Өлең, жыр, ақындар

Жанашыр

- Сіз Мәшһүр Жүсіп Көпеевті білесіз бе? - Иә, дедім мен, ол кісі біздің жерлесіміз ғой. Бейіті қай жерде?

 - «Жаңажол» совхозында.

- Жоқ, дәлірек атасаңызшы.

- Онысын онша біле қоймадым.

- Менің   біршама   қысылып, қолайсызданып қалғанымды аңғарған ол:

- Ол кісінің  бейіті  өзің айтқан  «Жаңажол» совхозының   Ескелді   деген   жерінде. Басында болмағаның көрініп-ақ тұр. Тек шыныңды айтшы, қазірде  сен қатарлылардың көбі атеистер ғой, Мәшекеңе деген көзқарасың қалай.

- Шынымды айтсам атеистігім шамалы. Алла мен аруақты ауыздан тастамай келе жатқан жай бар, аға. Ал аруағыңнан айналайын Мәшекеңді...

- Жә, жетер, ниетің дұрыс екен. Біз ол кісінің діндарлығы өз алдына, ақын, философ, тарихшы ретінде де құрмет тұтып, қастерлеуіміз қажет қой. Иә, бізге сол кісінің бейітінің, мұражайының суреті керек еді.

Манадан  бері  аяқ  астынан  басталып  кеткен әңгіменің аңысын аңғара алмай, мына кісі менен Мәшекең жайлы тереңдей сұрай қалса масқарам шықпаса игі еді, деп мазасызданып, мәнім кетіп отырған басым.

- Суреттері керек еді дейсіз бе, аманшылық болса көп кешіктірмей қолыңызға тигіземін,- деп уәдені беріп-ақ қалғаным.

Әйтеуір өлдім - талдым дегенде оның да орайы келді-ау. Олай дейтінім астында көлігі жоқ адамға Баяннан Жаңажолға фотограф алып барып сурет түсіртем деу екіталай нәрсе екен, оған көп ұзамай көзім жетті. Менің автобуспен барып қайтайық деген ұсынысыма сурет түсіретіндер оның қолайлы бола қоймас, барсақ машинамен барғанымыз жөн ғой деген уәж айтқан. Сөйтіп жүрген де Мойылдыда еңбек озаттарының слеті жалауын   желбірете   көтерген,   сол   мерекеде  ұшыраса кеткен жаңажолдық Егінбай Қоңырбаев аға амандықтан соң:

- Ал, бауырым, мына тойдан ескерткіш болсын,- деп фотоаппаратын қолына алған.

- Аға, мені қайтесіз, мүмкіндігіңіз болса Мәшекеңнің бейітін, мұражайының суретін бірнеше дана қылып түсіріп беріңізші, деп жата жабыстым. Көп ұзамай Егінбай аға сұраған суреттерімді қолға тигізді.

Қарағандыдамын. Мен әкелген суреттерді көргенде философия ғылымының кандидаты, Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті, кейінірек қазақ тілі әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болған  Құлмағанбет Еспаев ағаның қуанғанын көрсеңіз ғой.

—     Енді,  — деді ол,  — студенттерге Мәшекең жайлы азды-көпті сөз қозғағанда мына суреттерді көрнекі құрал ретінде  пайдаланатын боламын. Сонан соң әлде не есіне түскендей.

- Ал ол кісінің мұражайын үйымдастырған кім, - деп сұраған.

- Аманкедді Омаров. Ауыл мұғалімі.

- Әріптесіміз екен ғой. Әй оған да оңай болған жок, шығар деген жайымен.

Өз басым қадір тұтатын ағаның Аманкелдіні әріптесім деуі, мені қатты қуантқан Баянға барғанда Мәшекеңнің   басына барып тәуіп етіп, мұражайын араласам, туған - туысқандарымен, өрен-жарандарымен жақын   таныссам, сонан соң Аманкелдіге кездесіп, тыңнан тапқан деректері болса көрсем деген.

—     Аға, — дедім мен — Аманкелді тек Мәшекеңнің мұражайын ұйымдастырып қана қоймай сонымен қатар Сұлтанмахмұт Торайғыров ағамыздың да мұражайын ашып, Баян өңіріне келген қонақтардың көз мерейін қандырып, ақынның өздері біле бермейтін өмір деректерімен танысуға мүмкіндік туғызды.

—     Бәрекелді, бұл өзі бір қолынан іс келетін, әдебиет десе ішкен асын жерге қоятын жігіт болды ғой,- деген  Құлмағанбет аға  ризашылық көңілмен.

 Ол кісі құт - береке дарыған Баян топырағын  әлденеше рет басты. Ақ көбігі аспанға атып буырқанып жататын Жасыбайдың жасыл жағалауында талай рет демалып та жатты. Тек өзін автостанция басынан әманда жаяу - жалпы қарсы алып тұратын, Жасыбайға апару үшін маршрутты автобусты тосумен болатын інісінің (өзі солай деуші  еді) жігерін құм етіп, әлдекімдерден жеңіл машинасын сұратып, пенде қылғысы келмеді ме екен, әйтеуір жоғарыдағы тілегін қайталаған емес. Тек: Әлгі Аманкелді Омаров бұл жерден алыс тұра ма, деп сұрағаны есімде қалыпты. Ал бұл жылдарда, Аманкелді аға Ж. Шанин атындағы совхозда тұрып жататын еді.   -Хабар салсам қалай болады, дегенімде

—     Қой қолайсыз болар, деген.

С. Торайғыровтың тойына өз тарапынан арнайы келген ағаны қуана қарсы алдым. -Келер жылы Жасыбайға келіп дем алып, қайтыңыз, орайы келсе Мәшекеңнің басына зират етерсіз, дегенімде қатты қуанып.

- Мерзімін өзің хабарларсың деген. Сол сәт осы бір жаны жайсаң, қазақтың ұлы ғалымы, жазушысы Мұхтар Әуезов пен ірі ғалым Евней Букетов жайлы төгіле сыр шертетін (ол кісі олардың бірінің шәкірті, екіншінің қарамағында көп жыл қызмет істеген) жақсы ағаны бұл соңғы рет көруім екенін сезген жоқ едім.

Мәшекеңнің 135 - жылдық тойы Ескелдіде өтіп жатты. Бір кезде айнала тұрған адамдарға басын әнтек изеп, әдетінше әлдеқайда, жылдам аяңдап бара жатқан Аманкелдіге көзім түсе кетті. Сол сәт оны Құлмағанбет ағаның әріптесіміз екен ғой, мұндай халықтық мәнге ие, іске осындай жан жүрегімен берілген шынайы жанашырлар болмаса бола ма деген сөзі есіме оралған.

Мынау жарық жалғанда Аманкелді атты мұғалімнің бар-жоғынан бейхабар Құлекеңнің Омаровқа берген бағасына, ризашылығына әлденені алып қоса қоюдың өзі қиын-ау. Өйткені қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуға талпынған ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров, қазақ үшін жүрек майын шырағдан еткендердің бірі- тұңғыш режиссер Жұмат Шанин. Халқының інжу-маржан жырларын тарих тозаңының арасынан қағып аршып, талмай жинаған, сөйтіп ұрпағына өлшеусіз олжа салған ақын, тарихшы Мәшһүр Көпеевтің сонау жиырмасыншы жылдары қызыл қыран, Сәкен Сейфуллин «Қазақ әдебиеті туралы хат» атты мақаласында өте-мөте керек болып отырған мағлұматтар Асан қайғы сөздері Бұқар жырау сөздері, Шортанбай сөздері, Мәшһүр Жүсіп сөздері, әсіресе «хал-ахуалы» деп іздеу салатын Мәшекеңнің мұражайын ұйымдастыруды қолға алып, ұйтқы болу «жан жүрегімен берілген шынайы жанашыр» екендігінің айғағы емес пе? Шынайы жанашыр болу ауыл мұғалімі Аманкелдіге оңайға түсті дейсіз бе?

Қатардағы мұғалім түгіл мектеп директорларының өзін шарты келмесе қабылдамай қоятын әр түрлі дәрежедегі кабинет иелері Аманкелдіні құшақ жая қарсы ала қоюлары, Мәшекеңе мұражай ашпақ ойда едік, соған мынадай көмек керек дегеніне еліп ете түсулері екі талай-ау, тек ойға алған ісінің орайын келтірмей тынбайтын мақсаткерлігі, өжеттігі, тіпті асыра айтсақ ерлікке пара-пар табандылығы талай қатқыл қабақты кабинет иелерінің маңдайындағы сірескен мұзды  ызғарды жібітіп, таңдайындағы жоқты бармен алмастырды ма екен, кім білсін?

Әйтеуір, Аманкелдінің солардың көпшілігінің алдынан құр қол қайтпауы ақиқат. Бәлкім, бұған өзі өмір бақи аузынан тастамай айтып жүретіндей ұлылардың аруағы желеп-жебеп көмектескен болар.

 Қалай дегенмен де Аманкелді маған жұрт өз есебін қалай түгендерін білмей есі шығып жүрген заманда ұлы мақсат жолында өзін өзі ұмытқаны былай тұрсын дүние қуып, өзара бәсекеге түсіп әлек болып жүрген мына жұрттың есіне Сұтанмахмұтты, Мәшекеңді, Жұмат Шанинді салып, олардың халқы үшін сіңірген адам айтқысыз еңбектері жайлы сөз қозғауының өзі оның жан дүниесінің байтақтығы мен қатар батылдығын өзгелер үшін өмір сүре білетіндігін дәлелдей түсетіндей. Неткен тәуекелшіл, неткен ақкөңіл жан еді дегің келеді.

Иә, «сыбырлағанды құдай естімей ме» дегендей, осы әз ағаны да кезінде ренжітіп алғанымды несін жасырайын. Сол реніш үстінде ол маған «мен тарихта қаламын»- деген еді.

Тәңірім-ау, оның ашу үсті айтыла салған осы бір сөзіне күлушілер де, кекетушілер де табылар, өз басым қарсы алдымда отырған шүйкедей шалдың оған сай еңбегінің бар екеніне сол сәтте болмаса да ойлана, толғана келе қол қойған едім.

Бұлай деуге оның аталған мұражайлардағы экспонаттарды жаяу - жалпы жинағаны әлде бір деректің бар екенін естіген сәтте кез - келген жүк машинасының, трактордың қорабына жармасып, жолға шығуы, кейде қалалардағы қонақ үйінен орын тимей вокзал басына қонып, кейде қара нан мен қара суды азық етіп ауылдастарының кейбірінің «осыған не жоқ, мұражай қажет болса үкімет ашпай ма» деген мысқылын ести жүріп ашқан мұражайлары қандай да болсын жоғары бағаға лайықты ғой... «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» деген ғой, Аманкелді аға осы мұражайлар туралы сөз болғанда өзіне қол үшын берген сол кездегі аудандық халық-ағарту бөлімінің меңгерушісі Зарлық Сәдуақасұлы мен сол жылдарда Мәшһүр Жүсіп атындағы кеңшарда директор болған Мұрат Дүйсенбайұлы Рахметовтың    есімдерін құрметпен атайды.

Бәлкім - кезінде оған қолдау көрсетпек түгіл кабинетіне кіргізбеген басшылар да болған шығар, бірақ олардың сол қылықтарын Аманкелді аға әлдеқашан-ақ ұмытып кеткен - сынды. Аузына алмайды. Текті адамның кегі де ұзаққа бармайтынның айғағы-ау бұл.

Қазірде С.Торайғыровқа, М.Көпеевке өздерінің аты мен аталатын кеңшарларда осы заманғы сәулетті   мұражайлар   бой   көтерді.   Әрине,   бұл мұражайларды   Аманкелді  аға   мұрындық  болып аштырған мектептің бөлмесіңдегі, клубтың ішіндегі мұражаймен салыстыруға келмес. Әйтсе де бұл мұражайлардың кезінде Аманкелді Омаров негізін салған мұражайдан бастау алғанын әсте ұмытуға болмайды. Тіпті, мұражайға келгендерге әңгімені бұл мұражайдың негізін ауыл мұғалімі, кейіннен мұражай директоры болып жемісті қызмет атқарған Аманкелді  Омаров   салған  еді  деп  бастаса да,  ешбір ағаттығы  болмас   еді.  

Осы   орайда  ақын  Қадыр Мырзалиевтің:

Қажет пе кішісің бе, ірісің бе,

Жақсының қалт жібермей бір ісін де,

Өлгенін, жерлегенін күтіп жүрмей,

Талантты қадірлейік тірісінде,  - деген өлең жолдары ойға оралады. Ақын айтпақшы біз де ортамызда сан жылдар жас жеткіншектерге   білім  берумен  қатар   өмірінің  саналы  жылдарын  Сұлтанмахмұт   сынды  ақынның  өмірі  мен творчествосын зерттеуге оған мұражай аштыруға, Мәшекеңнің басына да өшпес белгі соқтыруға, Ж. Шанин музейін ұйымдастыруға жұмсаған ақын, азамат ағамызға көзінің тірісінде-ақ құрмет көрсетіп, аталған ауылдардағы көшелерге есімін   бергізсек артық па? Тарихты халық, оның ішінде осы Аманкелді Омаров сияқты қарапайым ұлдары  жасайтынын есте ұстайық ағайын.

Сүлеймен Баязитов


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз