Жас отауда бақыт таңы атқан күн
(Жас жұбайларға тілек)
Құрметті Жас жұбайлар!
Сіздер дәл қазіргі уақытта Отбасы атты жаңа да жас мемлекеттің тең құқықты қожайынына айнала алдыңыздар. Осынау жолда өмір сіздерге қуанышы мен қызығын қатар ұсына отырып, қос жүректе бірдей лаулаған сезімдеріңіздің беріктігін де сынаққа салуды ұмытпайды. Сол сынақта сіздердің Махаббаттарыңыз Өмір теңізіндегі жұбайлар мінген бақыт кемесінің ұдайы желбірер желкеніне айнала берсін!
Ұлағатты ұл, ұяты бар қыз өсіре отырып, олардың бақытты болашағына қиял патшалығында сан рет, тіпті ұйқысыз түндерде ой жүгірткен қос ата-ананың көз алдында дәл қазіргі сәтте олардың өз перзенттерінің жүрек қалауымен қалап тіккен Ақ Отауы пайда болды. Бақытты жұбайлар, бұл - сіздердің отауларыңыз. Сол отауларыңыздың шаңырағы сіздердің асқақ армандарыңыздың белгісіндей болып биіктей берсін, сол отауларыңыздың іргесі сіздердің селкеусіз сенімдеріңіздің көрінісіндей болып бекісін, көңіл төрлеріңіздің кеңдігіндей керегелеріңіз керілсін, мақсаттарыңыздың нық көрінісіндей болып уықтарыңыз шаншылсын, сол отаудың үзігі бір-бірлеріңізге деген жан жылуындай жылы да берекелі болсын, түңліктеріңізден құйылған нұр риясыз күлкілеріңіздің көрінісіндей сәулесін төксін!
Бүгінгі күн - Сіздердің күндеріңіз! Жұбайлық өмірдің рауандап атқан әрбір таңы Сіздерді бақыт болашағының таңғажайып төріне жетелейді. Сіздердің ендігі сәтте өздеріңізді жастық өмірлеріңіздің нағыз бақытты Ханшайымы мен Ханзадасы сезінулеріңізге толық құқыларыңыз бар. Өздеріңіз арман еткен бақыт күндеріңізде Сіздердің ата-аналарыңыз бен туған-туыстарыңызды сол тамаша күндеріңіздің куәсі болуға жазсын!
Сіздер - Отанның перзентісіздер. Сіздердің Отандарыңыз отбасы құндылығының беріктігімен мықты. Ол өз перзенттерін сүйеді және Сіздерді де сол бақытты Отандарыңызға жастыққа тән күшпен лайықты қызмет етуге жазсын!
Сіздер өз ұлттарыңыздың ұрпағысыздар. Бұл Сіздер үшін ұдайы ұрпақ парызы мен міндеттерін еске салады. Сіздерді өз болмыстарыңыздың боямасыз қалпын тұғырлы қалыптарыңызда сақтаған отбасы мүшесі ретінде елестетер, өз қоғамдарыңызға мақтаныш сезімін туғызарлық жұбай болуға жазсын!
Сіздердің өздеріңіз де болашақта жас ұрпақтың тәрбиешісі атанасыздар. Болашақ ұрпақтың танымы мен тәлімі сіздердің бүгінгі күнде жинаған жан сарайларыңыздағы көкірек құндылықтарыңыздан бастау алып жатады. Демек, тәрбие тамыры әріде. Сіздерді өз қоғамдарыңыз шын мәніндегі рухани құндылықтармен қаруланған жастар легінің өкілі ретінде таниды және болашақтың түпқазығына жан-жақты бағыт сілтерлік ендігі ересектер сапын толықтырарлық жұбайлар болады деп үміт етеді. Тәңірі тілектеріңізді адал мұраттарыңызға жеткізсін!
Сіздердің қоршаған қоғамдарыңыз дәл қазіргі сәтте Сіздерге үлгілі шаңырақтың лайықты тұрпаттағы Отағасы мен Отанасы бола алады деп сенім артты. Алдағы жұбайлық ғұмырларыңыз Сіздерге көптің сеніміне жарықшақ түсірместей жарқын да нық, нұрлы да мағыналы түрде өмір сүруді нәсіп етсін!
Міне, Сіздерге де бақыт күнінің таңы атты. Сол күннің бастау сағаты естеріңізде ұдайы сақтала отырып, алға жетелеп отырушы екі жүрекке тең, ортақ құндылыққа айналсын! Сол бақыт таңының нұры аппақ отауларыңызды үнемі алтын сәулеге малындырып, сіздерге ұдайы құдіретті қуат беруші ғажайып күшке айналсын!
Махаббат - адамға зор жауапкершілік пен міндет жүктеуші қасиетті ұғым. Ол - әдемілік пен әдептің өлшемі, жан-дүние әсемдігінің айнымас серігі. Сіздер ендігі сәтте өз махаббаттарыңыздың ғажайып сенімінен қуат ала отырып, екінші сыңарыңыз үшін өмір сүруге бел будыңыздар. Сіздер осынау жолға батыл қадам басушысыздар. Сол жолда өздеріңіздің достарыңыз бен құрбыларыңыз сіздердің осынау жүрек сезімдеріңіздің тұрақты түрде жаңғырып отырушы қуатты қорғанға айналар күш болуын шын жүректен тілейді.
Құрметті шаңырақ көтеруші Жас жұбайлар!
Бүгінгі құрған шаңырақтарыңыз құтты да берекелі болсын! Сіздердің алдағы өмірлеріңіз тек бақытты күндердің тізбегінен құралсын! Сол тізбек ешқашан да үзілмесін!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі