Өлең, жыр, ақындар

Торайдың майлы тұмсығы

«Дерек» совхозына барып оның іс архивтерін ақтарып таныса бастасаңыз, көптеген актілер көз алдыңыздан өтетін болады. Бәрі де жылқы туралы жазылған. Актінің бәріне тән нәрсе мынау: еріксіз сойылды, шауып келе жатқанда ортан жілігі үзіліп кетті, ойнақшып тұрғанда тобығы тайып кетті: жылқыны қасқыр қуып біреуі жартастан құлап кетті, тағы бірі апанға түсіп кетті, жана бастап үйреніп жүргенде арқанға оралып, мойны астына қайырыла жығылып, ауыз омыртқасы шығып кетті. Несін сұрайсыз, осындай «кетті» толып кетті. Тек биылдың өзінде жиырма бір жылқы асық жілігі, тоқпан жілігі, көрі жілігі сынып, тіпті ештеңе табылмай бара жатса, қиядан құлап, жамбасы сынып өте береді, немесе бір тұяқтыны аша тұяқты бұқа сүзіп жіберіп те шығын болыпты.

Бұл қалай? Ортан жілігі опырыла беретін жылқыны бағып, ақы алып жүрген кісі қайда? Совхоздың директоры Тасан қайда? Әрине ол осында. Ол актілердің бәріне:.«бекітемін, «Дерек» совхозының директоры — Тасан» деп қасқитып тұрып әлде неше ирек жасап қолын қоя береді. Неге екені белгісіз. Осынша жылқының актілер бойынша «еріксіз сойылуы» Тасанға шыбын шаққандай да әсер етпейді.

«Еріксіз сойылған» жылқының әрқайсысының мемлекеттік бағасының оннан бірі төленбейтіні-ақ жұртқа батып барады. Мәселен № 176 тай «таудан құлап кетіп», бір жүз сомға сатылды. Тасан оған ренжіген жоқ, өйткені өзі барған үйден басын мүжиді. Алаяқ кәрі бие аяғы кетті делінді. Мемлекет есебінен тегін жем-шөп беріп, тығыршыктай етіп семіртті. Өзі сойып алды. Қайқайтып қазысын айналдырып, мүшелеп, жіліктетіп бөлгізуге Сағындықты ертіп келді. Сойғызды. Пай-пай! Айтпасаңызшы!.. Ақ май ақтарылды-ау. тура сере қазы шықты. Дәнге байлаған соң дәндей бөрткен екен жануар.

Тасанның достары мұндайда тасада қалған жоқ. Обалы нешік мемлекет есебінен болса да үлесін алып отырды. Ортан жілігі үзілген торыны Манаң осылай жеді. Сонымен барлық сойылған семіздің бірі де асханаға жіберілмеді. Ол Тасанның есіне келмеді дейсіз бе? Оны ол білген. Бірақ ата-баба тамағы — қазы тәтті, қазыдан гөрі жолдас та тәтті.

«Жігіттің жігіті алдын болжайды» деген де рас екен. Тасан күндердің күнінде керек болар деген оймен заң қызметкерлерінен де дос іздеді. Осындай біреу керек болып жүргенінде қудай адвокат Өзековты өзі айдап келіп берді емес пе? «Бір қуға бір қу қызыл іңірде жолығады» деген сияқты дағы. Бүкіл «Деректе» тұрушыларға белгілі, жер-су баспайтын жүйрік—бәйге торыны сатты да жіберді. Ол да жігіт екен. Біреудің асық жілігін жегенде өзінің жамбасын ұсынды. Тасанды шілдеханаға шақырды. «Құр қасық ауыз жыртпай ма?», сондықтан «бауы берік болсын» айтып, Тасан бір құнан қойды машинаға баса барды. Ол да Тасанға «сенің де бауың мықты болсын» депті. Бірақ ол батаның орындалар орындалмасын біле алмапты.

Өстіп тым ірілеп кеткен Тасан біраз ұсақтағысы келіпті. Сөйтіп ұсақ малға ауыз салыпты. Тоқтыны қоздатып, торайды жей бастапты.

Тасан мал өсірген елдің баласы екенін осы жерде бір көрсетіп тастады. Ол тоқтыға қошқар жіберіп, өсімге кенелді де қалды. Бірақ көкжан тоқты Тасанның талабын тартып тастады. Тоқтыдай қоздаған қой қандай? Тоқтының қозысы қандай? Суыққа шыдамады. Өткен жылы қойдың басқы кезде өсімін, кейіннен өлімін көбейткен де — нақ осы тоқты мен тоқтының қозысы болды. Оған қараған Тасан жоқ. Өйткені қанша семіз болса да, жылқының еті кесек келеді. Қойдың етіне не жетсін! Білемдеген құйрыққа, жапырақтаған бауырды қосып, тұздықтап тұрып, сылқыткысы келді оның. Сондықтан сүбесін басып жүріп, өзі бес құнан қойды алды. «Тойған соң тоқтының еті топырақ татиды» деген емес пе? Көп жегесін кісі қой етінен де шығады екен. Директор жолдасқа тамақты түрлендіру керек болды. Енді ол торайдың жұмсақ құйқасын, майлы тұмсығын аңсапты.

Осындайда ептілік керек. Сонда Тасанның қолынан бұйрық неше түрлі болып шықты. Үлкенді кішірейтті, кішіні үлкейтті. Солай істемей қайтсін, «Аларманға алтау аз, берерменге бесеу көп». Өзіне иемденерін үлкейтіп алып, кішірейтіп жазуға көп ақыл керек бола ма!?

Жылы-жұмсаққа үйренген Тасан жас торайдың тағы бір қуырдағын аңсады. Оған торай қиын ба? Өзіне керек деп тапса, торай түгіл қабанды да қылғиды. Сілікпелеп жеуге айына екі торайдан алып отырды. Жеуді білген батыр, оның ізін жасыруды да, документті жөндеуді де біледі. Ол жеген торай торғайдай болып. документке түсті. Әрқайсысы екі килограмнан делінді. Килограмдаған сары май, шөлмектеген арақ өзі келіп жатады. Тере беріп керегі не, оларды «ұсақ нәрсе» деп-ақ қоя салайық. Ол түгіл айырбастап алған мегежінді де, магазиннен кеңсеге деп сатып алып, өзіне сіңіріп кеткен кілемді де айтқанымыз жоқ. «Ел құлағы елу». Тасанның ішкен-жегендерінің басқасын біз айтпасақ та жұрт біледі.

1951


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз