Өлең, жыр, ақындар

Жанболат

Кездесулер

Өзім кештете жеттім. Колхозда қонақ үйі жоқ екен, біреудікіне түнеуге тура келді. Менің бұрылған үйім — шағын ауласын шырғанақпен қоршаған, сіріңкенің қорабындай ғана еңкейіп кіретін шарбақ есігі бар екі бөлмелі аласа кірпіш там. Сәлем беріп кіріп бардым. Еріндері ғана қыбырлаған үй иелері: ерлі-зайыпты адамдар маған таңдана қарасып, үнсіз қарсы алды. Жөнімді айтып, қонуға рұқсат сұрағанмын. Үй иесі — тақыр бас, қоңқақ танау, қара бұжыр кісі әуелі тарамыстай тартылған әйеліне жалтақтап бірер қарап алды да, маған бірдеңе деп мұрнының астынан күбір ете түсті. Сірә, «төрге шығыңыз» деген болу керек. Мен болсам ерлі-зайыптылардың өзара келісе алмай отырған кезіне тап болдым ба деп ыңғайсызданып, босаға жақтан әрі өте алмай қипақтап қалдым. Қайтадан кейін шығып кеткім де келді. Бірақ үй иесінің: «сыйлап тұрмыз ғой, шықпайсың ба былай, енді» деген ауыр көзқарасы екі иығымнан қапсыра қысып апарып, төр алдына отырғыза салғандай болды. Оның үстіне: «Енді, екі кештің арасында тағы кімнің үйіне барып мазалап жүрмекпін», деген ой келіп, осында түнеуге бекіндім.

Үй іші тым көңілсіз еді. Шыбын қонып шұбарлаған жиырма бес ваттық шамның жарығы өте көмескі. Төменгі жақ көлегейленіп күңгірт тартып тұр. Қабырға біткенге тегіс аласа, тұскиіздер ұсталған. Шамның болымсыз жарығын солар жұтып жатқан сияқты. Оң жақ босағаны ала төрге дейін созыла салынған нән ошақ өртей жағылса да үйдің іші қоңыр салқын. Ірге жақтардан көгерген дым иіс шығады.

Арқамды қабырғаға сүйеген қалыпта дәл бір қолға түскен адамдай отырдым да қойдым. Неге екенін қайдам, менің әрбір қозғалысым осы үйдің тұңғиық тыныштығын бұзатындай көрінген соң тырп ете алмадым. Үй иелері ләм деп үн қатар емес. Менің бар-жоғымды да елең қылар емес. Ерінің жас шамасы қырықты алқымдаған болар деп түйдім, ал әйелі отыздың үстіне енді ғана шыққан, тұлғасы сыптай, бір көргенге әп-әдемі, сары келіншек. Ерлі-зайыпты екеуі бірін-бірі жалғыз көзқарастан ұғысып, шаруашылықтарын үнсіз істеуде. Әйелі қамыр илей бастап еді, ері от жағуға кірісті. Бүкіл бір жамбасымен отын үстіне жалпия отырып алып, астында қалған қурайдан күшеніп кеп жұлқылай тартады. Онан соң уыстап алып ошақ аузына жұмарлайды. Жалақтаған от тілінен қашқандай қурай бытырап айқасып, ошаққа оңайлықпен сыйып отырған жоқ. Әрбір екі уыстан кейін-ақ кейіген түрде:

— Өртен гір, немене, түгел тікенек пе? — деп барбиған жуан саусағын аузына апарады. Оттың жарығына қарай еңкейе түсіп, кішірек көздері ащы түтінге толып жасаурап, қолына кірген тікенді тістелей бастайды. Әйелі болса ерінің бұл ебедейсіз қылығына көзінің астымен қарап:

— Пысықсымай тұрсаңшы былай,— деп жекіріп қояды. Бұл сөз күйеуі үшін «жөндеп жақ, отты!» — деген бұйрықпен тең болса керек, өйткені ол түтінге бұрынғыдан да гөрі қақала түсіп, тікенекті қурайды қатты-қатты жұлқылап, отты үстемелей жағады.

Сыздана жүріп саусақтарын қайта-қайта сытыр-сытыр еткізіп, бірде қабағын түйіп тыржиып, бірде ернін шығарып ауырсына күрсініп, қамыр жайып болған әйел де, дәл отын үстіндегі күйеуі құсап бір жамбасымен жалпия отырды да, оң аяғын кесуге даярлаған томардай созып жіберді. Сол жағына шалқая шынтағын тіреп, аласа, дөңгелек үстелге бүйірлеп жатып алды. Онан соң кеспе кесуге оңтайланып пышақты көтерген қалпында есікке тесірейе қарап қатты да қалды. Кімді көрді дегендей күйеуі де елең ете түсті. Бірақ от жалыны шарпып жасқа толған көзі, жанары сөнген су қараңғы соқырдай ежірейген де қалған.

— Өй, бұл кім, қақайып тұрған?! Кірмейсің бе бері, үйге! - деді әйел. Есіктен жасқаншақтай басып, мектеп формасын киген, он бес-он алтылар шамасындағы жүдеу өңді ақ құба бала кірді.

— Жанболатпысың?! Қарағым-ау, бағанадан бұғынбақ ойнап тұрсың ба! — деді әйел ызалана зекіп. Енді Жанболат та бағанағы мен келіп ыңғайсызданып тұрған табалдырықтан аттап тоқтады. Қысыла жымияды. Не төрге өте алмайды, не кері кете алар емес, фуражкасының астынан шоқтана шыққан оң жақ шекесіндегі бір топ кекілін дамыл-дамыл сипай береді. Үй иесі болса әуелде жүзі жадыраңқырап Жанболатқа бірдеңе деуге оқталды да, әйелінің күрт түсіп кеткен ісіңкі қабағын көріп, тыйылып қалды.

— Ойбай-ау, бұ қақайып тұрысың не? Отырсаңшы. Әлде бес-алты ай көрмегенге танымай тұрсың ба? — деді әйел әлден уақытта. Жанболат үн шығармай күлді де, төменірекке, киіздің шетіне кеп отырды. Үй иесі оған енді ғана тіл қатты:

— Тағы қашып келген жоқсың ба? — Қурайды уыстай берген қолын сілкіп қалды да, аузына апарды,— Өй-й, өртенгір...

Жанболат лып етіп ұшып тұрып, ошақ алдына барды.

— Кәне, аға, мен жағып жіберейін,— деді.

Жанболаттың баруы да мұң екен, ошақтағы бықси жанған от кәресін құйғандай лауылдап берді. Бағанадан ызыңдап жатқан қазан астан-кестеңі шығып сақырлап қайнап кетті. Үйдің жоғарғы жағын ақ бу жайлады. Бөлме іші бұрынғыдан күңгірт тартып кетті. Қазанның қақпағын ашып қойған әйелі кекесінді кескінмен күйеуіне кәрін төгіп алды. — Ештеңеге ебің жоқ, сорлысың ғой. Ең аяғы отты да жаға алмайсың... Жетер, Жанболат, енді жақпа.

Үй иесі әйелінің сөзін естімеген адамша, Жанболатпен сөйлесе бастады.

— Сен бітіріп келдің бе, әлде қашып келдің бе? — деп тағы сұрады.

— Бітірдім,— деді Жанболат ошақ алдынан тұрып.— Тоғызыншы класқа көштім.

— Ә-ә, онда жақсы жігіт болдың сен. Немене, интернаттарың жазда лагерьге, дем алатын орындарға жібереміз деп еді ғой, жібермеді ме?

— Жіберді, бірақ менің ауылға қайтқым келді,— деді Жанболат.

Қазанға кеспе салып жүрген әйел де осы тұста сөзге араласып қойды.

— Е, бұ шырағымның шүу десе ащыға үйір малдай ауылға тартатын әдеті емес пе?

Жанболат екеумізге төсек қалауымыз бойынша сыртқа, есік алдына салынып, қатар жатқанбыз. Үй иесі жас шөптен астымызға аямай-ақ төсепті. Төсегіміз жайлы, жұмсақ еді. Жаңа орылған шөптің иісі танауды жарады.

Күн ұзынға дамылсыз жүрістен бойым дел-сал болып, көп қозғала алар емеспін. Жанболат та тым-тырыс жатыр. Маужыраған жым-жырт түн. Аспанда ауыр-ауыр бұлттар. Толысқан ай сол бұлттарға жиі-жиі тасаланады. Айнала бірде қараңғы тартса, бірде сүттей жарық болып кетеді. Ауланы қоршаған шырғанақтың түбінен арықтағы суға шолп ете түскен дыбыс естіледі, артынша-ақ көлбақаның дәл іргеден шыққан шадыман үні құлақты тұндырады.

Сәлден кейін Жанболат жайлап басын көтерді де, біраз уақыт маған қарап отырды. Мен ұйықтаған адамша қозғала қоймадым. Ол ақырындап киіне бастады. Онан соң аяғын ұшынан басып, қақпадан шығып кетті. Аң-таң болған мен тым-тырыс жата бердім. Жанболаттың кеткен жағын ойша долбарлап та жатырмын.

Осы сәт сықыр етіп үйдің есігі де ашылған. Үй иесі әйелдің баж еткен ащы үні шықты.

— Жанболат! Бармысың? Ұйықтап қалдың ба?

— Сәл тыңдап тұрды да, жауап болмаған соң, төсекке жақын келді. Бет әлпетінің қалай өзгергенін көре алмадым, оның есесіне қатты ызадан ернін сылп еткізгені анық естілді.

— О, жайрағыр. Бәсе, біреудің жүрген дүбірі естілгендей болып еді.— Әйелі енді маған еңкейіп, үңіле қарады да, ояу екенімді көріп: — Ұят-ай, әлгі жайрағырды көрдіңіз бе? — деді шағым еткендей зар қағып.— Өстіп берекені алады ғой ол. Ел қайдан білсін, кінәласа баяғы бізді кінәлайды.

— Жаңа ғана көшеге шықты. Қайда барар дейсіз,— дедім мен, әйелдің сонша ашулануының түпкі мәніне түсінбесем де.

— Япырай, мына, көктей солғыр, мойның астыңнан келгір жетімекті-ай, ә!..— деп әйел Жанболатты біраз қарғап-сілеп алды. Қайбір тегін келді дейсің, лаңдайын деп жүр де. Әйтпесе, апарып орналастырған жап-жақсы жерден бір емес үш рет қашып келе ме?! Бұл ма, бұл қайбір жақсы атақ әперер дейсің бізге. — Ол енді бар ашуымен үйінде жатқан күйеуіне тиісе жөнелді.— Осы бәлеңнен оу баста аулақ болайық деп зар қақсадым. Суыртпақ жібі керек емес деп едім. «Ойбой, артымнан ерген жалғыз тұяқ еді» деп елжіреп қояды деген не. Ал енді құтыла алмайтын бір пәлеге қалдық. Ел қайдан білсін...— Долданған әйел үйіне кіріп кетті. Күйеуі екеуінің күңкілдесіп ұрысқандары бірталайға дейін естіліп тұрды.

— Былтыр күзде келді, өрісте жүрген жағынан әке-шешемнен қалған, сары ешкіні өзімдікі деп белесәпетке айырбастады, қыста келді: ойбай, маған потапарат керек еді деп нән ісекті сатқызды, ал енді бүгін таңнан не керек деп сайрамды салар екен. Біздің мына жымсық көршілер құлағына не деп құяр екен.

— Пай-пай, осы сенің бір сөйлесең өршеленіп кететінің-ай, — деді күйеуі күйзелген үнмен.— Ерте тұруым керек, ұйқы берші, айналайын. Сенің әзірейілің сол бала болса, ертең-ақ қайтарайын. Соңымнан ерген қаршадай бір баланың анда-санда келгенін де көтере алмайсың.

— Саған әлі қаршадай, әлі бала. Ертең-ақ көрерсің, ана Сағиланың томпиған қара қызына үйленіп ап, «әке-шешемнен қалып еді» деп баспана үйің мен ала сиырға ауыз сап кеп отырғанында...

Жанболат келіп шешіне бастағанда, көзім ілініп барады екен. Екі иінінен ентіге дем алып, сықылықтай күледі.

— Жанболат, сенбісің? Қайда бардың? Неғып өзіңнен-өзің күліп жүрсің? — деп сұрадым.

— Ағай, — дейді Жанболат күле сыбырлап,— жаңа ертеңге дейін шыдап жата алмай, амандықтарын білейін деп, жолдас балалардыкіне барғам. Мен келді дегенді естісімен ілезде төрт-бес бала жиналып та қалды. Біраз амандық айтысып тұрғаннан кейін, «қалаға барып күшің азайған шығар, кел күресейік, күресейік» деп болмайды, онан соң кезек-кезек солармен күресуге тура келді. Түн ортасында жынды адамша...

Есік сықыр етті де әйел:

— Келдің бе? — деп шаңқ ете түсті. Жанболат көрпені басына тарс жауып алды да, ұйықтаған адамша тым-тырыс жата қалды. Әйел келіп көрпесін жұлқылаған кезде, мұрнын пысылдатып ұйқысырап та қойды.

— Бәлем, ертең сөйлесермін,— деп әйел үйге кетті.

— Бұл әйел кімің болады? — деп сұрадым әлден соң Жанболаттан.

— Жеңгем.

Әке-шешесін сұрағанымда:

— Жоқ,— деді ол әлгіндегі көңілді қалпынан пышақ кесті тыйылып.— Менің кішкентай кезімде біз осы үйде тұратынбыз. Алдымен атам, онан кейін апам өлді. Мен осы ағам мен жеңгемнің қолында қалдым. Былтыр интернатқа апарып орналастырды.

— Интернаттарың нашар ма деймін, бірнеше рет қашып келіпсің ғой?

Жанболат біразға дейін үндемей қалды.

— Нашар емес,— деді әлден уақытта.— Ағай, мүмкін, сіз түсінбессіз де мені. Жоқ, сіз түсінбейсіз... Мен ауылды ылғи сағынамын. Интернатқа алғашқы барған кездерде ауылдың адамдары балалар түсімнен шықпай қойды. Өзіңіз көрдіңіз ғой, бауырым мен жеңгемнің қалай қарсы алғанын... Жоқ, мен оларды емес, ауылды, ел-жұртты сағынамын. Қыста бір жеті бойы соғып тұратын бораны, үйлерді басып қалатын қалың қары, ал жаз болса айнала көкпеңбек шалғын: ішінде жасырынбақ ойнайтын шабындығы, масақтанып сарғая бастаған астықты, ұшы-қиырына көз жеткісіз — кең дала бәрін... бәрін сағынамын. Білмеймін неліктен екенін! — Жанболаттың демі дірілдеп мұрнын жиі-жиі тарта бастады.— Ағам мен жеңгем мұны еш уақытта түсінбейді. Олар менің ауылға келе бергенімді де өздерінше жориды. Осы үйді, әке-шешемнің артында қалған дүние-мүлікті осылар алды ғой, енді жеңгем болса, мені соған таласады деп қауіптенеді. Ал бауырым болса, сол жеңгемнің шылауынан шыға алмай жүр. Кей кездер оған ызалансам, кей кездерде аяймын да. Бауырдың аты бауыр ғой... Ағай, ойлаңызшы ескі дүниелік маған босқа берсе керек пе, ал бұлар... Рас, өткен күзде бір ешкіні бұлардың рұқсатынсыз велосипедке айырбастадым. Он күндей тептім бе, жоқ па осы үйде қалған, ал қыста керек емес дегеніме қарамай, ағамның өзі фотоаппарат әперген, сол үшін қанша ұрыс болды.

Бұдан әрі Жанболат үн шығармастан өксіп-өксіп жылап алды. Біраз жатқаннан кейін ол сол жағына бір қырындап аунап түсті де, демін бір қалыпты алып, ақырындап қорылдап ұйықтап кетті.

Абыр-дабырдан ояндым. Таң алды екен. Аз ұйықтасам да тынығып қалыппын. Түндегі шалқамнан жатқан күйде кеудем де ашық. Таңғы шықтан бойым ептеп тоңазиын депті. Киініп алған үй иесі Жанболаттың бас жағында отыр.

— Жанболат! Ай, Жанболат, кәне, ояншы. Мен кетіп бара жатырмын жұмысқа. Жанболат!.. Түу, осы сенің ұйқыңның қаттысы-ай, кімге тартқансың өзің,— деді.

— Не, бірдеңе айтасыз ба, аға? — деді орнынан көтерілген Жанболат көзін уқалап. Кекіл шашы ұйпалақтанып, мамықтар жабысыпты.

— Мен жұмысқа кетіп барамын, екі-үш күнге дейін үйге қайтпаспын.

— Немене, маған шаруа тапсырмақ па едіңіз?

Тәтті ұйқысын қимағандай Жанболат тамсана есінеп қояды.

— Жоқ, - деді қабағы сәл түсіңкіреп кеткен ағасы.— Сен біржола келдің бе, әлде екі-үш күнге ме?

Жанболат ұйқысын ашып, енді ағасына барлай қарап алды да, онысын өзі де байқамай күрсініп қалды.

— Білмеймін,— деді ақырын ғана. — Сіз не дейсіз?

Ағасы да біраз үнсіз отырды. Онан соң әлде жалынғандай, әлде бұйырғандай бір қалыпты қоңыр үнмен:

— Айналайын, мені сыйласаң, менің тілімді алсаң ауылда бірер күн болып, мауқыңды басқан соң қайтатын бол. Не қызық бар дейсің мұнда?.. Онан да интернатыңа қайтып, жіберсе бір дем алатын жаққа бар. Қарашы, өзің де жүдеп кетіпсің әбден. Бұл ауылда қайбір жөнді дем аламын дейсің.

— Мен жұмыс істесем деп едім.

— Жә, телім-телім боп...

Үй иесі шалбарының ышқыр қалтасынан әбден шиыршықтап бүктеп тастаған үш сомдықты алып, Жанболатқа ұстата берді.

— Мә, саған берейін деп жеңгеңнен жасырып, тығып жүруші едім,— деді мәз болып.

— Жоқ, аға, мен қайтемін оны, өзіңізге керек болар,— деп Жанболат қайтып беріп еді, ағасы тез қалтаңа тығып қой деген ишаратпен ырқына қоймады. Онан соң Жанболатты ақырын ғана танауынан бір шертіп, оның шалбарын тауып алды да қалтасына өз қолымен тықты.

— Ана бәле көрмесін,— деп қатты ескертіп, үй жаққа қулана қарап қойды. Мұншалықты тез де ойнақы әрекетке оның өзі де, Жанболат та күліп жіберген. Шын қуанышты рақат күлкіден бұжыр бетіне қалың-қалың әжім еніп, кішірек көздері мүлдем көрінбей кетті.

— Қайтатын бол, — деді ағасы кетуге ыңғайланып.— Ал ауылда біреу-міреулердің сөзіне құлақ асушы болма. Ел болған соң не демейді.

— Аға, ол жағынан ешкімді сөйлетпеймін деп талай айттым ғой сізге.

— Шырағым, азғырушың сайтан болса, азбайтұғын пенде жоқ дейді ғой. Сен атаның кенжесі болғанда, мен тұңғышымын, екеуміздің арамызға от түссе не боламыз.— Ол орнынан тұрды.— Сөйтіп бүгін қайтасың ба, әлде ертең қайтасың ба?

Біраз үнсіз отырғаннан кейін Жанболат тағы күрсініп қалды да:

— Бүгін,— деді.

— Бүгін қайтсаң, бүгін қайт. Мен болсам жоқпын, не бар бұл ауылда,— деді үстінен бір ауыр жүк түскендей. Онан соң аз уақыт барбиған жуан саусақтарымен інісінің кекіліне жабысқан мамықты тазалады.— Ал қош, сау бол,— деді кенет сыбырлаған үнмен.— Хат жазып тұр. — Еңкейіп Жанболаттың маңдайынан сүйді. Қақпадан шығып бара жатып, мені нұсқады да:

— Ана кісімен бірге қайт,— деді.

Ертеңгісін мен колхоз председателіне жолығуға асықтым да, менімен бірге қайтпақ болған Жанболат артымнан кеңсеге келетін боп үйде қалды.

Төртбақ денелі, қасқа бас председательге келген шаруамды түсіндіріп отырғамын. Біздің әңгімемізді қолында жүгені бар, ұзын бойлы қара кісі — колхоз бригадирі Өсімбай бұзды. Есіктен аттап кірер-кірместен бригадасындағы адамдарының аздығын, ал председатель болса колхоздағы жанама жұмыстарды тек қана соның бригадасына тапсыратынын айтып, дауласа бастады. Ал председатель оны тыңдамастан-ақ:

— Жыланба, саған тапсырылды, істейсің, — деді кесімді түрде.

— Міне, міне, отырып алып бұйырғанды білесіңдер, ал істелмей жатқан жұмыс бастан асады.

Председатель мен бригадир тағы бір жұмыстар жайлы сөз қозғап кетті. Қызына келе екеуі тіпті менің бар-жоғымды да ұмытқандай. Дәл осы кезде ақырын ғана есік ашылып, Жанболат кірген.

— Өй, қашан келіп қалдың? — деді артына жалт бұрылған бригадир. Председательмен сөзін үзіп тастап, енді ілезде Жанболатпен шүйіркелесіп те қалды.

— Тоғызыншы класқа көштің, ә? Міне, нағыз жігіт! — деп қойды Өсімбай кеңсені басына көтере салдырлап. — Әй, былтырғы әлгі сен үйреткен бурыл құнан бар ғой, алдына мал салмайтын сәйгүлік болып шықты...

— Өсімбай,— деді маған көз қырын бір тастап қойған председатель, — бұл кеңсе іші ғой.

— Ал кетеміз, кетеміз.

Мен Жанболатқа қайтатын болса алысқа ұзап кетпеуін ескерттім.

— Қайда? Қайтасың ба? — деді таңданған Өсімбай.

— Иә, аға бүгін қайт деген.

— Өй, ағаң болса, жүрші. Сөйлесейін мен онымен...— Сөйтті де Жанболатты ертіп шығып кетті.

Председательмен шаруамды бітірген соң мен қайтуға жиналдым. Жанболат мені машина жанында жеңгесі екеуі күтіп тұр екен.

— Өсімбайдың несі кетіп барады дейсің, «қайтпа, қал» дей салғанға, — дейді жеңгесі оған мүсіркеген түрмен.— Оған жұмыскер керек. Сенің ала қыстай оқу оқып, жүдегеніңді қайтпек...

Жанболат тұнжыраған кейіпте оны ықылассыз тыңдап, көңілсіз қоштасты.

— Ал, қалқам, жақсы дем ал. Қолымызға тиын-тебен түссе жіберіп тұрамыз ғой. Сенен басқа кіміміз бар,— деп жәпілдеген жеңгесі Жанболаттың қолынан сүйді.

Артынан қалың шаңды ұйытқыта көтеріп, машинамыз бау-бақшалы колхоз орталығынан едәуір ұзап та кетті. Алғашқы биік дөңді де астық. Ауыл үйлері де бірінен кейін бірі көзден тасалана бастады. Машина сәл еңіске түскен сәтте ең соңғы үй де, оның іргесіндегі бәйтерек те біржола көзден таса болды. Жанболат үн қатпастан өңі сұрланып, сол ең соңғы үйге дейін жаудырай қарап тұрып өз көзімен ұзатып салды да, теріс бұрылып кетті.

Осы мезетте жаңа ғана біз асқан дөңге құйғытқан салт атты біреу шыға келген. Бізге қол бұлғағандай болды. Мен Жанболатқа айттым. Артына жалт қараған ол:

— Жәмила! — деді жұлып алғандай. Кабинаның төбесін ұрып-ұрып қалды. Қарсы соққан желден бе, болмаса өзі булығып келе жатқандықтан ба көзіне толған жасты бізге байқатпауға тырысып жеңімен сүртіп тастады. Салт атты артымыздан қуып жеткен. Бүлдіршіндей жап-жас қана томпиған қара торы қыз екен.

— Жанболат, саған Өсімбай аға қалсын деп жіберді, — деді даусы дірілдеп.

Жанболат машинадан қарғып түсті де, басын теріс бұрған қалпында шоферға жүре бер дегендей қолын сілтеді. Енді салт атты қыз екеуі жолдан шығып, қалың шабындықты қақ жарып жүре берді.

Араға бірер ай салып «Қызыл ту» колхозына екінші рет барған жолым. Қаладан біз мініп шыққан машина, тас жолды көлденең кесіп өткен ескі сүрлеуге жеткенде кілт тоқтады. Салдыр-гүлдір ұзақ жүрістен кейінгі тыныштық құлақты тұндырып жіберген. Жүзі шаңғытып, көзі қызарған шофер жігіт «Қызыл ту» колхозына біздің осы жерден түсіп қалуымыздың керек екенін айтты. Менің сапарласым бойшаңдау, қоңқақ мұрын, сары жігіт — облыстық газеттің тілшісі, машина жүрісінен әбден мазасы кеткен еді.

— Түу! Азап жолы екен ғой...— деген бірнеше рет күйзеле қайталап.

Енді елсізде жаяу қалатынымызға бұрынғыдан да бетер күйінді. Жағдай түсінікті: «Қызыл ту» колхозына дейін енді он шақты шақырымдай жерді жаяу жүруіміз керек. Мұны естігенде тілшінің көзі тіпті бажырайып кетті. Шоферді қыстап көріп еді, бірақ анау маңайлатпады.

— Азаматтар, менің басымды текке қатырып, уақытымды алмауларыңызды өтінемін. Барар жерім әлі алыс. Кәне, түсіңіз, — деді келтесінен бір-ақ қайырып. Онан соң жұбатқандай: — Жақын қалды ғой, былай шықсаңыздар колхоздың пішеншілері де кездесіп қалар. Әне, астықты қараңыздаршы! Түу, жаяу жүрген қандай тамаша! Ал сау болып тұрыңыздар. Таза ауада көңілді жетіңіздер!..

Шофер жігіт қоштасты да, машинасын бұрынғысынша зырқыратып ала жөнелді.

Ескі сүрлеумен жүріп келеміз. Айнала көк шалғын. Шөп біткеннің гүл жарып, шабындықтың толысып піскен кезі екен. Даланың арналы қоңыр салқын самалы тынысыңды хош иіске бөлеп, ауық-ауық желпіп өтеді де, үздіктіріп барып тына қалады. Сол сәтте пысынатқан ыстық басып, кежегең кері тартып жүргің келмейді. Аттаған сайын аяқ астынан ұсақ көк шегірткелер шашылған шыныдай шашырап ұшады. Солардың зыңылдаған үндері еш уақыт басылмас дала тынысындай боп естіледі. Әлгінде ғана аспанда қайда барарын білмей сенделіп жүрген ақша бұлттар бірте-бірте байыздап, бұл кезде біздің төбемізге кеп бас қосып, сия тамған сүттей реңі бұзыла бастаған.

Екінші төбені асқанымызда сол бұлт қауырт қара қошқылданып, лезде аспанды тұтастырып қымтап алды. Аяқ асты қалың бір нөсердің болатыны көрініп-ақ тұр. Анда-санда найзағай әр тұстан бір жарқ етеді де, артынша алыстан төбе астынан шыққандай күннің көмескі күркірегені естіледі. Бүк басқан тымырсық ауада нөсерді күткен дала құстары: бытпылдықтың су астынан шыға келгендей әр жерден бір естілген әсем үні, ғажайып жіпке ілінген жез қоңыраудай тас төбеде шырылдап тұрып алған бозторғай, бұрын өзім көрмеген көптеген дала құстарының бір-біріне ұласқан нелер әдемі үндері құлақты тұндырады.

Алғашқы қаққан шегедей ірі тамшылар тама бастағанда-ақ абыржып қалдық. Нөсерлі жаңбыр төгіп жіберді. Бір көрімі, екеуміздің де плащымыз бар еді, бүркене жамылып алдық та тоқтаусыз жүре бердік. Аяғымыз алып жүргізбестей халге жетті. Аттаған сайын егіндіктің желімдей езілген қара батпағы бәтіңкемізге жабысып, зілдей боп келеді. Біраздан соң су өтті де қорық-сазды басқандай шұрқ-шұрқ ететін боп алды. Егіндік бітіп қалың шабындыққа шықтық. Жүрісіміз біраз жеңілдеді.

Кішірек төбеден асқанымызда біздің оң жағымыздағы жырақтан шөп шабатын машина шыға келді. Шалғыларын жарқыратып қайырып алыпты. Жанымызға тақай бере тоқтады да:

— Біздің ауылға барасыздар ма? Кел, отырыңыздар, — деген баланың даусы маған таныс секілденді. Біз балпаң-балпаң жүгіріп жеттік.

— Әй, Жанболатпысың?

— Иә-ә, ағай, саламатсыз ба? — деді Жанболат та бірден танып. Жауыннан тоңазыған жүзі көкпеңбек болып кеткен екен. Күн қағары езіліп, майыса бастаған кепкасын баса киіп алыпты.

— Біздің жердің жаңбырына ұсталған екенсіз,— деп күлді.

Біз тілші екеуміз машина үстіне әзер дегенде сыйысып отырдық. Машина шабындық үстінде бір қалыпты бүлк-бүлк етіп тербеле жүріп келеді.

Сұрап білдім. Жанболат жаңағы өзі шыққан ойпаңда күні бойы шөп шауып, мына жауын амалсыздан қайтарған екен.

— Бүгінге белгіленген жер шабылып бітпей қалды,— деп қояды кейігендей.— Бірақ жаңбырдың жауғаны да жақсы, біраздан бері күн тым ысып кетіп еді.

Мен енді Жанболаттан колхоз жаңалықтарын, танитын адамдарым жайлы және оның өзі туралы сұрастыра бастадым.

— Әлгі өзіңізбен бірге шығып, машинадан түсіп қалғаннан кейін, мен үш-төрт күнге дейін ауылға бармай қойдым,— деді ол өзі туралы.— Ағам жұмыстан оралғанша ешкімдікіне барғым келмеді. Далаға түнеп жүрдім. Жәмила маған түнге қарай қалың киім алып шығып береді, көп уақыт жанымда отырады... Ағам қайтқаннан кейін жеңгем екеуі мен үшін қатты ұрысып қалды, тіпті ажырасып кетпек те болды. Ақыры ел боп татуластырды ғой, қазір бірге тұрамыз.

— Кәне, жігітім, ең қатты жүрісіңе салшы, тезірек жетелік,— деді машинаның шабандау бүлкіліне іші пысқандай болған тілші.

Осы мезетте дәл төбемізден жарқ етіп жасын ойнады да, артынша үлкен бір бөрене морт үзілгендей күн шатыр ете түсті. Біз тілші екеуміз сасқалақтап басымызды бұға беріппіз. Жанболат біздің әрекетімізге күліп отыр екен.

— Сіздерден адасып, өзекке барып түсті, — деді ол мысқылдап.

— Мұндайда машинамен жүру өте қауіпті ғой, — деді тілші қорыққанымызды жуып-шайып.

Жанболат оның сөзіне күлкілі кескінде жауап берді:

— Ағай-ау, жай түссе сіздің бас бұққаныңыз қорғаныш бола алмайды ғой.

Жаңбыр тағы да құйып кетті. Біраз жүргеннен кейін әлде үнсіз отыра беруді қолайсыз көрді ме, болмаса шынымен-ақ білгісі келді ме тілші жігіт бір көтеріліп отырды да, Жанболаттан әр нәрсені сұрай бастады. Тілшінің сұрағанына қарай Жанболат та өзінің қаладағы мектептің сегізінші класын бітіргенін, машина айдауды сонда мектепте үйренгенін айтты.

Тілші маған қарап қойып:

— Көрдіңіз бе, политехникалық оқудың пайдасын. Табылмайтын материал, — деді. Онан соң қойын дәптерін алып, жаңбыр астында бұқпалап отырып Жанболаттың аты-жөнін, туған жылын жазып алды. Тілші:

— Күндік нормаңды неше проценттен орындайсың? — деп сұрағанда, Жанболат кібіртіктеп қалған.

— Әзірге мақтана алмаймын, ағай,— деді ақырында,— тоқсанның ішінен аса алмай жүрмін. Шөп жағдайын жақсы білмегендіктен шалғыларды жиі-жиі қақалтып аламын. Сіздер тек ешкімге айтып қоймаңыздар, егер председатель естіп, қойса...— деді Жанболат бізге бұрылып, сыбырлай ескертіп,— менің бұл машинаны айдағаныма аз-ақ күн болды. Әлі-ақ жақсылап меңгеретін боламын. Оның үстіне биылғы шөп те қалың ғой...

Тілші жігіт елең ете қалды. Жанболатқа қарай бар денесімен бұрылып біраз тесіле қарап алды да, жайлап қана:

— Немене, председатель сенің қалай істеп жүргеніңді білмей ме? — деп сұрады. Жанболат тіксінген кескінмен іркіліп қалды.

— Бала, сен қорықпай-ақ қой, — бүрісіп отырған тілші енді сілкініп тастап, көзі ойнақшып шыға келді. Жауынды елең қылмастан, сиясы жүрмей қалған автоқаламын сілкіп-сілкіп қойды. — Председательдерің кім еді? Шамасы, колхозшыларды жұмысты қалай істеп жүргенімен оның шаруасы жоқ адам ғой, ә? Солай деп жазамыз да.

— Ағай, сіз алдымен ол кісіні көріп алсаңызшы, - деді сәл абыржыған Жанболат.

Бұл жерде бір әңгіменің барын сезіп, Жанболаттың қаупін сөндірмек оймен мен де жанамалап кеттім.

— Белгілі ғой сендердің председательдерің...

— Жоқ, ағай, сіздер ол кісі туралы жаман ойлай көрмеңіздер. Тек ол кісі өте қатал. Әсіресе жастарға сонша қатал-ау.

— Иә, иә... Саған мына шөп машинасын қалай берді екен, — дедім Жанболаттың қаупі осы тұста болар деген топшылаумен.

— О, машинаны басқаша жолмен алдық қой, — деді Жанболат сықылықтап бір күліп алып. — Есіңізде ме, — деді маған бұрылып, анау кезде сіз келгенде колхоздың үш шөп машинасын сатып алғаны.

Мен басымды изедім.

— Күн бұрын даярланбағандықтан бір ғана машинаға айдаушы табылды да, қалған екеуі талай күн босқа тұрып қалды. Үлкендер ішінен машинаны айдауға бірде-бір адам шықпады. Тілек білдіріп мен және үш-төрт оқушы кіргенбіз, председатель біздің сөзімізді тыңдап болмастан, кеңседен қуып шықты: «Басты қатырмаңдар. Сендерге беріп быт-шыт қылатын менің ойыншығым жоқ»,— деп.

Біз салып отырып Өсімбай ағайға бардық. Ол кісі қолма-қол не істей қойсын, ойланып бір ретін табармын деп қойды. Сонымен, осыдан біраз күн бұрын Өсімбай аға завхозбен керісіп жүріп гаражда тұрған екі машинаның бірін алып шыққан «ойбай-ау, председатель көрсе мені құртады ғой», деп зар қаққан завхозға Өсімбай аға ырық бермеді. Машинаны менің қарамағыма бекітті.

— Иә, сонымен председатель білді ме? — деді тілші Жанболаттың сөзін бөліп.

— Жоқ. Әлі білмейді. Өсімбай аға: «қашан күндік нормаңды 100 проценттен асырасың сол күні жұмыс басына ертіп кеп, бір-ақ білдіремін дейді.

— Қарап қойыңыз. Очеркке іздесе табылмайтын конфликт, — деді көңілі бұрынғыдан да гөрі қоштана түскен тілші, маған еріксіз бас изетіп. — Балақай, сенің тоқсаннан асырып жүргенің анық қой, факт?

— Комсомолдық сөзім.

— Жақсы, жақсы,— деді тілші, бұқпалап блокнотына тез-тез жаза түсіп,— ар жағындағы төрт-бес санда тұрған ештеңе жоқ газетке жүз деп айдап жіберсе де болады.0

— Ағай, ұят болып жүрмесін...

Жауын толастап, аспандағы өркеш-өркеш қара бұлттар шығысқа қарай жөңкіліп көше бастады. Нөсерден кейін бір сәтке ғана жарқ ете қалған күннің кешкі сәулесі айналаны қызыл торғынмен желпіп жіберді. Дүние теп-тегіс қызылға малынғандай боп шыға келді. Алыстағы ақ басты тау шыңдарына дейін қызыл жалқынданып, табиғат аса бір әсем көрікке енді. Шөп басындағы мөлдіреген жаңбыр тамшылары аяғыңды жерге созсаң бәтеңкеңді жуып береді.

— Қазір-ақ жетеміз, енді жарты сағаттай жүретін жол қалды,— деп Жанболат, асығыстық білдіріп, күйгелектенген тілшіні жұбатып қояды.

Шабындық аяқталып жалпақ тұғылды құлдилағанымызда, біз келе жатқан сүрлеу жанамалап кеп үлкен жолға қосылды. Қалың топырақты қара жол ми-ми боп езіліп жатыр екен. Жаңада ғана жүріп кеткен жеңіл машинаның ізі шана сүйретілгендей қазылып қапты. Бірнеше жерде машина ылдиға қарай шалғылапты.

— Біздің председательдің машинасы, — деді Жанболат ізді кесіп өткенде. — Көрдіңіздер ме, екі артқы дөңгелегі екі түрлі.

Шынында да солай боп шықты. Табанға түскенімізде арғы қайқаңда сұрғылт түсті жеңіл машина шегіншектеп өрге шыға алмай тұр екен. Екі адам артынан итеріп жүр.

— Біздің председатель,— деп Жанболат қатты абыржып қалды, бізге жалтақтап қарай берді.

— Жанболат! Тез, бізге көмектесіп жібер, — деді машинаны итеріп жүргеннің бірі.

— Өсімбай аға...

Шөп машинасы кішкене қайқаңнан тартыншақтамастан өте шығып, жеңіл машинадан оза тоқтады. Біз түсіп кеп, председательмен, Өсімбаймен амандастық. Шляпасын қолына бүгерлей уыстап алған етшең, қасқа бас председатель қара терге түскен екен. Мен оларды тілшімен таныстырып, жөн айтысқанша Жанболат машиналарын қайқаңнан сүйретіп, шығарып салған еді.

— Бұл балаға мына шөп машинасын кім беріп жүр? — деді председатель Жанболатты иегімен мегзеп, — өзі қалай, жақсы айдай ма деймін...

— О, жақсы айдағаныңыз не? Бұл балақай нағыз механик пе дедім, — деп тілші бірден іліп әкетіп Жанболатты мақтай жөнелді.

Председатель сәл ғана жымиды да Жанболатқа:

— Байқа, мақтау заяға кетіп жүрмесін, — деді ескертіп. Жанболат шексіз қуанышты еді, маған сыбырлап қана:

— Айттым ғой, мен сіздерге жақсы адам деп, рас па екен,— деп қойды.

Біз енді председательдің машинасына отырып жүріп кеттік те, Жанболат қол бұлғап артта қала берді.

Кешкілікте колхоз клубында «Аспан әлемі» деген тақырыпта лекция, артынан колхоз көркемөнерпаздарының концерті болады екен. Лекция басталатын кезде мен де барып, есік алдында тұрғам. Бір уақытта:

— Аға, тез, басталып кетер,— деген Жанболаттың даусы естілді. Артынша-ақ ағасы мен жеңгесін ертіп клубқа кірді. Мені ешқайсысы байқаған жоқ. Жеңгесі сол анадағы жүзі ісіне білеуленіп, бұртиған қалпы:

— Концертіне бір-ақ келмейтін бе едік, — деді күңкілдеп. Әй, сен де осы, ештеңе жақпайтын қарағымсың-ау, — деді тыржиған күйеуі. — Сол үйі құрғырда омалып отыра бергенше әңгіме тыңдайық та.

Ағасы мен жеңгесін бос орын тауып отырғызған Жанболат өзі еппен ғана сытылып сыртқа шығып кетті.

— Жәмила! — деген даусы естілді оның.

— Мен мұндамын, — дейді қыздың үні. Қараңдаған екеу ақырындап клубтың сыртына қарай жүре бастады.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз