Өлең, жыр, ақындар

Көне Құлан қалашығы

       Ұлан-байтақ тарихымызды жан-жақты зерделеу жолында біз қазақ даласында орын тепкен осынау шаһар­лардың халқымыздың жүріп өт­кен жолында атқарған рөлін терең зерттеуіміз керек. 

     Осы тұрғыдан алғанда қазақ мемлекеттілігінің іргетасының қалануының негізінде де ұлы мәдениет пен өркениеттердің шамшырағындай болған қалаларымыздың мәртебесі қашанда жоғары. Солардың бірі – Құлан қаласы.

     Әр өңірдің өзі­нің тарихи мекені, көне жұр­ты болғанмен, бұл да айналып кел­генде қазақтың тарихына қа­тыс­ты құндылықтарға ұласады. Кезінде бабалардың жүріп өткен ерлік жолы, ұстанған салты мен ғұр­пы да Ұлы Даланың болмысында тұнып тұр. Күн өткен сайын Ұлы Даламыздағы тарихи ны­сандардың құндылығы артып, құ­пиясы ашылып, ғажайыбы танылып келеді. Мұның бәрі де­ ғасырлар мен дәуірлердің сабақ­тастығына ұласып, тұтас бір тарихи әлемді құрайды.  Бүгінгі таңда қазақ даласын­дағы құнды жәдігерлерді әлем танып, мойындап үлгерді. 2014­ жылы ЮНЕСКО-ның бүкіл­әлемдік мұралар тізіміне елі­мізден сегіз тарихи-мәдени ескерт­кіштің енгізілгені белгілі. Сол ескерткіштердің бірі – Әу­лие­ата жеріндегі Құлан қала­шығы. Тарихи Құлан қалашығы бүгінгі Т.Рысқұлов ауданының маңында орналасқан. Көзге бірден шалынатын биік төбе ғасырлар қойнауынан сыр тартып тұрғандай әсер береді. Жоталардың қатпарында әлі де құпиясы ашыла қоймаған талай құндылықтардың бар екендігі сөзсіз.

        Бүгінгі таңда академик Карл Байпақовтың жетекшілігімен және Қазақ ғылыми-зерттеу мә­де­ниет институтының қаржы­ландыруымен Құлан қалашығы жұртында қазба жұмыстары жүргізіліп келеді. Құлан жұр­тындағы қазба жұмыстары не­гізінен 2015 жылы басталған. Бұл кезінде өте үлкен қала бол­ғандықтан, бүгінгі қазба жұ­мыстарының да ауқымы кең.  Құлан қалашығының орнына барғанымызда, археологтардың қарқынды жұмысының үстінен түстік. Әуелі археологиялық жа­сақ басшысы Серік Ақылбек бізді Құлан қала жұртының тарихымен таныстырды. Сонымен қатар, қалашықтың бүгінгі таңдағы ашылған құндылығын да әңгімелеп берді. «Біз Құлан қала жұртының қазба жұмыстарын оның орталық бөлігінен баста­дық. Бұл жерде бүгінде үш қала құры­лысы анықталды. Оның жо­ға­рғы қабаты XVII-XVIII ға­сырларға жататын зират. Жалпы, Ислам дінінде адамды биік жерге жерлеу дәстүрі бар ғой. Сондықтан да бұл жерде Ислам дінін қабылдаған адамдар болған болуы мүмкін деген болжам бар. Ал қалашықтың екінші құрылыс қабаты ХІ-ХІІ ғасырлардағы Қарахан дәуіріне жатады. Бүгінде сол дәуірдің адамдарының тұрғын үй орындарының бөлмелері ашылды. Ал үшінші қабатын біз хан сарайы деп болжап отырмыз. Бұл жерде ғибадатхана болған. Бұл жер жекелеген екі бөлмеден тұрады. Сол екі бөлменің сол­түстік-батыс бөлігінде ұзынша кел­ген дәлізді бөлме бар. Ал ғибадатхананың қабырғалары ақ бояумен сырланған да, сырланған қабырғаларға түрлі бейнелер салынған.

       Ал сызба түрінде қабырға­лар­ға салынған тазы иттер мен құстардың суреттері де ежелгі заманның сурет өнерінен хабар береді. Археологтардың айтуынша, бұлардың барлығы да ғылыми тұрғыдан зерттеліп, зерделенген дүниелер екен. Ал ғибадатхананың солтүстік-шығыс қабырғасы мен оңтүс­тік-батыс қабырғасы саздан­ жасалған ою-өрнектермен безен­діріліпті. Бір таңқаларлығы, бұл­ өрнектердің ешқайсысы да бір-­біріне мүлдем ұқсамайды. Сон­дай-ақ қабырғалардың астың­ғы және үстіңгі бөліктеріне жү­­­­зім­дер мен жапырақтардың бейнелері салынған. «Біздің болжауымызша, хан бөлмесіндегі сыпаларға хан төңірегіндегі адамдар баспалдақ арқылы көтеріліп шығатын болған. Ал бөлменің солтүстік-шығыс бөлігіндегі сыпа қалған бөліктердегі сы­паларға қарағанда төмендеу. Ендігі болжам бойынша, бұл жер­де ханның уәзірлері отыратын болған. Жалпы, сыпа деген ескі қазақ үйлердегі адам отыратын орын. Сондай-ақ мұнда бөлмені жарықтандыру мақсатында шам қою үшін әзір­ленген ойықшалар жасалған. Қаз­ба барысында бұл мақсатта пай­даланған құнды жәдігерлер де табылды. Енді екі айға жос­парланған жұмыс барысында Құлан қалашығының екінші құ­рылыс қабаты ашылу үстінде. Алдағы уақыттарда ғылыми жаңалық болады. Мақсатымыз 2015 жылы анықталған орын­дардың жалғасын тауып, қазба жұмыстарын одан әрі жүргізу болып отыр. Сондай-ақ бұл жерді келешекте өңір туризмін дамыту үшін ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру мақсаты да тұр. Егер бұл жұмыстар аяқ­талатын болса, ежелгі Құлан қа­ла­шығына туристер келіп, тарихи орындарымызды тамашалайтын болады», дейді археолог Қуаныш Шоқаев. 

Бүгінгі таңда бұл жерде бір­ша­ма жұмыс атқарылғанымен, қазба жұмыстарының нақты қай жылы аяқталатыны белгісіз. Се­бе­бі күн сайын қалашықтан құн­ды жәдігерлердің бөліктері та­бы­луда екен. Мәселен, бұл жер­ден табылған асүйлік тұр­­мыста пайдаланған ыдыстар, тандырлардың бөліктері, құмы­ралар, леген түрінде жасал­ған дастарқандардың бөліктері де ұлттық тарихымызды ба­йыт­қан дүниелер. Сондай-ақ қазба барысында оншақты адам­ның сүйектері табылып, олар мұсылмандық жолымен қай­та жерленген екен. Бүгінге дейін табылған жәдігерлер то­лықтай зерттеуден өтіп, Астана қаласындағы еліміздің Ұлттық музейіне тапсырылыпты. Енді ар­хеологтар бұл жәдігерлер ал­дағы уақыттарда Жамбыл об­лыстық тарихи-өлкетану му­зейіне және республикалық дең­гейдегі «Ежелгі Тараз» қорық-мұ­ражайына қайтарылуы мүмкін екенін айтып отыр. Жалпы, жазба тарихи деректерде Құлан қалашығы ХІІІ ғасырдың бас кезіндегі ескерткіш кешен екені айтылады. Көне қаланы археологиялық тұрғыдан зерттеу ХІХ ғасырда В.Бартольдтан басталған. Сон­дай-ақ қалашық аумағына ал­ғашқы археологиялық қазба жұ­мыстарын 1936 жылы КСРО Ғылым акаде­миясының Қа­зақ бөлімшесі мен Жетісу ар­хео­логиялық экспедициясы жүр­гізген. Сол кездегі қаз­ба жұ­мыстары нәтижесінде VII ғасырдың бірінші жартысына жататын жазба деректер табылған.

Осылайша қазақ даласында орын тепкен тарихи қалалардың бірі Құлан жайында, оның сәулеттік ерекшелігі, қаланың мәдениеті мен өзіндік үлгі-өнегесі туралы археологиялық зерттеу­лер алдағы уақытта да жалғаса берері сөзсіз. Біз туған жерімізде бой көтерген, сән-салтанатымен көз тартқан әсем де ғажайып қалаларымыздың болғанын, олардың елдігіміздің қалыптасу жолында үлкен рөл атқарғанын кейінгі ұрпақтарға жеткізе білуіміз керек. Сол қалалардың орнынан табылған кез келген тарихи жәдігер өткеннен сыр шертіп, бір жағы тағылым, екінші жағынан замана шежіресіне тереңдеп бойлауымызға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар көне шаһарларды зерттей түсу жолында жүйелі көзқарас қажет. Өйткені бұл тарихымызды тану, өркениеттік салт-сана бастауларын біліп қана қоймай, содан тағылым алу жолында ерекше маңызға ие.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз