Өлең, жыр, ақындар

Үндістандағы аштан қырылулар

Ұлы Моғолдар Үндістаны 1770 жылдарға дейін аштық дегеннің не екенін көріп-білген емес. Қуаңшылық немесе астық шықпай қалған жағдайда ел билігі астық экспортын доғарып отырды немесе шаруаларды салықтан босатып отырды. Британдық колониялық режим бұл елдің тарихындағы жаңа «қара парақты» бастап берді. 18 ғасырдың өзінде Бенгалия набабтығы бұрын болып көрмеген тонаушылық объектісіне айналды. Салық көлемі күрт артып, жергілікті саудагерлерге сыртқы сауда-саттықпен айналысуға тыйым салынды. Ағылшындар ішкі кеден жүйесін енгізіп, елдің ішіндегі сауда-саттықтың маңызды-маңызды деген салаларын монополиялап алды. Жүздеген мың бенгал қолөнершілері мәжбүрлі түрде компаниялардың факторияларына тартылып, олар сол факторияларға өз өнімін өте төмен бағаға өткізуге немесе мүлдем тегін тапсыруға міндетті болды. Осы тонаудың нәтижесінде 1769-1773 жылдары алғашқы үлкен аштық болып, аштық кезінде 7 миллионнан 10 миллионға дейінгі бенгалдықтар ажал құшты. Аштықтан қырылу қасіреті 1780-1790 жж. қайталанып, тағы да миллиондаған адам оның құрбанына айналды. Есесіне Британияға кұны миллиард фунтқа жете қабыл қазына әкетіліп, бұл басталып келе жатқан өндірістік революцияның табысты болуына септігін тигізді.  

Англиялық тоқыма фабрикаларының арзан өнімі үшін Үндістан нарығының ашылуы үнді тоқыма қолөнершілерінің жаппай жұтауына апарып соқты. 1834 жылы «Үндістанның жазық даласындағы тоқымашылардың сүйегінен көз сүрінеді» деп британ генерал-губернаторы Уильям Бентинк Лондонға хабарлады. 1800-1825 жж. аралығында 1 млн. адам аштан өлді, 1825-1850 жылдары — 400 мың, 1850-1875 жылдары — 5 миллион адам көз жұмды.  

19 ғасырдың екінші жартысында қайтыс болған үнділіктердің көп бөлігі дүниежүзілік нарықтағы астық спекуляцияларының құрбандары болған еді. Колонизаторлар салған темір жол желісі елдегі дәнді дақылдарды толассыз алып кетіп отыруға мүмкіндік берді. 1875-1900 жылдар аралығында ғана Үндістаннан жыл сайын 3-10 млн. тонна астық әкетіліп отырды. Бұл 25 миллион адамды тойдыра тамақтандыруға жететін еді. Сол уақытта Бомбей мен Мадрастағы «Ұлы аштық» 1876-1878 жылдары 2,5 миллионнан 10 миллионға дейінгі адамды жалмады. Астықтың сыртқа шығарылуын шектеу шараларын үкімет аса кейіген көңілмен қабылдамай тастады: «Неге бай Ұлыбритания кедей Үндістан үшін саудагерлерін жазалауы керек екен!» деп лорд Солсбери шаптығып шықты. 

 

20 ғасырдың басынан бастап британ әкімшілігі Үндістандағы ашаршылық құрбандары жайындағы деректерді бүгіп қала бастады. Оның (ашаршылық) құрбандары тырысқақ пен оба эпидемиясынан қайтыс болғандар ретінде хабарланды. Мысалы, 1896-1908 жылдары, ресми деректер бойынша, 6 миллион адам«оба ауруының» құрбаны болып шыға келді. 1942-1943 жылдары Бенгалияда, Үндістанның солтүстігі мен шығысында ағылшындар жүзеге асырған күріш пен астықты реквизициялау нәтижесінде 5,5 миллион адам аштан өліп қалды. Көп ңұсқаның бірі бойынша бұл аштықты биліктегілер 1942 жылғы Үндістандағы азаттық қозғалысын басып-жаншу үшін әдейілеп ұйымдастырған.  

Бенгалиядағы 182 жылға созылған британдық режим кезінде Бенгалияда 30-40 рет аштық болған (аштық деп нені айтуға байланысты). Бұл дүлей апаттардың құрбаны болғандардың мөлшер санын растайтын сенімді дереккөздері жоқ. Біздің қолымызда бары ағылшын колонистері ұсынған цифрлар ғана. Бірақ, ашық ақпараттың шектеулі болуын ескергеннің өзінде, Үндістандағы ағылшын колониализімінің бет-бейнесін көруге болады.

Бенгалияда аштық соңғы мәрте 1942-1945 жылдары болды. Осы үш жыл ішінде аштық, бері алғанда, төрт миллион адамды баудай түсірді. Кейбір зерттеушілер ол құрбандардың саны әлдеқайда көп болған деп шамалайды (төрт миллион саны британдық дереккөздерінен алынғанын есте ұстау керек). Аштық құрбандарының саны жөніндегі келісім жоқ болғанына қарамастан, зерттеушілердің көпшілігі ол аштықтың қолдан жасалғанына дауласпайды. Нобель сыйлығының лауреаты Амартия Сен бұл аштыққа өндірістік тауарлар өндірісінің құлдырап кетуі емес, британ саясатының нақ өзі себепкер болғанын нанымды түрде дәделдейді.  

«Тамыз айында мен Мадрастан Калькуттаға дейін темір жолмен жүріп өттім… Қалыпты жагдайда «Мадрас-Калькутта» жолындағы Калькуттадан 50 километр қашықтықтағы Кхарагпур станциясында 1- және 2-класс жолаушыларына таңғы ас беру үшін пойызға вагон-мейрамхана тіркейтін. Мен тойымды таңғы астан дәметіп, кеңпейіл көңілмен вагон-мейрамханаға бет түзедім. Бүкіл платформа Калькуттаға баратын пойызға мініп кетуден үмітті, еркек-әйелі бар әр түрлі жастағы шаршап-шалдыққан, құр сүлдері қалған адамдардан аяқ алып жүргісіз болып тұрды. Олардың көбі әупірімдеп әрең қозғалады. Мен жалыныш пен амалы құрығандықты білдіретін тобырдың аңыраған, сыңсыған дыбысын ғана есте сақтап қалдым… Таңғы ас тамағымнан өтпей, мен купеме қайтып бардым».   

«Әрдайым, 1,5 миллион деген тарихи санды көзім шалған сайын, мен оның себебі болған жағдайды есіме аламын. Қазір мен ол сан қатты төмендетілген деп білемін, оның үстіне жолдарда бақилық болғандарды санап шыққан жоқ. Дейтұрсақ та, комиссияның жұмысын сынаушылардың кейбіреулерінің мәлімдегеніндей, аштық құрбандарының саны 3-4 миллионға жеткен жоқ. Бірақ ең төменгі цифрдың өзі қасіретке толы». © «Аштықты еңсеру» 1944 жылғы шілдеде Үндістан үкіметі құрған аштық себептерін зерттеу жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі болған У. К. Эйкройд.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (3)

Ардагер

Салықты құлдар төлейді.

Еркін

Қазақстанда да маңызды-маңызды деген салалар монополияланып алынған.

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз