Өлең, жыр, ақындар

Аза

Таң сыз бере орнынан тұрған Ержан асығыс-үсiгiс қатқан нан мен қара шай iштi де, аяғына қайқиған қара бәтеңкесiн, үстiне жыланның қабығындай көк күрткесiн киiп, жалаңбас сыртқа шықты.

Күн бұлыңғыр. Қар қылаулап тұр. Ол асыға адымдаған күйi аялдамада тұрған автобусқа келiп мiндi. Кiрген бойда арт жақтағы орындықта курстасы қырмасақал Қырықбайдың қалғып-шұлғып отырғанын көрдi. Қасына жайғаса берiп, бүйiрiнен түртiп қалды:

— Қайдан келесiң, серi жiгiт?

Қырықбай селк ете түсiп, жалт қарады.

— Өй, сен екенсiң ғой, күйеу бала. Иә, жол болсын! Қайда бара жатырсың? Өзiң жыл құсындай ұшты-күйлi жоғалдың ғой. Оқуды тастағансың ба?

— “Байтал түгiл, бас қайғы“ демекшi, оқу түгiл жан қайғы болып кеттi ғой!

— Е, сонша күйiнетiндей не болды?

— Ұлым сырқаттанып, ауруханаға түсiп қалды. Өкпесiне суық тиген дейдi. Жәмила жанында. Соларға бара жатырмын.

— Ұнжырғаң әбден түсiп кетiптi. Үй болу қиын-ау, сiрә?

— Үйленсеңшi. Содан соң өзiң де бiлетiн боласың.

— Сен сияқты үй-күйсiз қаңғып жүрер жайым жоқ. Алды-артын ойламай жардан қарғып кетер ақымағың мен емес... Дипломды аман-есен қолға тигiзсек, қатын алу қайда қашар дейсiң. Құдайға шүкiр, қазiр не көп , қыз көп. Әлi-ақ маңдайынан шертiп жүрiп, әбден пiскенiн таңдап алармыз. Тәттiсiн... Ха-ха-ха...— Қарлыңқы дауысымен қарқылдай күлген Қырықбай бас бармағын шошайтты.— Әбден пiскенiн... Ха-ха-ха...

— Сақалың сапсиып отыздан асқанша сұр бойдақ жүргенiң елден ұят емес пе?! Бәрiнен де бұрын, өмiрден қу тiзеңдi құшақтап өтiп жүрме. Есiңде болсын, жалғыздық құдайға ғана жарасады.

— Құдайыңды танымай жүр екенсiң. — Кеңкiлдей күлген Қырықбай орнынан көтерiлiп, шығар есiкке беттедi.— Бiз де сол құдайдың бiрi емеспiз бе?! Өзiң айтшы, менiң құдайдан қай жерiм кем... Өй, бәрiн айт та бiрiн айт, келесi аялдама “Университет қалашығы“ ғой. Түспеймiсiң?

— Жоқ. Айттым ғой қайда бара жатқанымды!..

* * *

Ержан қала шетiндегi ауруханаға жеткенде сәске кезi едi. Ол дәлiзде отырған кезекшi кемпiрден ақ халат алып, үстiне желбегей жамылды да, еппен басып шеткi палатаға кiрдi.

Әйелi баласын қолына көтерiп, әлдилеп жүр. Өңi сынық. Шашы дудырап, көзi кiртиiп кеткен.

— Хал-жағдайларың қалай, Жәмила? — деп тақай берген Ержанға ол мұңлы жанарымен баласын көрсетiп, қыстыға жылап жiбердi.

Сәбидiң өңi боп-боз. Кеудесi сырылдап, демiгiп жатыр. Ержанның жүрегi зырқ ете түстi.

— Не боп қалды, жаным? Жылай бергенше, айтып түсiндiрсеңшi.

Жәмила нәрестесiнен көзiн айырмаған күйi, кемсеңдеп тұрып:

— Арманымыз күннен-күнге нашарлап барады. Дәрiгерлер селсоқ қарайды. Азынап тұрған бөлменiң түрi мынау... Дәрi-дәрмек те жоқ. Бәрi құрып қалған. Кетейiкшi үйге. Бүйткен ауруханасы құрысын, — дедi.

— Сендер жатқалы төрт-ақ күн болған жоқ па. Босатар ма екен?

— Бiле тұра сұрайтының-ай, осы. Әрине, босатпайды! Қашып шығамыз... Ептеп өзiмiз емдеп көремiз...

— Қашып шыққанда қайда бармақсың, жаным-ау! Пәтерiмiздiң де оңып тұрғаны шамалы. Жарылған қабырғалардан аяз кеулеп тұратынын өзiң де бiлесiң. Оның үстiн кердең қаққан керауыз қожайындар: “Отынды тым көп жағасың. Көмiр мен ағаш та таусылуға айналды. Көктемге дейiн сирақтарыңды жағасыңдар ма?“ деп, күнде құлақ етiмдi жейдi... Оны қойшы, басқа пәтер iздестiрермiз... Арманымыз ауруынан құлан-таза жазылып кетсе жақсы. Қырсық қылғанда, оңалмаса қайтемiз! Қайта ауруханаға алмай қояды ғой.

— Бәрiбiр бұл ауруханадан ешқандай қайыр жоқ. Бұндағы дәрiгерлер өздерiнiң жан тыныштықтары мен қалталарының қамын көбiрек ойлайды. Сый-сияпат көрсетсең, сенен жақсы адам жоқ. Асты-үстiңе түсiп, құрақ ұшады. Ал ештеңе бермесең, сенен жаман адам жоқ. Көздерiмен атып, жеп қоя жаздайды. Сенiң беретiн нең бар? Тышқақ лағың да жоқ. Ендеше, сенiң балаңның кiмге керегi бар?!.— Жәмила тағы да қыстыға жылап жiбердi. Не деп жұбатарын бiлмей, меңiреу адамша состиып тұрып қалған Ержан сәлден соң қайратына мiнiп:

— Жә, жинал. Басқа iстер шара қалмаса оқудың бетiне бiр-ақ түкiрiп, ауылға тартып кетермiз,— дедi дауысы жарықшақтана шығып.— Залда ақ халаттылар толып жүр. Арманды қалай алып шығамыз?

— Сен такси ұстап әкел. Мен терезенi ашып, дайын тұрамын.

Қабағына кiрбiң ұялаған Ержан бұдан әрi ләм-лим деп тiл қатпастан iлби басып, палатадан шығып кеттi...

* * *

Аядай бөлменiң iшi азынап тұр. Ержан дәлiзден құрғақ ағаш әкелiп, пешке от жақты. Жәмила баласын қолына көтерген күйi әлдилеп жүр. Нәресте уанар емес. Денесi күйiп-жанып, шығар-шықпас дауыспен iңгәлай бередi. Өзiнiң дәрменсiздiгiне күйiнген Жәмила қосыла жылайды.

Қамкөңiл әйелi мен сырқат баласына жаны ашыған Ержанның да жанарына жас тығылды. Ол пештiң үстiне су тола шәугiмдi қойып жатып, көзiнен сорғалай аққан жылымшы жасты жеңiнiң ұшымен сүртiп алды.

— Жәмила, мен басқа пәтер iздеп келейiн. Мына азынаған үйшiкте отырып, қыстан аман шығуымыз екiталай, — дедi Ержан киiнiп жатып, — Отты өшiрiп алмай, оқтын-оқтын көмiр салып, көсеп отыр.

* * *

Жер-дүние ақ көрпесiн қымтай түскен. Қар жапалақтап жауып тұр. Ержан аяғын адымдай басып, “Жетiм бұрышқа“ қарай бет түзедi.

Оның жол бойғы көз тiккенi көп қабатты еңселi ақ үйлер болды. Тамсана әрi қызыға қарайды. Анда-санда iшiнен: “Шiркiн, осындай бiр баспана болар ма едi!“ деп күбiрлеп қояды.

Ержан “Жетiм бұрышқа“ жақындай бергенде әр жерде топ-тобымен бүрсең қағып жүрген жас қыздар мен жiгiттердi көрдi. Сылбыр басып, шеттеу тұрған шағын топқа келiп қосылды. Орта бойлы, қараторы жiгiт қолын сермеп қойып, ашына сөйлеп тұр:

— Сессия тапсыруға келгенбiз. Алматыда жататын жер табу қиямет екен. Деканға барып едiк, сырттай оқитын студенттерге жатақхана берiлмейдi деп шығарып салды... Қонақ үйлерге барсаң, әкесiнiң құнын сұрайды. Амалсыздан вокзалға түнеп жүрмiз...

Осы кезде берi қарай беттеген кексе әйелдердi көздерi шалған олар жемге үйiрiлген тауықтардай жапа-тармағай жүгiрiсе жөнелдi. Кербездене басып келе жатқандардың басқа ұлт өкiлдерi екенiн байқаған Ержанның ойына әйелiнiң: «Пәтер жалдаушы тiлiн, дiлiн түсiнетiн өз ұлтымыздан болса жақсы болар еді. Бала өсiруде де неше түрлi салт-дәстүрiмiз бар ғой. Солар жайлы мағлұмат алып, ақыл-кеңес сұрармыз. Жас бала ауырғанда да өзiнше ем-домдарын жасап жатушы едi ғой!» деген сөздерi есiне түсiп, тұрған орнынан қозғалмады.

Терiстiктен жел бiлiнiп, жаңа жауған ұлпа қар ұйтқи бастады. Пәтер жалдаушылар бiрiнен соң бiрi келiп, тұрушыларын iрiктеп алып, балапандарын ерткен ана қазша қаздаңдай басып, кетiп барады.

Күрткесiнiң iшiн суық жел кеулеп, бойы тоңазыған Ержан әйелiне өлердей ыза болды: «Жәмила да қызық. Басқа ұлттың өкiлi жеп қояды дей ме екен, — дедi өзiнен-өзi күйiп-пiсiп. — Бағанадан берi қаққан қазықтай қалқиып тұрғанша, жөнi түзу пәтер тауып алатын едiм ғой!..»

Кенет, басына құндыз құлақшын, үстiне қаракөл тон киген қараторы әйелдiң өзiне қарай беттегенiн көзi шалған Ержан ентелей басып, жанына жақындады:

— Апай, пәтерiңiзге бiздi алыңызшы. Әйелiм екеумiз ғана. Үш айлық баламыз бар. Қазiргi тұрған пәтерiмiз салқын болғандықтан, өкпесiне суық тиiп, қатты сырқаттанып қалды. Соған оңдылау пәтер iздеп жүр едiм. Алыңызшы, апай...

— Сен қайда истеит?

— Әйелiм екеумiз де студентпiз.

— Мен студент тургизбайд. Сендер казир койдан жуас. Пәтер кирген, мойн минет. Акча уакитин бермей, адам жинди килат,— деп ысылдаған әйел кердеңдей басып, бұрыла бердi. Әлдекiмнен жылы сөз күткендей жан-жағына жаутаңдай қараған Ержан: “Қазағыңның түрi мынау болса, басқадан не үмiт, не қайыр!..“ деп iштей күбiрлеген күйi состиып тұрып қалды.

Қас қарайып, адам аяғы да азайды. Жел гуiлдеп, ақша қар ұйтқи соғып тұр. Суық сорып, боп-боз болған Ержан салы суға кеткендей ұнжырғасы түсiп, iлби басқан күйi пәтерiне бет алды.

* * *

Ол жақындай бере мұржаға көз тастады. Шыққан түтiн көрiнбейдi. Көңiлi әлденеден секем алып, жүрегi дүрсiлдеп қоя бердi. Сол мезет басына небiр сумаңдаған суық ойлар кiрiп-шығып, тұла бойы тiтiренiп кеттi. Сүрiне-қабына ентелей басып келiп iшке ене бере меңiреу адамша мелшиiп тұрып қалды. Бөлме iшi алакөлеңке. Салқын леп бетке ұрады. Әйелi баласын құшақтаған күйi: “Тумай жатып сөнгенiң-ай, шырағым! Қара жердiң қойнына қалай қиям!..“ деп зарлы дауыспен жоқтау айтып аңырап отыр.

Ержан не болғанын бiрден түсiндi. Сұп-сұр болып сұры қашып, түрi бұзылып кеттi. Еңкейген бойы баласының өлi жүзiне үңiле берiп, сұп-суық еденге сылқ етiп отыра кеттi...

Iңiр. Дала сықырлаған сары аяз.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер