Абай ақын: Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, - деп қалай ғана нысанаға дөп тигізіп айтты екен?!
Белгілі қаламгер Қалмұқан Исабаев туралы жазарда ұлы ақынның осы өлеңі ойға оралды.
Рас, «артына өлмейтін сөз қалдырған» қаламгердің екінші мәңгілік ғұмыры басталды. Ол кеткен жоқ, «өлмейтін сөздерімен» қалың қазағының ортасында қалды. ...
Бірде Алматыдан қаламгердің қызы Баян хабарласты.
Уақыттың жақын қалғанын (қазан айының аяғында Қалмұқан ағаның жылы өтпек), әкесінің қолжазбасының кітап болып шыққалы жатқанын айтты. Кітап! Қуаныш қой бұл, үлкен еңбек!
Рас, Қалмұқан аға көп еңбектенген, талай-талай сүбелі дүниелерді жарыққа шығарған қаламгер. Шығармашылығы халықтың көз алдында. Ал отбасындағы, былайша айтқанда жеке өмірі қалай өрілді?
Ана жылы шаңырағында болғанымда Зәбира апай екеуінің арасында үлкен бір ілтипаттың бары аңғарылған еді. Отбасымен қайыра хабарласып, осы ойымды айтқанда Зәбира апай бірден келісім берді. Сұхбатымыз өрбіді...
Бір қап тезек
– Апай, Қалмұқан ағамен қалай таныстыңыздар?
– Қалмұқан маған «Сенің құның – бір қап тезек» дейтін. Біз Баянауылда көрші тұрдық, екеуіміздің де әкелеріміздің есімі Әли. Жұрт шатастырмас үшін бірін «бала Әли», бірін «мұртты Әли» дейді екен.
1937 - жылы бала Әлидің келіншегі толғатып жатыпты (мен дүниеге келерде). Сол сәтте анадайда ойнап жүрген мұртты Әлидің он екі жасар баласы Қалмұқанды Күләш шешей (нағашы апам) бір қап тезекке жұмсапты. Тезекті жеткізіп берген бала: «Апатайымның жағдайы қалай?» дегенде шешей: «Апатайың аман-есен, қол-аяғын бауырына алды.
Дүниеге шынашақтай қыз келді. Осы қызды түбінде саған беремін» депті. Ес біліп қалған бала бұл сөзден ұялып, жалт бұрылып қаша жөнеліпті. Сол қыз мына менмін. Жаңа айттым ғой, көрші болдық деп. Мен қағылез қыз едім, «алып кел, барып кел»-дің бәрі менің мойнымда, екі үйдің ортасында жүгіріп жүремін. Арада жылдар өтті... Мен көркем қыз болып бойжеттім.
Сөз айтқан жігіттер көп болғанымен, ешқайсысы ұнай қоймады. Қалмұқан әскерден оралған соң келді. Алматыда тұрады екен. Соғыстан кейін Германияда Ильменауда қызмет етті, көзі ашық азамат, офицер, жинақы, үсті-басы мұнтаздай, қолында перчатка, жанары от шашып тұр екен.
Келген сайын ертелі – кеш біздің үйге соғады. Оны жеңгелерім де байқап қалыпты. «Әлағаның баласы неге жиі келе береді?» деп қалжыңдайды бәрі. Нағашы апам Күләш та тіл табысуымызға «көмегін» тигізді. Сөйтіп мен Қалмұқанға ұзатылып кете бардым.
Жұрт менің анамды да, Қалмұқанның анасын да «Тәтті апа» дейтін. Енем – Тәтті апа ісмер жан еді. Маған көйлек, камзолды өзі кесіп-пішіп тігіп беретін. Өз басым тәртіпті, тәрбиелі Қалмұқанның талабына тез көндіктім. Өйткені біз бір-бірімізді ұнатып қосылдық. Кейін маған әзілдегенде: «Сенің құның бір қап тезек» дейтін.
«Жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі»
– Ұлы Отан соғысы, кейін Германия жеріндегі әскери қызмет... Қалай дегенмен де мұндай өмір адамның мінез-құлқын өзгертпей қоймайды ғой. Қалмұқан аға әріптестері, жора-жолдастарымен қалай араласты?
– Соғыс, қиыншылық атаулы ағаңның мінез-құлқына әсер ете қоймады. Оның бойында қазақы қасиеттер көп болды. Әскерден келгенде Алматының шетінен төрт бөлмелі үй алыпты, кейін Жазушылар одағына жақын тұру үшін орталықтағы бір бөлмелі үйге айырбастаған ғой.
– Мен сол үйге келін болып түстім. Соғыстан кейінгі қиын жылдар ғой, он сегіз шаршы метрлік сол үйде он үш адам тұрдық. Енем, қайным, келінім, туыстардың балалары, елден келетін жастар бар, оның үстіне Қалекең әлі баспаналы бола қоймаған достарын да алып келетін. Сонда үйде су не газ жоқ. Енем бөлменің бір бұрышынан бізге шымылдық құрып қоятын.
Кейін төрт бөлмелі үй алдық. Бірақ көше қойғамыз жоқ. Сөйтсек «Социалистік Қазақстанда» бірге жұмыс істеген досы Өтебай Қанахинді сол үйге орналастырып қойыпты. Ол жұбайымен жараспай қалған ғой. Біз көшіп кіргеннен кейін де Өтебай бір жылдай бізбен тұрды. Жалпы, Қалекеңнің қолы ашық, кеңпейіл, дос-жаранға көңілі адал болды.
– Апай, Қалмұқан аға қаламгерліктен бөлек, немен айналысқанды ұнатты? Өмірлік ұстанымы қандай еді?
– Ағаңның ашылмаған қырлары көп болды. Сурет салатын жақсы өнері болатын. Тіпті, партия жиналыстарында жанында отырған кісінің суретін салып, онымен бөлек замандастарының да портреттерін салып оларды бір мәз-мейрам ететін. Үй шаруасына өте пысық болды. Яғни, ер адам білуі тиіс үйдің барлық жұмыстарын өзі атқаратын. Еденді шегелеу, бұзылған шүмектерді жөндеу Қалекең үшін түк емес-ті.
Құрал-саймандарын өзінің қара шабаданында сақтайтын. Тағамға аса талғампаз болған жоқ, қандай тамақ болса да сүйсініп ішетін. Адам көңіліне қарайтын, ешқашан кемшіліктерді айтқан емес.
Сонымен қатар, дастарханда өте мәдениетті болатын. Нанды сәндеп кесіп, қасық, шанышқылардың өз орнында тұрғанын қалайтын. Германияда өмір сүріп келген соң шығар, сол ұлттың жинақылығы мен ұқыптылығын өз бойына сіңдіріп келгендей көрінетін.
Дастарқан басына барлығымыздың жиналғанымызды ұнататын. Айрандай ұйып отырып, бәріміз бірге тамақ ішіп, бізбен тілдесіп, қызықты оқиғаларын әсерлі етіп айтып бергенді жақсы көретін. Зерттеу жұмыстарына жақын болды. Архив жабылмайынша сонда отырып, өз жұмыстарын бітіргенді жөн көретін.
Тіпті, кешкі асқа келіп, тамақтанып алған соң да: «Архивтің жабылуына әлі екі сағат бар, үйде жай жатқанша жұмыстарымды бітіріп келгенім дұрыс» - деп, қайтадан сонда кететін. Суретке түсіргенді қатты ұнатты.
Өзінің жеке аппараты болды. «Ертіс-Қарағанды» каналының бастан аяқ құрылысын суретке түсірген осы, Қалекең. Сондай-ақ, кітап оқығанды жанындай жақсы көретін. Бала күнінен қалыптасқан кітап оқуға деген әуестілігі бір басылған емес. Іссапарға шыққанда кітап алып кететін.
Өмірлік ұстанымы - «Жақсылыққа жақсылық, жамандыққа да жақсылық» болды. Ешкімге зияны тиген жоқ, жан баласына жамандық жасамады. Өте шыншыл болды. Шындықты бетке айтатын, алайда, сол шындықты адам көңіліне тимейтіндей етіп жеткізетін, осы бір ерекше қасиеті үшін достары, замандастары қатты сыйлады.
Әзілмен де дос болды.. Қалекең өте жақсы өмірлік жолдас бола білді, балаларға да өте мейірімді еді. Маған да, балаларға да ешқашан дауыс көтеріп көрген емес. Баламен бала болып, оның дүниесіне еніп тұрып тілдесетін. Мен егер үйде болмай қалсам, мені сыртта күтетін. Әрқашан қолдап, күлдіріп, бақытты етуге тырысатын.
Арманы – Семей – Веймар еді
– Қалмұқан аға зерттеген, қаламынан туған дүниелер аз болған жоқ. Дегенмен көңілінде жазсам, танытсам, зерттесем деген тақырыптары болды ма екен? Жазушылықтан басқа қандай хоббиі болды? Бос уақытында немен әуестенетін?
– Көкейінде қалған тақырыптар болды. Соның бірі, Семей қаласы мен Германияның Веймар қаласын туыстас қала жасамақшы болғанын бірнеше рет құлағым шалған еді. Бұл идея Берлиннің бір көшесіне ұлы Абайдың есімін бергізген кезде келген екен. Бірақ бұл жөнінде нақты келтірілген деректер жоқ.
Дәлелдердің бәрі ойында болды, бірақ олар жарыққа шықпады. Не себептен қазақтың Семейі мен немістің Веймарын таңдады, білмедім. Бірақ көкейінде осы арман болғанын жақсы білемін.
Қалекеңңнің бос уақыты өте аз болатын. Бар уақытын зерттеу жұмыстарына арнады. Ал, қолы босай қалса (бұл өте сирек болатын) достарымен бильярд ойнайтын, балаларына арнағанды ұнататын.
– Зәбира апай, қаламгермен тұрғылас қаламдастар кеңестік кезеңнің туын биік ұстады, уақыт ағысының бойымен жүзді. Қалмұқан аға ел Тәуелсіздігін көрді. Сонда қаламгерді бүгінгі күннің қандай мәселесі толғандырған еді?
– Қалекең өте бақытты жан. Бір ғасыр өмір сүрді. Осы аралықта, ашаршылықты да көрді, сұрапыл соғысты да бастан кешті, қиын кездерде мойымай бәрін жеңе білді. Ашаршылықтан аман қалып, соғыста Отан үшін, ел үшін от кешті.
Тағдырдың осы қиындықтары біршама шыңдады, соған қарамастан өте ізденімпаз, ойшыл, жаңалыққа жаны құмар болды. Қатал тағдырдың тәлкегіне қарамай өте мейірімді жан болып қала білді. Ел үшін күш-жігерін аяған жоқ. Еліміз Тәуелсіздік алған сәтті де қуанышпен, мақтанышпен қарсы алды.
Осы сәтте осы күнге дейін текке өмір сүрмегенін, елінің азаттық алған таңын көргенді түсінді. Ол бүгінгі күннің басты мәселесі – тіл мәселесіне қатты жанашыр болды. Өз тілін ұмытқандарға іштей ренжитін: «Мен Германияда тоғыз жыл өмір сүрсем де, өз тілімді ұмытқан жоқпын!» дейтін. Осы орайда, Петропавл қаласында «Қазақ тілі» қоғамын құруға үлес қосты.
«Менің Қалмұқаным» болар ма екен?
– Кезінде Сәбит Мұқановтың жұбайы Мәриям апа «Менің Сәбитім» атты естелік кітап жазды. Сіз Қалмұқан ағаның ашылмаған қырлары, танылмаған тұстары жайлы осындай дүние жазар ма едіңіз? Қалмұқан ағаның елі-жері үшін атқарған істері аз емес.
Италияда қаза болған қазақ жауынгерлерінің дерегін іздеп тауып, ескерткіш – белгі орнатты, сол секілді еліміздегі қалалар көшелеріне Гетенің есімін, соның қарымтасындай етіп Берлиндегі көшелердің біріне Абай есімін бергізді, Гете мұражайына «Қараңғы түнде тау қалғып...» әні мен қазақтың қара домбырасын сыйға тартты.
Қаламгерді осынай игі істерге жетелеген қандай күш деп ойлайсыз?
– Ол өте ұлтжанды азамат еді. Германияда жүргенде олардың Гетесінен біздің Абайдың кем емес екенін ұққандай-тын. Абай – бүкіл қазақтың, ал Гете неміс ұлтының мақтанышы. Сонау алшақта жүріп, елінің абыройын асқақтату мақсатында жоғарыда атап өткендей Берлиннен Абайға көше бергізді.
Бұл да аз еңбекті талап еткен жоқ. Ұлы Отан соғысында Италияның Триест қаласында оққа ұшқан қазақ жауынгерлеріне ескерткіш-белгі орнатты. Италия билігі сол жауынгерлерді өздерінің тізімдеріне қоспақ болғанда, ағаң бұл шешіммен келіспей, қазақтың қаны тамған жерге ескерткіш-белгі орнатуды талап етті.
Ескерткіште үш тілде – қазақ, орыс және итальян тілдерінде мынадай сөздер жазылған: «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Италиядағы Елшілігі мен соғыс ардагері Қалмұхан Исабайдың бастамасымен Триест қаласының жұртшылығы және Мэриясының қолдауымен орнатылған».
Біз, Қалмұқан екеуіміз жұбымыз жазылмай елу жеті жыл бойы бірге ғұмыр кешіппіз. Балалы-шағалы болдық. Балалардыың есімін өзі қойды. Тұңғышымыз Азат, Айқыз, Серік Қалидің аттары тарихи кейіпкерлермен байланысты.
Қызымыз Баян Баянауылда туған соң Баян деп атаған, ал, кенжеміз Алма Алматыда туғаннан кейін қаланың құрметіне Алма деп қойған болатын. Балалардың мамандық таңдауына өз ықпалын тигізді, қазақ мектебінде оқытты.
Төрт немереміз бар. Оларды ерекше жақсы көрді, өзі балажан болатын. Немерелер де мұны сезіп, аталарын «кәмпит ата» деп атап кетті. Мен Қалекең шығармаларының бірінші оқырманы болдым, өйткені іссапардан оралғанда жазған дүниесін маған беретін. Мен теріп беретінмін.
Сол машинканы Германиядан ала келген-ді, қолға ұстап жүруге лайықталған шағын ғана еді. Осы машинкамен Қалекеңнің талай-талай туындыларын, «Ертіс-Қарағанды» каналы туралы жазбаларын тердім.
Біз Дінмұхаммед Қонаев, Сәбит Мұқановпен көрші болдық. Олар М.Төлебаев көшесінде, біз Фурманов көшесінде тұрдық. Қонаевтың үйі үш қабатты, салтанаты келіскен, ауласы кең үй болатын. Сәбит Мұқановтың жұбайы Мәриям апа жақсы адам еді, менімен жылышыраймен амандасатын. «Жігітің келді ме?
Картошкелер (балаларың) аман ба?» дейтін.
Міне, осындай да жарқын сәттер көп болған еді, өмірімізде.
…Ал естелік кітап... (күлді). Бұл бір жақсы ой екен. Әрине, осындай ұлы тұлғамен ұзақ жылдар бірге - бірге ғұмыр кешкеннен кейін салмақты да салиқалы дүние жазуға ойланып көруге болады. Әрине, мұның бәрі уақыттың еншісінде!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі