Өлең, жыр, ақындар

Солмайтын гүл

Кешкі мезгіл. Күн өлі ұясына қона қойған жоқ. Табиғаттың осынау шақтағы сұлу көріністерін тауға шығып тамашалауды Қарғаш екеуміз соңғы кездері әдетке айналдырып алғанбыз. Әлденеге кешіккен оған қарайлай түсіп, етектегі ұсақ тастарды саудырата жоғары беттедім.

Тау басына шыққан соң, айналаңа көз салғанда назарыңа бірінші түсетін көл. Әсіресе кешкі мезгілде айналасына алтын сәуле шашып, батып бара жатқан Күннің қызғылт нұрымен жарқыраған көл "қай жерімнен мін табасың" дегендей көз тартып, тіпті әсем көрінеді.

Төменде көлге апаратын жол ирелеңдейді, көлге жақындай бере ол екіге айырылады. Бір тармағы осыдан жүздеген шақырым жерде қалған туған үйге, өскен ауылға бастайды. Әне, сол жолмен бір машина кетіп барады. Оның доңғалақтарының көтерілген әлі де жөнделіп үлгермеген жолдың шаңы аспанға шығып жатыр.

Бір мезет менің көңілім де сол жолмен жүйтки ағып, ауылдан бір-ақ шықтым. Кенеттен бас көтерген шырын сағынышты басу үшін назарымды кері жаққа аударғанымда Қарғаш та көрінді. Бұл жаққа екеуміз де демалуға келгенбіз. Танысқанымызға он шақты күн. "Үйренісіп қалып едік, екі күннен кейін қайтатыны өкінішті", — деген ойда тұрып, Қарғашпен арамыздың қалай тез қысқарып қалғанын да байқамаппыз. Өзі бір қуақылық ойлап келе жатқан тәрізді. Көздері күлкіге толып тұр. Дәл жаныма келе берді де, жан даусы шыға кейін қарай ыршып түсті. Қаперсіз тұрған мен шошып кетіп, шегіне бергенмін. Іле сақылдаған оған қайта бұрылсам, алдағанына мәз бола қатты күліп тұр екен...

Мариялар ертең қайтпақ көрінеді. Мен де солармен бірге жүріп кетсем жақсы болар еді. Екі күннің әрісі не, берісі не. Оның есесіне үйге таныс кісілермен бірге жетіп қаламын. Сен қалай ойлайсың? — деді біраздан соң күлкісін тыйып.

Ерік өзіңде, — деймін қайтқанын қаламасам да, мен үшін әзірше кетпегенінің жақсы екенін өзі де түсініп тұр ғой деген оймен. Ол бір сәт қандай шешімге келерін білмегендей үнсіз қалды.

— Кімді қатты сағындың? — дедім мен оны сергіткім келіп.

— Егер үйіңде сені күткен бір ғана адам болса, сен мұндай сұраққа қалай жауап қайырар едің? — Ол әлдеқайда қарап, мұңая қалды.

Белгісіз бір көлеңке жүгіріп өткен оның ажарынан ыңғайсыз тиетін сұрақ қойғанымды аңғардым да, әңгімені басқа арнаған бұрғым келген.

— Кеттік. Қараңғы түсіп келеді. Әрі ертең жол жүретін болсаң, ертерек ұйқтап, тынығуың да керек...

— Тынығып үлгерермін. Ертеңге дейін де біраз уақыт бар ғой. Одан да мен саған өзім туралы айтып берейін. Анда — санда есіңе ала жүрерсің.

Жай аяңдап төменге түсе бастадық. Қарғаштың өңінде манағы бір ойнақылықтан із де жоқ. Ойлы көздерін алдыңғы жаққа жүгіртіп, сабырға түскен. Төменде оттар жана бастапты. Айтатын сөздерін жүйелеп келе жатқан секілді. Айналаның жасыл желекті салтанаты мен осынау көңілді дабырын шеткеріректен шыққан музыка әуені әсем толықтырып тұр. Кеш түсе еш толастамайтын осынау шулы дүниеден бір мезет аулағырақ болғымыз келген біз қалың өскен ағаш арасында электр жарығы әлсіздеу түсіп тұрған орындықтардың біріне келіп жайғастық.

— Әкем соғыстан жараланып оралыпты. Мен үш жасқа толар толмаста соның зардабынан дүниеден өтіпті...

Оның аққұба өңі ағаш арасынан сығалаған ай жарығымен бұрынғысынан да бозара түсіпті.

— Әкеден солай айрылыппын. Бір үйде шешем екеуміз қалдық. "Өмірім, бар тірегім, жалғызым" дейтін анам мені ылғи. Бұл сөздердің мәнісіне ол кезде ой жүгіртпейтінмін. Ананың еркелеткен көп сөздерінің бірі ғой деп ойлайтынмын. Ал қазір байқасам, анамның бүкіл тағдыры сол сөздерге сыйып тұрғандай екен.

Мен де ержеттім, кәмелеттік аттестат алатын күн де туды. Бұл күндерде анамның жүзін жалғызілікті өткен жылдардың таңбасындай әжім сызаттары айғыздап үлгірді. Соны көріп, мектепте жүрген кезімде аса зор, ажырамас арманым болған студенттік өмірді қоя тұрып, енді еңбекке араласуға бекінгенмін. Анама осы ойымды білдірдім.

— Еңбек еткенге не жетсін, қарашығым. Еңбексіз өмір бар ма?! Тек қана сынаны ескертемін, өзің ақылыңа салып қара... Әкеңнен айрылғаннан соңғы өмірімнің жалғыз жарығы, қуанышы, көңіліме медеу еткенім бір сен едің. Бар мақсатым сені азамат етіп, қатарыңнан кем қылмай өсіру, әкеңді жоқтатпау болды. Сол үшін бойыма қуат жыйдым. Еш қиындықтан тартынбадым. Сен енді оң-солыңды танып қалдың. Бірақ барар жердің шегі бұл емес. Алдыңда институт сияқ білім ордасы тұр. Оған жетуіңе кім бөгет болмақ?! Менің арманым да сенің бір мамандықтың басын ұстауың. Менен әкеңнің күткені де сол — сені өз қолың өз аузыңа еркін жететіндей азамат дәрежесіне жеткізу еді. Сондықтан менің көңілім жай тапсын десең, оқуға аттан. Қатарыңнан қалма...

Кім өзі шыққан тауының биік болғанын қаламайды?! Кім өзі өсірген гүлінің әсем болғанын жек көреді?! Сол сияқты қандай ана өзі бүкіл ғұмырын соның жолына сарп еткен, түн ұйқысын төрт бөліп өсірген, сол үшін өз басының рақаты мен қуанышынан бас тартқан балапанының алдыңғы қатардағы, білімді, көргенді адам болуын қаламайды дейсің. Мен ана сөздерінен осыны түйдім. Анамды әлгіндегідей нағыз адам болуыммен, өмірден өзімнің орнымды тауып, еліме пайдалы бір істің тұтқасынан берік ұстап, соған бел шеше кірісуіммен ғана бақытты ете алатынымды түсіндім.

Арада үш-төрт ай өткен соң облыс орталығындағы өзім қалаған бір жоғары оқу орнына түсіп, туған ауылыма студент болып оралдым. Сондағы анамның қуанғанын өмірімде көрген емеспін. Есіктен менімен бірге аттаған көршілерге қонақасысын әзірлей жүріп бір күледі... бір жылайды...

Көп ұзамай оқуымыз басталып кетті. Ауылдан хат келіп тұрды. Бірінші курсты көңілдегідей аяқтап, ауылға қайттым. Жүрегім алып ұшады. Жеттім-ау, әйтеуір. Қандай қуаныш! Қазір анамды көремін!

Автобустан түсе бере әлденеге жүрегім дір ете түсті. Әне, үй де көрінді. Есіктің алдында жерошақ жөндеп күйбеңдеген анам емес пе?! Қалай шөгіп кеткен өзі?! "Бәрі де бір сен үшін", — дейтін сөзі түсті есіме. Көзіме мөлдіреп жас келді. Анамды көрмек болып көзімді сүртіп едім, тағы да келді. Неге екені белгісіз, көңілім босап, көз жасымды тыя алмаған күйімде үйіме жақындадым. Міне, келіп те қалдым. Дыбысымнан бұрылған ана құшағына қалай құлағанымды білмеймін. Жаңағы көзіме тығылған жас енді еркін төгіліп жатыр. Анам да жылады. Бірдеңе деп сөйлеп жүр. "Иә, апатай, сенің не айтатының белгілі маған", — деп, ойлап қоямын. Көршілер де жиналып жатқанын еміс-еміс аңғарамын. Бір кезде анам мені құшағынан босатты. Сол-ақ екен екінші бір әйел бассалды. Сұмдық! Мұнысы несі?! Жоқтау айтып тұр ғой! Анам қайда әлгі?! Қандай суық еді мына адамдар!

Құшақтаған әйелді кеудесінен итере серпіп, кейін қарай ыршып түстім. Не дейді мынау әже?! "Мәңгілік жан жоқ Анаң өткен!" ол не сөз?! Аһ! Өлген дегені екен-ау! Көз алдым қарауытып жүре берді...

Қарғаш алдына домалап кеткен ірі тамшыларды ақырын ғана сырып тастап, бір күрсінді. Сол бір ауыр сәтті басынан дәл қазір қайтадан кешіп отырғандай. Ауырлаған сезімін жеңе алмай бір мезет үнсіз қалды. Ағаш жапырақтарын жеңіл судыратып, майда самал бас көтерді. Жоғарыдан жаңа туған ай сығалайды. Маңайымыз тып-тыныш. Тек қана сонадай дағы би алаңы жақтан көңілді музыка әуені еміс-еміс құлаққа келеді.

Сәлден кейін Қарғаш әңгімесін одан әрі жалғады.

— Мен келгенде жерошақ жөндеп жүрген әйел көршіміз еді. Ері соғыстан оралмаған. Жалғыз баласы содан бір жыл бұрын әскер қатарында азаматтық борышын өтеп жүргенде мерт болған. Қазір жалғыз тұратын ол да бір шерлі жан. Біздің үймен үнемі араласып жүретін. Мамам екеуі өте тату-тұғын. Кенеттен ауырып, әл үстінде жатқан анам осы әйелді шақырып алып:

— "Қарғашыма енді сен қамқоршы бол. Ботасынан айрылған бір мұңлық едің, сен ғана тілін таба аласың оның. Менің бір аманатым — Қарғашым. Саған қалдырдым", — деп, көз жұмған екен. Көзі тірісінде бәрібір жетіп үлгермесімді сезген анам оқуына бөгет болады деп, маған хабарлатпапты.

Сол күннен бастап анамның орнын әлгі адам басты. Енді оны тумаған деуге аузым бармайды....

Қарғаш әңгімесі осылай аяқталды. Ол енді маған күндегі Қарғаш емес, жаңа бір дүниеден келген, солмайтын әсем гүлдей елестеді. Ол гүлді неше рет дауыл соғып үзе алмаған, сынын бұза алмағандай. Әлі сол шешек атқан қалпында құлпырып тұрған секілді.

... Ертеңіне Қарғаш отырған автобус оны туған аулына, анасына қарай алып ұшып бара жатты. Ол алыстаған сайын жан дүниемде өзгеше бір сәулелі сезімнің бой көтеріп келе жатқаны сезіле түсті. Екеуміздің кездесуімізден менің көңілімде адамдар бойындағы жақсылықтың, адамдар жүрегіндегі ізгіліктің, адамдар санасындағы мөлдірліктің ыстық табы қалғандай еді...


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер