Күн болса ыстық. Үстіңіздегі камзолыңызды шешіп қолыңызға аласыз. Теріңізді бір сүртіп қойып, магазинге тартып кетесіз. Ондағы ойыңыз, жаз күні жайдары, жаурамасыңызды білген соң, «жаз жазыл, қыс қысыл» дегендей, бір майка алып кию. Асыққанда іздеген нәрсеңіз алдыңыздан шыға қоя ма, үлкен магазиндерден іштеңе таба алмайсыз. Әрине, ондағы майкалардың жақсы болатынын одақтың үлкен қалаларының ірі кәсіпорындарынан шығатынын біліп іздейсіз. Бірақ ол жұмысы бар адам келгенше «мен мұндалап» көлденен тұра қоя ма, жоқ болып шығады.
Сіз жақсы майкалардың орнын сипалап қалған соң, «көрген жерде ауыл бар», бір табылса осы жерден табылушы еді ғой деп төтелей салып. Алматы көк базарындағы көптеген көк дүкендерге келесіз. Бұл жерде жоқ болса, суда балық жоқ шығар деп ойлайсыз.
Асыққан кісі дүкеннің маңдайшасына қарап тұрмайды. Кішкентай дүкеннің бір жағын алып жатқан бума-бума қызыл майкалар көзіңізге оттай басылады. Бірін сатып алып жайыңызға жөнеп бересіз...
Күн болса ыстық. Аздан соң терлей бастайсыз. Осы жерде ойда жоқта бір жұмыс табыла кетеді. Етіңіз дуылдап қышып жүріп береді. Жұрт ішінде қышыну тағы қиын, шыдамасаңыз да сипап-сипап қойып, сонымен біраз тынасыз. Әттең оңаша жер кездессе деп кіжініп те қоясыз. Тырнақты тырылдата салар ма еді, шіркін! Жұмыс аяқталып үйге келген соң, қызыл майканы жерге бір-ақ ұрасыз. Терлеп бояуы езіліп, үсті-басыңыз қызарып, қызыл шақа болып шыға келесіз. Еркіндік өзіңе тиген соң осып-осып жібермейсің бе!
Таңертең қайта киіп алып, жүріп кетесіз. Білеудей-білеудей тігістер, шоқпардай-шоқпардай түйіндер етіңізге батып, жаныңызды шымшылайды. Онымен қойсын ба, қызыл майканын іш жағындағы бүртік-бүртік бөріткен тәріздес шумақталған жіп қышытып, мазаңызды да ала береді. Жүріп келе жатқанда бұл бүртіктің жыбырлатқаны, сізге өтірік, маған шын, арқаңызда ат шауып жүргендей болып білінеді.
Бірнеше күннен соң кезек кию үшін қызыл майканың тағы біреуін алғыңыз келеді. Бұл жолы дүкеннің маңдайшасына қарай келесіз. Қарамағанда ше? Көп ішінде мазалағаны есіңізден кетер ме, сірә! Осындай майкаларды қолыңа күбіртке түскір қай шебер тоқыды екен дейсіз бе?! Бұл қызыл майканы тоқыған облыстық кәсіпшілік одағының Кіші станицадағы Ватутин атындағы артелі.
Бұл жолы майканың әр түрі-ақ табылады. Көгі де, күлгіні де, сарысы да бар. Майканың тағы бірін алып көресіз. «Аузы күйген үріп ішер» дегендей, бұл жолы аударып-төңкерін қарайсыз. Баяғы өзіңіз киген қызыл майка. Тігісі атыздай, жіп түйіні шоқыдай. Әсіресе, екі қолтықтағы бүкпесі өтірік айтқан кісіге қос жұдырықтай. Айналдырып қарай бересіз. Осының өзі фабрикадан шықты ма екен дейсіз.
Етегіне бастыра тіккен қағазы да болады. Артикулі 5804, прейскуранты 068, пішімі 48, сорты 1, бағасы 9 сом 50 тиын. Бұл жағына келгенде кішкене ойланыңқырап қаласыз. Әлде осы артикул бойынша білеудей тігіс, шоқпардай түйін, қышытатын бүршік болсын делінген шығар, кім біледі.
— Қалай, сатушы жолдас, сату жоспарыңыз орындала ма?— деп сұрайсыз Бессоновадан.
— Орындалғанда қандай, артығымен орындалады. Өйткені тұрған орын жақсы, нағыз ұрыныс жер!
Бірақ маусымды уақытта майканың дүкенде айлап жатқанын ішіміз сезіп тұрады. Біраз саудаға қарап тұрасыз. Сатушы майканы алушыларға созғылап көрсетіп жатады, «Қысқа болса ұзынын былай созасыз, тар болса көлденеңін былай созасыз! Біздің майка икемге келе береді. Әдейі колпитып-солпитып икемді жасаған».
— Апырай, ә, икемдісі-ай! Бірақ қышытқаны...
«Алтынды шыққан жерден қаз» деген ғой, қызыл майканың жасалып жатқан жерін көргіңіз келеді. Артель председателі Ғапар Қасымовтың жұмысы кеп дейді, бірде кездесесіз, бірде кездеспейсіз. Бірақ бастықтан құр алақан емес, технорук А. Солудилова қасыңызда болады. Өндірісті аралап кетесіз. Бір жерде тігін цехы бір жерде пішім цехы, тағы тағылар. Артель ішінен жол тауып жүре алмайсыз. Көн-қоқыр, қиқым-сиқым. Технорук тілінен майын тамызып сөйлеп келеді:
— Бізде бәрі жақсы, майкаларымыз қалай созғыласаңыз да икемге келе береді...
Ол мынадай нұсқаулар, өлшем, пішім бар деп бір кітапшаны да көрсетті. Бірақ онда білеудей тегіс, шоқпардай түйін болсын деп жазылғанын кере алмадық. «Қоянның бойын көріп, қалжасынан түңіл» дегендей, артельдегі өлшеусіз кесіліп, аяусыз тігіліп жатқан бұйымдарды көріп, көрмегенім Қызыл майка болсын дейсіз. Содан бері көк базардың қызыл майкасын өзім де, жолдастарым да кимейтін болдық. Айта көрмеңіз.
1953
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі