Ананың ұлы әскерге кеткен еді. Ол екі жылдық әскери мерзімін өтеуі керек болатын. Одан хат үзбей келіп тұрды. Солдаттың ұқыптап отырып жазған хатының сырты да, іші де анасына бағытталатын. Солдат өз хатында анасына уайымдайтын ештеңе де жоқ екендігін, әскер жайында айтылатын әлдебір алыпқашпа сөздердің бекер екенін, ондай жағдайлар өзге бір әскери бөлімдерде болса болуы мүмкін, ал өзі қызмет етіп жүрген жерде жағдай мүлде басқаша екендігін жазатын. Мүмкін ол мұны анасы уайымдамасын деп жазатын шығар.
Бірде ананың ұлынан хат келді. Әдетте солдаттан хат келгенде, үй іші алқа-қотан отыра қалып, хат дауыстап оқылатын еді. Бұл жолы да солай болды. Конверт ашылды. Хат қолға алынды. Бірақ бұл жолғы жағдай мүлде басқаша еді. Конверттің ішінен солдаттың өз хаты емес, әлдебір айбақ-сайбақ жазуы бар жарты парақ танысу хаты шықты. Хат оқығалы отырған үй ішіндегілер әуелде аңырып қалды, сонан соң хаттың мазмұнын көріп дуылдасып күліп жіберді:
- Ал керек болса! Шешемізге әскерден танысу хат та келіп үлгерді.
Бірақ ана бұған күлген жоқ. Ол конверттің ішінен шығатын өз ұлының хатын асыға күтіп отыр еді. Енді оның ішінен ұлының хаты емес, өзге бір қағаз шыққаннан кейін көңілі бір түрлі қоңырайып қалды. Аналардың үмітімен ойнауға болмайды ғой.
Сәлден кейін үй іші мына хатқа пайым жасай бастады:
- Демек, ұлың конверттің сыртын алдына ала толтырып қойған болып шықты. Мүмкін ол мұны әскерде дағдыға айналдырып алған шығар. Хат жазамын да, сырты толтырылып дайын тұрған конвертке салып жіберемін деп ойлаған ғой. Сол конверт жанындағы солдаттың қолына түседі. Ол бұрынғы аналардың фамилия ретінде өзінің жұбайының фамилиясын қабылдайтындығын, сөйтіп, өзінің ұл-қыздарымен фамилиялас болып келетіндігін ескермеген. Мұны қарындасы шығар деп ойлаған. Осыдан келіп өзінше танысу хат жазып көрмек болып әзілдеген түрі ғой. Ұлың бұл жөнінде хабарсыз. Мүмкін ол жоғалған конвертке мән де бермеген шығар.
Ана айтты:
- Бұл жөнінде балама хабарлап жазып жүрмеңдер. Осы үшін жанындағы баламен шекісіп қалып жүрер. Маған бәрінен де алдымен баламның амандығы қымбат.
Әрине, бұл жөнінде ешкім де жазған жоқ. Көп ұзамай ананың ұлының өз хаты келді:
"Сәлем бердік, апа".
Ананың ұлы әскерден келгеннен кейін: "Әскерде тіпті де қиындық болмайды деп айта алмаймын. Қиындық болады. Бірақ сол қиындық туралы хатқа жазуға болмайтын еді. Олай етсем, оны оқып апам уайымдап қалады ғой. Жалпы, әскерге барамын деген жігіт қара жұмыспен көбірек шұғылданып, спортпен айналысып баруы керек. Сонда ғана оған әскердің өмірі сәл-пәл жеңілдеу тиюі мүмкін" дейтін.
Бірде ананың ұлымен әскери қызметін бірге өтеп жатқан жерлес жігіттің ағасы інісіне барып қайтпақ болады. Ол анаға: "Сіздің ұлыңыз бен менің інім әскери қызметін бір жерде өтеп жатыр ғой. Мен ініме барып қайтпақпын. Ұлыңызға беріп жіберетін сәлемдемелеріңіз болса, ала кетейін", - дейді.
Ана ана затты бір ұстайды, мына дәмнен де беріп жібергісі келеді. Қалтаның түрі көбейіп бара жатыр. Осының бәрін әлгі жігіт көріп отыр. Ал әскери бөлімге бару үшін өзге республикаға жол жүру керек. Енді бір кезде ана өзінің шай ішіп жүрген бір дорба набатын ала келді. Науат дегеннің өзі де бір жеп-жеңіл дүние емес қой. Сонда осының бәріне қарап отырған осы үйге нағашылы-жиенді болып келетін әлгі жігіт:
- Апатай-ау, әскерге набат арқалап барудың қажеті қанша? Ол жерде онсыз да набат өндіріліп жатқан жер емес пе? Тіпті ұлың набаттың ортасында жүрген шығар? - дейді әскери бөлім орналасқан қаланың атауы Ленинабад қаласы деп аталатындығын меңзей сөйлеп.
Ананың бұл сөзге ішек-сілесі қатып күледі:
- Бар болғырлар, қалжыңдарың қалмайды-ау. Алып кет набатты да ұлыма! Жанындағы жолдастарымен бөлісіп жесін.
Аналар тіпті де уайымшыл келеді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі