Ажалдан басқаға ...
Бір күні газет редакторы Рафағат Сыздықов Октябьрдің 40 жылдығы атындағы совхозға іссапарға баратынымды айта келіп: «Қалғанын жауапты хатшы Шакірат Дәулетжанұлы түсіндіреді», – деген. Шәкең өзінің кабинетінде іссапарға барғанда кіммен қалай сөйлесетінімді, кімге қандай сұрақ қоятынымды, ұзақ тәтпіштей түсіндірді. Совхоз кеңсесіндегілер мені шаруашылық орталығында орналасқан бөлімшенің басқарушысы Балықпай Әбілқасовқа жіберген.
Ол кісінің құлағы тосаңдау екен. Кім екенімді, неге келгенімді әрең түсіндірдім. Осы сәтте біз отырған бөлмеге бір топ қыз келіп кірді. Олар осындағы есепші қызбен әңгімелесіп отырды. Солардың бірін Балықбай аға Қатай Есмақаевты шақыруға жіберді. Өзін бөлімше зоотехнигі деп таныстырған Қатай аға: «Мен сіздің сауалдарыңызға жауап беруге әзірмін», –деді жымия күліп. Ол кісі әзір болғанмен сауал қоюға мен әзір болмай шықтым.
Нені сұрап, нені қоярымды білмей сасқалақтап, аузыма сөз түссейші. «Аға» дей бердім аға сасып, қолың көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама деген сөз осындайдан шықты ма екен?! Масқара-ай! Сандаған жылдар бойы журналист болсам-ау деген арманымның қас-қағым сәтте қылтасынан қиылғаны ма? Бәрінен де бұрын маған сауалды былай қой, былай қой деп ынты-шынтысымен үйреткен Шәкеңнің есіл еңбегі... Әлдене сықырлап ашылған секілді көрінді. Жұрттың назары сол жаққа ауды. Қарасам, бір шаң басқан шамадан тыс үлкен керзі етік әнтек-тәнтек ырғалақтап ақыры табалдырықтан аттады-ау.
Еңгезердей еркек бос тұрған үстелдің жанындағы орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Көзін бір ашып , бір жұмып айнала төңірегіне алара қарап, ара-тұра тілімен ернін жалап өзімен-өзі әлек. Қыздар алғашқыда шиқылдап, бара-бара қарқылдап күле жөнелді. Сол сәт әлдене дүрс етті. Әлдекімнің ашына ақырған айбарлы даусы күндей күркіреді.
Баға келсем гүрс еткен әлгінің үстелді салып қалған гүрзі жұдырығы күндей күркіреген оның: «Мына шуылдаған қарларды қызметке алған қайсың, қайсың?» – деп зілдене ақырған айбарлы үні екен. Балықпай, Қатай аға мені «қауыпты аймақтан» қалқалап алып шықты.
– Енді сендер бөгелмей жүріп кетіңдер, –деді Балықпай аға бізді есік алдында тұрған бөлімше машинасына мінгізіп жатып. Содан біз Қатай аға екеуміз малды ауылдарды аралап кете бардық. Машинаға мініп жатқанда айнаға көзім түскен еді. Өңім өрт сөндіргендей. Қап-қара болып түтігіп, түгім сыртқа теуіп, онсыз да сиықсыз ұсқыным бейтаныс жандардың зәресін ұшырардай еді. Қайтсем екен... Кенет тіліме «ажалдан басқаға амал табылған» деген қанатты қағида орала кеткені. Соны іштей қайталап, өзімді-өзім қайраумен келемін.
- Ой, Алла-ай, мен тірімін ғой амал табамын. Әлі-ақ аудандық газетті былай қойып, облыстық, республикалық газет-журналдарда кесек-кесек дүниелерім басылады. Танымал журналист болам деген үміт арманымды аяқ асты еттірмеймін деген сенімге ұласты. Малды ауылға келгенде машинадан сергек тіпті секіріп түскен едім.
Ауыл адамдарымен тілдесе бастаған сәтте бағанағы қобалжу сасып-пысудан із де қалмаған еді. Қайтар жолда Қатай аға: «Енді бұл кісілер сіздің мақалаларыңызды тосады. Сіз жалпы ауыл шаруашылығын жақсы біледі екенсіз».
–Жоқ, аға, менің білетінімнен білмейтінім көп. Бұл имандай шындық еді. Көктемгі, күзгі дала жұмыстарына пайдаланатын техникалардың атауларын ең аяғы жырту, себу нормаларын біле бермейтін едім. Ауылға сенбі, жексенбі де демалысқа барғанда сол кездегі «Южный» совхозының бас агрономы Қорабай Шәкірұлы Шәкіровтен егіс даласын бірге аралап, тіпті кейде үйіне қона жатып, ерінбей, жалықпай үйрегенім есімде қалыпты.
Редакцияға жұмысқа орналасар жылы әлдекімдерге болашағы бұлыңғыр, есеп саласына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жан ретінде есепшілік қызметтен қуылып, бала-шағасы (мен бойдақ едім) есепшілік арнайы мамандығы бар ағаға босатып бергем. Дегенмен суға кеткен тал қармайдының керімен бұл қалай дегелі совхоз директорына кірген едім. Сол кезде совхоздың бас инженері болып жұмыс істейтін Әміртай Баймағанбетов тағы басқа мамандар отыр екен. Мені көрген Әміртай:
– Мына Сүлейменді жөндеу жұмыстары жөніндегі бригадирдің көмекшісі етіп алайық. Директор маған қарады. Сол сәт үстімізге бөлімше агрономы келіп кірген еді. Ол мән-жайды аңғарған сәтте: «Болмайды»,- деп әңгімеге араласты. –Болмайтын себебі бұл басқаны былай қойғанда тракторист емес. Осы сәт: «Рас,- дедім мен, -тракторис болып жұмыс істеген емеспін. Алайда мен УМСХ-15 бітіргенмін. Қолымда қағазым бар».
– Ал онда мен қазір бұйрықтың жобасын әзірлейін,- деді Әміртай. Сөйтіп, қас пен көздің арасында Әміртайдың арқасында бригадир Жазубай Әбиевке бригадирдің көмекшісі болып шыға келдім. Ал бұл менің ауыл шаруашылығында пайдаланылатын техникалардан хабардар болуыма әжептәуір ықпал еткен еді. Мына бір қызықты жайларды да айналып өте алмадым. Ленин орденді аға шопан Ғинаят Сейфуллинге бірде:
– Сізге қоятын сауалым бар еді,- десем.
– Өй, сен менің тарихымды білмеуші ме едің?
– Өмірбаян,- деңіз дегенімде Ғинаят аға шегі қата күліп, менің сан алуан сауалдарыма жауап бергені еді. Ал Жосалы совхозының аға жылқышысы Айтмағанбет Жұмабеков:
– Опырай, сен жылқының бағып-қағудың жайын кімнен үйренгенсің? Жоқ, әлде...
–Аға, сізден. Сіздің әңгімелеріңізден,- дегенде аң-таң қалған еді.
Сол ағалар бүгін өмірде жоқ. Ал олармен болған әңгімелер жадымда жаттаулы. Ғинаят аға: «Менің тарихым»,- дегенде осыны меңзеді ме екен, кім білсін?..
Айтпақшы, әлгі күлегеш қыздарды ұмытып барады екенмін-ау.
Қыз балалардың ыржақтап қарқылдай күлгендерін (мінез ғой), мас адамдарды жаратпаушы едім. Сол жолы менің тілшілік тірлігімнің аяқ асты үзіліп қалмауына себепкер болған сол жырқ-жырқ күлген қарындастарымды, ішкіш ағаны бұл күнде ерекше ыстық ырзашылықпен еске аламын.
Қаға берісі көп, көз жетпес қалтарысы жетерлік, дұрысы мен бұрысы қатар өмір ғой бұл. Оған не дерсің енді?!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі