Өлең, жыр, ақындар

Майдан

(пьеса)

Төрт перделі, сегіз суретті драма

ҚАТЫСУШЫЛАР:

Досан — бұрынғы батырақ, белсенді партия мүшесі, колхоз басқармасының ағасы, 35 жаста.
Пүліш — оның әйелі, өркөкірек, кербез, шайпау әйел, 25 жаста.
Орынбай — батырақ, белсенді, ауылдың ұя хатшысы, 35 жаста.
Алтынай — оның әйелі, ашық, сөзшең, партия мүшесі, 39 жаста.
Ержан — кедей, белсенді партия мүшесі, 45 жаста.
Дәрікүл — оның әйелі, колхоз тілегінде, 40 жаста.
Дауыт — оның баласы, батырақ, ұста, 25 жаста.
Бекболат — бай, атқа мінер, айлакер, 50жаста.
Мамық — оның әйелі, өсекші, ақсақ, 45 жаста.
Жұмағұл — оның баласы, мырза, сал, 25 жаста.
Есен — есер ақын, мырзаның қосшысы, 30 жаста.
Көдебай — байдың құйыршығы, пәлеқор, 45 жаста.
Демесін — бұрынғы саудагер, тілін шайнап сөйлейді, Көдебайдың қолшоқпары, 40 жаста.
Әбді — жасында молда болған, ұшқалақ, қызба, 35 жаста.
Күркебай — орташа, өсекші, жыбыр, 40 жаста.
Әліш — кедей, алаңғасар, 40 жаста.
3әуре — оның әйелі, белсенді, партия мүшесі, 30 жаста.
Құсайын — орташа, колхоз белсендісі, 40 жаста.
Қалампыр — оның әйелі, сөзге азғыш, 40 жаста.
Иван — сол ауылға сіңіскен кедей орыс, ұсталық істейді, 50 жаста.
Агафья — оның әйелі, 40 жаста.
Досмағамбет — оқыған, пысық, партия кандидаты, колхоз басқармасының хатшысы, 35 жаста.
Ырысты — оның әйелі,30 жаста.
Имаш — орташа, пысық, белсенді, колхозшы, 40 жаста.
Жұман — орташа, сөзге ергіш, бұлтақ 40 жаста.
Махмудов — райком хатшысы.
Кісі.
Жігіт.
Қыз.
Келіншек,
тағы басқалар.

БІРІНШІ ПЕРДЕ

«Қысқы үй. Бір терезе. Үй іші жұпыны: ескі әбдіре, сандық, кебеже, есік жақта ескі ағаш кереует, үй іші төсексіз — төсеген салам шөп бұрқырап жатады. Саңдық алдында бірер ескі бөстек төсеулі. Босаға жақта шашылып жатқан ыдыс: шелек, самаурын, шара, кесе, аяқ, шылапшын, леген — бәрі аралас.

Бірінші көрініс

Шымылдық алдында, Пүліш кереуеттің үстінде айнаны тізесіне қойып, жаулығын жөндеп отыр...

Пүліш (жаулығын жөндеп отырып). «Кедейдің қатынысың ғой, саған жөнделіп не керегі бар», — дейтінді шығарыпты. Керек емес сөзі! Осы күні жөнделмегенде, қашан жөнделмекшімін? Адырақтың қатыны құсап жұлығымнан шұлғауымды шығарып жүре алмаймын! Қатын керек болса, керек дегенімді тапсын! Тапқызамын! Бұл советтің заманы. Керегімді таппаса, кетемін де қаламын. (Айнаға қарай түсіп, ашуланып.) Әдіре қал, әдіре қал - ау... (Жаулықты алып ұрады. Шашы бұрқырап қалады.) Жөндейін десең, бір жөнге келмейді. Жұрттың жаулығы оп-онды-ақ болып тұрады, солардың несі барын білмейсің. (Жаулығын қайтадан салынып жатады.)

Екінші көрініс

Мамық (есіктен кіре, күлімсірей сөйлеп). Келе жатып ойлаймын: дәуде болса келін жаулығын салынып жатқан шығар деп... Немене обыратып жатқаның? Бері әкелші. (Бара жаулыққа жабысады.) Оңбаған күндер, сендер адам болармын дейсіндер ме. (Жаулықты салындырып жатып.) Қайнағаңа ылғи айтамын: осы Пүліш келін адам болады, — деймін, аруақ сыйлайды, ата жолын қуады, — деймін, жұрттың қатынындай адыраңдап беттен алып тұрмайды, — деймін... үлкен адам ғой, қайнағанды айтам... Соны есіткенде осы бар ғой риза болып, батасын беріп: «Пүліш келіндей болыңдар!» — деп аузынан тастамай отырады... (Жаулықты дұрыстап беріп, бөстекке отырады.) Ойбай-ау, белім-ау, кәріліктің де жеткені.

Пүліш (айнасын жиып, елеуреп). Шешей бар ғой, осы айтқаныңыз ып-ырас. Мен кездескен сайын қайнаға анадай жерден күтіп тұрады. Мен иіліп сәлем қылсам, «кеп жаса, қарағым, өмірлі бол, көрпең ұлғайсын!» — деп батасын беріп жатқаны.

Мамық(басын шұлғып). Сол-сол... Бұрынғының адамы солай болатын, шырағым... Ол қай заман-ай, талай қызықты көріп едік-ау! Сұм заманға кездестіріп, сұмырай ғып қойғаны мынау. Әдеп деген жоқ, иба деген жоқ, үлкенді сыйлау деген жоқ. (Күрсініп, басын шұлғып, даусын соза түсіп.) Қатын билеген соң біз не оңайық!

Пүліш (қабағын тыржитып). Сол салдақы мені де айналдыратын болыпты.

Мамық (білмегенсіп елең етіп). О кім, келін-ау?

Пүліш (тыржиып). Зәурені айтам. Кеше судың басында маған жымыңдай қалыпты.

Мамық (басын изей түсіп). Салдақы десейші. Күйлеген сиыр құсап, қалың еркектің ортасында жүрген соң, құдайын ұмытып жүргенін көрмейсің бе?

Пүліш. Маған айтады: «Пүліш-ау, сендерді колхозға кіргізбей қоймаймын, сен кірмесең, байыңды кіргіземін», — дейді.

Мамық. Айттым ба, әне... Сонау сайдауыт жігіт бір өзіне аздық қылып жүргендей, сенің аңқау байыңды да азғырып тұзаққа түсірмек қой. (Ойланып жан-жағына қаранып, Пулішке мойнын созып.) Масқарасын есіттің бе, келін?

Пүліш (елең етіп). О не, шешей-ау

Мамық (қолын сілкіп). Сұрама, келін, бойыңнан түңілесің. Құдай басқа бермесін де! Салқоз болатындардың көретіндері сол ғой... (Тыржия түседі.)

Пүліш (ынтығып, Мамықтың жанына жетіп келеді). Айтшы, шешей-еке, о не?

Мамық (төне түсіп). Мынадай масқарасы бар, келін-ау, салқоз болғандарды нөмірлейді дейді, сауырларына таңба басады дейді, нөмірі тура келген еркек пен әйел жүре береді дейді...

Пүліш (бетін шымшып). Бетім-ау!..(Аңырайып көпке қарайды.)

Мамық (тағы төне түсіп). Одан да масқарасы бар: салқоз болғандардың бәрін жинап бір көрпенің астына жатқызады дейді.

Пүліш (аңырайып отырып). Шешей-ау, көрпесі қандай болғаны онда?

Мамық (тыржиып ұнатпай). Кім білген соны. Бұл заманның қай ісін біліп жатырсың. Үлкен болатын шығар... Соңғы кезде тавар азайып кетті ғой, сондай бірдемесіне жаратып жатқан шығар.

Пүліш. Бәтір-ай, онда қалай болғаны, шешей-ау! Калқоз болмағандарды қайтеді екен?

Мамық. Салқоз болмағандарға тимейді десіп жүр. (Пүлішке төне түсіп.) Әзірет айтыпты дейді: «Ақырзаман белгісі осы» депті дейді, «құранның қарасы тиеді» депті, — дейді, «мұсылман жазуы қалып, орыс жазуы шығады» депті, — дейді, «жұрттан неке бұзылады» депті, — дейді, «әйел ортаға түседі депті, — дейді...

Пүліш (ынтыға түсіп). Бәтір-ай!.. Сосын қайтеді екен, шешей?

Мамық. Сосын... (Ойланып.) «Жердің асты үстіне шығады» депті, — дейді, «мұсылмандар жұмаққа барады да, салқоз болғандар (қолымен нұқып) жеті тамұқтың ең түбінде шіриді» депті, — дейді. (Пүліш аузын сылп еткізіп отырады. Мамық төне түсіп.) Әзірет тағы былай депті дейді: «Құдай деген пенделер салқоз болғандармен араласпасын, олармен сөйлеспесін, оларды «қалқоз» емес, «салқоз» деп атасын» депті, — дейді.

Пүліш (таңданып). Бәтір-ай, онысы қызық екен?! Шешей-ау, оларға кездесіп қалсақ қайтеміз: араз адам құсап томсарып тұрамыз ба?

Мамық. Оны азсынсаң, тіпті олардың бетіне қарауға шариғат қоспайды дейді.

Үшінші көрініс

Дәрікүл (қолында ұршығы, кебісін тастап жатып). Қайда көрсем де, осы сенің аузың жабысады да отырады екен... (Мамық сыртын береді. Пүліш төмен қарайды. Дәрікүл төніп барып отыра бергенде Пүліш кереуеттің үстіне шығып, бір қырын отырады.) Сенің ісің жоқ па осы, келін? Неше келсем де ылғи бос отырғаныңды көрем. Жас адамның жұмыссыз отырғаны келіспес болар. (Өзі жүнін иіре береді.) Отыра қалғанда бір жұмысты қолыңа ала отырсайшы. Байыңның шапаны бөктеріліп қалыпты, соны жамай салсаң да жұмыс қой... Мына кемпірге ерме, мұның үйінде келіні бар, қызы бар, еріккен адам, үйінде отырып біреуге сәлем айтса да, жұмысын бітіріп алады... ( Ұршығын тоқтатып, Пүлішке қараса, ол бұртиып отыр; Мамыққа қараса, о да бір қырындап отыр... Екеуіне кезек қарап, аң-таң боп.) Өй, сен қатынға бірдеме көрінді ме? (Мамықты иықтан тартып қалады.) Байың тірі еді той, неге бұртаңдайсың?

Мамық (ызғарланып). Неге тартасың иықтан? Әбден, қашанғыдан бұрын сендерден-ақ өлдік-ау, қит етсе кедеймін деп қоқаңдап.

Дәрікүл. Бетім-ай, мына бетпақ не дейді? Не қылдық біз саған?

Мамық (тыржиып). Қыларын қылып болып момақансуын. Бізді «майкөт» қылатында шаптығып сөйлейтін кім еді?

Дәрікүл. Оның несіне бұрқылдадың? Сөйлесем, мен шынын айтқан шығармын. Баяғыдан бері күл құлданғаныңды айтқан шығармын, ауыл-аймаққа берген жәбіріңді айтқан шығармын, екі күннің бірінде «құл»деп, «күң»деп күн көрсетпегеніңді айтқан шығармын.

Мамық. Тағы айтыңдар. Сендер айтпайды деп отырғанымыз жоқ, тек құдайым жар болсын.

Дәрікүл. Айтса, сенен қорқар деп пе едің?

Мамық. Құдайдан қорықпағанда бізден қорқады деп ойламаймыз.

Дәрікүл (шаптығып). Құдайың өзіңе, білдің бе! Өзің-ақ ал сол құдайыңды! (Аналар күбірлеп, жағаларын ұстайды.) Құдайдың тілеуін тілегенде де көрген жарығым шамалы. Сәбетімнен жарылқасын! Сәбет келген соң шығар, саған қолымыздың жеткені.

Пүліш (бұртиып). Шешей-әй, сөзіңді шығын қып қайтесін осыларға.

Дәрікүл (жалып қарап таңданып). Бетім-ай, мына көргенсіз не дейді? Сенің қимаң неден қышыды? Саған неғып дос боп қалды бұл қара қатын. Байыңды өткен өмірге құлданған қара қатын осы емес пе еді?

Мамық (кекірейіп). Сенің бөліп бергеніңді де көргеміз.

Дәрікүл. Бар болып бермесем, кінә менде. Ол кезде өзім де кісі есігінде жүретінмін. Сенің жуындыңды зорға сұрап ішетінмін. Сөйтіп жүріп те қарасатынмын.

Мамық (кекеп). Қойдық, қойдық... Сенікінің бәрі рас. (Күрсініп.) Сенің сөзіңді өтірік дейтін дәурен қайда?

Дәрікүл. Қоймасаң сөйлей бер, қайбір сөйлемей жүрген адамсың. Жаңа ғана бас қосып, адам боламыз ба деп едік, енді бірімізді-бірімізге шоқпар қылғалы жүрсің ғой.

Мамық (оқты көзімен қарап). Өлгендеріңді де бізден көріңдер!

Дәрікүл. Көретінін көрерміз. Саған күлтектейтін заман бұл емес, күліңді аспанға ұшырармыз! (Пүлішке.) Келін, байың келсін, сосын сөйлесермін.... (Тұрып кетуге ыңғайланады.)

Пүліш (бұрқылдап). Жұрттың сандалған сөзінің керегі жоқ... Байға айтып сабататын заман бұл емес, тиіп қарасын!

Дәрікүл (есікте тұрып). Келін! «Қайтып кірер есікті қатты серіппе» деген, осы есінде болсын!.. Қара қатынмен өмірлік дос болсаң көрермін!.. (Шығып кетеді.)

Төртінші көрініс

Мамық (күрсініп). Есіттің бе, келін, сөзін! Құдайдан безген адам солай сөйлер болар. Бет ажарын байқадың ба, нұры кеткен ғой. Иманның қашқаны деп соны айтады. Сақалын желбіретіп шалымен екеуі мойындарына кірес тағып отырғанын көрерсің әлі...

Пүліш. Бетім-ай, айта көрмеші, шешей,тұла бойым түршігіп кетті ғой.

Мамық (тұрып жатып). Алда белім-ай! Кәріліктің кіргені ғой бұл. Шалым ұрсып жатқан шығар. (Есікте тұрып.) Қайнаған айтады: «Келін уытты ғой, баланы уысынан шығармайтын шығар», — дейді. Мен айтам: «Айтқанын істете алмаса, мен Пүлішті келін демей-ақ қояйын», — деймін.

Пүліш (жайраңдап). Сол шірікке сөз салады деп тұрғаның ба, шешей? Ақырып қойсам, жерге кіре жаздайды. Бұл сәбеттің заманы, айтқанымды істетем!

Мамық,(күлімсіреп, басын изей түсіп). Ие, ие, өзім де білемін ғой, қарағым. Қайнағаң ылғи айтады: «Осы ауылдағы бозөкпе жігіттерден келіндерім асыл, келіндерім қымбат», — дейді. Әлгі Әлібек үйіндегі келін де тізгіндесіп, байын «салкозға»кіргізбей жүр. Қалдыбек, Қанабек үйіндегі келіндер де тізгіндесіп жүр, байғұстар. «Еркек — бас, әйел — мойын» деген рас қой. Ойбай-ау, мен кетейін...

Шығып кетеді.

Бесінші көрініс

Пүліш (ойланып). Жақсы кемпір өзі. Туған енемдей көрем. Жаз болса қымызын, қыс болса етін: «Келін, мынаны іше ғой», «Келін, мынаны жей ғой», — деп беріп отырғаны. Әлгі адамдар осылармен байланысып, осылардың бақытын күндейді, осылардай болмаған соң іші күйеді. (Ойланып.) Қайнаға да жақсы кісі, «Келін шырағым» деп тұрғаны. Әсіресе сал жігіт! Қызық жігіт-ау езі. Жүрген жері ойын, той, базар. Біраздан бері осы үйге келгіштеп жүр, не ойы барын айтпайды, әзіргісі құр әзіл... (Күрсініп.) Кім білсін, кедейдің қатыны деп тақымы толмай жүрмесе... (Орнынан тұрып терезеге барғанда, терезе алдындағы кітапты көріп.) Оңбаған шірік, сайтан сабағын оқып не болмақшы екен? Жалғыз кемі осы ма екен?,. (Құшырланып кітапты жыртып, лақтырып жібереді.

Терезеге сүйеніп, далаға қараған күйі ән салады.)

«Мінгені қалқатайдың құла жорға,
Белінде асыл белбеу, қамшы қолда.
Қайрылып ақ тамақтан бір сүйіп ед,
Мейірім қанғандай боп қалды сонда...
(Терезеден қарай түсіп ойланып.)
Бұл елден сен болмасаң, кетер едім,
Қыдырып жер түбіне жетер едім.
Қасқиып қарсы алдыңнан шыға келсем,
Қалқатай, онда маған нетер едің?..»

Алтыншы көрініс

Жұмағұл кіреді.

Жұмағұл (өлеңнің соңғы ауызы бітпей кіріп келіп). Онда, саған ба?

Пүліш (назданып). Қойшы,тыңдап тұрып... (Кереуетке отырады.)

Жұмағұл (кереуетке қатарласа отырып). Онда мен нетер едім, білесің бе?

Пүліш (қылымсып). Ал, нетер едің?

Жұмагүл. Онда ма?.. Құлағыңды әкел, сыбырлап айтайын. (Пүліш құлағын таяй бергенде Жұмагүл бетінен сүйіп алады.)

Пүліш (ыршып кеткен болып). Қойшы, тентек жігіт, мінезің - ай сенің...

Жұмагүл (күліп). «Нететінімді»айтқаным ғой.

Пүліш. Олай айтпа.

Жұмағұл. Енді қалай?

Пүліш (күліп, көзін төңкере қарап). Қалай дейсің бе?

Жұмағұл (ыржаңдап, жақындай түсіп). Ие, ие...

Пүліш. Менен үйренгенің ұят емес пе?

Жұмағұл. Онда менің дегенімше болсын!

Пүліш (қылымсып күліп). Болмасын деген адам бар-ау, сірә? (Жұмағұл қисақтап сүйем дегенде.) Қойшы, тентек жігіт, біреу келіп қалар. Жібер... (Бұлқынып, босанып, дұрысталып.) Тентек жігіт, сенің мінезің-ай. Жеңгелеріңнің бәрінеде осыны істейсің бе, әлде маған ғана ма?

Жұмағұл (тесіле қарап). Саған ғана! Жүрек сенде!

Пүліш (күліп, қолын көлеңкелеп). Қарамашы!.. Ұялам...

Жетінші көрініс

Есен кіреді.

Есен (қатар отырған бұларды көріп, шалқып).

Бәсе, бәсе...
Міне, келіскен жұбай!
Өмірлі қыл құдай!

Жұмағұл (масайрап). Ақыным, әндетіп жіберші!

Есен (сандыққа отырып, домбыраны ала салып).

Кім сүйед Пүлішжанды? Жұман сүйед.
Кім күйед Пүліш үшін? Жұман күйед.
Жұмандай жұрт жігітін аймаламай,
Досанға осы Пүліш неге тиед?..
Дауысын көтеріп, айқайлап, желдірте түсіп.
Пүлішжан шын жігітін жана тапты,
Жастықта ойнап-күлген балдан тәтті.
Жалғанды жалпағынан басып өткен.
Жырласақ біз жырлайық махаббатты.
Пүлішжан, көзің күлім, жүзің аппақ,
Ажарың пішінше келген шап-шақ.
Нақ осы минуттегі қылығыңды.
Мен, сірә, тауыса алман сөзбен мақтап...

Жұмағұл (көтеріп).Уа... һой!..

Есен (Пүлішке күлімсіреп). Осыным дұрыс па?

Пүліш. Қайдам, өсек болып жүрмесе...

Есен. Жоқ, шыным, ақын өтірік айтпас болар.

Жұмағұл (күрсініп). Ақын сөзі шын. Ақын өтірік айтпайды. Ақынның әрбір сөзі жүректі тырнап, тіліп жібергендей болады... Әсіресе Есеннің әні естілгенде өткен күн, балалық шақ, бақытты дәурен — бәрі көз алдыма елестеп келіп тұрған сияқты болады... Ойқай дәурен, өтті!.. Бітті!.. (Мұңайып, төмен қарайды.)

Пүліш (мүсіркеп). Қойшы, тентек жігіт, мұңайып не? Басын жас, әлі бәрі де болар, бәрі де дұрысталар...

Жұмағұл (басын шайқап). Болмас, болмас!.. Бітті... Бітті!.. (Есенге.) Есен! Айтшы, елестете, сарната, зарлата айтшы!

Есен. Айтайын, Жұман, сенің тілегіңді орындайтын мен ғой... (Күрсініп, домбыраны шертіп, желдірмеге салады.)

Жұмағұл (басын шұлғып). Дұп-дұрыс, тап осың дұрыс. Біз мүгедек. Біз сүтке тиген күшік.

Пүліш (жабырқап). Қойшы, сәулем, адамды жабырқатпай.

Есен (домбырасын тастап). Бәсе, сүйтші, өзі түскен иығымызды одан жаман салбыратпай...

Жұмaғұл (басын көтеріп). Қойдым, қойдым... Оның да дұрыс. Бәсе, біз неге мұқаямыз?.. Әншейін, кейде нетіп кететінім бар. (Жайраңдай түсіп, Пүлішке.) Құлағыңды әкелші, сыбыр айтайын. (Құлағына сыбырлайды.)

Пүліш (қылымсып). Қойшы?..

Жұмағұл. Шын... Мақұл ғой, ә?

Пүліш(басын шұлғып). Болсын!

Жұмағұл (тұрып). Есен, кеттік, аттанайық, бидің ауылына барайық, сауық-сайранды салайық. Иығы түскен елдің еңсесін бір көтеріп тастайық...

Есен(тұрып, тақпақтата).

Ескі күйді бастайық.
Жаудан қорқып саспайық.
(Пүлішке қарап.)
Өй, қалқам,
Біз қалайша таспайық,
Сен тұрсаң күліп қасқайып.
(Есікке бара беріп, Есен Жұмағұлға сыбырлап.)

Есен. Қармаққа қапты ғой, ә?

Жұмағұл. Қармаққа қапты. Енді құтылмайды!

Екеуі шығады.

Сегізінші көрініс

Пүліш (күрсініп). Міне, думан! Міне, базар! Ойдай заман, осыларға тіл тигізетіндері бар, «байдың баласы» дейтіндері бар. Болса қайтеді? «Құл-құтаннан» жаман болып па? Басқан ізінен садақа кеткірлер!

Тоғызыншы көрініс

Көдебай кіреді, Пүліш иіліп сәлем қылады.

Көдебай. Көп жаса, келін шырағым! (Отырып.) Досан бір жаққа кеткен бе?

Пүліш (сызылып). Осы ауылда әзәзіл бар емес пе, күніне соған бір бармаса, тұра ала ма...

Көдебай. Ойбай-ау, ол мұңдардың қара істеп жүргенін! Өзіне ұрысу керек екен ғой. Оңашада ұрысайыншы бір

Пүліш. Жұмысыңыз болса шақырып келейін. Көдебай.Ә, бәрекелде, шақыра қойыңыз. (Пүліш шығады.)

Оныншы көрініс

Көдебай (мүйіз шақшаны тықылдатып, насыбайын атып алып). Өсер елдің жігіті бір-біріне дос келер, өшер елдің жігіті бір-біріне өш келер» деп... Боса да ыңғайыңа жүрмейтін болған соң, мұны қырық пышақ қылып қырылыстырайын деп отырмын. «Көдебай жүрген жер бүлік» деп өздері де айтыпты ғой, бүліктің әкесін енді керер... Иә колхозына кіріп, тізгінді қолыма ұстармын, иә тоз-тоз қылып аяғынан тоздырармын. (Ойланып.) Ым-м-, м... Осы екінің бірі...

Он бірінші көрініс

Демесін ақсақ, Әбді кіреді.

Демесін. Уай, ассалаумаликум!.. Көде бай. Жоғары шық, бері.

Демесін (отырып, күлімдеп). Жалғыз отырғаныңыз қалай? Келініңіз әлде асқа айналып жүр ме?

Әбді (білегін қайта-қайта сыбанып, бөркін қозғап қойып). Демекең екеуміз олай қарадық, былай қарадық. Көкала түтіннің кәріне қоймағаны...

Көдебай. Бұл шіркіннің үйінде не бар дейсің?

Демесін. Қалған-құтқанын Мамық-ақ қаққан шығар.

Көдебай. Ет табылар, жұмысқа келейікші. (Демесінге.) Жолықтың ба?

Демесін (жымыңдап). Тегін ұрып, үйірілтіп-ақ тастадым білем, ә, Әбді? (Әбдіге қарайды.)

Әбді (қозғала түсіп). Рас, рас...

Демесін (шалқып). «Сен, Ережеп, үйтіп шатаспа, — дедім. — Көдекенді аяқ асты қыла алмайсың, — дедім. — Бәріміз Әлімқұл тұқымынан өршігеміз», — дедім.«Қарына тартпағанның қары сынсын» деп... Тумаласын тастап кім безіп жатыр? Ертеңгі күні басыңа бір жамандық туса саған қол ұшын беретін кім? «Жаны ашымастың жанында басын ауырмасын» дегенді білесін бе? — дедім.

Әбді (жүгініп алып, жымың етіп). «Көнбесең, төпеп аламын», — дегеніңді де айтсайшы.

Демесін (жымыңдап). Күшті де айтып жібердім. Ережеп иттің өзі, қаражүрек-ау деймін. Ойын ашып айтпай тымырайып отырып алды. (Күліп.) Сосын Ұлжанды алмағаймын ба қолға: «мына байың Әлімқұл тұқымынан беземін дейді, қырық ұруға қосыламын дейді, боса да бөлектенетін болсаңдар, қараларыңды батырыңдар», — деп.

Әбді (күліп). Ережепті бүріп еді келіп...

Көдебай. Сосын?

Демесін. Уәдесін берді. «Көдекеңнің калқозға кіруіне менің қарсы болған жерім жоқ, жұрттың өсегі шығар», — деп ақырында басын алып қашты.

Көдебай (күлімдеп). Ұлжанды қолға ұстағаның — тапқан ақыл. Отбасының ымырасын бұзбай, қыңырларды қолға ұстай алмаймыз. (Ойланып.) Осы үйдегі Досанмен сөйлесіп көрдіңдер ме?

Әбді (қозғала түсіп). Міне... Осыған келейік.

Демесін (күрсініп, басын шайқап). Мұныңнан түңілейін дедім. Сөз қонатын адам емес пе деймін.

Әбді. Оның... Оның бар ғой, молдасы күшті болып жүр. Ана Орынбайды көрдің бе? Ой, сол бір ит!..

Көдебай. Партиясына әзір кірген жоқ қой, ә?

Демесін. Кірмеген болса керек.

Көдебай. Үлгіреміз, қармақты салып қойдым. (Күлімдеп). Келіннің бетін бұра бер деп Мамыққа тапсырғам. Әлгі Жұмағұл шіркін не ғып жүр екен, оған да айтылып еді.

Демесін (күліп). Солай ма еді? Ендеше мырза үйірілді, бүгін осы үйден шығып бара жатқанын көрдім ғой.

Әбді (қақа-қалап, мәз болып). Әй, Көдеке-ай! Әй, Көдеке- ай! Жанды жеріне жабысасыз-ау... (Көдебай мырс-мырс күледі.)

Көдебай (күлкісін басып). Ал өздеріңнің арыздарың не болды?

Демесін (көтеріліп). Тегін ұрып... арызды жазғызып апардым да Орынбайдың үстеліне алып ұрдым: «Аласың калқозыңа! Кедейің — мына біз боламыз», — дедім.

Әбді (көпке қарап). Әй, антұрғанның өтірікшісің-ай... Арызын бергенде жалынып, өлердегі сөзін айтып еді...

Көдебай. Сен қызулаусың, Демесін,оныңды таста. Ішіне кіріп, әкей-үкей болып кет. «Жасасын» деп қолыңды ұра берсеңші.

Әбді(жайраңдап). Әй,осынын тапқан ақыл-ау. (Қа-қа-қалап.) Мен бар ғой — өздеріне сөйлетуді қойдым: біреуі сөйлей бастасам, «Жасасын», — деп алақанымды ұрамын келіп...

Демесін(жымыңдап). Онда біз кімі боламыз?.. «Белсендісі» боламыз ба?

Көдебай. Taп өзі. Онысы болмасаң не істей аласың? Орынбайдың аузына қарап отырып біз не бітірмекпіз? Қалқозына кір, жұмысына аралас, тізгінді ұста, көпті артыңа ерт, ыңғайыңа көнбегенді тізеңмен қағып жіберетін бол, — міне, біздің тілек осы! - Калқозыңа да осының үшін кіреміз деп отырмыз...

Он екінші көрініс

Күркебай кіріп, есікте тұрып, жымың-жымың етеді.

Демесін. Әй, антұрған Күркебай, ет андып келдің-ау, ә?

Күркебай (жымыңдап, отырып жатып). Өзің ше?.. Көдекеңнің сарқытын біз жемегенде, кім жейді. (Жағалай қарап, Демесінге.) Ал, не әңгіме бар, айтсайшы.

Әбді (білекті сыбанып қойып). Күркебай, осы сен әңгімені қайтесін?

Күркебай. Е... Естігіміз келеді. Атқа мініп жүрген сендерден есітпегенде...

Демесін (күліп, Күркебайды тізеге қатып). Есітсең мынау: Орынбайға барда калқозына жазыл, мойныңа тағатын бір кірес береді, сауырыңды күйдіріп тұрып таңбалайды. (Көдебай кеңкілдеп күледі.)

Күркебай. Әй, ит. Калқозың құрысын, дұрыс әңгімеңді айтсайшы.

Әбді (мәз болып). Әй, сен, сүйт. Қызылжардағы Әндірей тамырыңды білесің ғой, соның кіресі құсатып біреуін сен де тақ...

Көдебай (басын көтеріп). Ay, әлгі Досан итің келмес сірә. Келін тым ұзап кетті-ау.

Әбді. Қап!.. Келгенде ұтылап салып, Пүлішке бүргізу керек еді бір.

Демесін. Бір жағында Орынбай, бір жағында Досан... Тегіңді ұрайын, Зәуре де отырған шығар кенеліп.

Әбді. Ана Әліш адам болса, мұрнымды кесіп берейін.

Көдебай. Сүйекті де сындырып болды-ау сол ит... Күл- құтанды басындырып...

Демесін. Әй, әттеген-ай! Баяғы заманым болса, Әлімқұл тұқымын аяққа басқанды көрсетер ем.

Әбді (көтеріліп). Деке, баяғы Қалиды арбаға таңып сабайтынымыз есінде ме?

Көдебай. Қой, жүріңдер, кетейік. (Тұрады.) Ол ит келмес...

Күркебай (тұрып бара жатқан Демесіннің соңынан қалмай). Әй, айтсайшы, тағы қандай әңгімелер бар?

Көдебай(есікте тұрып, Демесінге иек көтеріп). Айтсайшы. (Көдебай мен Әбді шығады.)

Демесін (есікте тұрып). Қоймадың ғой, айтайын. Атыңа мін де, ауылыңа барып хабар бер. Әлімнің қатыны ауылнай болған құрлы бүлдірді: осы ауылнайдан он бес қызды Қытайға жинап жөнелткелі жатыр.

Күркебай (одырайып). Қой! Өтірік шығар...

Демесін (түсін суытып). Бұйырмасын!Өтірік айтып маған не көрініпті?!. Бірақ менен есіттім деп аузыңнан шығарма!.. (Демесін шыға берем дегенде, Күркебай оны иықтан ұстай алады.)

Күркебай.Әй, әй... Шын айтасың ба?

Демесін. Нанбасаң тұр.

Күркебай.Жоқ, нанам ғой... Сонда қыздардың жазығы не?

Демесін (бұрылып). Биыл Қытаймен соғыс болыпты деп бір айтып ем ғой. Сонда большевиктер жеңіліп қалыпты. Сосын бітім сұраған екен. Қытайлар: «Қыз бермесең, бітпейміз» депті. Қытайдың қыздарының аяғы кішкене келеді дейді ғой... Сосын қандай қыз аласыңдар деп таңдау берген екен. Қытайлар: «Қазақтан басқаның қызын алмаймыз» деген білем. Сен бірақ мен айтты деп жүрме. Бұл өзі жасырын әңгіме. Мен саған ғана айтып тұрмын...

Шығып кетеді.

Күрке бай (одырайып, көпке қарап тұрады). Біраздан бері есіткен әңгіменің, үлкені екен. Мен ауылға жетіп бағайын...

Асығып шығады.

Сахна бірсыпыра бос.

Он үшінші көрініс

Досан (кіріп келіп, аңырып). Е... Біздің қатын кетіпті ғой. Бекболаттың келіндеріне қосылып әңгімені соғып отыр-ау, ә? Әй, оңбағырдың салағы-ай. Күн ұзаққа жаулықпен алыса бергенше, үйдің ішін жинай салса қайтеді екен? (Шашылып жатқан ыдысты жинап жүріп, жыртылған кітапты көріп, алады.) Ay, ау... Мына қатын құтырар! Жаным-ау, мынасы несі? Кітапты жыртқан не сұмдық?.. Қолға түспей жүрген осының ішіндегі сөз емес пе? Айттым той: осы қатын оңса, мұрнымды кесіп берейін! (Кереуетке отырып, үңіліп оқиды.) «Атам, атап, алды!..» (Күлімсіреп.) Бір ай оқығанда кәдімгідей танып қалғанымды қарашы... (Тағы оқиды.) «Асан қалқозға жазылды» (Басын көтеріп.) Мен сияқты біреу-ау, ә? Қатынымен ризаласып жазылды ма екен, әлде мен сияқты жасырынып жүріп жазылды ма екен?.. (Ойланып.) Жасырынды демекші, мен қашанғы жасырынбақшымын осы? Қалқозға кірген соң малды бірлестіру керек. Іспесіктің басына: «Досан Қалабаев, бір ат, бір сиыры бар» деп жаздырып та қойдым. Ерегіске кеткенде, ала атқа билігім келер, қара сиырды қатын бермей жүрсе қайтеді? Жұрттың қатынындай қайбір сөзге көне қоятын адам ол. Мен бірдеме айтсам, арс етіп беттен ала түседі. Оңбағыр, кім көрінгеннің тіліне еріп... Әй, үйі күйгір Мамық-ай, біздің қатынды бүлдіріп жүрген, дәуде болса, сен-ay!.. Кез келсе, «қайным» деп маған да жылмаңдайды. Баяғыда таяқпен ұратыны есінде де жоқ. Сондағы берген азабы ұмытыла қойды дей ме екен?.. (Бөркін алып, қолымен шұқып.) Мына бастағы жүлге — Бекболаттың таяғының жүлгесі болатын. ( Ұстап тұрып.) Өзі әлі жүлгеленіп тұр екен-ау... Бұл сорлы бас не көрмеді, көзімді ашсам енді ашып отырмын ғой... Осыны қатынға ылғи айтамын, түсіндірейін-ақ деймін, әлі бір түсінбей-ақ барады... Бұл антұрған қалқозға кіргенмен, не оңдырар дейсің: мінезі шайпы, сөзі адуын, көрінгенмен байланысады да жатады ғой... (Ойланып.) Қой, мен жасық болмайын. Өзімдей Орынбай колхозды басқарып, партияны басқарып, жұртқа үлгі болып жүргені анау. Мен сонда қатыннан қаймығып отырмақпын ба? Еремін десе, ерсін, ермеймін десе, өзің білесің, қатын, — дейін. Енді келсе, өзіне батыра-батыра айтайыншы: «Жолдас қатын! Мен — Досан Қалабаевпын. Мен кешегі Бекболаттың қойшысымын. Мен өзімнің табыма қосылам, партияма қосылам!» — дейін... (Ойланып.) Айтты-айтпады, енді несін жасырам? Партияға арызды беріп отырмын. Ту... өзімдікі ынжықтық екен ғой. Тоқта, бәлем, келсін...

Он төртінші көрініс

Пүліш кіреді.

Пүліш (шаптығып). Сенің-ақ қаңғыруың қанбайды-ау. Түс былай кереуеттен! Таққа отырмасаң, бірдемең кете ме?

Досан (төрге отырып жатып). Әй, қатын-ай, бұрқыратасың да жүресің-ау.

Пүліш (кереуетке отырып.) Тәйт әрі, есітпеймін сөзіңді! «Бұрқыратасың»деуін қара! Ой, шіріктің сөзі! «Бұрқыратпайтын» қатын алсаң, мен қой деген шығармын? Бар, ана ауылнай жеңгең сені жарылқаймын деп жатыр дейді, соны ал. Саған керегі сондай қатын ғой: күйлеген сиыр құсап көрінген еркекті соңынан ертіп жүр ғой, сен де соның соңына түс.

Досан (көпке қарап). Міне, біздің қатын! Ал, ер болсаң, сөйлесіп қара осымен!

Пүліш (қырып қарап). Тыңдайсың ба, әй?

Досан (бәсең). Айтып қара.

Пүліш. Ана әзәзіл жеңгең ауылды бүлдіріп жатыр дейді. Соның жүрген жерінен жүрмеймін, естіп отырсың ба? (Досанға алакөзімен қарайды.)

Досан (күмілжіп). Естіп отырмын.

Пүліш (шаптығып). Немене мыңқылдайтының?.. Айтсайшы ашып: «естіп отырмын» де... Жұрттың еркегі құсап сөйлесе қайтеді екен ашып.

Досан. Сөйлетіп отырсың ба? Бірдеме айтайын десем, жер - жебіріме жетіп боласың.

Пүліш. Әне, әне... торсаңдады. Менің сөзімді шам көрсең, ана салдақының соңына ер. Мен сөйлеймін! Айтқанымды істетемін! Бұл сәбеттің заманы, көзіңді ашып қара!

Досан (көпке қарап). Ойпырм-ау, мынау үдетті-ау... (Қозғалады.)

Пүліш. Тыңдап отырсың ба?

Досан. Енді не ғып отыр дейсің?

Пүліш (көпірініп). Ана сүр жылан әзәзіл жұртты бүлдіріп жатыр дейді, салқозға жазыл дейді, әшейкесіне тіркеп, жұрттың мойнына кірес байлап жатыр дейді. Естіп отырсың ба? (Досан бажырайып қарайды. Пүліш көпіріне түсіп.) Біз жазылмаймыз! Салқозына кіріп, мойнымызға кірес таға алмаймыз! Би атам үйі қайда болса, біз сонда боламыз!

Досан. Ay, қатын-ау...

Пүліш (сөзін бөліп, шаптығып). Бүгіннен бастап «салқоз» болғандардың есігін ашушы болмайсың! Олармен сөйлеспейсің! Олардың бетіне қараушы болмайсың!

Досан. Е... үйге келсе ше?

Пүліш (шаптығып). Үйге келсе де сөйлеспейсің, білдің бе! Сөйлеспейсің! Оларға араластың бар ғой, менен жақсылық күтпе: бір күн де тұрмаймын мен саған!

Досан (көпке қарап). Ал, ер болсаң, мынаны сөзге түсіндіріп қара!

Пүліш. Неге үндемейсің? Неге айтпайсың ашып?

Досан. Ay, қатын-ау, тіпті мынауың... Е... үйге келгенде сөйлеспе дегенің... Орынбай сөйлеспегеніме қояр ма?

Пүліш (құшырланып). Сен шірік үйтіп былжырайтын болдың бар ғой, мен үйіңнен шығамын да жүре беремін, білдің бе! Сенің осы құрымыңа қызығып отыр деп пе ен? Дәулетіңе қызығып отыр деп пе ең?.. Құдайдан қорыққан шығармын, аруақты сыйлаған шығармын.

Он бесінші көрініс

Орынбай келеді.

Орынбай (жайраңдап, күле). Құрып қалғыр Пүліш-ай, сорлыны бүресің де жатасың-ақ. Колхоздың жиылысына салып, сен қатынды азырақ үйретіп алмаса болмас.

Пүліш (ашумен булығып). Сорлы таз, маған жөн үйрететін сен емес, өзіңді жөндеп ал!

Орынбай (аңырайып). Еһе!.. Кетіп отыр екенсің кердең. Молдан күшті екен. Мамық бәйбіше келіп кетті деп есіткем.

Пүліш (бұрқырап). Жұрттың шатасқан сөзінің керегі жоқ!

Орынбай. Қате айтасың, керек болар: ақыл айтармыз, жөнге салармыз, көнбесең...

Пүліш (шақырайып). Көнбегенде қайтпекші ең?

Орынбай. Көнбесең бе?.. Көнбесең, жөніңді тап дерміз. Жетегіңе байлап жіберетін Досан тойдан алған мүше емес, ортамызға алып адам қылармыз. (Досан көпке қарап күлімдейді.)

Пүліш. Әкіреңдеме, сорлы таз, аулақ жүр бізден!

Орынбай. Жолдас Пүліш, тілінді тарта сөйле! Менің тазымды сен жазып бермей-ақ қой.

Пүліш. Тіпа... адыра қал! Адам болып сөйлеуін...

Орынбай(аздан кейін). Жүр, Досан, жиылысқа барамыз.

Пүліш (шаптығып). Барып қарасын осыдан!

Орынбай. Не қылмақсың: ұрасың ба, соғасың ба?.. Жүр, Досан.

Пүліш (Досанға). Барып қара осыдан! (Жерді төмпештейді).

Досан (басын көтеріп, Пүлішке шұқшия қарап). Ау, қатын- ау, ашудың да жөні бар ғой осы. Е, тіпті, соншама басынып...

Пүліш. Ой, шіріктің сөзін. (Бұлығып.) Құдай-ау, осы шірікке қор болып отырғаным!

Досан. Е, мен сені байлап отырмын ба? Өзін қалай-қалай сөйлейсің? Е, тіпті, ашудың да жөні бар ғой... (Орнынан тұрып жүруге ыңғайланады.)

Пүліш (шаптығып, жанына жетіп келеді). Осы есіктен шығып көр!

Досан. Е, немене, ұрайын деп пе едің? Ал, ұра ғой! Ұра ғой! (Пүлішке төне түссе, Пүліш кейін шегінеді.) Е, тіпті... сенен-ақ өлдім той осы. Басымның еркін жойып болдың той... Кететін болсаң, кетіп-ақ құрышы, қатынсыздықтан өлсем мен-ақ өлейін. (Пүліш қалшылдап, не қыларын білмей тұрады. Досан Орынбайға бұрылып Жүр, Орынбай, баста: колхозыңа да кіремін! Партияңа да кіремін! Сен де батырақ, мен де батырақ, байға қарсы күресіңе мен әзір, әкелші қолыңды.

Орынбай. Сенен күткенім осы еді. Мә, қолым! (Екеуі қол алысқан күйі шыға бергенде.)

Пүліш (жүгіріп барып, Досанның жағасынан aла түседі). Кетесің ғой?

Досан. Кетем!

Пүліш (қалтырап). Сорлы шірік! Сенсіз бай табам ба, сірә?.. Осы есіктен аттап қара!

Досан.Жарайды, оның да болсын!.. (Екеуі шығады.)

Он алтыншы көрініс

Пүліш (ызаланып, жылап жібер). Шірік. Шірік!.. Әу шірік! Бүйтетініңді білгенде, әлдеқашан жер соқтырмайтын ба едім.... Құдай-ау, шешейге не бетімді айтам?.. Бәрінен бұрын тентек жігіттен ұят болды-ау... Салқозға жібере көрме! — деп ода тапсырып еді.

Он жетінші көрініс

Асығыс Мамық кіреді.

Мамық (Пүлішке тесіле қарап). Көзіме нанайын ба, келін, нанбайын ба? Әлгі шірігіңді Орынбай таз әкетіп бара жатыр ғой...

Пүліш (жыламсырап ). Кетті!

Мамық. Ту... Мұндай да жаман боларсың ба? Алқымынан ала түспессің бе?.. Пышақпен жарып өлтірмессің бе? Байына тілін алдыра алмады деген не сұмдық!. (Аз бөгеліп). Бетім-ай, жұрттан ұят-ау, сені мақтап жұртқа айтпаған сөзім жоқ еді, не бетімді айтам? (Пүлішке бірсыпыра тесіле қарап тұрып.) Болмас, болмас!.. Мен жаңылған екем... (Шыға беріп, көпке қарап.) Қайрап салуыма қайта енді жақсы болған шығар... (Кетеді.)

Он сегізінші көрініс

Пүліш (басын көтеріп, құшырланып). Жоқ, көнбеймін бұл қорлыққа! Көрсетемін ол шірікке! Тілімді алмаса, жарып өлтіремін! Құрымына от саламын! Саламын отты! (Бұрқырап, ашуланып шығады.)

Шымылдық.

ЕКІНШІ ПЕРДЕ

Бір бөлмелі қысқы үй. Жұпыны үй қабырғасында жапсырылған бірен-саран ұрандар, суреттер. Босаға жақта пеш. Пештің жоғарғы жағында төсек орнына төсеулі текемет. Төсектің бас жағында ескі кебеже, оның үстінде бірер көрпе, жастық... Шымылдық ашылғанда Әліш қазақы бесікті тербетіп отырады.

Бірінші көрініс

Әліш (бесікті ашып қайта жабады). Қатының төре болса, көретін күнің осы екен. Ол қыдырып билік құрып жүрсін де, сен бала тербетіп отыр. Қызық-ау өзі!.. Бара-бара басыма жаулық салындырар деймін. (Ойланып.) Жаулық салынбаған нем қалды? Бетіне қарай алмаймын, қатты сөйлей алмаймын. (Тістеніп.) Ай, әттегене-ай! Бұрын сыдырып-сыдырып алатын қатын еді-ау! (Ойланып.) Өзімнен де бар-ау деймін. Осы мен неге ынжықтанам? Несіне қаймығам одан? Малға сатып алған емес пе едім оны? (Бала ыңырсыған соң қатты-қатты тербетеді.) Жағы қарысқыр, ұйықтаса қайтеді. Мені жетісіп отыр дей ме екен? Мен адам болсам, шешенді бесік жанына қойып, жиылыс басында өзім жүрмес пе ем? Отырған түрім мынау омалып.

Екінші көрініс

Мамық кіреді.

Мaмық (отырып). Белім-ay, белімнің жүргізбей жүргенін шойырылып.

Әліш (күлімсіреп, бесіктен кейінірек отырып). Қартайғаным десейші.

Мамық. Қартайдық қой. Мен келіншек болып түскенде, шешейдің емшегін еміп отыратын бала едің, енді балаға әке болдым деп отырғаның.

Әліш. Е, неге, әке бола алмаймын ба?

Мамық. Әдіра қал, сендердің әке болғандарың құрысын! Қатынына ие бола алмай отырған адам әке болып жарытушы ма еді?

Әліш (бәсең тартып). Неге ие болмайық, aшy келсе, сыдыртып аламыз қатынды.

Мамық (күлімсіреп). Ойнап айтам. Сен байғұстың жаныңды білемін ғой. Заман осылай болған соң қайтесің. (Жан-жағына қаранып.) Есіттің бе, төрежан, осы келіңдер, елдің қызын жинап Қытайға жөнелтпек болыпты деген рас па?

Әліш (жалт қарап). Қой... Оны кім айтып жүр?

Мамық. Ауылда отырып біз естімейміз, сырт бізден бұрын естиді. Ел у-шу болып жатыр дейді ғой. Қажыбайлар қызын бір түңдік қылып жөнелтіпті дейді. Маубастың баласы Тұрсынға барып: «Қарындасымды ал» деп жабысқан екен дейді, Тұрсын алмапты дейді. (Қырын қарап.) Ауылнай үйінде, сен есіткен шығарсың, бізге айтпайсың ғой.

Әліш. Қой, бекер сөз, ондай қаға келген жоқ.

Мамық. Аңқаусың-ау, Төрежан, қағаз неге келмесін, бірақ келін шынын айтпайды десейші.

Әліш. Айтпағанына қоямын ба?

Мамық. Айтатынын содан білейін, сен мынаны білесің бе: жақын арада келіндердің жасырын жиылысы болыпты дейді, сонда не істемекші болыпты, соны айтшы!

Әліш. Уай, тәйір, ол өздерінің жай жиылыстары той, жашейкелерінің жиылысы.

Мамық. Аңқаусың-ау, Төрежан, дүние пәленің бәрі сол жашейкеден шығып жатқан жоқ па? Бізді «майкөт» қылатын да. Түкті Мұрт қайнағаны «кәмпес» қылатында. Дарылдақты ырыстауын қылып айдататын да — бәрі де сол жашейкелерінен шығып жатқан жоқ па? (Күлімсірей.) Ауылнай үйімізде болмағанмен өзіміз бәрін де біліп отырмыз. (Жақындай түсіп.) Жақын арадағы жиылыстарында жашейке былай депті дейді. Салқозға малды да, жанды да, әйелді де ортаға саламыз депті дейді. Әйел мен еркекті нөмірлетеміз депті дейді, салқоз мүшелерінің сауырына күйдіріп таңба басамыз депті дейді, салқоз мүшелерін бір төсекке жатқызу үшін үлкен қылып көрпе істетеміз депті дейді...

Әліш (аң-таң қалып). Қой, Мамық, тап осының бар ғой... Осының барып тұрған өтірік. Қатын олай деп айтқан жоқ-ты. Жоқ, жоқ, мынауың өтірік!

Мамық. Байғұс-ау, саған шынын айтады деп отырсың ба?

Әліш. Неге айтпасын маған?

Мамық. Шынын айтатынын содан білейін, сен мынаны айтшы: өзіңді жиылысының ішіне ала ма?

Әліш. Е, неге алсын мені, мен партияда жоқпын.

Мамық. Айттым ғой, сен барып тұрған аңқаусың. «Партия» деген сөз бола ма екен? Қойнындағы қатының басқарып жүрген жиылыс ол. Тәйірі, қатыны байынан сыр жасырды дегенді мұнда есіттік. Әншейін, айтпаймын дейді де... (Бұртиып кішкене отырады да, тағы жұмсап.) Аған айтады: «Әліш бәрінде біліп жүретін шығар, бізге айтуға келіннен қаймығатын шығар», — дейді, мен айтам: «Қой, төрежан білмейтін шығар», — деймін, — «білсе, бізге айтпай не көрініпті», — деймін. Ағаң, айтады: «Жоқ, — дейді, — олардың партиясының сондай тәртібі болады, оған кірген адам жанға сырын шашпайды», — дейді. Мен айтам: «Қой, төрежан олардың жиылысында болмаған шығар», — деймін, — «жиылыстарында болса, еркек пен әйелдерді сүйістірмес еді ғой», — деймін...

Әліш (елең етіп). Не дейсің!? Сүйіскен кім дейсің?

Мамық. Қойшы,төрежан, менен сұрап қайтесің? Мен айтсам, шағыстырған болармын. (Әліш аңырайып отырады. Мамық сөзін басқаға бұрып.) Ағаң айтады: «Әліш шіркіннің өзі бірдемеге өкпелеп жүр ме, біздің үйге басын сұқпай кетті ғой, жұртпен қатар келіп сыбағасын да жемеді-ау», — дейді, Мен айттым: «Қайтсін жазған, бала баққан адам арқандаулы адаммен бір ғой, үйінен шыға алмайтын шығар; өзім сыбағасын сақтап жүрмін, бір күні шақырып берермін», — дедім. (Тұра бастайды.) Ойбай, белім-ау... Кәріліктің де келіп кіргені. (Мамық есікке бара бергенде, сырттан Көдебай, Бекболат кіреді.)

Үшінші көрініс

Бекболат кебісін тастап, төрге қарай жүргенде, Көдебай Мамық деп сыбырласады.

Көдебай. Сыңайы қалай?

Мамық. Кетәрі емес... (Мамық шығады.)

Бекболат (отырып). Келін жұмыста жүр-ау, сірә?

Көдебай (мұртынан күліп). Ел адамы болған соң...

Бекболат. Заманы солай болған соң, болғаны теріс те емес. Болмайтын да адам емес, сөйлесе сөз біледі, білімі де бар... (Ойланып.) Бұл келіннің аты-заты да олқы емес еді ғой, ә?

Көдебай. Солай екен-ау.

Бекболат алмақтап). Қарағыз елінде Келден дейтін батыр болған білем. Қалмақ пен қазақтың соғысында сол кісінің атағы жер жарып тұрған екен деп әкем марқұм айтып отырушы еді.

Көдебай. Уай, жарықтық-ай десейші.

Бекболат.Сол Келден батыр, ұмытпасам, осы келіннің сегізінші атасы ма екен, құдай-ау, тоғызыншы атасы ма екен?.. Солай ма еді, Әліш?

Әліш. Кім білген соны. (Күлімсіреп.) Өз әкесі қойдың соңында жүріп елді ғой.

Көдебай. Әңгіме әкеде болмай тұр-ау осы күні (Бекболатқа.) Үй оңаша екен, әлгіні сөйлесіп алсақ?

Бекболат. Ие, дұрыс.

Көдебай(қозғалып, таяғымен жерді түрте түсіп). Оңаша деп жасырын сөзіміздің өзіде жоқ қой. Келін үйде болғанда тіпті жақсы болатын еді... (Қақырынып.) Әліш! Мына шал сенімен сөйлескісі келіп отыр. (Әліш аңырайып қарай қалады.) «Бір кісі таққа мінсе, қырық кісі атқа мінеді» деген нақыл бар. Келіннің әкім болғаны — біздің болғанымыз. Құдайға шүкір, бір шаңырақтан өрбіген жиырма шақты үйміз. Атағымыз ешкімнен кем болған емес. Абыройсызда емес ек...

Бекболат. Қазіргіміз болмаса де.

Көдебай. Ие, соны айтқалы келе жатырмын-ау. Заман өзгерді. Заманына қарай амалы, қалқозы шыққан екен, тіпті сөзіміз жоқ, шықсын, бәріміз де кірейік. Құдай айырмаған бір атаның баласын бөлшектейтін кім осы? Мына Бекболат неге кірмейді ол қалқозға? Мен неге кірмеймін ол қалқозға? Бір атадан өрбіген жиырма шақты үй екеміз, берекеден айырылмай, бөлек қана қалқоз болып неге отырмаймыз? Тоба-ау, осы Сүйіндік қараның тобырын шұбыртты деген не сұмдық! Сүйіндік қара бізбен туысып па еді? Сүйіндік қара құлдың тұқымы, бізбен қашаннан өш. Енді, ішімізге кіріп алып, бірімізді бірімізге сатып, қырық пышақ қылып отырғаны мынау.

Бекболат. Басқасын қойшы, мелетсемен келіп дікендегені- ақ өтті-ау соның.

Көдебай. Қайсысы өтпей отыр: қит етсе мелетсе әкеледі, жиылысқа барсақ, бізді дүркіретіп айдатып шығады; ойпырм-ау, Әлішжан-ау, өзің бір ойлашы: масқарашылық емес пе, келіннің басқарып отырған жиылысына біздің кіре алмағанымыз не сұмдық? Осыны сен бір ойламассың ба?!

Бекболат (қозғалып). Әліш! Сен тұйықтықты қой. Сен адам бол. Сенің әкең Серікбайды да адам қылған мына мен! Оны біліп қой. «Серікбайды құлданды» деп сені маған қайрап салатындар да бар шығар, бола берсін; құлдансам, өз тумам, арамыз бес-ақ ата.

Көдебай. Тәйірі, «құлданды» деген не? Ағайын болған соң, біреудің жұмысын істесе, көмектесе келетін ата салтымыз емес пе?

Бекболат (маңызданып). Сен де бөтенім емессің. Менің жұмысымды істесең, менің есігімде жүрген болсаң, еш нәрсең де кеткен жоқ. Оның не айыбы бар? Бөтен елге қаңғып, кесіп іздесең қайтер ең? Бір кездерде тілім де тиген шығар, қолым да тиген шығар, тисе ше? Ағалық қылған шығармын, ақылымды айтқан шығармын; сені адам болсын деген шығармын. Менің тілімді алатын болсаң, арадағы сөзге азба! Бізге бірлік керек! Мен аға болайын, сен іні бол! Келін де өз келінім. Өз келінімді өзіме жау қылып салып, миығынан күліп отырғандар да бар. Ондай күлкіні мен көтермеймін! Сен жетегіме жарасаң, келіннің тізгініне сені ие қыламын. Керегі белсенді болса, осы сенің өзіңді соның жанына белсенді қылып беремін. Бірақ ауыл-аймағымды Сүйіндік қараға қолжаулық қылмаймын!

Көдебай. Е, бәсе, сүйтпесек, өлетін болдық қой.

Бекболат.Әліш! Сен келінге шыңдап бай бол. Тізгінін қолыңа ал. Жұмысты бізбен ақылдасып істейтін қыл! Мына қалқозына ауыл болып түгел жазыламыз, жастарды қолға ұстаймыз, әйтпесе, ел бүлінеді.

Көдебай. Шоқынып, кірес тағуымыз ғана қалды.

Әліш (күмілжіп). Мен айтып көрермін ғой, бірақ біздерді бай деп алғызбай жүрмесе...

Бекболат.Тобау-ой... Сенің түсінбейтінің-ай... Бай бар ма осы күні? Байды алдыңғы жылы «кәнпестеген» жоқ па еді? Мен бай болсам, сонда аяп қалды дейсің бе? (Көзінің қиығымен Көдебайға қарайды.)

Көдебай. Әліш, сен Орынбай сөзін айтып отырсың. Сүйіндік қараның тобыры бізді солай демей не деуші еді? Олардың арманы бізді шұбырту. Осыған да бір түсінсейші!

Бекболат (Әлішке қарай түсіп). Не айтасың, Әліш?

Әліш (күмілжіп). Сөйлесіп көрейін.

Көдебай. Дұрыс, дұрыс, сөйлессің... Е, сүйтіп бір қозғалшы.

Бекболат.Сөйлессең, есінде болсын: еркек болып сөйлес! Ерсің ғой, ер болып сөйлес! Құрық алып кетер асау емес, ақырғанында жынын басып тастайтын қылып сөйлес. Бала-шағаның өсегін біз саған айтпай-ақ қояйық, әйтеуір сол келінге не бол! Сүйегімізге таңба салма! Біздің айтатынымыз осы... Ал біз кеттік. (Екеуі шығады.)

Әліш (мең-зең боп бір сыпыра отырып). Сүйіндік қараға қосылма дейді. Бірақ... Аталас болғанда осы Көдебай мен Бекболат маған не көрсетіп еді! Сүйіндік қара... Жетпіс антұрған құрдас, мына Бекболатыңнан маған ол мың есе жақын. Досан мен Орынбайлар «Әлекелеп»төбесіне көтереді. (Ойланып.) Досан... Досан... Ay, сол иттің қатынынан айрылып жүргені қалай? Біздің үйге неге келе береді? (Қозғалып, тікірейіп.) Тоқташы, тоқташы... Жиылыста сүйісетіндер кім?.. Күн сайын жиылыс. Ол не қылған бітпейтін жиылыс. Ымм... Түсіндім, түсіндім... (Сұрланып отырады.) Бекболат пен Көдебай, қанша айтқанмен аталас, қандас қой. «Қанына тартпағанның қары сынсын» деп... Осылар текке шыбыжыңдап жүрген жоқ. Мені құдай ұрған екен! Бесіктің жанынан шықпаймын деп мен қалған екем омалып. (Ызаланып.) Әй, бәлем-ай, тоқтай қал. Осыдан келерсің үйге. Сені ме, сені!..

Төртінші көрініс

Кенеп портфельді қолтығына қысып Зәуре кіреді.

3әуре (портфельді шегеге іле салып шешінеді). Бала жылаған жоқ па?

Әліш (ашулы). Әне, келе тергеді мені. Мен малайың ғой бала қарауға жалдап қойған.

3әуре (бесіктің жанына отырып). Малай болмасаң, әкесісің, бақ, өз баланды баққанға арланасың ба? (Баланың бетін ашып.) Ай, сәулем! Әкесіне тартқан өзі, монтиып ұйықтайды да жатады. Ояна ғой, сәулем, маманды берейін. (Баласына сөйлеп жатады)

Әліш (көпке қарап). Не деп бастасам екен, ә?.. (Зәурені иықтан тартып.) Таста баланы, бері қара!

3әуре (қарай қалады). Жай ма!?

Әліш (апалақтап қалып). Жасырын жиылыстарында не істеп жүрсіңдер, соны айтасың маған!

3әуре (күліп). Байғұс-ау, сен партия мүшесі емессің ғой, жай адамға айтылмас болар.

Әліш. Мен жай адаммын ба? Мен кіммін осы, айтып берші!

3әуре (күлімсіреген күйі). Сен бе? Сен... Шаруасын, қалқоз мүшесісің, ұяламын деп бармайсың, үйде отырып өсек тересің, кісі тіліне еріп кетуден де сау емессің...

Әліш. Алдаусыратпа, алдаусыратпа... Осы сенің қарауында кіммін, соны айтып берші!

Зәуре. Кім болайын деп ең,жолдасымсың, айтсам байымсың.

Әліш. Байыңмын ғой, ә?

3әуре. Ие...

Әліш. Байың болсам, сен менің қатыным болсаң, мен саған қожамын: айт сырыңды!

3әуре (бетін шымшып). Бетім-ау, әзіл екен деп отырсам...

Әліш. Әзіл болмағанда жер аудартайын деп пе едің?.. Иттен туған күшік! Енді соның қалды той істемеген.

3әуре (ренжіп). Қойшы, бала бақтым деп кейігенің ұят емес пе? «Осыдан балам болса, жұмыс істегенде де арқама танып жүрермін» дейтінін қайда? Сол балаң ғой осы. Балаң өскен соң, осыныңды бетіңе басып, айтып жүрермін әлі.

Әліш (сұрлана түсіп). Алдаусыратпа, қатын, мен алданудан кеткен адаммын, айтасың ба, жоқ па? (Жүгініп алады.)

3әуре (ренжіп). Байғұс-ау, не болды? Партияның тәртібін ылғи айтушы едім ғой.

Әліш. Партияның тәртібі құрлы болмадым ба мен? Партияңнан мен кем ұсталам ба?..

3әуре (ренжіп). Ал, қойдым, сөйлей бер.

Әліш. Ой, тегіңді ұрайын, осы сен не деп күңкілдеп отырсың. Кімді тәлкек қылмақсың?.. (Иығынан тартып қалып.) Мына мен кім, танимысың? (Төне түседі.)

Зәуре (бұрылып, ашулы қарап). Кейінірек отыр! Тең бе! Немене, ұрмақсың ба?..

Әліш. Ал ұрам, сонда қайтесің? Сібір айдатасың ба?

3әуре. Ұялсайшы, жоқтан ашу шығарып... Жұртқа аға болып отыратын адамсың. (Әліш қалтыранған күйі бірсыпыра төніп тұрып сылқ етіп, кейін отырады. Бірсыпыра тек отыру... Зәуре бір кезде сыртқа қараған күйі, салмақтап сөйлейді.) Өзіндей жұрт білегін сыбанып белсенді болып жұмыс істеп жүр. Өзін, колхоздың мүшесісің. Колхоз жұмысына көсемдік істеп жүретін адамсың ғой. Бұрқ-сарқың шығып бүлінесің де жүресің. Ұят емес пе, біреудің азғырған тіліне еріп... (Әліш салбырап отырады. Зәуре көзінің қиығымен қарап қояды. Баласының бетін жауып, Әлішке таман отырады. Әліштің шапанының жағасын жөндеп, жабысқан қылшықты сипап, қағады... Қолтығындағы жыртықты көріп.) Қолтығың жыртылып қалыпты ғой, шешші, жамап тастайын... (Өзі түймесін ағытады. Әліш салбырап отыра береді.) Қойшы, ашуыңды таста. Ұят емес пе? Мені жұмысқа баулыған өзің емес пе ең?.. Абыройсыз емеспіз. Колхозымызды ұйыстырдық, өзімізге тән кедей-батырақтың басын құрадық. Осынымызды көре алмаған дұшпан не айтпайды дейсін? Қане, шапаныңды бере ғой, жамап тастайын... (Әліш үндемей отырады. Зәуре Әліштің бетін өзіне бұрып.) Ашуың ұзаққа бармайтын еді ғой, күліп жіберуші ең ғой.... Күлші!.. Әне, көзі күліп келе жатыр. Әне, әне... Күлші! (Әліш ыржиып, шапанын шешеді.)

Әліш. Айттым ғой: мен сорлы сөз білем бе, жеңілдім де қалдым... (Зәуре ине, жібін, жамауын әкеп шапанды жамайды. Әліш бірер күрсініп, Зәуреге). Қайтейін, қатын, басымда қатып болды...

3әуре. Басың қататын ешнәрсе де болған жоқ, жұмысыңды істе. Колхозға бүтін екі треер келді білем, тұқым тазартамыз деп жатыр, соған бар... (Әліш солбырайып киімін киіп, белін буып, шығып кетеді.)

Бесінші көрініс

3әуре (ісін тоқтатып). Бәтір-ау, бала бақтым деп бүйтіп кейімеуші еді ғой? Бұл өнерді қайдан тапты? Әлде, мұны да бірдеме деп азғырушы бар ма екен? Сонда не деп азғырады екен? (Күліп.) Әлішті азғырып менен айырып алам деп жүрген бұл жұртта ес бар ма, жоқ па?

Алтыншы көрініс

Маңызданып Бекболат кіреді, Зәуре елемей, жамауына кіріседі.

Бекболат (тұрған күйі, сыртқа қарап). Не қылған адам, кеңсесіне барсаң ызғарынан қорқасың; үйіне келсең, жабайы бір адам, жүз салуға арланасың. Әкім болған соң кәрленген күйімен жүрмес пе адам?.. (Күрсініп). Әй, сорлы ауылнайлық-ай, қадырың да кетіп болды-ау, баяғыда менің қолымда жүргенінде, атағыңды болыстықтан да асырушы едім. (Отырып, қақырып.) Келін шырағым, жұмысым бар еді.

3әуре (ісін тіккен күйі). Айтып көріңіз.

Бекболат (аң-таң боп). Қаладағы қайныңыз хат жазған екен. Өзіңізге де жазған шығар. Мектебі бір қағаз сұрайды білем... Соны тез жіберт деп қысып жатқаны.

3әуреш. Ертең кеңсеге келіңіз, бергізейін.

Бекболат (қуанып кетіп). Е, бәсе,сүйтші, шырағым. (Көпке қарап.) Әліш байғұсым бұраған екен құлағын. Енді құдай оңар. (Зәуреге.) Шырағым, әйтеуір «туысы бірге түтпес» деген, қатеміз болса, өздерің жөндеп, шүйіркелесіп іс істесек болғаныңда. Арадағы дұшпан не айтпайды дейсің, кісі тіліне ерсек не болмақшымыз... (Аз бөгеліп.) Қағаз бергенде іспесіктегі малды жазар ма екенсіз, әлде қазіргі қолдағы барын жазар ма екенсіз? Менде осы күні малдың өзі де аз қалды ғой. Баланың айтуы да осы күнгі малдың саны жазылса деген екен...

3әуре (басын көтеріп). Қандай қағаз береді деп ойлап отырсыз?

Бекболат (аң-таңболып). Қандай қағаз дейсіз бе? Қандай қағаз. Баланың менікі екендігіне... жоқ, жоқ... Ол қайныңның өзі Қуандықтың атында жүруші еді ғой. Қуандық осы күні кедей ғой. Тіпті кедей емес адам бар ма? Мені бай деп есектейді, тоба- ау, ойласа қайтеді екен, осы күнгі бар малымның саны онға жетпейді.

3әуре. Ендеше, түсініспей отыр екеміз. (Бекболат тікірейіп қарай қалады.) Менің беретін қағазым басқа еді. Мен қағазды былай деп бермекші ем. Бірінші — сіздің шынжыр балақ бай екеніңізді, өмірге есігіңізден малай арылмағанын, ықпалыңыздың әлі күнге күшті екенін куәлендірмекші ем. Екінші — ол баланың сіздікі екендігін, кеңес мектебінде оқуға тиіс емес екендігін айтпақшы ем.

Бекболат (сұрланып). Апырм-ау, келін-ау... Жұрттың тіліне ерсек не болмақшымыз? Бүліндік қой! Бөлеміз ғой! Туысқандық, бірлік деген қайда осы?

3әуре (салмақпен). Сізбен біріге алмайтынымды білмейтін бе едіңіз?

Бекболат. Қап, қап... (Жан-жағына қаранып.) Осы біреу естіп тұрған жоқ па? Апырм-ау, мынау масқарашылық! Бұл менің бұрын көрмеген сұмдығым. Бұл менің етіме бірінші тиген таяқ... (Зәуреге оқты көзімен қарап.) Кәпірдің жүз жанбауын!.. (Орнынан тұрып, кебісін киеді. Тағы қарап кіжініп.) Ә, құдай! Ата аруағым неше сарт болып кетсе де... Осыны ма, осыны!.. (Шығады.)

Жетінші көрініс

3әуре (біраздан кейін ісін тоқтатып, күлімсірейді). Баяғыда осы қақпастың отырған үйіне кіруге қорқушы ем. Енді күнім туып еді, өзін жерге қаратып шытардым. (Ойланып.) Мұнымен кек бітпейді. Бекболаттың қарасын батырмай, біздің жұмысымыз оңбайды.

Сегізінші көрініс

Пүліш кіреді. Сұрланып есікте тұрады.

3әуре. Е, Пүлішпісің? Жоғары шық. Бері, мына жерге келіп отыр. (Пүліш алыстау отырады.) Неғып көрінбей жүрсің? Әлде бір жұмыс істеп жатырсың ба? Қолың тигенде осылай кіріп-шығып жүрсейші, әңгімелесіп, көңіл көтеріп отырайық.

Пүліш (көпке қарап). Бетім-ау, бұған енді қалай тиісем? Көрген жерден шашын жұлармын деп келіп ем, енді... Қатты сөйлеуге де ауыз бармай отырғанын қарашы.

3әуре. Қайнағаңның мына бір шапаны бөктеріліп қалыпты, соны жамап жатыр едім. «Қатыны төрелік қуып кетті, байының үсті-басына қарамайтын болды» деп жұрт тағы неше саққа жүгіртеді ғой. Саған да ине берейінші, екеулеп бітіре қояйық. (Пүлішке ине, жіп әкеп береді.)

Пүліш (тысқа қарап). Бетім-ай, енді осының жамауын жамаймын ба?

3әуре. Мә, мына бір жамауды, мына қолтығын бастыра жама. Сен жамай тұр, мен су әкеліп, шай қояйын... (Шелекті алып жатып.) Байыңмен араздасып жүргенің не? Ұят емес пе? Бүгін өзіңе барып жолығармын деп ем. Сөйлессек, бәрі де ашылар... (Шығып кетеді.)

Тоғзыншы көрініс

Пүліш (бетін шымшып). Бетім-ай, мына беті қара масқара қылып кетті-ау! Шашынан жұлармын деп келіп ем, сөзімді де айта алмай қалғанымды қарашы?!. Енді осының жамауын жамамақпын ба?.. (Ырғытып тастап кете беріп, ойланып, отырады.) Қойшы, жамап-ақ тастайын. Оған шейін өзі де келер... (Асығыс жамайды.)

Оныншы көрініс

Мамық (сөйлеп кіреді. Пүліш сасып, жамауды артына тығады). Келе жатып ойлаймын. Пүліш келін барған шығар, ауылнай үйінде болса, шашына тура жабысқан шығар, үйінде жоқ болса, күтіп отырған шығар деп... Қайын ағаң айтады: «Пүліш келін, — дейді, — айтқанын орындап шыға алушы ма еді?» — дейді. Мен айтам: «Пүліш келін деймін, сөйлесе сөзін де өткізеді, істесе ісін де өткізеді деймін...» (Шапанды көріп қалып.) Мынауың не, келін? Үйіңнен ала келіп пе ең? ( Ұстап қарап.) Бәтір-ау, мынау осы үйдегі төрежанның шапаны емес пе? Осыны жамап отырғаның ба?.. Бетім-ау, бұл не деген арсыздығың? Қойныңдағы байыңды тартып алғанымен жұмысың жоқ, енді жамауын жамап отырғанын?.. Шыққыр көзім осыны шынымен көріп отыр ма?.. Бәтір- ау, қайнағаңа не бетімді айтам енді?..

Пүліш (ышқынып). Жоқ, шешей-еке, айтпа! Айта көрме!.. Мені масқара қылма. Мені қара басты. Мен алданып қалдым... Енді ме, енді! (Қалтыранады.)

Мамық (тесіле қарап). Е, бәсе... Жүр, ендеше, таста. (Екеуі де тұрады.) Қайнағаңа ылғи айтам: «Пүліш келін өшін алмай қоймайды деймін, ерегессе қанын да ұрттайды деймін...» (Сөйлесіп шығып кетеді. Сахна бірсыпыра бос. Су көтеріп Зәуре кіреді.)

Он бірінші көрініс

3әуре (отырып, жамауды алып). Осы ақсақ күшік те әзәзілдігін қоймады-ау, бірді-бірге ұрыстырады да жүреді. Әлгі байғұсты үгіттеп, түсіндіремін деп ем, аңдып тұрғандай жетіп келіп, әкетіп бара жатыр. Бұл не деген зәлім еді!? Сондағы ойлары Досанға қайрап салып, қалқоздан шығару...

Он екінші көрініс

Досан кіреді.

3әуре (басын көтеріп). Ал, шырақжан,төрге шық.

Досан. Әй, Зәуре, осы сенің «шырақжан» дейтінің не? Менің атым Досан Қалабаев болады. Айтып көрші, тілін келер ме екен?

3әуре (күлімсіреп). Ескі әдет бірден жойыла қоя ма... Жарайды, Досан дейін. Ал, сөйле.

Досан (тізерлене отырып). Сөйлесем, тыңда, Көдебайдың арыз бергенін есіттің бе?

3әуре. Не деп, бәтір-ау?

Досан. Қалқозға кіремін деп.

3әуре. Қойшы?!. Ана, зәлімнің ісін қара! Колхозға кіріп алып бүлдірмек қой бір.

Досан. Жаңа басқарма жиылысында арызын қарап ек, Досмағамбет алу керек деп өжеледі.

3әуре. Е, оның неден қимасы қышып жүр?

Досан. Аталасы ғой, бәрі Әлімқұлдың ұрпағы. «Әлімқұл тұқымы не көрсек те бірге көреміз» деп ұрандасып жүрген көрінеді. Меніңше, осы Досмағамбеттің өзі арам.

3әуре. Қойшы, жұрттың бәрінен сезіктеніп... (Ісін қыла отырып.) Біреуін бай дейсің, біреуін сәудегер дейсің, біреуін молда дейсің... (Күлімсіреп.) Сонда колхозға алатының кім болмақ?..

Досан. Мына мен сияқты батырақ кіреді калқозға!

3әуре. Орташа ше?

Досан. Орташаны алмаймын деп отырған кім бар? Имақ сияқты орташаларды іздеп таба алмассың.

3әуре. Орынбайға жолық. Мына бір шапанды жамап тастап, менде барайын.

Досан. Кайтып келіп жамарсың, Досмағамбет те Орынбайға барған шығар... Калқоз мүшелерінің бірсыпырасының-ақ толқитын түрлері бар. Ережеп, Ерман, Әупілдектер: «Кедебайды алмаса, қалкозда отырмаймыз дейді білем.

Зәуре жамауын жиып, шығады. Сахна бірсыпыра бос. Далада барқыраған дауыс.

Дауыс. Атаңа нәлет! Кімді басынасың?.. Бас салып атты жегіп... Ауылнай болмақ, түгіл, тіпті үйез болсын, сонда тыңдамаймын, білдің бе! Бері әкел атты!

Екінші дауыс. Ау, Әліш-ау...

Әліш даусы. Жоқ, сөзіңнің керегі жоқ, бері әкел атты! Ана ауылнайыңа шаптырып ал. Істететінің пүртекел ме? Бар, істет!.. (Дүрсіл, аяқ дыбысы.)

Он үшінші көрініс

Ентігіп Әліш кіреді. Оған ере Ержан кіреді.

Әліш (кірген ыңғайында). Иттен туғандар!.. (Кебежеге арқасын тірей, шатынап отырады.)

Ержaн (тұрған күйі). Ау, Әліш-ау, сен өзің тындашы...

Әліш. Тыңдамаймын!

Ержан. Тыңдамасаң тыңдама, бірақ ат жегіледі. Калқоз тұқымының көрінген ауылда шашылып жатқаны анау, оны жинамай отыра алмаймыз.

Әліш (ентігіп). Шашылмақ түгіл, өртеніп кетсін!

Ержан. Сеніңше солай болар, бірақ біз... (Ойланып.) Бермейсің ғой атыңды, ә? (Әліш үндемейді. Ержан шығады. Аздан кейін Мамық кіреді.)

Мамық (есікте тұрып). Келе жатып ойлаймын: төрежан байғұс бесіктің қасында отырған шығар, келін жасырын жиылысына кеткен шығар деп... Бүгін ағаң айтады: «Сақтағаның болса асып, сол шіркіннің өзін шақыршы, ас жеп, көңілін көтеріп кетсін», — дейді. «Келін төрелік қуып, мезгілімен асын да істеп бермей жүрген шығар», — дейді. Сосын мен айттым: «Ойбай-ау, төрежаннан немді аяйын, — дедім, — төрежан өзімнің туған қайнымдай болған бала емес пе», — дедім. Қане, жүре ғой. Ағаң бар, қажыатаңбар, сұлу мұрт бар — бәрі сені күтіп отыр... (Әліш сол бір айып тұрып, жөнеледі. Мамық сөйлене береді) Ойқай заман-ай, ағайынның араласқаны, ойнап-күліп жүргені қандай жарастықты еді! Жүр, қарағым, жүр... (Екеуі шығады.)

Шымылдық.

ҮІШНІШ ПЕРДЕ

БІРІНШІСУРЕТ

Ауылдың қотаны. Тұқым жиналған сарайдың есігі.

Бірінші көрініс

Мамық (қолын артына ұстап сахнаға шығып, жан-жағына қаранып тұрады). Қыбырап жататын қара тобырын жер обып кеткен бе, құдай-ау? (Кішкене тұрып кілеттің жанындағы үстелге отырады.) Айда, белім-ай! Белімнің жүргізбей жүргенін қарашы, шойырылып... Баяғы күнім болса, бұл ауылды бір күнде қырық түрлі саққа жүгіртер ем-ау, қайтейін, қартайып кетіппін. (Күлімсіреп.) Қартайдым десем де, жасынның көбінен әліде епті екенмін. Тікмұрт айтады: «Мамық болыспаса, біз дым бітіре алатын емес екеміз», — дейді. Мен айтам: «Жас адамдай қайдан өтімді бола қояйық», — деймін. (Ойланып.) Еңбегімді зая жіберген жалғыз Пүліш шірік! Шіркін-ай, бір кәдеге де жарамады-ау. Жұмағұлжан да өзінен бойын аулақ салып жүр білем. Сол керек ол шірікке!..

Екінші көрініс

Сахнаның екінші жағынан су көтеріп Қалампыр келе жатады.

Мамық (Қалампырға қарап). Шалға ылғи айтам: «Қалампыр байғұстай еңбекке бейім адам қайда, тепсе темір сындырушы еді-ау деймін, қалқоз шіркіні Қалампырдың қадырын біле алса жарар еді-ау», — деймін. (Қалампыр жақын келіп, суын қойып отырады.) Шалым айтады: «Біздің Қалампыр келін, — дейді, — калқоздың адамы емес, қалқозға ылғи құдайдан безгендер кіреді, — дейді, — жатып ішер жалқаулар кіреді, — дейді, — Қалампыр келін үйінде отырса да өлмейтін еді», — дейді...

Қалампыр. Қайдан білейік. Кедейдің қолын тендікке жеткізетін ұйым деген соң, әйтеуір, кірген болдық.

Мамық. Ие, ие... Оларың да дұрыс. Жұрттың бәрі дүрлігіп жатқан соң, жырылып қалай қалайын деп едіңдер. Тіпті кіргендерің жақсы. Шалым айтады: «Ауыл үйден бөлінбей-ақ ортасында отыруым керек еді, желкесі қиылғыр Орынбай мен Досан той жолатпай отырған», — дейді.

Қалампыр.Олай емес білем, сіздің үйді бай болған соң алмадық десіп жүр ғой.

Мамық. Қалампыр-ау, сенін де соған нанғаның ба? Өшіккен соң не айтпайды дейсің. Дәрікүлдің таратып жүрген өсегі ғой. Шал айтады: «Қаладағы тамыр орысымды көріп едім, — дейді, ол айтады дейді. — «Сені колхозға алмауы қате», — деп айтады дейді; «жоғарғы ұлыққа арыз берсең, сені алдырады», — деп айтады» дейді. Бай деп, тәйірі, қанша мал бар бізде? Жуан Жүсіптің малының саны біздікінен кем емес еді, бәрін сатып, сойып бітіріп, қалқоздың ортасында тымпиып отырған жоқ па?

Қалампыр (таңданып). Бәтір-ау, солай екен-ау?

Мамық жинағаны өзіне бұйырған кісі тап сол. Шалым айтады: «Қалкозға кіргендердің ішіндегі ең ақылдысы Жүсіп екен дейді, бәрібір ортаға түсетін болған соң, сатып, сойып,-игілігін өзі көрді», — дейді.

Қалампыр. Ортаға түскенде біржолата кетпейді, білем. Малдың бәрінің де басып кесіп, ақшаға балап жатыр ғой.

Мамық. Ей-и... Келін-ай, солай қылмай қайтсін-ау. Сүйтпесе кім малын бере қояды дейсің? Мал түгіл, үстіндегі киіміңді билетіп отыр ма? Әбдірак байғұс үр жаңа бір етік тіктіріп алған екен, Әбді қағынғыр барыпты да, етігін киіп кетіпті.

Қалампыр. Со да бір қыршынынан қиылғыр екен

Мамық. Қайтсін, оны да айыптауға болмайды. Тәртібі солай болған соң... Бетім-ай, Қалампыр, сен мынаны есіттің, бел Нұрыш комсамол Әбдірақтың үйіне барыпты да, келінге қоқаңдапты дейді. Келін ашуланып бірдеме айтқан екен, Нұрыш ашуланып: өзін калкозшының қатыны боласың, өзің кісі сөзін қайырасың, — депті дейді...

Қалампыр. Қойшы, шынымен сүйтіп пе?

Мамық. Оны азсынсаң, Зәуре мен Досанның не істеп жүргенін білесің бе?

Қалампыр (қадала қарап). Жоқ...

Мамық. Бәсе,өзім де ойлап ем, білмейтін шығар деп... Шалым айтады: «Заманның өзгергенін білмей ме екен? Осы калқозға кіргендер бар малын қырып алып игілігін неге көрмейді екен? Үкімет асырайды ғой...» — дейді. Тұрсынкүлдің үйінің алты айғы қысқа тісі-тісіне тиген жоқ еді ғой, біздің шал шақырып алды да, ұрысты: «Шіркін, неғып адам болар екенсің?.. Біреудің алдауына еріп... Қатын-балаңды ашықтырғанша, сиырыңды сойып алмассың ба?!.» — деп. Шалдың сөзі қамшы болды білем, кешегі түні сиырын сойып алыпты.

Қалампыр. Онысы қалай? Калкоздың тексермей отырғаны ма?

Мамық. Тәйірі, қойшы сол қалқозын... Солар не біледі дейсің? Тексеріп, аштан өл дей ме? Ұрлап алған мал емес, әркімнің өз еңбегімен тапқан малы. Шал айтады: «Қалампырдың үйі де қате істеп отыр-ау, сиыры бар, қашары бар, біреуін сойып алса, етке қарық болып қалар еді-ау», — дейді.

Қалампыр (күрсініп). Еттің керек екені рас-ау, бірақ жыл шығып тұрған малды союға адамның көзі қалай қияр?..

Мамық. Қойшы, тәйірі, бәрібір ортаға түсетін мал... Тұрсынкүлдің үйі де өздерің сияқты қалқозшы ғой, ешнәрсесі де кеткен жоқ, ақ майға қолын малып-ақ отыр...

Қалампыр (көпке қарап,тамсанып). Бір түйір етсіз отырмыз. Сорпа ішпегелі біраз болды... (Ойланып.) Жұрт епті келеді... Біздің байымыз, белсенді боламын деп, құр нанға қамап отырғаны мынау... 

Мамық (Қалампырдың бұзыла бастағанын сезіп). Дарылдақтың құлағын бұрасайшы, тәйірі, калкоз деп өлесіңдер ме? Бала-шағаларыңды ашықтырып... Баяғыдай мал жиып жатқан ешкім жоқ, сойып тастау керек әрі...

Қалампыр. Әй, біздің сорлы көнбейді ғой.

Мамық. Тәйірі, көнбейді деген не?.. Біздің шал айтады: «Келіндердің ішіндегі еті тірісі Қалампыр еді, — дейді, сол өзі не боп барады?» — дейді, мен айтам: «Қалампыр байғұсың несін айтасың, ақылмен істейді ғой, — деймін, — орынды жерінде байының есі аяғын бір етікке тығады ғой», — деймін.

Қалампыр.Ойбай-ау, балам жылап жатқан шығар... (Тұра бастайды.)

Мамық. Мен де үйге қайтайын. Ойбай, белім-ау...

Екеуі де шықты. Сахна бірсыпыра бос. Жұманды ертіп сахнаға Демесін шығады.

Үшінші көрініс

Демесін (ақсаңдап сөйлей келеді). Атасының аузын ұрып... Боса да ортаға түсетін болған соң, игілігін өзім көрейін дедім: соқамды да, арбамды да саттым. Көк атты апарып бір орыстың биесіне айырбастадым. Құлынды биені жұмысқа жегеміз дей алмас. Жұрт жұмыспен әлек болып жатқанда, қымызын ішіп бір жатайын.

Жұман (тамсанып, баптап). Сен ғой... Осыны өз бетіңмен істеп жатырсың, ал... калкоз білсе қайтесің?

Демесін. Калқоз білсе қайтеді?.. Тегін ұрайын, мал өзімдікі. Біз сатсақ, өз нәрсемізді сатамыз. Екі қолынан басқа дымы жоқ адамдар да қалкозға кіріп отыр, соларға жем болмақшымыз ба?..

Жұман (қайта-қайта тамсанып, орындыққа отырып ойланып). Досан шатақ шығарып жүрмес пе екен?

Демесін.Тегін ұрайын... Сөзді қой, айырбастаймын десең, бие тауып берем. (Бұ да отырады.) Менің тілімді алсаң, тегін ұрып... ана машинеңді де, соқа-сайманыңды да жітір. (Жанына жақындай түсіп.) Осылардың сыңайын байқайсың ба: аз ғана қара-құрасы бар адамды «құлақ» деуден тайынатын емес. Бір күні «құқ» болып жүрсең, күлкіңді тыя алмассың бәлем. Одан да сатып, сойып азайтып байқасайшы, байғұс...

Жұман (ойланып, тамсанып). Тап осы сөзіңнің жаны бар. Көдебай да осыны айтып еді. Сендер маған зиян ойламассыңдар. (Тамсанып.) Сен өзің реттеп орындап бересің, ә?

Демесін (жымыңдап). Сауда жағын біліп бағармыз ғой. Баяғыда Иманбай қажыдан айла алып, терімен сауда қылып жүретінімде... (Сөзін бөліп, ойына бірдеме түскендей жан-жағына қарайды.) Сен өзің бері жүрші, бұл жерде сөйлесіп болмас. (Жұманды ертіп кетеді. Сахна бірсыпыра бос.)

Сахнаның сыртыңда айқайлап сөйлескен дауыстар, көп дауыс қосылып ән салады.

«Қалқоз аты «Исаев», біздер мүше,
Екпін деген қайрат бар еңбек десе,
Калкоз құрлық, топ болып құдіреттеніп,
Коммуннаға жетеміз есе-өсе.
Өсе-өсе гүлденіп, түрленеміз.
Ескі ауылға жап-жаңа түр береміз.
Байды аластап, партия жетегінде,
Кедей-батырақ не көрсек бір көреміз!..»

Төртінші көрініс

Пүліш жалғыз. Жабыңқы, киімі жұпыны.

Пүліш (сарайдың босағасына кішкене сүйеніп тұрып). Күткен үмітің бірі жарыққа шықпады. Мен осылай қаңғырып қалам деп ойлап па ем? Сүйген адамыма қолым жетті деп ойлаған жоқ па ем? Сол күле қараса, бар арманым бітетін сияқты емес пе еді? Соның үшін құрулы шаңырағымды бұзған жоқ па ем? Соның қадірін неге білмейді? Неге қырын қарайды маған. Неге сөйлеспейді менімен. (Ойланып басын көтеріп.) Ақсақ кемпір... Бәсе... Ол неге бұртиып жүр? Үйіне барсам, кірпідей жиырылатыны несі? (Қамығып.) Құдай-ау, мен неғып мұндай құбыжық болдым?!.. (Кішкене тұрып.) Өзімдей әйелдер, даланы басына көтеріп, сауық-сайранмен жұмыс істеп жүр. Менің жүргенім мынау: тілен тілеген адамдай, жынды адамдай, көрінген үйдің тамағына телміріп... құдай-ау, мұнша неге масқара болдым? Heгe сендім соның тіліне. «Ол» алушы ма еді мені?.. (Қамығып, босағаға сүйеніп тұрады.)

Бесінші көрініс

Жұмағұл мен Есен кіреді.

Есен (тақпақтата).

Жазғытұрғы көш
Жүректі тартасың,
Жүректі тартасың.
Есен сорлының
Қоздырып арқасын...
(Өте беріп Пүлішті көріп.)
Ау, мынау,
Күтіп тұр екен
Қандай қалқасын?
(Жұмағұл да қарайды.)

Пүліш (селт етіп). Тентек жігіт!

Жұмағұл (сырт беріп, қол сілтеп). Аулақ!

Пүліш. Тентек жігіт! Серт осылай ма еді? Не жаздым?

Есен (шұқшия қарап).

Пүлішжан, боссың,
Құр жүрекпен доссың.
Бір кәдеге жарамайсың
Неше құдай әділ болса да,
Жұмағұлмен қалай қоссын?

Пүліш (ышқынып). Кім айтты оны? Қашан жарамап ем? Неше тапсырғанын орындамап ем?.. Тым болмаса, бір сынаса қайтетін еді?..

Есен. Бұда жөн-ау... (Жұмағұлға.)

Жұмағұл!
Пүлішжанның жайын біл,
Шын жүрекпен сөйлесші,
Бері, бері, бері жүр!..

(Жұмағұлдың жанына өзі барып, сыбырлап.) Тағы бір сынасаң деймін, бәлкім бір кәдеге жарап кетер.

Жұмағұл. Солай ма? Не келеді қолынан? Әйтседе... (Бұрылып Пүліштің жанына келеді.)

Пүліш (ұмтыла түсіп). Сәулем, тентек жігіт!

Жұмағұл (қолын кертелеп). Ақырын... Айтқанымды істейсің бе?

Пүліш. Сәулем-ау, істемеймін деген жерім бар ма? Бір сынап көрсейші!

Жұмағұл. Шын сүйесің бе мені?

Пүліш. Не айтайын, сәулем! Қалай айтып жеткізейін.

Жұмағұл (ойланып). Дұрыс. Өзім де солай ма деп ойлаушы ем. Мен де сүйем... (Күрсініп.) Бірақ қайтейін...

Пүліш. Айтшы, сәулем, сертіңді!

Жұмағұл (басын шайқап). Жоқ, орындамайсың.

Пүліш. Орындаймын, сәулем!

Жұмағұл. Қолыңнан келмейді!

Пүліш (қынжылып). Апырм-ай, тентек жігіт-ай, тым болмаса айтып өлтірші!

Жұмағұл (Пүліштің бетіне туралап қарaп). Досанды өлтіре аласың ба? (Пүліш қалтыранып, сұрланып, тұрып қалады.) Әне, болдыра алмайсың. Онсыз бізге бақыт жоқ. Ол — бізге керте. Ол өлмей мен сені ала алмаймын. Алу былай тұрсын, маңыма да жуыта алмаймын. Енді түсіндің ғой?.. (Бетіне бір сыпыра қадалып, бұрылып жүре береді.)

Пүліш (сасып,қолын созып, жалыныпты). Сәулем, кішкене ғана...

Жұмағұл (бұрылып, түсін бұзып). Не айтпақсың? Жылаумен мені жеңе алмайсың. Досан өлтірілмей менің жүрегім жар таңдай алмайды... (Жұмағұл жүріп кетеді. Пүліш қолын созған күйі қалады.)

Есен (кейін қалып Пүлішке қадала қарап).

Шын сүйсе жүрек,
Бірікпей ме тілек?
Айтқаның істей салсаң,
Айқаспай ма білек?
Осынша қайғы,
Осынша жүдеп...
Өзіңнен, Пүліш, өзіңнен!..
(Есен шығады.)

Алтыншы көрініс

Пүліш (қолын сылқ еткізіп түсіріп, мең-зең боп тұрады). Ылғи айтатыны осы... Өлтір дейді. Өлтіремін деп сертте бердім... Heгe өлтірмедім? Неге бармайды соған қолым?.. (Ойланып.) Жоқ!.. Оны өлтіре алмаймын. Өлтіргендей ол маған не істер еді? Керек десе тілі де тиіп көрген жоқ. Осы күнге шейін: «Пүліш-ау, ашуыңды әлі басқан жоқсың ба?» — дейді. Менде бет жоқ қой, сондай жылы сөзді есіткенде де жібімеймін... (Ойланып.) Қайтем? Осылай жүріп өмір өткізем бе? Осының соңына түсіп жалынамын да жүремін бе? Жалынғанмен тыңдар ма мені?.. (Кішкене ойланып, құшырланып.) Осыған ерегіскенде Досанға қайтып барсам ба екен? «Мен алданған екем, мені құдай ұрған екен», — деп шынымды айтсам ба екен? Ол ұрыспайды ғой... Ол мейірімді ғой... Ол, ол... (Екі оқтыланып тұрғанда, сахнаға Мамық шыға келеді.)

Жетінші көрініс

Мамық (сөйлене кіреді). Іздеп жүрмін, іздеп жүрмін... Бәтір - ау, бұл Пүліш келін қайда кеткен деймін. Салқоз әйелдеріне араласпаса керек еді ғой деймін, әлде Зәуремен барып салғыласып жатыр ма екен деймін. Әлде Досанның жағасынан алып жатыр ма екен деймін. (Пүліштің бетіне қарап.) Бірдемеге ренжіп тұрсың ба, келін?

Пүліш (жақтырмай). Әшейін.

Мамық (бірсыпыра қарап тұрып). Үйге жүре ғой, келін! Мына ауылдағы қажы, сопы, молда — үшеуі шалға сәлем берем деп келген екен. Шай құйып бересің. Жүре ғой... (Пүлішті ертіп кетіп бара жатып көпке қарап.) Тағы бір қайрап көрейін. (Екеуі шығады. Сахна бос. Сахна артында жұмыс істеген колхозшылардың дауысы, ойын-күлкі, қосылып салған ән.)

«Біз өсеміз, еңбекті қайнатамыз,
Жаңа өмірді гүл безеп жайнатамыз.
Кедей-батырақтап болып тізе қосып,
Бай-құлақты аластап айдатамыз!..»

Сегізінші көрініс

Қапшық арқалап Құсайын келеді, арт жағында Қалампыр.

Қалампыр (сахнаға бажылдап сөйлей келеді). Бала-шағаңның ашығып отырғаны анау... Калкоз қарық қылды, берді әбден!.. (Кекеп бұртиып тұрады.)

Құсайын (қапшықты кілеттің жанына түсіріп, қапшыққа отырып, Қалампырға қарайды). Қатын! Бірдеме соғып кеткеннен саумысың осы?

Қалампыр (булығып).Әне, бірдеме айтсам шатынай қалады. (Жыламсырап.) Байымен шүйіркелесіп отырған қатынның не, арманы бар екен?

Құсайын. Әй, қатын, дорақ болма! Желіндеп тұрған сиырды сойды деген не масқара? Аштан өлмейміз, нан жетеді. Ет іздейтін мен бай емеспін, білдің бе, соймаймын сиырды. (Жан - жағына қарап.) Әлгі Демесін ит қайда кеткен? Апырм-ай, осы ит іздетеді де жүреді, тіпті берекемізді кетіріп болды-ау өзі... (Дауыстап.) Демесін, ау Демесін!

Тоғызыншы көрініс

Ақсаңдап Демесін кіреді.

Демесін. Уа, сабазым, тағы астық әкелгенсің бе?

Қалампыр (шаптығып). Тасып жатыр бәрін, ертеңгі күні ашыққанда несін жер екен?!

Құсайын (Қалампырға одырая қарап). Әй, сен қатын, қоясың ба, жоқ па? Қайдан таптың бұл өнерді? Тұқымға сақтаған астығымды мен қалқозға бермей тышқанға жегізбекпін бе?

Қалампыр. Бәрін де бер, мені де бер, ана үстіндегі киіміңді де бер! (Құсайын адырайып қараумен тұрады.)

Демесін (есіктің құлпын ашып жатып). Қалампыр сорлы да қайтсін-ау, бала-шаға болса бар...

Құсайын. Сандалма, Демесін, ақыл айтудың орнына құтыртатының не? Бар астығыңды жоқ деп қалқозды алдайтын сен бар дейсің бе?

Демесін. Өй, ит-ой... Сенің байланыспайтын адамың болсайшы...

Құсайын. Астығыңның бары бекер ме? Неге бермейсің сақтаған тұқымыңды? Міне мен он бес пұт тұқым сақтап ем, артық астығым болған соң, жиырма пұт қылып беріп отырмын. (Демесін бажырая қарап, үндемей сарайға кіреді. Астығын сүйреп Құсайын да кіреді. Кішкенеден кейін бұлар шыға бергенде, астық көтеріп Ержан келеді.)

Оныншы көрініс

Ержан (қапшығын жерге түсіріп). Ал, Құсайын, сені жарысқа шақырамын: тұқымнан тысқары төккенім осымен жиырма пұт болды!

Құсайын (күліп). Сенен қалысатын адамды тапқан екенсің. (Екеулеп қапшықты сарайға кіргізеді.)

Он бірінші көрініс

Дәрікүл кіреді. Қолында ұршық.

Дәрікүл (Қалампырға тесіле қарап). Қалампыр-ай, неге ренжіп тұрсың? (Қалампыр үндемей бұрылып кетеді. Дәрікүл таң боп.) Қалампыр, Қалампыр!.. тұра тұршы, сөйлесейік... Әлде Дарылда құрысты ма?.. Қалампыр, Қалампыр!.. (Дәрікүл соңынан еріп кетеді. Аздан кейін Ержанмен Құсайын шығады. Одан кейін Демесін кетеді. Сахна сыртында барылдаған дауыс.)

Дауыс. Ә, иттер! Оңбайсыңдар, оңбайсыңдар... Қалқоз жұмысын солай істей ме екен?.. Жапырып тастамас па? Анау атты қарашы, түу, жануардың өлейін деп тұрғанын... Есіл мал-ай!..

Он екінші көрініс

Көдебай кіреді.

Көдебай (таяғын сүйретіп сахнаның орта шеніне келіп, кеудесіне тірей тұрады. Бір мезгілде басын көтеріп, мұртын ширатып, мырс-мырс күліп тұрады). Құқ қыламыз деп, құбыжық қыламыз деп арпалысқанның талайын аяққа басып алдық. Қалқоздың есігінен қаратып еді, жуан төрінен барып орын алдық. Ал, маған салмай жұмыс істеп көрсін, көрейін күштерін!.. (Күліп) Арасына неше түрлі пәлені егіп өздерін толқытып тұрмын күні... тоз-тозын шығармасам әкел қолыңды!..

Он үшінші көрініс

Маң-маң басып, таяғын сүйретіп Бекболат келеді.

Көдебай. Салаумалейкүм, Беке!

Бекболат (жымыңдап). Е,қалқозым,жүріп жатырсың ба?

Көдебай (жайраңдап). Сіздің сілтеуіңізбен...

Бекболат. Егіске әзірліктерің қалай?

Көдебай (мырс-мырс күліп). Әзірленіп жатырмын: соқаның біразы таратылды. Бірсыпыра көлікті күттірген болып тұр еді, оларың да тоздырдым: бет-бетіне мініп, шабуылды салып жүр. (Күліп.) «Көлікті күтпейсіндер» деген боп айқай салып қоям... Күттірмей жүрген де өзім ғой... (Күрсініп.) Бірақ тұқымдарын жинап тастады. Бермей тұра тұрындар деп бірсыпыра үйді тежеп қойдым. Бұл антұрған кедейде ес болсайшы, «жарыс» дегенді шығарып алыпты, жындана келе ақтық астықтарын берер деймін.

Бекболат. Жарысты шығарып жүрген Досан шығар?

Көдебай. Сол... Шаршамайтын ит екен. Қайдағыны қайдан тауып алатынын білмейсің, тегі осы Досан бәрінен де қауіпті болып жүрмесе игі еді деймін.

Бекболат. Келін қалай?

Көдебай (күліп). Әліш байғұсым да ширап келеді, аяғына оралғы бола бастады білем: кеше шатақ шығарып бір жиылысқа жібермей тастады деп есіттім. Бұрын маған сұрланып ыңғай бермейтін еді, осы күні жұмсарып-ақ қалған секілді. (Күліп.) Кеше келіннің көзінше Әлішке ұрысқан болдым: «Шіркін, келіннің қадірін білсейші, ел жұмысын басқарып отыр, құдайыңа тоба қыл, келіннің тізгінін өзіне бер», — деп... Әйел ғой, соған да нанып қалмайды дейсің бе. (Ойланып.) Айтпақшы, әлгі Пүліш антұрған божырап барады, жетесіз ит екен бір. Бүгін соны Орынбайдың қатыны ертіп жүр. Мамыққа айтыңызшы, айырып жіберсін. Ондай жаман ана жаққа шығып алса, аузына келгенін айтып былғап жүрер.

Бекболат. Осы сен не ойлап жүрсің? (Көдебай қарай қалады.) Тұқым тек деп маған жоспар беріп еді, бір пұт та төккем жоқ. Осылар мені талтаңдатып қояр ма? Кәнпескелеп жібермес пе?

Көдебай. Уа, қойыңыз, неге кәнпескелейін.

Бекболат (басын шайқап). Сенде әлі күш аз. Тізгін оларда жатыр. Қарсы щықсаң, өзіне кәдік. Одан осы жұмысты өзін баста. Абыройын өзің ал. Мал-мүлкімді тығып енді,болдым, енді менің немді алады? Сен қалқозына бар да: «Бекболатты кәнпескелеу керек» деп айқайды салсаң, кедей біткен даурығып соңына ереді. Сосын өз қолыңнан кәнпескеле. Көзге көрініп тұрған он шақты мал, ана үйдің қара басы, соны алғыз да, мені құтқар. «Дымын қалдырмай шауып алдық!» деп лақап тарат, сол атақ маған жарайды. Сендер cay тұрсаңдар, ана тығылған малды, бұйымды аман-есен қолыма тигізсеңдер, мен өлмеймін, мен қайда барсам да Бекболат боламын.

Көдебай (ойланып). Апырм-ай... бұл дұрыс. Мұныңыз тапқан ақыл екен.

Бекболат. Осыны орында. Мен кеттім. (Кетеді.)

Он төртінші көрініс

Көдебай(аз-кем ойланып тұрып.) Данышпан ғой Бекең, данышпан, данышпан!.. Бар бұйымы тығулы, малын ыдыратып болды, бәсе, кәнпескелегенде осының несін алады? (Ойланып.) Басқармасына барайын. Айқайға айқайды жалғайын: «Көрмегенім Бекболат болсын! Күлін суыру керек!» — дейін. (Күліп.) Мына толқып жүргендердің біразы осынымды есіткен соң, етегімнен ұстағанын сезбей де қалар бәлем! (Шығады.)

Шымылдық.

ЕКІНШІ СУРЕТ

Бір бөлме. Ортада үлкен үстел, ұзын орындықтар, үйдің төр жағындағы қабырғада түрлі ұран, көсемдердің суреттері. Есік жақ бұрынғы үстелдің тұсыңда «Колхоз басқармасының хатшысы» деген жазу, үлкен үстелдің екінші жағында кішкене бір үстел, оның тұсында «Колхоз басқармасының атасы» деген жазу. Шымылдық ашылғанда хатшы Досмағамбет жазу жазып отырады.; Ортадағы үлкен үстелдің жағалай Ержан, Жетпіс, Құсайын, Имаш, Иван отыр. Дәуіт үстелдің басыңда, көпке бетін беріп, газет оқып отыр. Басқалары оны ынтығып тыңдап отырады. Иван махоркеден шылым орап отырады.

Бірінші көрініс

Дәуіт (шымылдық ашылғанда дауыстап оқып отырады). Бай - құлақ — ауылдағы еңбекші кедей, батырақтың, орташалардың барып тұрған қас дұшпаны, ауылда мал шаруашылығының өркендеуіне бай-құлақ қаскүнемдік істеп, кедергі туғызып отыр; ескі шала бектік, рушылдық, ескі әдеттердің ауылда сақталуына. жан салып отыр; бай-құлақ өмірдің ақтық шегіне жеткенін сезген соң, ауыл арасында неше түрлі өтірік-өсек таратып отыр — міне, осының бәрін есепке алып, партия орындары қайта қарсы-аяусыз күрес ашуға ауылдың көпшілігін ұйыстыруы керек...

Тыңдаушылар (ынтығып). Е, е... (Жақындай түседі.)

Дәуіт (дауыстап оқып). «...Нақ қазіргі кезде ауылдағы баймен күресудің негізгі түрі — байды шектеу, оны қысу, жеке салыққа іліктіру; батырақтарға шектен тыс қарағаны үшін, малын, ысырап қылып бітіргені үшін тергеу-тексеруге алу; кеңес үкіметіне қарсы, ауылдағы еңбекшілер көпшілігіне қарсы қаскүнемдігін ашық жүргізуге кіріссе, мал-мүлкін кәмпескелеп, өзін жер аударуға шейін шара қолдану керек...»

Имаш. Жарысты басқармамыз ұйыстыру керек қой. Осылардың не бітіріп отырғанын білмеймін. (Жұрт хатшымен Жұманға қарайды.)

Иван. Әй, Жұман, сен неге атыңды саттың? Әй, тәйір алсын, тәйір алғыр!..

Имаш. Жұмекеңнің аузыңнан қымыздың дәмі кетпей жүрген кезі ғой.

Жұман (шіміркеніп). Имаш, шандуыңды қой, сен менен кедей болған жоқсың, сен де сауғансың биені.

Имаш. Саумадым деп отырған кім бар? Бірақ мен сен құсап малыңды тыққыштағам жоқ, сатып, сойып кеміткенім жоқ, бәрін колхоздың ортасына салдым.

Жетпіс. Тоқта, дұрыс... Атынды қымыз үшін сатқан бол, ал соқа-сайманыңды не үшін саттың? (Жұман үндемейді.)

Құсайын. Осы біздің басқармамыз не бітіріп отыр?

Имаш. Досанның мойын бұруға шамасы жоқ, мына хатшының бақылайтын жұмысы ғой.

Досмағамбет атынап). Имаш жолдас,сен өз жолыңды біл, басқарманың жұмысын сен міней алмайсың.

Иван. Подожди, подожди... Как-как мінемеске!.. Басқарманы кім сайлады?

Ержан. Бәсе!.. Осы жұрттың не боп кететінін білмеймін. (Бұлар өзара қызу сөзге кіріседі.)

Жұман (апалақтап). Досмағамбет! Мыналарыңның, сияғы қалай өзі?

Досмағамбет. Шулап-шулап басылатын әдеттері ғой, қорықпа.

Дәуіт (газетті тастап, орнынан тұрып). Қане, Иван, көрікті басамыз ба? Соқаны істеп бітіру керек қой. Досанның берген срогі бес күн екенін білесің бе?

Иван. Мойын үзіліп кетсе де, сол срогінде бітіріп шығамыз. (Буя да орнынан тұрады.)

Имаш. Қане, Ержеке, Жүсеке... Біраз тынықтық. Шалдар шау тартып кетті деп жастар мазақ қылып жүрер, жұмысқа барайық. (Иван, Дәуіт, Құсайын, Имаш, Ержан — бәрі шығады.)

Екінші көрініс

Жұман (сабырсызданып). Апырм-ай, бұл қалай болар екен?

Досмағамбет.Түу! Қызық екенсіз ғой қорқа беріп. Мал сатқан жалғыз сен бе, ешқайсысын Сібір айдаған жоқ қой.

Жұман. Қалқозынан шығарып тастап жүрмесе...

Досмағамбет.Саған тиіп қарасын: орташаны түрткіледің деп өздеріне пәле жабайық.

Жұман. Тимес дейсің бе? (Ойланып.) Менің басқа паналайтын кімім бар, әйтеуір, Кедебай бар, сен бар. Осы сендердің көлеңкеңде жүрген адаммын ғой.

Үшінші көрініс

Бір кісі кіреді. Досмағамбет жазумен болады. Жұман шығып кетеді.

Кісі (жақындап). Досмағамбет, мен саған келіп ем.

Досмағамбет. Айтыңыз.

Кісi (қойнынан қағаз шығарып береді). Жұмысым осының ішінде.

Досмағанбет. Мынауың латынша ғой, мұны кім оқиды? Аузыңмен айт!

Кісі.Әлгі мұғалімге жаздырып ем. (Отырып.) Менің кедей екенімді білесің ғой. Бір ат, бір бұзаулы сиыр қалқоздың ортасында. Бір тайыншам бар еді, оны қалқоз болмастан бұрын қатынның төркініне азаға салғам. Биыл тізбене де солай деп жаздырып ем ғой.

Досмағамбет. Жұмысыңызға келіңіз.

Кісі. Соған келе жатқаным ғой... Әлгі Әбді шіркін тіпті жыныма тигені. Жиырма пұт тұқым бересің деді, сөз айтпастан бердім. Тіпті Әбді айтпағанда да сол жиырма пұтты беретін ем. Енді келіп тұяқ дей ме-ау, мүйіз дей ме-ау, құрым киіз дей ме-ау тіпті басымды қатырғаны. «Мен кедей адаммын, байлардан ал» десем, «сен қарсылық істедің, пүртокол тұрғызам» деп дік-дік етеді. Сосын... Әй, бәлем-ай, енді басқарманы көрмей сенің айтқаныңды істей алмаспын деп бері қарай жүре бердім...

Досмағамбет (басын көтеріп). Отағасы, қазақшылықты енді қойсаңдар қайтеді? Жоспар берілсе, үкіметтің жоспары, Әбдіге не қыл дейсің?

Кісі. Үкімет кедейге сал деген бе екен?

Досмағамбет (қағаздарын қопсытып). Сөзді қойыңыз! Жоспарыңызды орындаңыз.

Кісі. Таба алмасам қайтем?

Досмағамбет.Табылады! Табылмайтын нәрсеге үкімет жоспар бермейді.

Кісі. Осы шырағым, өлсем де анығын біліп өлейін: «кедейден алынсын» деген қағазыңды көрсетші. Тіпті өлтіріп-ақ болдыңдар ғой...

Төртінші көрініс

Досан кіреді.

Досан. О не?

Кісі. Шырағым, өлтірсең өз қолыңнан өлтір, ана жоспарыңды орындай алмаймын.

Досан. Қайдағы жоспар?

Кісі. Жиырма пұт тұқым бердім. Ал басқа жоспарыңды орындай алмаймын.

Досан. Ол қандай жоспар? Ашып айтыңызшы!

Кісі. Менен тұяқпен мүйіз сұрағандарың ұят емес пе? Мен қалкоздарыңның қақ, ортасында отырған жоқпын ба? Қалқоздарың бастап ұйысқанда, айқай салып алдымен кірген мен емес пе ем? Е, тіпті...

Досан (хатшыға). Ол жоспарды кім беріп жүр?

Кісі (ашулы). Әбді деген бір иттерін, мүлде қуырып болды. Байдың үйіне жатып алып, тізесін бізге батырады. Тегіңді ұрайын, баяғыда молда болып педия алып жүруші еді.

Досмағамбет. Әбді емес шығар, өздеріңнің жиылыстарың салып жүрмесін.

Кісі. Ой, не дейді мынау? Мен қуыршақ дейсің бе?

Досан (ашулы, хатшыға). Қазір адам шаптырып Әбдіні шақырт, көрсетейін мен оған жоспарды! Иттің баласының істеп жүргенін... (Досмағамбет орнынан тұра бастайды.)

Кісі (көтеріп). Е, бэсе!.. (Досмағамбет шығады. Кісі басын шайқап.) Бала! Сақ бол! Осының өзі де алаяқтың тұқымы болатын. Арамызға от тастап жүрмесін... Орынбай үйде ме, оған да жолыға кетейін.

Досан. Жолығыңыз, үйінде.

Кісі. Жақсы. (Қоштасып шығады.)

Бесінші көрініс

Досан (үстеліңе отырып, ойланып). Апырм-ау, әлгілерге жоспар беріп жүрген кім? Сұмдық қой бұл! Әбді...Бәлем, сенімен түссің ісім! Көрдің бе мұны? Елді шулатып...

Алтыншы көрініс

Алтынай келеді.

Алтынай (күле келеді). Досеке, сенен сүйінші сұрайын деп келдім. °

Досан. Ие, айта ғой.

Aлтынай (үстеліне төніп). Пүлішпен кеше де сөйлесіп ем, бұған де сөйлестім. Мінезі жеңілдеу ғой байғұстың. Алданып қалған ғой. Бұрынғысындай шаптықпайды, босай бастапты. Өзін , баулып, үйірге қосып алайық.

Досан. Ал, оны маған қайт дейсің?

Алтынай (күліп). Сені қуантайын дегенім ғой.

Досан. Жарайды, сәлем айт: қуанып қалды де.

Алтынай.Қой, шырағым, тәлкекті. Өзіңе қайтадан қоса.

Досан. Е... Ақсақал бітіміне кірісіп жүр едім десейші.

Алтынай. Бетім-ау, енді қатыныңды қаңғыртып, Мамықтың қолыңда ойыншық қылып қоймақсың ба? Не жазығы бар: Адасқан шығар, қате кімде болмайды?

Досан. Жарайды, жөнге сал, адам қыл. Мен соныңа тілектес... Немене? Машинелеріңді құрдыңдар ма?

Алтынай (күліп). Сендер құрлы жұмыс істей алмайды дейсің бе? Қатындарды жинадым. Бірсыпыра үгіт айттым. Сауатын, сиырды күтетін бригадирлер сайладым. Қара шешейді машиненің басына қожа қылып қойдым.

Досан (күлімдеп). Е, бәсе... Бұрқыратшы сүйтіп... Орынбайға айттың ба, не дейді?

Алтынай (күлімсіреп). Кім сөйлескен соныңмен.

Досан. Е, неге сөйлеспейсің?

Алтынай. Күндіз барып сөйлессем жұмыспен барғанымды қайдан білсін, байына еркелеп жүр деп біреулер өсектеуден де тайынбас.

Досан (күліп). Түнде сөйлессең қайтеді?

Алтынай (күліп). Төсектегі әңгімеміз басқа болады ғой. Қой, мен кетейін, сүйінші бермедің ғой... (Алтынай шығады.)

Жетінші көрініс

Таяғын сүйретіп Көдебай кіреді.

Көдебaй (жайраңдап). Е, батырағым, жапырып жатырсың ба? (Отырып.) Осы социализмге тез жетер ме екенбіз?

Досан. Сізді кім білсін, өзіміз жетіп бағармыз ғой.

Көдебай. Е, о не дегенің?.. Сендердің жеткендерің менің жеткенім емес пе? (Көтеріліп қойып.) Осы, Досанжан, шындап бір сөйлесейікші: мені құбыжық көруді қашан қоясындар?

Досан. Қоярмыз деп уәде бермеген шығармыз.

Көдебай. Е, мен қалқоз емеспін бе?

Досан (тiке қарап). Болса ше?

Көдебай (төмен қарап мүсәпірсіп). Досанжан! Біле білсең, мен бір жаман ағанмың ғой: тентек те болған шығармын, тілім де тиген шығар, енді орталарыңа келіп отырмын, қатем болса кешіп, шүйіркелесіп неге жұмыс істемейміз? Мені де бір сынап көрсеші... Мені Бекболатты жақтайды деп өсектейтіндер бар көрінеді. Бір кездерде Бекболатқа ермедім деп айтпаймын, бірақ енді бөлініп отырмын. Мен «енді көрмегенім Бекболат!» деп отырмын.

Досан. Оныңызды немен дәлелдейсіз?

Көдебай (басын көтеріп алып). Шырағым Досанжан, осы сендерді сендіру үшін бар ғой, кедейлер жиылысына салып жіберіп, сол Бекболатты өз қолымнан кәнпескелеп берейін, риза боласың ба? (Досан басын шайқайды. Көдебай тіксініп қарай қалады.) Неге?.. Істемейді дейсің бе?

Досан. Әңгіме онда емес, Бекболатты сенің қолыңмен кәнпескелетпекші емеспін ғой.

Көдебай (күрсініп, көпке қарайды). Апырм-ай, осы ит бүлік шығарып жүрмесе игі еді?!

Сегізінші көрініс

Орынбай, Зәуре, Үсен кіреді.

3әуре (Досанның жанына келіп күліп). Колхозына ие бола алмай отырған басқарман мынау.

Көдебай (жайраңдап). Келін қарағым, тым қатты айтпа, Досан қайтсін, көпке топырақ шашсын ба. Менің тілімді алсаңдар, осы малын сатқан иттердін бірсыпырасын қалқоздан шығарып сотқа беріңдер, сонда тыйылады олар. ( Үсенмен 3әуре Көдебайға қарап сөйлесіп тұрады.)

Досан (Көдебайдың бетіне бажырая қарай қалып). Оларды шығарғанда қалқозда қалатын біз боламыз ғой, ә?..

Көдебай. Шырағым, Досан-ай, маған дегенде әйтеуір бір жібімей-ақ кеттің-ау...

Орынбай. Көдеке, сіз бара тұрыңыз.

Көдебай (бажырайып қарап, сүйретіліп шыға беріп, көпке). Апырм-ау, осылар неткен болады? Қырын сындырып, соңыма ертем бе десем, бұлар шымырлана түседі. Уа, тоба!.. (Басын шайқап, шығады.)

Тоғызыншы көрініс

Орынбай (Досанға қарсы бірсыпыра отырып). Ay, сен неден божырап жүрсің? Сені неден құдай ұрды? Колхозды басқарғанын қайсы? Колхоз ісінде орнатқан тәртібін қайда? Колхозшыларды тәрбиелегенің қайсы?.. Партия орны сені колхоз басқармасына аға қылып сайлағанда, екі қолыңды қусырып қарап отыр деп пе еді?.. Жалғызбын дейтін емессің, көмегіне партия мүшелері бар, комсомолдар тобы бар. Тізе қосып отырып жұмысты бұрқыратпас па? Шабуылға қарсы шабуылды күшейтпес пе? Масқара ғой тіпті... Менің кеткеніме он төрт күн екен. Соның ар жағында сүттей ұйып отырған колхоз еді, бүгін келсем адам шошырлық: малдарын сатып, сойып, соқа-сайманын бүлдіріп, бірсыпырасы қолхоздан шығамыз деп әлекке түсіп жатыр.

Досан. Маған қайт дейсің, байлардың ісі...

Орынбай. Е, сенің ісің қайда? Байларды неге ерікке жібересің? Колхозшыларға байлар құрлы сөз тыңдата алмағаның ба?.. (Досан үндемейді. Орынбай Зәуреге.) Әбдіні өкіл қылып шығарған сен бе?

3әуре. Мен ем, бірақ ол иттің бүйтіп бүлік салатынын кім білген? (Күлімсірейді.)

Орынбай (Үсенге). Сен өкіл қылуға Нұрыштан басқа комсомол таба алмадың ба?

Үсен. Табылғанда... Комсомолдың қайсысы қарап отыр, тегісінен науқанда. 

Орынбай. Мен саған ылғи айтпаушы ма ем: осы Нұрышың адам емес, осыны байқа деп... Әй, әйтеуір... (Кішкене ойлап.) Былай, бүгін кешке ячейканың жиылысы болады. Соған Зәуре, Досан, Үсен — баяндамаң қойылады. Әзірленіңіздер. Осы бейқамдықта жетер. Бұдан әрі төзуге болмайды...

Оныншы көрініс

Қысқы киімді, портфель ұстап өкіл кіреді. Бұлармен қол ұстасып амандасады.

Өкіл. Уа, хатшысы қайсыңыз боласыз?

Орынбай. Мен болам. Өзіңізді танымадық.

Өкіл. Мен ауданнан шықтым, фамилиям — Махмудов.

Орынбай. Ә... Махмудов жолдас! Райком инструкторы екенсіз ғой... Жаңа келдіңіз ғой... Бұдан былай таныс болармыз...

Махмудов. Ал, жұмыстарың жақсы ма?

Орынбай (күліп). Сол туралы жаңа сөйлесіп жатыр ек. Мынау Досан дейтін батырағымыз, колхоз басқармасының ағасы, мына кісі ауылдық кеңес атасы: мынау жастар ұясының хатшысы. .. Өзім, он-он бес күн болды, шеткі бір колхозымыздың жұмысы нашар болған соң, сонда кетіп ем, бүгін ячейка жиналысы болады, осы үшеуінің де баяндамасы қойылады. Жалпы жұмыспен сонда танысармыз... Жүріңіз, біздікіне барайық... (Өкіл, Орынбай, Үсен үшеуі шығады.)

Он бірінші көрініс

3әуре (күліп). Ал, Досан, енді қуырады бізді.

Досан. Қуырғаны жақсы. Райком адамы жақсы келді, жұмысымызды бір жөндеп берер. Пысымасақ, оңбаймыз. Орынбайдың ашуланатын жөні де бар... Сол кеткеннен бері жұмысымызды салақсытып алғанымыз рас. Осы Көдебай иттің қарасын батырсақ екен, менің берекемді алған сол. Көдебай араласып жүрген соң мүлде енжар боп...

Он екінші көрініс

Сұрланып Әліш кіреді.

Әліш (сөйлей кіреді). Иттен туған, сенін малайың бар деп пе ең? Баланды ырылдатып... мен отырсам бағып... (Зәуре елемеген болады. Досан тіксіне қарайды. Төне түсіп.) Жүр тез

3әуре. Бара алмаймын, жұмысым бар.

Әліш (қалшылдап). Әй. сен өзін кімге айтып отырсың?

3әуре (басын көтеріп). Саған айтып отырмын, саған! Әлішке... Жаманғұл баласы Әлішке. Енді түсінген шығарсың?

Әліш. Ойбай-ау, мына тегіңді... (Ұмтыла берем дегенде Досан сыртынан қапсыра құшақтайды.) Он, жібер деймін! Жібер! Жібер, ойбай, қолында өлемін!

Досан. Әлеке! Бұл кеңсе. Бұл төбелестің орны емес. Өзің бері жүрші... (Есікке қарай итереді.)

Әліш (тіресіп). Әй, Досан, сен менің жыныма тиме! Сенің де істеп жүргеніңді білем. Жібер қолымды!

Досан. Әлеке! Сені мен де білем. Сенің қайда барып жүргеніңді де білем. Бекболаттың үйінде жасырын жиылыста болғаныңды да білем. Зәурені өлтірмек болғаныңды да есіттім.

3әуре (шошып). Бетім-ай, Әлеке... не дейді? (Тіксіне қарайды, Әліш бәсеңсіп қалады.)

Досан. Осыным шын ғой, Әлеке, ә? (Әліш төмен қарайды) Тап осы жерің жалпақтау-ау, Әлеке, өзін, байқамай жүрсің ғой деймін. Бері жүрші, екеуміз оңаша бір сөйлесейік. (Досан есікке апара бергенде.)

3әуре. Досан-ау, әлгі айтқаның рас болса, онда бұған ем қонбайды, әуреленбе.

Досан. Жоқ, ем қонады. Әлекен емделуге тиіс. Әлекеңді емдейтін құдіретім бар. (Әлішті ертіп шығып кетеді. Бірсыпыра ойланып, қынжылған пішінмен Зәуре де шығады.)

Он үшінші көрініс

Аздан кейін Демесін мен Досмағамбет кіреді.

Демесін (ентігіп сөйлей кіреді). Одан айырылсақ бүлінеміз.

Ол ит, ол бір ағытылса, бетің бар, жүзің бар демейді... Ол біздің не істеп жүргеніміздің бәрін біледі.

Досмағамбет. Сен саспашы, адамның дәкпірің алдың ғой. (Отырып.) Солардың айтқанына ере қоятынын қайдан білдің?

Демесін. Әлішті ермейді деп отырғаның ба? Ол қайбір табанды адам еді? Биыл соны ішімізге алмай-ақ қояйық дедім. Осындай бір бүлік шығаратынын сезіп ем.

Досмағамбет. Асықпа, дереу бір адамды жансыз қылып жібер, не сөйлеп отырғандарын тыңдасын. Егер аналарға еріп кететін болды бар ғой, онда біз де аянбаспыз. Тез хабарын жеткізерсің.

Демесін (кейіп). Құдайдың құдіреті, сол итті үйір қылып... (Шығады.)

Он төртінші көрініс

Досмағамбет (қағазын қопсытып отырып). Райкомадамы... (Күрсініп.) Апырм-ай, тым ертерек келді-ау. Бұл қайтер екен?.. Әбді мәселесінің де нақ осы кезеңде көтеріле қалғаны. (Күлімдеп.) Бірақ Әбді мәселесінен бұлар бәйге алып шыға алса... Тұзақты өздерінің мойнына іліп қойып ем ғой.

Он бесінші көрініс

Көдебай келеді.

Көдебай (отырып). Ay, Әбдіні шақыртқаны қалай? Досмағамбет. Досан жазалаймын деп жатыр. Көдебай. Е,түнеугүні айтқанды істемеп пе ең? Досмағамбет. Істелген. Менен жұмыс қала ма.

Көдебай. Ендеше?..

Досмағамбет. Шақыртып алсын. Досанның өз мойнына іле саларсыз.

Көдебай (күлімдеп). Бәсе...

Досмағамбет. Әлгі Әліштің былғаңдап жүргенін есіттіңіз бе?

Көдебай. Ешқайда бармайды, қорықпа. Мамықты жібердім, үйге шақыртып алып сөйлесемін. Кетпейтін қылып аяғын шырмаймын. Оның амалы қолымда... Өзің отырма, райком келіпті ғой, соның маңында бол не айтар екен? Ыңғайы қалай болар екен? Күн бұрын біліп отырайық. Ел өз қолымызда. Шайқап қалу керек! Әбдіні сөз қылғандары жақсы. Қалқозшыларға жоспар бер» деген қағазға Досанның қолын қойдырған болсаң, осы райкомның алдында соны мойнына сал. Куә керек болса, мені, Демесінді, тағы біреулерді көрсет. Мүдіретін жердің бірі осы; енді қапы болма...

Шымылдық.

ҮШІНШІ СУРЕТ

Колхоз басқармасының үйі. Шеткі үстелде Орынбай, оның жанында Махмудов. Ортадағы үлкен үстелді жағалай отырған: Зәуре, Алтынай, Үсен, Досан, Дәуіт, Жетпіс, Досмағамбет, Ержан, Таңатаров (комсомол.) Тағы бір-екі комсомол. Шымылдық ашылғанда Досан сөйлеп тұрады.

Бірінші көрініс

Досан. Мен өтірігіңді білмеймін. Мен шынын айтам. Райком өкілі жолдастың айтқанының бәрі рас: оңшылдықта бізде, байшылдық та бізде. Соның бәрі бізде. Байта қарсымыз деп құр айқай сала беріппіз, бірақ соңымызды іспен көрсетпеппіз. Мына жолдас Махмудов дұрыс айтады... Мен биыл Көдебайды колхоз маңына жуытпайық дедім. Көдебайдың жайын осы отырғанның бәрі біледі. Сонда «алу керек» деп өршеленген мынау Досмағамбет.

Досмағамбет. Бәрін де маған жауып қал.

Досан. Жабатынын жабармыз. Шын коммунист болсаң, қатанды мойныңа ал. Аталас деп бүйрегіңнің бұруы рас. Оның несін жасырасың?.. Бұл қатадан біздің Зәуре жеңгей де сау емес, Көдебайды алуда ол кісінің де ымырашылдығы болды. Сосын... әлгі Әбді туралы. Әбдінің елге істегенін айтып, жағаларыңды ұстап отырсыңдар. Әбдінің кім екенін бәрің де білесіңдер: ол бұрынғы Бекболаттың молдасы, ол Бекболаттың қарғылы тазысы! Соған адам жұмыс тапсырар ма? Зәуре соны елге шығарайын деп жатқанда, мен ойбайды салғам... Осыным өтірік пе еді, Зәуре? (Зәуре үндемейді.)

Досмағамбет.Тым ақтала берме, өзің де себеп болғансың.

Досан (тіксіне қарап). Не үшін айтып отырғаныңды білем. (Сөзіне кірісіп.) Сосын мына кісінің: «Көпшілікке басшылық жұмысы көңілдегідей болмаған» дегені дұп-дұрыс. Дұрыстап бастасақ, осылай болар ма еді?.. Кеше өз еркімен таласып кірген жұрт еді, бүгін жоқты сылтау қылып бірсыпырасы толқып тұр...

Орынбай. Қорытып айт.

Досан. Қорытып айтсам, Бекболат, Нұрымдарды кедейлер тобының қаулысымен жөндеу керек. Колхозға тазарту жүргізу керек. Көдебайлар колхоздың маңынан жүрмейтін болсын!

Орынбай. Тағы кім сөйлейді?

Досмағамбет (сөз алып). Жолдастар! Махмудов жолдастың сөзіне мен түгелімен қосылам: байларды, атқа мінерлерді аластау керек! Бірін қалдырмау керек!

Досан. Кім екенін атап айтшы.

Досмағамбет. Атап айтпаған жерім жоқ, мен ылғи айтып келем. Әлдеқашан соларды бітіру керек дегем. Ымырашылдықтан біздің басқармамыз да cay емес. Досан жолдас біреуді кінәлап сөйлеуге ғана шебер. Бекболатты кәнпескелеу керек деп мен әлдеқашан айтқан жоқпын ба?

Досан. Қашан айттың екен ойлашы?

Досмағамбет. Әбдінің күнәсына Досан да ортақ. Әбдіні мен ақтамаймын. (Жұрт бажырайып қарап қалады.) Бірақ осы жолы ол өз бетімен жұмыс істеген жоқ, Досанның көрсетуімен істеді.

Досан. Әй, сен шатасып тұрсың! Мен жоспар бер деп айтыппын ба?

Досмағамбет. Айтқан шығарсың, ұмытпа. Ауызбен де айтқан шығарсың, қағазбен де айтқан шығарсың. Оның бәрі де анықталады ғой...

Досан. Ay, мынау ит не деп тұр?

Досмағамбет. Менің айтатыным: байларды, байшылдарды, олардың ымырашылдарын құртпай, солардың тамырына балта шаппай, біз көз ашпаймыз! Құрысын жауыздар!.. (Орнына отырады.)

3әуре (сөз сұрап алып). Мына кісінің (Махмудовты көрсетіп) айтқан сөзінің бәрі рас. Бізде кемшілік көп болды, енді соны жою керек. Сосын, жаңа мына хатшының сөзі... Әбдінің күнәсына Досанды ортақ деуі барып тұрған жала. Досан ондай нұсқау берген жоқ.

Досмағамбет. Асықпаңыз, документтен анықтармыз.

3әуре. Қой, өтірікпен қаралама. Сондай сөзді ауызың барып неғып айтасың? Байларға жоспар бер десе, оны қысып орындат десе ол өз алдына, үйтіп нақақтан күйдірмеу керек.

Үсен (сөз алып). Досан аға бәріміздің ортамызда жүр. Бізбен кеңеспей жұмыс істеген жері жоқ. Досмағамбеттікі шыли жала. Документ дейді... Онысын да көрерміз. Осы айтқаны қызық. Өзін тез зерттеу керек: кімнің қолымен жазылды екен? Мұнда бір үлкен сыр болып жүрмесін?! Сосын... Комсомолдар ұйымы бұл науқанда өз міндеттерін бірсыпыра орындаған болды. Әрине, кемшілік те жоқ емес... Әйтеуір, партия ұясының басшылығымен істеп отырдық: байлардың өтірік есегіне қарсы үгіт жүргізуде, тұқым жинауында, коллектив жұмысын оңдасуда біз партия ұйымынан қолқанаттығымызды аяғамыз жоқ, бұдан былай да партия басшылығында отырып, Ленин комсомолы өз міндетін орындауға тырысады деп сенім берем. (Отырады.)

Алтынай (сөз алып). Мына қисық аяқтың (Досмағамбетті көрсетіп) айтып тұрғаны мүлде өтірік. Досан байғұсты дұрысына күйдірсейші. Бетім-ау, Досан тірі болып кедейді қыспаққа салушы ма еді?

Досмағамбет. Құрдасың ғой, қортап қал.

Алтынай (қыза). Қорғамай... Байлардың қолына құрбандыққа шалғызар деп пе ең? Жергөкте соғып кеткен тәлтік молда емес пе еді, оның ісін Досанға таңып...

Орынбай.Жарайды, болдың ба?

Алтынай (Орынбайға). Байғұс-ай, не болды? Айтайын деп тұрған сөзімді ұмыттырдың ғой... (Жұрт күледі.)

Ержан. Келін, байлар туралы айт!

Алтынай. Байлардың бізге көрсетпегені жоқ. Өткен өмірімізге құлдығында келгеміз. Енді қарасын батырыңдар! Аттарын атамаушы ем, енді атайыншы: Бекболатың, Нұрымын, Көдебайын, ана мырзасын, Есен ақынын — біреуінде қалдырмау керек. (Жұрт қол ұрады, Алтынай отырады.)

Орынбай. Басқа сөйлеуші жоқ қой? Қорытынды сөз жолдас Махмұдовқа беріледі.

Махмудов. Жалпы жұмыстарыңызбен таныса келе мен мынадай қорытындыға келдім: бірсыпыра табыстарыңыз бар: колхоз ұйыстырыпсыңдар, егіске әзірліктерің жаман емес, кедей батырақтардың арасынан жақсы-жақсы белсенділер шығарыпсыңдар... Бірақ мұнымен қанағаттануға болмайды. Осы басталған жұмысты терендету үшін жұмысқа больщевиктік жігер, екпін беру керек; бұл жөніндегі партия нұсқауын толық жүзеге асырып, осының маңына көпшілікті үйірілте білу керек... Мен бұл ауданға жаңадан келген адаммын ғой. Жаңа танысып отырмын: жұмыстарыңызда бірсыпыра ірі саяси кемшіліктер бар. Байға салған жоспарды қысып, оларды ауыздықтай білу, олардың үгітіне жол бермеу, жұмысқа кедергі туғызса, кедей-батырақ жиылысының қаулысымен олардың қылмысын ашып, көпшілік арасында түсінік беру — міне, осы сияқты керекті жұмыстардың бәрі де бір түрлі босаң, тарқау қала берген... Осының салдарынан колхоз арасында толып жатқан көңілсіздіктер, бұлтақтаулар туып отыр. «Санын қума, сапасына көз сал», — деп партия ерте-ақ айтқан. Он шақты үйді Көдебай колхозға жібермей отыр екен деп, соның үшін әйгілі атқамінерді колхозға алу барып тұрған саяси қате! Бұл қатесін колхоз басқармасы тезінен жөндеу керек. Баймен ауыл үй отырып жұмыс істеуге болмайтындығын, қайта шабуылды күшейтудің керектігін міне осыдан білесіздер. Кедей - батыраққа басшылықты күшейтіңдер! Олардың арасында тәрбие жұмысын күшейтіңдер! Өз қатарларыңды да абайлаңдар: байлардың агенті кіріп кетіп іріткі салып жүрмесін. Байшылдықпен, оңшылдықпен, ымырашылдықпен аяусыз күресіңдер! Большевиктік қырағылықтарыңды күшейтіңдер! Сөз ақырында айтатыным — Әбдінің күнәсына ортақ деп мына жолдас Досан туралы бір нәрсе кеңірсітті. Мұны тез анықтаңдар. Іштеріндегі хатқа жүйрік, интеллигент пішінді осы хатшыларың көрінеді. Бұл кісінің қандай дәлелі бар екен. Досан шынымен кінәлі ма — мұны партия ұясы тез ашу керек!.. (Отырады. Қол шапалақтау.)

Екінші көрініс

Әліш ( күлімдеп Зәуренің жанына келіп). Баланы емізіп бересің бе?

3әуре (баланың бетін ашып, күліп). Қазір тараймыз, үйге барған соң емізермін... (Баласына сөйлеп тұрады. Әліш Досмағамбетке қарай қалады.)

Әліш (Зәуреге). Досмағамбет те сендердің партия жиылыстарында бола ма?

3әуре. Партияға кандидат қой, неге болмасын.

Әліш. Ым-м-м... (Басын шұлғиды.)

3әуре(Әлішке қарай қалып.) Неге?

Досмағамбет қағаз жазып жатқан күйі басын көтеріп, сұрланып Әлішке қарайды. Бәрі де шығады. Әліппі қолтықтап Зәуре де шығады.

Үшінші көрініс

Досмағамбет (басын көтеріп, күрсініп). Күрестің күштісі, енді басталды. Жеңілсек мерт болғанымыз. Ә, Әліш ит! Ішімізге, кіріп алып... Енді көрдің бе? (Ойланып.) Жоқ, Көдекеңе жолықпай болмайды. Бұл асқынатын әңгіме. Бұл қаулайын деп тұрған өрт! Мұны сөндірмесек, өлгеніміз!.. (Асығып шығады.)

Шымылдық.

ТӨРТІНШІ ПЕРДЕ

БЕСІНШІ СУРЕТ

Сәуір іші. Іңір. Ауылдың қотаны. Сахнаның төрінде сарайдың есігі. Аузында құлып. Сараңның бір жағыңда трактор, соқа, сайман; екінші жағында қаптаған астық, тұқым тазартқыш, шымылдық ашылғанда сарайдың алдында үстел қойып Демесін отыр, алдыңда шот; оң жағыңда телміріп Көдебай отыр. Екеуі қызу сөйлесіп отырады.

Бірінші көрініс

Демесін мен Көдебай.

Көдебай. Сен қорықпа. «Балта көтергенше, дөңбек жол табады» деген. Қазір партиясы болып жатыр. Кешке кедейлер тобының жиылысы. Бекболат пен Нұрымға түйлітетін түрлері бар, кәнпескелей берсін. Бірақ тұқымы төленбесе, соттап жібереді.

Сотқа ілінбейтін қылайық: «тұқымын төлеп бітірді» деп справка бер. Есеп өз қолында, несінен қорқасың? Құдай сәтін берсе, бір жөні болмас па екен. Калқоздан шығуға ерікті дегенді естіп жұрттың өзі кешеден бері толқи бастады ғой, сәті болса, тоз-тозын шығарып жіберуден де тайынбаспыз... ондай күн болса, сенен есеп алатын кім бар? Сүйт, білдің бе?

Демесін. Апырм-ай, Көдеке... Осындай қысатыныңызды біліп ем... бүйтетін болғанда түнеугі астықты бекер тараттық.

Көдебай.Сөзді қой. Жетеді. (Күлімсіреп.) Одан зиян көрдің бе: сол астықты сатып үй ішің мұздай киініп алды. Мұндайда бүркей алмасақ, біздің адам болғанымыз қайсы?.. Сарайдың кілтін оқта-санда Ержан мен Құсайынның қолына беріп қой, қысылсақ соларға жаба салармыз.

Демесін. Солай-ау... Әйтеуір, сізге сүйеніп істеп жатырмын...

Көдебай. Істей бер. Досанның мүдіртуге жақындаттым. Амандық болса, Сүйіндік қара тұқымын колхоздан ысырып шығарып, тізгінді Досмағамбеттің қолына алып беремін. (Көдебай кетеді.)

Екінші көрініс

Демесін (шотты қағып отырады). Күркебай жиырма бес пұт астықты берген жоқ, оны берді деп жаздым. Жиырма бес пұт кел... Мына Бекең мен Нұрымның толтырмағаны жүз отыз пұт. Мұны қосқанда болады — жүз елу бес пұт. Қырық пұт астықты Кәстекеннің базарына жөнелттік, мұны қосқанда болады — жүз тоқсан бес пұт, төрт пұт бидайды Көдекеңе бердім. Сонда болады жүз тоқсан тоғыз... Биқасап та үш-төрт пұт астық бар деп еді. Өзі тым көбейіп бара жатыр-ау... (Ойланып.) Қалай болып кетер екен... Достасқан адамын Кедекеңнің орта жығып кететін де өнері болушы еді. Біреу айтып қойса ғой, күл-талқаным шыққаны... Екі-үш күннен бері Досан маған оқты көзін қадайтын болыпты. (Ойланып, жігерленіп орнынан тұрады.) Боқта қыла алмайды. Досан алдымен өз басын аршып алсын. Көдекең тұзақты сала біледі... Тұқым жиналғалы Ержан мен Құсайынның қолына бес-алты рет сарайдың кілтін бердім. Өлсем соларды бірге ала кетем... (Кінешкесін қойнына тығып, шығады. Сахна бірсыпыра бос. Мамық, Ырысты, Қалампыр келе жатады. Қалампыр мен Ырыстының қолында шелек.)

Үшінші көрініс

Мамық, Ырысты, Қалампыр.

Ырысты. Солай ма екен, шешей-ау?

Мамық. Осыларды басқаратын бір үлкен төресі бар екен ғой, сол айтыпты дейді: «қазақтарды салхоз бол деп қыспасын» деп айтыпты дейді; «қазақтардың дініне тимесін» деп айтыпты дейді; «оларға тиген адамды ұстап түрмеге жапсын» деп айтыпты дейді... (Тыржиып.) Осындағы кәмөнес болғандар қысылып жатыр білем... (Дәрікүл келе жатады. Мамық сөзін бөліп, шеттей береді.)

Төртінші көрініс

Дәрікүл (Мамыққа қадала қарап). Сен қатын мұнда қайдан жүрсін?

Мамық. Байғұс-ай, қойшы, абысын-ажын емес пе ек, мені көрсең кірпідей жиырылып боласын.

Дәрікүл. Керек емес сөзің! Сен бір қай дұрыстыққа жүруші ең? Тағы бір пәлені еккелі жүрсің ғой...

Мамық. Мен екпесем де егілер.

Дәрікүл. Егілмейді! Еккізбейміз!.. Үйтіп пәле егуіңді қоймасаң, күліңді көкке ұшырамыз, білдің бе?

Мамық. Қойдық, қойдық... Сенімен сөз таластыратын заман қайда!

Дәрікүл (Қалампырға үйіріліп). Суға бара жатыр ма едіңдер, жүр, мен де бірге барайын... Балалар бәстесіп жұмыс істеп жатыр. Менің Дәуіт қарағым, сенің байың, Иван үшеуі темір соғып жатыр. Оларға да барамыз. (Үшеуі сөйлесіп шығады.)

Бесінші көрініс

Мамық (бұртиып). Осы салдақы-ақ өрісімді тарылтып болды-ау. Менің жүрген жерімді аңдитын болыпты... (Ызаланып.) Менен асып түскенін көрермін!.. (Көтеріле түсіп.) Ол күң болып жүргенде, мен Мамық бәйбіше атанған кісімін. Қырқылғыр тілім қырқылмаса талай саққа жүгіртермін әлі! (Ақсаңдап шығады. Сахна бос. Жұмыс істеп жатқан адамдардың шаң-шұң даусы. Шақылдаған балға... Мөңіреген сиыр. «Ауқаулаған» әйел...

Көп адамның қосылып айтқан әні.)

«Большевиктік егіске аттанамыз,

«Большевиктік егіске аттанамыз,
«Шын большевик, ер» деген атты аламыз.
Тап майданын күзетіп кірпік қақпай,
Тап жауына шабамыз, сақтанамыз.
Бай-құлақты аластап малша қуып,
Майдандастықтап болып белді буып,
Біздің қатар — болаттай берік қатар,
Қолыңды тарт: қанды қол, келме жуық!..»

Сахна сыртында дабырлаған сөз, күлкі, сахнаға жұмыстан қайтқан колхозшылар шығады: Досан, Үсен, Дәуіт, Ержан, Жетпіс, Алтынай, Дәрікүл, Қалампыр... Досан бәрінің ортасын да, сөйлесіп, өзара күлісіп шығады.

Алтыншы көрініс

Досан (дауыстап). Жігіттер! Мен сендерге бірдеме айтпақшы ем-ау... Осы ғой біз етек-жеңімізді жинадық, енді сүрінбей жұмысымызды аяқтап шығамыз ба?

Дәуіт. Е, ол не дегенің? Жетпіс. Сен осы сондай сөзіңді қойшы. Ержан. Е, бәсе...

Досан. Ендеше, жұмысымызды орындап шығатындығымызды айтып партия мен үкіметке серт берсек деймін.

Бәрі. Береміз сертті, береміз!

Досан. Сен, қарағым, әлгі қағазды оқышы.

Үсен (ортаға шығып қағазды алып оқиды): 

РАПОРТ

«Алматы, Крайком мен Совнаркомге

Біз, «Исаев» атындағы колхоз, большевиктік егіске шық большевикше әзірлік істеп, жоспарымызды артығымен орындап шығатындығымызға партия мен үкіметті сендіреміз. Тап жауына қарсы аянбай күрес салып, барлық жұмысымызды «Бес жылдықты төрт жылда орындау» ұранымен атқарамыз. Осыған сертімізді береміз.

Колхоз басқармасының атасы: Досан Қалабаев».

Бәрі (алақан ұрып). Дұрыс!.. Дұрыс!.. Береміз сертті!

Алтынай. Ay, құр серт береміз дегенше, қалай орындайтындарыңды айтсаңдар болмай ма?

Ержан. Бәсе, сол дұрыс болар еді-ау.

Үсен. Алтынай жеңешем тауып айтты: біз осыған «өзімізді екпінді деп жариялаймыз» деген сөзді қосайық. Қанша тұқым жинағанымызды, қанша күшіміз барын — бәрін де атап жазайық.

Дәуіт (қолын көтеріп). Ау, ендеше бар ғой, екпінді бригад құрайық, соны да жазыңдар.

Бәрі (дауыстап). Дұрыс, жазыңдар!

— Екпіндіге мені жазшы!

— Мен де жазылам!

— Мен де!

— Менде! (Дабыр сөз, күлкі.)

Досан (дауыстап). Ay, бүгін күзетке кім тұрушы еді?

Дәуіт. Бүгін Әлекеңнің кезегі.

Досан.Әлеке! Әлеке! (Жымың етіп Әліш кіреді. Жұрт күліп қарап тұрады.) Бүгін сіздің кезегіңіз дейді, күзетке шығарсыз.

Әліш. Мен дайын, қарақтарым, жаман ағаларыңды жөнге салып, пайдаланыңдар.

Досан (күлімсіреп). Дәуіт! Әлекеңді ертіп апарып, қолына мылтық бер. Қалай күзететін тәртібін үйрет.

Дәуіт. Жүр, Әлеке! (Буя екеуі шығады. Өзара сөйлесіп басқалары да шығады. Сахна бір сыпыра бос. Досмағамбетті opтаға Кедебай мен Демесін келеді.)

Жетінші көрініс

Кедебай, Демесін, Досмағамбет.

Көдебай (ынтығып қарап). Ал, не айтты дейсің?

Досмағамбет( сылқ етіп үстелге отырып). Сұрамаңыз, жаман, біз бүлінетін шығармыз! (Басын көтеріп.) Бекболат пен Нұрымды конфискелеп, сотқа бермек... (Көдебайға.) Сізді, мына Демесінді колхоздан шығармақ... Әбдіге жазған қағазды менің мойныма аударатын...

Көдебай. Айтпадың ба? Досанның қол қойғанын мойындатпадың ба?

Досмағамбет. Әңгіме қолда емес. Менің сіздермен араласып жүргенімді біреу айтып қоймаса деймін.

Демесін. Ол қандай ит екен?

Досмағамбет. Ол — Әліш болу керек!

Көдебай. Демесін (бірден) Әліш?.. (Бір-біріне қарайды.)

Досмағамбет (Демесінге). Сені тұқым ұрлап сатты деп айтыпты....

Демесін. Қап, тегіңді ұрайын-ай!

Көдебай. Әліш... Әліш... Апырм-ай, кеше ғана сөйлесіп ем... Не болды. Тоба?!. (Басын шайқап тұрады.) Жүріңдер, Бекене жолығып көрейік. Жан алқымға келіппіз ғой, енді не тұрыс бар?!. (Ең алдында Көдебай, үшеуі бірінің артынан бірі шұбап сахнадан шығады.)

Шымылдық.

ЕКІНШІ СУРЕТ

Бірінші суреттегі сахна. Шымылдық ашылғанда винтовканы асынып, сарайды қарауылдап, Әліш ерсілі-қарсылы жүреді.

Бірінші көрініс

Әліш (сахнаның орта шеніндегі орындыққа отырып, мылтықты қолына алады. Айналдырып қарап, күлімсіреп). Қызық-ау өзі! Менің де мылтық ұстағаным-ау, ә? Осыны қалай атуын мана үйретіп жатыр еді-ау... (Құлағын ұстап қарайды.) Жасаулы тұр еді, атып алар ма екем?.. (Құлағын қайырып, қайта жабады. Кенет ойланып.) Ойпырм-ау, құлағын ашса оқ өзегіне барып үлгіреді деп еді. (Шүріппесін басып.) Мынаны тартып қалсам ғой, гүрс ете қалады. (Жан-жағына қаранып.) Мықты жанжал болды-ау, мұны кімге дұрыстатып алсам екен? (Дауыстап.) Кім бар, әй?!. Бері келіңдерші.

Екінші көрініс

Дәуіт келеді.

Дәуіт. Жай шақырдыңыз ба, Әлеке?

Әліш (күлімсіреп). Ойбай-ау, мынауыңды бүлдіріп алдым ғой, оқ өзегіне кетіп қалды.

Дәуіт (күліп). Әлеке-ау, аңқаулықты тастасайшы енді. (Оғын жөндеп беріп жатып.) Мылтықты атуды үйреніп алыңыз, әлі талай күзет кездесер.

Әліш. Үйренем ғой, қарағым. Бұрын қолға ұстауға қорқушы ем, енді ұстап тұрған жоқпын ба?

Дәуіт. Мен азырақ ұйықтап келейін, сосын сіздің орныңызға тұрармын. (Кетуге ыңғайланады.)

Әліш. Әй, ұйқың қанады ғой, азырақ, әңгімелессек қайтеді?

Дәуіт. Не туралы? (Күлімсіреп тұрады.)

Әліш. Не туралы дейсің, бе? Өзің бері келіп отыршы... мына жерге отыр. (Дәуіт жанына келіп отырады.) Осы біз ғой қалкоз болып жатырмыз. Түбінде осы біз не боламыз?

Дәуіт. Біз бе? Біз қазір бірлесіп шаруашылық жүргіземіз. Шаруашылығымызды білімнің жаңа жолына саламыз. Сүйтіп, өсіп, күшейе келе коммуна боламыз.

Әліш. Е, коммуна боламыз дейсің бе? Оның қалай болғаны?

Дәуіт. Коммунаны көріп келдім ғой. Шын тұрмыс әне, солардікі! Ойпырм-ай, көрсең, таңданасың: мыңнан аса адам бірігіп еңбек сіңіріп отыр. Қабат-қабат салып тастаған үйлер, ұзыннан-ұзақ созылған малдың сарайлары. Малдарының бір-біреуі үш-төрт мың сом тұрады. Машина дегеніне көз тұнады: трактор дейсің бе, комбайн дейсің бе...

Әліш. Е... Міне, қызық!.. Әлгі комбайының не, о да трактор ма?

Дәуіт. Комбайн дейтін машиненің ең ірісі. Ол егінді әрі орады, әрі баулайды, әрі басып, қапшыққа салып береді.

Әліш. Ойпырм-ай, ә... Біз көрмеген қызық көп екен ғой.

Дәуіт. Еңбек сіңіре берсек, біз де жетеміз соған!

Әліш. Солай-ау, а? Соған жетсек екен! (Ойланып.) Әй, мен бірдеме сұрайын, айтасың ба?

Дәуіт. Айтайын.

Әліш. Бірақ сен шыныңды айт.

Дәуіт (күліп). Әлеке-ау, мен сізге өтірік айтамын ба?

Әліш (жақындай түсіп). Әлгі... (кідіріп) әлгі... «нөмір» деген не, сол бар ма екен онда?

Дәуіт. Қонақ түсетін бе?

Әліш. Жоқ, тәйірі, әлгі... Әйелдерді нөмірлеуді айтам.

Дәуіт (қа-қа-қалап күледі). Ойбай, Әлеке-ау, әлі нанып жүр ме едің? Ол байлардың әдейі таратып жүрген өсегі еді ғой.

Әліш (күлімсіреп). Өзі шын солай ма екен?

Дәуіт. Ойбай-ау, тіпті бала нанбайтын сөз ғой.

Әліш. Ылайым солай болсыншы. (Күлімсіреп отырып.) Әй, мұны сұрағанымды сен біздің үйдегі жеңгеңе айтып қойып жүрме, ел есітсе, мазақ қылып болады. (Ойланып.) Сен қалай қарайсың: мен осы партиясына да кірсем бе деп жүрмін.

Дәуіт. Мұның тапқан ақыл, Әлеке, Зәуре де партия мүшесі. Бірге жүріп, қол ұстасып жұмыс істейсіңдер.

Әліш. Солай ма? Менің ақылым түстен кейін енетін адаммын ғой. Талай адастым да, қалқозшылардың бетіне қарай алмайтын да болып жүрмін. Әй, атаңа нәлет байлар-ай, салып ең ауланды!.. Аңқаулығым ғой, солардың тұзағына ілігіп қалғанымды да білмеймін. Орынбай мен Досанның арқасында, әйтеуір жол таптым.

Дәуіт.«Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деген ғой.

Әліш. Сол, сол... (Керіліп.) Ал, ұйықтаймын десең бар. Мен жүре тұрайын. (Дәуіт кетеді, Әліш мылтығын иығына асып, клеттің алдында ерсілі-қарсылы бірсыпыра жүреді. Бір кезде дауыстап өлең айтады.)

«Көз екен аңдысқан жау майдандасқан,
Бас пайда, тыныштыққа айланбастан.
Сен дағы майдан ері бол деген соң.
Серт бердім, сәулем, саған, ойланбастан!
Майданның, міне, мен де ері болдым,
Тұратын жауға қарсы белі болдым.
Мен әзір: қолда мылтық, қойында оқ,
Шетіне жау қарасын келіп едің!..

Соңғы ауыз өлеңді айтып, сарайдың сыртын оралып кетеді. Сахна бос. Ептеп басып Демесін мен Әбді келеді. Демесіннің қолына келдік.

Үшінші көрініс

Әбді мен Демесін.

Демесін(кіндікті білем деп). Ә, бәлем!.. Сен-ақ қылып едің?

Әбді (қалтыранып, Демесінді иықтан тартып). Әй, мылтықпен атып, масқарамызды шығармас па екен?

Демесін. Қой, адамның ойын бөлме. «Екі молда бір кісі, бір молда жарты кісі» деп... Қорқарың бар, неге еріп келдің?

Әбді. Жоқ-ау, қорыққандық емес, түбінде біздің өлтіргенімізді біліп қойып жүрсе...

Демbесін. Білсе ше?.. Бізді қай бір маңдайымыздан сипап отыр? Тегін ұрып, бұлардың біразының қанын ұрттамай Демесін құламас. Мен таяғымды да ала өлетін адаммын! (Әліштің ән салған даусы естіледі. Екеуі тығылып тұра қалады.)

Мен емес серттен тайып сыр беретін,

Іс етпен сүйегіме мін келетін.

(Сахнаға шығып.)

Майданда сәулемменен серіктесіп,

Кез келді қол ұстасып бірге өлетін...

(Мылтығына сүйеніп, көпке қарап сахнаның ортасында тұрады.)

Төртінші көрініс

Әліш (ойланып). Соным дұрыс болар, ә?.. Бір сыпыра бұлтақтадым. Масқара жұмыстар да істей жаздадым. Жаман адастым... Мені адам қылған Досан мен Зәуре ғой. Олардан бөлектенуімнің не жөні бар?.. Не көрсем бірге көрейін... (Ойланып, жымыңдап.) «Партияға кіретін болдым, жаз арызды!» — десем, қатынның төбесі көкке екі-ақ елі тимес-ау. (Демесін ептеп басып, кіндікті білемдеп келе жатады.) Партия мүшесі боп, партияның айтқанын істеп отырсам, қатынмен қол ұстасып жүріп жұмыс істесем!.. Апырм-ау, не деген қызық!.. Мен осыны осы күнге шейін қалай сезбей жүргем?!. Әй, байлар-ай!.. (дей бергенде Демесін қос қолдап кіндікпен желкесінен салып жібереді. Әліш мылтықты құшақтай етпетінен түседі. «Ойбай, жауыздар!» — деген бір әйелдің даусы естіледі. Демесіндер апалақтап, кіндікті тастай жүгіреді. Сахна сұрланып екі қолын көтеріп Пүліш шығады. Демесін шыға бергенде тоқтап Пүлішті көріп.)

Демесін. Қап!.. Мынаны жайратып кетпесек, бүлінеміз! (Ұмтыла берем дегенде дауыс естіледі.)

Дауыс. Әлеке! Ay, Әлеке!..

Демесін мен Әбді «қап» деп кіжініп, Әбді сүйретіліп тапыр - тұпыр қаша жөнеледі.

Пүліш. Жауыздар!.. Қанішерлер!.. Өлтірді сорлыны.

Дауыс. Әлеке-ау, неге үндемейсіз?..

Пүліш (селтетіп). Досан!.. Досанның даусы!.. Менен көріп жүрсе қайтем. (Сарайды орала беріп жасырынады.)

Бесінші көрініс

Досан келеді.

Досан. Әлеке-ау, қайда кеттіңіз? (Сахнаға шығып, жан - жағына қаранғанда, көріп қалып, ұмтыла түсіп, тұрып қалады.) Ойпырым-ай, мұнысы не? (Сұрланып, ақырын басып жанына келеді. Иығынан қозғайды.) Әлеке, Әлеке, сізге не болды?.. (жүгініп отырып, басын көтеріп қарайды. Көпке қарап.) Өліпті! Аяулы құрбан!

Қаруын құшақтай құлапты!..

Майдан деген шын екен.

Шын майдан екен...

(Қамығып бірсыпыра отырады. Бір кезде дауыстап.)

Орынбай!... Бармысың?! Уа, Зәуре!..

(Сахнаның бір жағынан Зәуре, бір жағынан Орынбай шыға келеді.)

Алтыншы көрініс

Орынбай (үрейлене). О не?

3әуре (жүгіре басып келіп, аңтарылып тұрып қалады). Ай, бұ не? (Иығы түсіп, басы салбырап, ақырын басып, Әліштің бас жағына жүгіне отырып, Әліштің басын тізесіне салып, бетінен cипап отырып жылайды.)

Досан (жыламсырап). Зәуре! Жылама!.. (Өзі еңкілдеп жылап жібереді. Орынбай сазарып бірсыпыра тұрып, жердегі кіндікті алады. Кіндікті айналдырып қарайды. Біресе кіндікке, біресе Досанға қарайды.)

3әуре (жылап отырып). Құрбан! Тап күресінің құрбаны. Адасып ең, жолыңды жана тауып ен. Бүгін қолыңа мылтық ұстағанында... «Ақтық қаным қалғанша байлармен күресіп өлемін!» деп сертіңді беріп ең... Құралың сау, өзін өлік! Қандай ғана жауыз екен? (Булығып жылап тоқталады. Сахна сыртында дабырлаған дауыс.)

Дауыс. Әй, о не?

— Айғайлаған кім?

— Не болды, ау?..

Жетінші көрініс

Сахнаның тұс-тұсынан андап: Үсен, Имаш, Дәуіт, Демесін, Алтынай, Дәріқұл, Мамық, Күркебай шығады. Танымайтын төрт-бес жігіт, төрт-бес әйел; бәрі шошынып, салбырап, қамығып, кей біреулері жылап тұрады.

Мамық (ойбай салып жылап). Қарағым төрежан-ай, қадырыңды білмеді-ау... (Келе аяғын құшақтайды.)

Демесін. Сорлым, сорлым. Өлдің бе... Өлтірді ме? (Жылап, аяқ жағында отырады.)

Дәрікүл. Тәйт әрі, сендерді кім шақырды?

Мамық (дауыстап жылап). Қалқам-ау, сенің өлігіңді де қимайын деді бізге.

Демесін (Орынбайдың қолындағы кіндікті айналдырып қарап). Ойбай-ай, Досанның кіндігі ғой!.. (Жұрт тіксіне қарайды. Досан да басын көтереді. Демесін шойқаңдап кіндікті Досанға беріп.) Міне, міне, сенің кіндігің. Биылғы белі сынатын ағаш арбаның кіндігі... (Досан кіндікті ұстап, үндей алмай отырады.)

Мамық. Шіркін, қара жүрек!..

Имаш.Кімді айтасың? (Мамық үндемейді.)

Демесін (жұртты айнала беріп). Тегіңді ұрайын... Арадағы өкпе аразға бола кісі өлтіріп... Марқұмның өзі де айтып жүруші еді. Мен осыны сезетін ем ғой.

Күркебай. Әй, кім? Айтсайшы енді! (Демесіннің соңынан қалмайды.)

Демесін (Күркебайға оңашалап). Неге тұрсың аузыңды ашып, өлтірген Досан!

Алтына й (Дәрікүлді түртіп). Шешей-ай, мұны не деп түсінеміз?

Мамық. Не деп түсінейін деп едіңдер? (Досан басын көтеріп, жұртқа жағалай қарайды.) Не деп түсінеміз?..

Досан. Кіндік менікі. Бірақ ойласаңдаршы: мен... мен... мен... (Жылап жібереді.) Мен Әлішті өлтірермін бе?

Демесін. Ақталма! Білеміз! Қара жүрек!.. Тегіңді ұрайын...

Имаш. Қойсайшы, Демесін!

Демесін (өжеленіп). Неге қоям? Әлішпен аталаспын. Сендерден көрі маған батады күйігі. Тегіңді ұрайын...

Жұрттың бәрі Орынбайға қарайды. Орынбай бірсыпыра үндемей тұрады.

Мамық (Зәуреге қарап). Беті тілінгір, не бетімен жылайды екен? Қанын ұрттаймын деп айтады деп еді, ұрттады ақыр.

Демесін. Бірін-бірі қолдауын көрдің бе? Көрермін осыдан құтылғанын!..

Орынбай (басын көтеріп, Демесінге қарайды, Демесін айналып кетеді). Жігіттер! Дағдармандар, үйге алып жүріңдер. Кім өлтіргенін табармыз. Табылады. (Демесінге қарап.) Досан адам өлтірмейді, олай деп шатаспаңдар! (Үш-төрт адам Әлішті көтереді. Дәрікүлмен Алтынай Зәурені қолтықтайды. Дәуіт Досанды қолтықтайды. Бұлар шыға бергенде, Мамық дауыстап.)

Мамық Қалқам, төрежан! Бақыл бол! Сүйегіңді де билетпеді бізге.

Сегізінші көрініс

Демесін(Мамықтың жанына, жүгіріп келіп). Таптың ба Пүлішті?

Мамық. Бармаған үйім жоқ. Алтынай салдақы баулып жүрген, соның үйінде шығар.

Демесін. Жердің астында болса да табайық. Оны таппасақ, біздің біткеніміз. Есен қайда? Жұмағұл қайда, іздесін!.. Алдап оңашалап алып шықсын, жұмысын өзім бітіріп берейін...

Екеуі асынып шығады. Сахна бос. Салбырап Пүліш келеді.

Тоғызыншы көрініс

Пүліш (бірсыпыра салбырап тұрып, басын көтереді). Түсіндім!.. «Зәуре мен Досан тамыр болып жүр», — деп қайнағаны да, мені де қаңғыртып еді. Ақырында қайнағаның қанын ұрттады. Жауыз!.. Енді маған салмақ қанды қолын! Іздетіп жатыр... Қолына түссем, қылқындырады да өлтіреді. (Селт етіп.) Жоқ, мен түспеймін қолдарына! Мен Досанға барам! Өлсем де, Досанды ақтап өлем! Кімнің кім екендігін енді білдім. Айтамын!.. (Шыға берем дегенде, артынан дауыс естіледі.)

Дауыс. Сәулем, Пүлішжан!

Оныншы көрініс

Есен мен Жұмағұл шығады.

Жұмағұл (қолын созып). Сәулем! Тоқта!.. Пүліш (шошып тұрып қалып). Жоқ! Жоқ! Жолама! Көрмеймін жүзіңді. Өлтіресің!.. Жауыз, қанды қол!.. Қанды қол!.. (Ышқынып, сахнадан жүгіріп шығып кетеді.)

Он бірінші көрініс

Жұмағұл (созған қолын түсіріп). Қап!.. Мынау иттің қорлап кеткені-ай! Мұны қайтсем екен, ерегіскенде өзін жоқ қылып жіберсем бе екен? Ә, бәлем-ай! (Білегін сыбанып ұмтыла берем дегенде, Есен ұстай алады.)

Есен. Қой, тоқта!

Жұмағұл. Неге?

Есен. Болдыра алмайсың. Сен адам өлтіре алушы ма едің?

Жұмағұл. Ә, солай ма? Енді қайтеміз!?

Есен (ойланып). Бұл жаман! Бұл сойқан! Бұл ышқынды. Бұл бүлдіреді. Тез, тез! (Жұмағұлды жетектеп.) Бекеңе, Көдекеңе жетейік!.. (Екеуі асығып шығады.)

Шымылдық.

ҮШІНШІ СУРЕТ

Бес минуттен кейін шымылдық ашылады. Терде бір үстел. Жағалай ұзын тақтайдан орындық. Орынбай төргі үстелде, жағалай отырғандар: Досан, Үсен, Дәуіт, Имаш, Құсайын, Ержан. Бұрын көрінбеген адамдардан есті жігіт. Шымылдық ашылғаннан кейін бірсыпыраға дейін үнсіз отырады.

Бірінші көрініс

Орынбай (басын көтеріп). Қане, неге бөгелдіңдер? Сөйлеңдер!..

Дәуіт. Не сөйлейтіні бар. Бұл байлардың ісі. Істетіп отырған Көдебай. Сол итті биыл ортамызға кіргізіп... Мен сонда-ақ айтқан жоқ па ем, кәнпескелейтін адам Көдебай деп... Не қылмай отыр ол ит?.. Бүлдіріп, бүлдіріп келіп... Енді басымызға жабысып отырғаны. Көдебайды ұстату керек, өлтірген адамды сол табады.

Үсен. Дәуіттікі дұрыс, Көдебайға құрық салынсын!

Құсайын. Ay, сонда кіндікті қайтесіңдер?

Ержан. Қой, шатаспа. Кіндік деп... Кіндік не? Кіндікті кім ұстаса соның қолында кетеді. Пәлесін жабайын деп байлар істемейді дейсің бе?..

Жігіт. Құсайын ағанікі дұрыс: ертең тексергенде, кіндігіңді неге бердің демей ме...

Ержан. Ал, десін. Сонда кіндікті Досан өзі берді демексің бе?

Жігіт. Олай демеймін. Соған беретін жауапты ойлау керек қой.

Орынбай (сөздерін бөліп). Бұл — партия белсенділерінің жиылысы ғой. Ойламаған жұмыс кез болды. Біз тұңғиыққа тірелген сияқты болдық... Біз бетімізді ашайық. Кіндік туралы күдіктерің болса жасырмаңдар, айтыңдар, мұнда бүгін қалып, былай шыға бергенде күбірлемеңдер; онсыз да күбір жетеді. Ауыл қазір өсекке толып болған шығар. Оны басатын біз. Басу үшін сөзімізді қорытып алайық. Кіндік — Досандікі. Досанның кіндігімен Әліш өлтіріліп отыр... Сонда осыны өлтірген Досан демекшіміз бе? Досан оны неге өлтіреді? Себебі не? (Жұрт үндемейді, Орынбай жағалай қарап.) Неге үндемейсіңдер? Сезгендерің болса, айтыңдар. Партиядан жасырасыңдар ма?

Ержан. Бұл дұрыс. Мен айтайын... Мен айтсам ба?.. Жұртқа күдік туғызатын мынау болар: бір уақыттарда өсекшілер осы Зәуре мен Досанды сөзге таңып жүрді-ау... Әліштің, қыңыр тартқан себебі де сол болатын. Әлішті аздырушылар соны тал қылған болатын... Оның несін жасырасыңдар, осы отырған бәріңде есіткенсіңдер. Анығына қанбағандардың Досанға ренжігендері де болған. Зәуреге тілі тигендері де болған. Оны бәріңде білесіңдер... Бірақ Әліш артынан бұрылғанда, осының өсек екенін сезді. «Мен қаталасыппын», — деп жалпы жиылыстарында айтқан жоқ па еді?.. Ендеше, күдіктенетін не орнымыз бар? Күдікті қою керек! Мен өзім жаңағы Дәуіттің айтқанына қосылам... Мына Құсайын әшейін сандалып отыр, мұныкі сөз емес.

Құсайын. Ауылды түсіндіруге осы Ержанның өзін жіберіңдер.

Ержан. Партия жұмсаса, барам.

Құсайын. Түсіндірерсің!.. (Кекейді.)

Ержан. Түсіндірмек түгіл түсіндірермін!

Екінші көрініс

Демесін кіреді. Жұт қарай қалады.

Орынбай. Демесін, сен бара тұр.

Демесін(сұрланып). Жоқ, кетпеймін! Мен ақтық сөздеріңді естіп кетем: өлтіруші кім? Соны маған айтып беріңдер.

Дәуіт. Сенің онда не жұмысың бар.

Имаш. Ay, осының өзі өлтіруден сау ма? Осы неге тызалақтайды?

Демесін (Имашты кекеп). Өлтірген мен, ұстап бер мені!.. Тегіңді ұрайын... Сендерге тәлкек керек қой. Қатының азғырып қолдарыңа кіргізіп аласыңдар да, өзін ұрып өлтіресіңдер.

Дәуіт. Қысқарт енді! Өзің шығасың ба, жоқ па?

Демесін. Шықпаймын! Өлтіремісің?.. Кел, өлтіре ғой!.. (Дәуітке төсін ашып жетіп барады.) Өлтір деймін!.. Өлтір мені!.. Әлімқұлдың тұқымын қырып бітірмей сендер тоқталмассыңдар.

Үшінші көрініс

Пүліш кіреді.

Құсайын. Ал, тағы келді бір пәле... (Жұрт оған қарайды. Демесін бұрылып қарап, селт етіп, кейін ысырыла түседі. Шегіншектеп есікке барады.)

Орынбай. Пүліш, сен бара тұр.

Пүліш. Партияларыңа арыз айта келдім. (Демесін шыға жөнеледі. Пүліш артына жалт қарап.) Ойбай, ұстаңдар әлгіні! Жібермеңдер! (Сасып.) Ұстаңдар деймін, тезірек!

Дәуіт (ұшып тұрып). О не, айтсайшы!

Пүліш. Соның өзі! Сол!.. Тез, тез!.. (Дәуіт және бір жігіт шыға жүгіреді.)

Орынбай(орнынан ұшып тұрып). Пүліш-ау, не деп тұрсың?

Пүліш (қалтыранып). Соның өзі... (Жұрт қадала қарайды.)

Орынбай. Берірек келіп айтшы.

Пүліш (үстелдің жанына келіп, бірсыпыра тұрады, жұрт ынтығып қарап тұрады). Мен сормандаймын ғой. Солардың тіліне ерер ме ем... (Жылап жібереді.)

Орынбай. Жылама, Пүліш, сөйле, сезгеніңді айт. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деген. Сені біздің қуған жеріміз бар ма?

Пүліш (жылауын басып). Рас, рас, мені қуған жоқсыңдар. Мен өзім. Мен айтайын. Биағаларды өлтірген жаңағының тап өзі! (Жұрт тіксіне бір-біріне қарайды.) Қайнаға мылтығына сүйеніп тұр еді, жаңағы кісі барды да, кіндікпен қос қолдап қойды келіп... Мен ойбай дедім.

Құсайын. Ау, сен осы өзіңді айтшы: өзің неге барып ең онда? (Пүліш төмен қарап үндемей тұрады.)

Орынбай. Пүліш-ау, сен өзің партияға шын сырыңды айтайын деп келдің бе? Ендеше, тартынба, бәрін де айт!

Пүліш (Құсайынға қадала қарап). Мен бе? Мен қайнағаға жолықпақшы ем: мен де сіз сияқтанып адасып жүрмегеймін, маған да ақылыңызды айтыңыз демекші ем... (Жұрт өзара күбірлеседі.)

Құсайын. Ал, қош, ол солай болсын. Ал енді осыны бізге келіп айтуыңызға не себеп болды, соны айтып көрші.

Пүліш (бірсыпыра үндемей тұрып). Неге екенін білмеймін, әйтеуір айтқым келді. Әлгі ақсақтың жүзі жанбай, сол өліктің үстінде тұрып, айыпты бөтен біреуге аудармақ болғанына күйіп кеттім. Шын қара жүрек екенін сонда білдім. Қайнағаның өлімі батты. Аядым...

Орынбай. Түсінікті. Пүліштікі шын. Тағы да білетінің бар ма, Пүліш?

Пүліш. Білемін. Бәрін де білемін: сендерге биыл соқа салдырмақшы емес еді. Тұқымдарыңды бүгін өртемекші ед. Тракторларыңды әлгіде бұзған (Жұрт шошып кетіп, бір-біріне қарайды.) Оны бұзғанда әлгі ақсақ. (Есікке қарай бергенде, көзі Досмағамбетке түсіп қадала қалады. Аң-таң боп жұрт та Досмағамбетке қарайды, Досмағамбет сұрланып төмен қарап кетеді.)

Орынбай(сезіктеніп жағалай қарап). Ие, Ие... Сосын...

Пүліш (сұқ қолымен бетін сызып, Досмағамбетке қараған күйі). Бетім-ау, мынау да сендердің жиылыстарында отыр ма? (Жұрт тіксінеді.) Орынбай. Неге?

Пүліш. Қайдам... Байдың үйінің жиылысынан қалмаушы еді, соған айтам...

Үсен (ұшып тұрып, Пүлішке). Осы отырған Досмағамбет пе?

Пүліш. Ие, осы.

Досмағамбет.Әй, сен қатын, шатаспа!

Үсен (Досмағамбетке). Тарт тілінді! Енді ақтала алмайсың!

Ержан. Ә,бәсе!.. Тіпті... (Жұрт бабырлап, шулап кетеді.)

Орынбай. Шуламаңдар! Саспаңдар! Досмағамбет енді құтылмайды. Үсен! Сен қазір комсомолдарыңды жина. Отряд түзе. Шабуылға шабуыл! Соққы беретін жер осы! Мойны үзілгендей тойтар! Ауданға кісі шаптыр... Имаш! Сен Дәуітті тауып ал. Тракторды жөндеуге кіріс, қолдан келмейді деме, білдің бе, келтір! Істей біл! Бүрсігүні егіске шығамыз, соған дайын болсын!.. Досан! Сен колхозыңның жиылысын шақыр. Бүкіл жұртты аяққа бастыр! Жұрт өзін майдандамын деп білсін! Майдандағы сияқты жұмыс істесің! Біздің жоспарлы жұмысымызға бөгет болатын еш нәрсе жоқ. Бригадірлеріңді құр! Өндіріс жоспарын талқыла! Ертең партия ұясына рапортыңмен кел!.. Ал тараңдар, іске кірісіңдер! Ержеке! Мына Досмағамбетті үйіңізге апарыңыз, ертеңге шейін анығы ашылады... (Жұрт асығып, дабырлап сөйлесіп шығады. Үйде Досанмен Пүліш.)

Төртінші көрініс

Досан (Пүлішке бірсыпыра қарап тұрып). Пүліш! Мен саған риза болдым-ау... Қолыңды әкелші!.. (Пүліш қолын беріп, жылап жібереді.) Жылама. Сен адам боласың. Ортамызға алып тәрбиелейміз. Енбекші ең, табынды таптың. Осының жөн-ақ!..

Шымылдық.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз