Өлең, жыр, ақындар

Гүл

Гүл — гүлді өсімдіктердің жыныстық жолмен көбею мүшесі. Ол сабақ не жанама бұтақ ұшында өседі. Гүл бірнеше бөлімнен тұрады. Гүл жапырақшалары гүл шығатын буыннан өсіп, гүлге қорғаныш болып тұрады. Гүл орналасатын сағақтың ұшы гүл табаны (кіндігі), сабақтың гүл орналасқан бөлігі — гүл сағағы (егер ол болмаса, отырықшыгүл), барлық гүлдер орналасатын өсімдік сабағы — гүлсидам, жабық тұқымды өсімдіктердің тостағаншасы мен күлте жапырақшаларынан құралған гүл орамы — гүл серігі деп аталады. Гүлге түс беретін — күлте жапырақшалар. Оның түсі әр түрлі болады. Гүлдің негізгі мүшелері: аналық (өсімдіктер гүліндегі жыныстық көбеюге қатысатын бөлігі, ол аналық аузынан, мойнынан және түйінінен тұрады) және аталық [өсімдіктер гүлінің аталық жыныс клеткалары (тозаңдар) өсіп жетілетін бөлігі, ол тозаңқаптан, аталық жіпшеден тұрады]. Егер гүлде аталық та, аналық та болса — қос жынысты гүл, ал олардың тек біреуі ғана болса - дара жынысты гүл деп аталады. Аталық және аналық гүлі екі бөлек, бірақ екеуі де бір өсімдіктің бойында кездессе — бір үйлі (жүгері, қияқ, қайың, емен, т.б.), аналық және аталық гүлі жеке орналасса — қос үйлі (терек, тал, зығыр, т.б.), қос жынысты, дара жынысты гүлдері де кездессе — көп үйлі (үйеңкі, шетен т.б.) деп аталады. Өсімдіктің гүлдеу мерзімі жарыққа, температураға, ауаға, топырақ ылғалдығына байланысты. Көптеген өсімдіктердің гүлі күндіз ашады. Дәрілік, дәм-татымдық өсімдіктерді жинауда, пішен шабуда гүлдеу мерзімін білудің маңызы зор.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

асылай

маған унады

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз