Біз қалам тербегелі отырған тұлға Сәбитбек Елеуов турасында «қаламына қадір дарыған қаламгер» деген тіркесті ауыз толтырып айтуға болады. Кеңестік кер заманның кегежу тартқан тұсында шенді мен шекпендіні шымшыма сөздерімен шенеп, әділетсіздікті әшкерелеп, тіпті кей сөздері перифразаға айналып кеткен белгілі журналист, «Еңбекші қазақ» («Егемен Қазақстан») газетінің меншікті тілшісі болған Сәбитбек Елеуовтің ел үшін еткен еңбегі елеусіз қалмасы анық.
Еңбек жолын отызыншы жылдардың орта шенінде «Еңбекші қазақ» газетінен бастап, қазақ журналистикасының дамуына айрықша үлесін қосқан көрнекті өкілі жанған жұлдыздай жарқ етіп өте шыққан жалған ғұмырында соңына үлгісі мен ізін қалдыра білді. Мақаланың майын тамызып жазатын уытты тілінен бөлек, өткір фельетондары маңызды материалдарында ұжымдастыру кеселі ашық сыналған.
Сол жылдары Сәбитбек жазған «Батпақараның бетпаққаралары» деген фельетоны халықты күйзелтіп, аштықтан кейін ел басқарған атқамінерлерді сынап мінеп, олардың әділетсіздігін әшкере ете білген. Осы мақалаға байланысты «Еңбекші қазақ» газетінің редакциясы жанынан комиссия құрылып, ел арасында тексеру жүргізіп, фактілер расталып, кінәлілер қызметтерінен қуылған екен. Осыдан-ақ ел жайына еңбегін сатпаған Елеуовтің ерекшелігін, тілінің жатықтығын, айтар ойының өзектілігін анық аңғаруға болады. Шындықтың аузын буған, ақиқаттың атасын көрге көмген сол кезеңде де айтарын ашық жеткізіп, алаштың игілігі үшін, халықтың қамы үшін қалам тербеген қаламгердің адами болмысы мен биік парасаты ел аузында.
Оның әлгінде айтқанымыздай «Батпаққараның бетпаққаралары», «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын», «Алапаев аздырды, Тортаев тоздырды, Ибрагимов еңіретті», «Белсенді, белсенді, белсендіге ел сенді, ақырында ел күңіреніп теңселді» деген сөздері халық арасында перифразаға айналып кеткелі қашан. Сондай алмас қылыштай қиып түсер өткір тілімен қазақ баласының санасының оянуына септігін тигізе отырып, көптеген қатерлерден сақтандыра да білді. Талантты қаламгердің талай жазған еңбегі кешегі «Еңбекші қазақтың» ашық алаңында айтылған ақиқат еді. «Газет халықтың көзі, құлағы, һәм тіліне айналған» сол кезеңде ел ішіндегі бүлікті бүкпесіз айтып, шенін емес елін ойлаған, қаламымен қазақтың мұңына терең бойлаған азамат журналистің арқалаған жүгі де ауыр болды.
Тамырында қазақтықтың қаны тамған текті азамат қай салада болмаса да алаш үшін абыройлы ісімен көріне білді. Оның мақала жазудан бөлек ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арнап интернат үйін ашып, өзі басқарып ұлық іске ұйытқы болғаны бір бөлек әңгіме. «Жетім көрсең жебей жүр» деген сөзді атам қазақ атақ үшін айтпаса керек. Сол халық даналығының айқын көрінісіндей Елеуовтің еленбей қалған жетімдерге қол көмегін де, асарын да аямаған үлкен жүрегі әрдайым қара халыққа бұрып тұрушы еді.
Дәмді сөзіміздің дәлелі де сол, Торғай, Ақтөбе өңірлерінде жетімдерге арналған интернат ашып, оны басқарып, сондағы жетімдердің жетілуіне, өмірден өз жолдарын табуға септігін тигізген тұлғаның тұла бойы тұнған елжандылық сезім болатын. Еңбектерінің көпшілігі сақталмай қалса да, бас аяғы 33 жыл ғұмыр кешіп, салалы тірліктегі саналы ғұмырын ел игілігі үшін еңбекке арнаған азамат журналистің бейнесі осындай еді.
Жастарға еткен еңбегі елеусіз қалмай, жастар да ізгі жүректі жандарды іздеп, өмірдерегімен танысып, өнегесін елге танытуда еңбектеніп жүр. Бүгінгі таңда Амантоғай орта мектебінің оқушысы Д.Сәтова қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.Мәденованың жетекшілігімен С.Елеуовтің өмірі мен шығармашылығы аясында «Қаламгерлік пен мейірімділікті тоғыстырған тұлға» тақырыбында ғылыми жоба қорғап, аудандық «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасында І орын, облыстық қазақ тілі олимпиадасында ІІ орын иеленді. Елеулі жанның еңбегі елеусіз қалмасы анық. Сондықтан талантты қаламгерді зерттеп, ғылыми жоба қорғап жүрген жастарға сәттілік!
Мұрат Наржан Дәулетұлы
Қостанай облысы, Аманкелді ауданы
Амантоғай жалпы білім беретін орта мектебі 11-сынып оқушысы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі