Өлең, жыр, ақындар

Шешендік өнер - ұлт қазынасы

Ең алдымен "шешен" сөзінің мағынасына тоқтала кетсек. Бұл сөз қазақ тілінде ертеден қолданылып келе жатыр. "Шешен" сөзінің мағынасы сөздіктерде "тілмар, тілуар, сөзгер, тапқыр" сөздерімен байланыстырылады. Сонымен қатар, "шешен" - "сәсән" сөзі қырғыз, қалпақ, өзбек тілдерінде де қазақ тіліндегідей мағынаға, кейде "мерген, дәл тигізетін" деген мағынаға ие. Өзбек тілінде "чечен" сөзі - ұста, шебер, тува тілінде - әдемі, көркем, ал қалмақ тілінде "кәкән" - данышпан, ақылгөй, дана деген қосымша мағыналары бар. Ал халықаралық терминдерге "шешен" - "оратор" деп аталады. Оратор латын тілінде "orare" - айту, сөйлеу сөзінен шыққан. Орыс ғалымы Дальдың түсіндірме сөздігінде "оратор - қызыл сөз, сөзшең адам, сөйлеу шебері" деп түсіндіріледі. Яғни, шешен дегеніміз - ойға ұшқыр, сөзге тапқыр, сөйлеуге ұста және білімді адам.

Шешендік сөздерді зерттейтін ғылым саласы - шешендіктану, халықаралық тілде "риторика". Ескі гректер риториканы "сендіру өнері" деп есептеген. Рим өркениеті кезінде риторика деп "шешен сөйлеу өнерін" айтқан. Ал ортағасырда "сөзді әсемдеу өнері" деген атқа ие болған. Риторика Ежелгі Грекияда б.з.д IV - V ғасырларда пайда болып, II - III ғасырларда жүйелі қалыптасты. Негізгін салған грек ораторы Протагор болып есептеледі. Тарихқа үңілсек бұл өнердің дамуына Афины мемлекетінің билеушісі Солонның заңы себеп болыпты. Заң бойынша әрбір азамат сотта өз мүддесін өзі қорғауы тиіс болды. Нәтижесінде өз құқығын қорғай білуі үшін тіпті мектептерде арнайы пән енгізілген көрінеді. Дүние жүзіне әйгілі шешендер Протагор, Демосфен, Цицерон, Квинтилиан болған.

М.В.Ломоносовтың 1748 жылы басылып шыққан "Шешендікке қысқаша басшылық" атты еңбегі бұл өнердің Ресейде дамуына жол ашты.

Солон заңына ұқсас заң "Жеті жарғы" қазақ елінде де болған. Алайда қазақ шешендік өнері ауызша жатталып таратылғандықан  пайда болған уақытын дөп басып айту қиын. Бізге жеткен деректерге сүйенсек қазақ шешендерінің атасы - Жиренше шешен. "Түгел сөздің түбі бір, сөз атасы Майқы би" деген сөз де бар. Сонда қазақтың шешендік сөз өнері XII - XIII ғасырларда Майқы би мен Аяз биден бастау алады, Жиренше шешен мен Асан қайғы арқылы қалыптасып, кейінгі би - жыраулар арқылы жалғасады. Қазақтың шешендік сөз өнерін  өзге жұрттың атақты адамдары жоғары бағалады. Мысалы, академик В.В.Родлов: " Қазақтар мүдірмей, кідірмей ерекше екпінмен сөйлейді. Ойын дәл, айқын ұғындырады. Ауызекі сөйлеп отырғанның өзінде, сөйлеген сөздері ұйқаспен, ырғақпен келетіндігі соншалық, бейне бір өлең екен деп қаласың" ,- деп көрсетеді. Шешендік өнерді зерттеуде Әл-Фарабиден Абайға дейін, кейінірек Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов, М.Әуезов, С.Сейфуллин секілді көптеген азаматтар ерен еңбек етті.

Сонымен шешендік тарихында үнемі  туындап отыратын сұрақ: "Шешен болуды үйрену мүмкін бе әлде шешен болу тума талант па?". Бұл кезде ой екі тарапқа бөлінеді: бірі тума талант деп есептесе, енді бірі үйренуге болатындығын айтып жатады. Осы туралы Марк Тулий Цицерон: " Ақын болып туады, шешен болып шығады" деген пікір қалдырған. Бірақ А.Ф.Конидің ойынша: "Шешендік пен көпшілік алдында сөйлеу - екі түрлі зат. Шешендік адамның табиғатынан бар талант болса, көпшілік алдында сөйлеу - үздіксіз ізденіс пен еңбек нәтижесі". Енді тағы да тарих бетіне үңілсек, грек шешені Демосфеннің тілінде мүкісі болған екен. Сонда да ол өз тілін жаттықтырып,сол кездің шешендік сөздерін жаттап, қайталап, зор күш - қайрат жұмсауы арқасында заманының атақты шешендерінің біріне айналды. Яғни, адамға ең алдымен ниет қажет, кейін қайратың жеткілікті болуы шарт.

Қорытындылай келгенде, қазақ елі қаншама ғасырлар бойы сақтаған шешендік өнері - ұлтымыздың  асыл қазынасы.Кез келген адам шешен бола алмайды, тек шын жүректен қалап, талмай еңбек етіп, көп ізденсе ғана барлығына қол жеткізуі мүмкін екендігін естен шығармаған жөн.

Ергеш Арайлым


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер