Өлең, жыр, ақындар

Немереме!

Нұртілеуім,

Сен туғанда шаттықтан бір түледім.

Уілдеген үніңнен айналайын,

Келіп тұрды сол сәтте күлші дегім.

Жөргегіңде жатырсың тырбаң қағып,

Қас-қағымда мына өмір өтер ағып.

Бала бүркіт секілді көкті аңсаған

Талап қылып ұшарсың қанаттанып.

Мына байтақ бабадан алған енші

Тылсымына құлақ түр, тебіренші.

Сенің алтын бесігің – Отаның бұл,

Бастауынан қанып іш, гүлін терші.

Балғыным, бұл – бабалар аманаты,

Туған жерің ұмытпа, жер жәннатың.

Ұланы бол сен оның сенім артар,

Бол еліңнің қатарлы азаматы.

Сүлеймен Баязитов


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз