын ойлау деген пікірге әйелдердің 53,6%-ы, ерлердің 67,9%-ы келіседі. Бұл — әлеуметтік сана мен нормалардың гендерлік саясаттың жүзеге асуына кедергі екенін көрсетеді.

        Мәдени жағынан да маңызды кедергілер бар. Гендерлік теңдік мәселесі тек заң немесе мүмкіндік мәселесі ғана емес, мәдени рөлдер, стереотиптер және ақпараттық ресурстар арқылы таратылатын нормалардың ықпалымен тығыз байланысты. Мысалы, жоғарыда айтылған зерттеу гендерлік теңсіздік отбасынан басталатынын көрсеткен. Сауалнамаға қатысқандардың 54,3%-ы «отбасында ер адам басшы болуы керек» деген ұстаныммен келіседі.  Бұл — гендерлік теңдіктің түпкі тілегі – жеке деңгейде, отбасылық тіршіліктен бастап қалыптасқан пікірлерді өзгертуге бағытталатынын білдіреді.

      Қазақстанның еңбек нарығына, саясатқа қатысуға, басқару жүйесіне қатысты деректерінде әйелдердің үлесі артқанымен сапалық көрсеткіштер әлі де төмен. Мысалы, мемлекеттік қызметтегі басшылық лауазымдардың 39 %-ын әйелдер атқарады делінген. Алайда «басшылық лауазымдарды» иелену басқарушы рөл емес, әсер ету саясатын жүзеге асыратын кезеңнің белгісі болуы қажет.

      Экономикалық тұрғыдан да гендерлік теңсіздік елдің даму мүмкіндігіне кері әсер етеді. MNU зерттеуінен шыққан мәлімет бойынша, гендерлік теңсіздік Қазақстанға миллиардтаған доллар шығын әкеледі. Бұл — гендерлік теңдік мәселесі тек әлеуметтік әділеттілік тұрғысынан ғана маңызды емес, экономикалық стратегия ретінде де қарастырылуы тиіс екенін айқындайды.

       Маңызды сұрақ — «неге теңдікке толық жете алмаймыз?». Мұны талдау кезінде бірқатар себептер алға шығады. Біріншіден, құқықтық негізі болғанымен, іске асыру механизмі әлсіз. Екіншіден, мәдени-идеологиялық кедергілер маңызды. Жоғарыда келтірілген деректердей, халықтың елеулі бөлігі «ер адам басшы болуы керек» деген пікірге келіседі және гендерлік теңдік терминдерін түсіну деңгейі төмен. Үшіншіден, экономикалық құрылым мен салалар бойынша бөлініс сақталған. Әйелдер көбіне жалақысы төмен әлеуметтік қызмет салаларында жұмыс істейді. Ал жоғары табысты өндіріс, технология секторларына кіруі әлсіз.

     Теңдікке бағытталған саясат тек нормативтік құжаттармен шектелмеуі тиіс. Ол қоғамдық санаға, мәдени нормаларға, экономикалық құрылымдарға, басқару жүйелеріне терең енуі керек. Қазақстан үшін гендерлік теңдік  «әйелдерге мүмкіндік беру» ғана емес, қоғамның барлық мүшелері үшін тең және әділ аспектілерде өмір сүру мүмкіндігін қамтамасыз ету. Біріншіден, білім беру жүйесінде гендерлік теңдік ұғымын барынша енгізу және жастарды, әсіресе ауылдық жерлердегі әйелдерді жоғары табысты салаларға тарту маңызды. Екіншіден, жұмыс берушілер мен басқару жүйесінде әйелдерді квота арқылы ғана емес, олардың басқаруға, шешім қабылдауға нақты ықпал етуін қамтамасыз ететін шараларды дамыту қажет. Үшіншіден, мәдени деңгейде ақпараттық-білім беру компанияларын кеңейту керек. Төртіншіден, мемлекет тарапынан гендерлік саясаттың мониторингі мен деректер жинау жүйесін жетілдіру маңызды. Себебі сандық көрсеткіш көп, бірақ сапалық көрсеткіш аз. Бұл — саясаттың нақты әсері бар ма, қандай салаларда тоқырау бар, қай тосқауылдар жұмыс істемей жатыр деген сұрақтарға жауап беруге мүмкіндік береді.

         Гендерлік теңдік мәселесінде Қазақстандық табысты әйелдердің тәжірибесі – маңызды көрсеткіш. Венера Тайлакбаева Қызылордада “Asia Kamysh” экокәсібін құрып, дәстүрлі түрде ерлер басым салада тұрақты өндіріс жүйесін қалыптастырды. Оның жобасы ауыл әйелдерінің экономикалық белсенділігіне жаңа мүмкіндік ашты. Ал Раушан Сәрсембаева басқаратын Business Women Association әйелдердің кәсіпкерлікке қолжетімділігін арттырып, әсіресе ауылдық жерлердегі әйелдерге білім беру, қаржы табу, бизнес бастау бойынша қолдау көрсетіп келеді. Бұл екі тәжірибе гендерлік теңдік қағаздағы саясат емес, әйелдерге ұсынылған нақты мүмкіндік арқылы жүзеге асатынын дәлелдейді.

           «Гендерлік теңдік – бұл тек әйелдердің құқықтары туралы емес, сонымен қатар экономиканың бәсекеге қабілеттілігі туралы мәселе. Егер әйелдер көбірек табыс табатын болса, олар білімге, денсаулыққа және бизнеске инвестиция жасай алады, ал бұл ұзақ мерзімді перспективада бүкіл қоғамға пайда әкеледі», – деп атап өтті MNU Халықаралық экономика мектебінің деканы Сауле Кемелбаева.  

       Қазақстанда гендерлік теңдік бағытында айтарлықтай прогресс бар. Құқықтық база қалыптасқан, әйелдердің білім деңгейі көтеріліп, рейтингтерде орын алған. Алайда нақты өмірде әйелдер мен ерлер тең мүмкіндікті толық пайдаланбай жатыр. Мәдени дәстүрлер мен экономика құрылымы, басқару жүйесі теңсіздікке әлі ықпал етеді. Сондықтан гендерлік теңдік — бұл жалғыз нормативтік құжат емес, әрбір адамның, әрбір институттың, әрбір саланың өзара әрекет етуі арқылы жүзеге асатын күрделі әлеуметтік процесс. Қазақстан үшін бұл бағыт оңай жол емес. Бірақ тиімді әрі әділ қоғамға апаратын маңызды жол.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар