(Оқырмандарға жауап)
Менің «Махаббат, қызық мол жылдар» атты кітабым 1970 жылы жарық көрді. Содан бері биыл үшінші жылға аяқ басты. Бірақ бұған дейін де менің оннан аса кітабым жарияланды. Жұрт кезінде мені жақсы очеркист деп таныды. Солай бола тұрса да мен ол кітаптарымның бірде-біріне хат алған емеспін. Ал «Махаббат, қызық мол жылдардың» жалғыз өзіне ғана мыңға жуық хат алдым. Бұрын кейбір кітаптарыма бірді-екілі рецензия шығып, кей кітаптарым атаусыз қала беретін. Ал мына романға республикалық, облыстық, аудандық газеттер беттерінде отызға жуық пікір жарияланды. Сол сияқты, бұған дейін мен кітап оқушылар конференциясы, жазушының өз оқырмандарымен кездесуі дегенді естігенім, көргеніммен, менің бірде-бір кітабым бойынша конференция өтпеген, өзім жазушы ретінде оқырман қауыммен кездеспеген едім. Ал осы роман жайында Қызылорда, Шымкент, Қарағанды, Семей пединституттарында, Қызылорда мен Жамбыл педучилищелерінде, астанамыз Алматыда С.М.Киров атындағы мемлекеттік университет пен қазақтың Абай атындағы педагогтік институтында, республиканың көптеген қазақ орта мектептерінде оқушылар конференциясы өтті. Мен автор ретінде Қызылордадағы Мәншүк Мәметова атындағы қыздар педучилищесінің бес жүз шәкіртімен, Алматыдағы Қазақтың Абай атындағы пединститутының тіл-әдебиет факультетінің студенттерімен жүздестім.
«Махаббат, қызық мол жылдар» романына байланысты маған хат жолдағандардың көпшілігі студенттер, орта мектептердің жоғары сынып оқушылары, ауыл-селодағы жұмысшы жастар, совет армиясы мен әскери-теңіз флотының жауынгерлері. Солардың ішінде зейнеткерлердің де, үй шаруасындағы әйелдердің де, ауыл интеллитенциясының да лебіздері бар. Өз республикамыздың барлық облыстарынан хат алғандығымның үстіне, туысқан Өзбек республикасының Ташкент, Самарқанд, Бухара, Ферғана сияқты қалаларынан да хаттар келгенін, соның ішінде әсіресе, Қарақалпақ АССР-інен көптеген хаттар алғанымды ерекше атап айтуым қажет. Осы хаттардың бәрінде де оқырмандар алдымен өздерінің бұл кітапты оқығандарын білдіріп, мұндай шығарманы ұсынғаны үшін «Жазушы» баспасына, авторға рахмет айтады.
Сөзіміз жалаң болмас үшін бірнеше хаттан қысқаша үзінділер келтірейік.
Орал облысының Фурманов ауданынан механизатор Е. Әбдаров өз ойын қысқаша ғана былай деп түйіндепті: «Махаббат, қызық мол жылдар» романын нағыз махаббаттың сырын, мәнін ұқтыратын құнды шығарма деп білемін. Тағы да айтар едім, бірақ та әттең, әттең тілім жетпейді». Ал Талдықорған облысының Панфилов ауданынан келген хатта мынадай сөздер жазылған: «Әзілхан Нұршайықовтың жақында шыққан «Махаббат, қызық мол жылдар» романын оқыдық. Бұл кітап бізге өте ұнады, әрқайсымызға да ой салды. Сол кітаптағы кейіпкерлер осы күнде бар ма екен? Солардың шын аты-жөні кім? Ербол кім? Жомартбек пен Майраның өмірі қандай болды? Бұл сұрақтарды қойған себебіміз бұл кітапта Мұхтар Әуезовтың аты мен фамилиясы өзгерген. Мүмкін Ербол да сол сияқты осы күнгі ақын, жазушыларымыздың бірі шығар. Әлде бұл романның екінші кітабы бар ма? Біздің осы сұрауымызды ескерусіз қалдырмай, жауап беруді өтінеміз.
Механизатор қыздар: Ахметова Тұрсынбүбі, Қамырбаева Пәтігүл».
Сол сияқты Шымкент облысы Қапланбек шаруашылық оқу орнының агрономы Махамбет Алтаев өз пікірін былай хабарлайды: «Әзілхан Нұршайықов «Махаббат, қызық мол жылдар» романында осы заман тақырыбының күрделі мәселесі — жеке адамға деген махаббатты көпке деген сүйіспеншілікпен ұштастыра біліп, дәл бүгінгі күннің көкейтесті жәйттерінің пернесін тап басқан. Адамгершілік, ізгілік шарттарын бұзбауға, адал махаббатты ардақтап, соның ыстық-суығына күйе білуге, еңбекшілдікке үйретеді... Бұл кітаптың жүректерінде махаббат оты бар бүкіл жастар қауымының керекті құралына айналып, жақсы іске тұлға боларына сенімі зор. Осындай жан азығы мол, жақсы кітаптар берсе екен».
Челябі облысының әскери бөлімінде қызмет етуші жауынгер Кәкібай Әйімбетов «Жазушы» баспасына кітапты оқығаннан кейін былай деп жолдайды: «Соғыс кезінде Ербол ағаларға серік болған «Ақын» романы сияқты, «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабы біздің серігіміз болды. Жорықтардан шаршап келгенде оны қолыма алып, оқи бастасам, біржола шаршағанымды ұмытып кетемін. Қасымдағы орыс жігіттеріне де бірнеше рет әңгімелеп айтып бердім. Оларға да өте қатты ұнады. Біздің взводтың жігіттері сіздерге және осындай қызық, тартымды роман жазып шығарған Әзілхан Нұршайықов ағайға көп-көп рахмет айтады». Житомир облысында әскери борышын өтеп жатқан жауынгер Қуантай Бұзаубаев бұл романның өзінің әскери борышын ойдағыдай атқаруға көмектескенін жазады.
Сөйтіп оқырмандар өз хаттарында осылай, алдымен кітап жайындағы пікірлерін білдіре келіп, өздерінің «әттеген-айларын» айтады: анау неге олай болмады, мынау неге бүйтпеді деген сияқты өз өкініштерін ортаға салады. Осындай бірнеше сұрақтарына жауап беруді өтінеді. Ондай сұрақтарға оқырмандармен бетпе-бет жүздескенде толық жауап беруге мүмкіншілік мол. Ал конференцияда кездеспей, республиканың, тіпті, Отанымыздың алыс түкпірлерінде жатқан оқырмандарға жеке-жеке жауап беру қажет. Алғашқы 4-5 хат келгенде мен оларға қолма-қол жауап та бердім. Өйткені мен ол кезде мұндай көп хаттың астында қалармын деп ойламаған едім. Бірте-бірте хат көбейе бастаған соң олардың әрқайсысына бөлек-бөлек жауап жазып үлгере алмайтынымды аңғардым. Жүзінші хат келгенде «Жүз хатқа жауап» деген тақырыппен газетке мақала жазуға, сөйтіп оқырмандарға баспасөз арқылы жауап беруге ұйғардым. Бірақ осы кезде науқастанып, ұзақ уақыт ауруханада жатып қалдым. Шынымды айтсам, сол науқастанып жатқан кезімде оқырмандардан үзбей келіп тұрған хаттар маған дәрігерлердің емі мен дәрісінен кем болған жоқ. Әр хат маған от берді, жаныма жігер құйды.
Міне, ауруханадан шығып, қолыма қуат кіргеннен кейін, романым жөнінде жылы лебіздер білдіріп, хаттар мен қиын күнде демеу болған қадірлі оқырмандарыма рақмет айту үшін қолыма қалам алып, осы жауапты жазуға кірістім.
Жоғарыда аталған мыңға жуық хатты түгел оқып шыққаннан кейін солардың ішіндегі барлық оқырман үшін ортақ мәні бар деген оншақты сұраққа жауап беруді жөн көрдім. Олар мыналар:
Сұрақ: Сіз ақынсыз ба? Әлде жас кезіңізде өлең жаздыңыз ба?
Жауап: Мен бала күнімде өлеңге құмар болдым. Мектепке барғанша елден ескі дастандарды көп тыңдадым. Хат танығаннан кейін «Батырлар жырының» бірін қалдырмай жаттап алдым. Соларға қарап өзімнің де өлең шығарғым келді.
Сөйтіп жүргенде соғыс басталды. Алматыға әскерге келдім. Бір күні кешке (1941 жылы желтоқсанда) бәрімізді тездетіп сапқа тұрғызды. Командир алға келіп:
— Майдандағы 8-гвардиялық дивизияны толықтыруға кім барады? Екі адым алға шығыңдар, — деді.
Денесі төртбақтау келген, жұмыскер пішіндес жас жігіт шығып, бізге қасқая қарсы қарап тұрды. Қапелімде одан басқа ешкім шықпады. Мен шықтым, шыға сала жігіттерге қарсы қарап тұрып, өлеңдетіп қоя бердім:
— Біз жеңеміз, өйткені ісіміз ақ.
Барлық адам баласы бізбенен жақ.
Дүниеге зұлымдық үстем болып,
Тұрмақ емес, әділдік жеңуі хақ!
Әділ ісіміз үшін шығыңдар, азаматтар, алға! — дедім.
— Жарайсың! — деп төртбақ жігіт қолымды қысты. — Өлеңді өзің шығардың ба?
— Өзім шығардым.
Сол-ақ екен, біздің оң жақ, сол жағымыздағы жігіттер кернеп кетті. Сапқа бірге тізілген екі артдивизионнан керегі 80 адам екен, 100 адам шығыппыз. Жиырма адам артық деп командир бірсыпыра адамды кейінге қалдырды. Мені де сол жиырманың ішіне қосты.
— Сен ақын екенсің. Ақын бригадаға да керек. Соғысқа бұлардан сәл кейінірек барамыз, — деді.
— Құп!
Майданға барамын деп саптың алдына алдымен шығып, жігіттерге қасқая қарап тұрған жігіт Төлеген Тоқтаров еді. Кейіннен Тоқтаровқа Совет Одағының Батыры атағы берілгені туралы хабарды естігенде: «Апырай, сонда Төлегенмен бірге қалсам, мен де батыр болар ма едім?!» — деген ой келді. Ол менің албырттығым еді. Әйтпесе екінің бірі ер бола бермейді ғой.
Сонымен мен майданға бару үшін жаңадан жасақталып жатқан бригаданың құрамында қалдым. Өзім бала күнімнен елгезек, ширақ едім. Екі күнде ефрейтор атандым. Көп ұзамай кіші сержант боп шыға келдім. Бәрінен де жақсысы бұрын «Лениншіл жасқа» бір конвертке салып он өлең жіберсем, соның бірде-біреуі басылмайтын еді. Енді бригада газетінде бұрқырап менің өлеңдерім шығатын болды. Бұрын бір ауыз өлең шығарғанға өзімді ақынмын деп санап жүрген басым бригада газетінің бетінде «Кіші сержант Ә. Нұршайықов» деген атпен жиі жариялана бастаған соң өзімді едәуір үлкен ақынмын-ау деп ойладым. Соғысқа барғаннан кейін ұзақ өлеңмен бригада атынан «Атамыз Жамбыл ақынға» деген хат жаздым. Менің осы өлеңім мен оған берген Жамбылдың «Жүз жасаған жүректен» деген жауабы екеуі қатар «Социалистік Қазақстанда» шықты.
Соғыс бітті. Бірден Алматыға келіп, университетке түстім. «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жасқа» өлеңдерімді апардым. Ешқайсысы баспады. «Мынауың бықып тұрған фольклор көрінеді. Фольклордың заманы өткен, шырағым. Бұл түріңменен ешқашанда ақын шықпайды» десті. Бұрынғымның барлығы бос әурешілік екеніне сонда ғана көзім жетті. Сөйтіп, албырт, жас кездегі ақылсыздығымнан ақын бола жаздап, аз-ақ қалдым. Осыдан кейін өлеңмен үзілді-кесілді қош айтысып, журналистік жолға біржола бет түзедім. Прозаның ауылы жаққа да алыстан көз салып жүрдім. Ал поэзия, алғашында уәдесін беріп, үміттендіріп, басқа біреуге күйеуге шығып кеткен қыздай болып, көңілімнен де, көкейімнен де біржола алыстап кетті.
Сұрақ: Осы роман қалай туды? Қанша уақытта жазылды?
Жауап: Мен ұзақ уақыт журналист болдым. Тек қана журналистика жанрларымен: бас мақала, сын мақала, очерк, рецензия жазумен шұғылдандым. Ал әңгімені ауызша ғана айтатынмын. Ауызша айтатын әңгімелерімнің тақырыбы лирикалық, сатиралық, әзіл-қалжың түрінде боп келе беретін. Ұзақ жол жүріп келе жатып машина ішінде, дастархан басында, демалыс үйінде тынығушылар арасында айтатын ондай әңгімелерім бірнешеу еді. Олар «Ботакөз», «Жемпір», «Әтір», «Алтын сағат», «Үлкен жазушының жанында», «Аупартком секретары туралы баллада», «Қызыл көрпе» т.б. болатын. Осылардың бірсыпырасын кейін жолдастардың кеңесімен қағазға түсіріп, газет-журналдарға жарияладым. Кейбіреулері кітапқа да кіріп кетті. Тек сонау 1945—1949 жылдардағы студенттік өмірдің бір сәтіне ғана құрылып, кейін әлденеше рет өңделіп, жөнделіп, толықтырылған «Қызыл көрпе» әңгімесі ұзақ уақыт қағазға түсірілмей, ауызша айтылумен келді. Оның қысқаша мазмұны мынадай еді: соғыстан келген солдат — студент өзімен бірге оқитын қызды сүйеді. Қыз да жігітті жақсы көреді. Жігіт сөз айтқанда басқаға беріп қойған уәдем бар еді, оны қайтемін деп қиналады. Жігіт қыздың уәдесін бұздырмайды. Содан кейін ол сырттай оқуға ауысып кетеді. Бұл әңгімені мен ауызша ең соңғы рет 1968 жылы 7 қарашада белгілі тіл маманы Әйтім Әбдірахмановтың үйіне жиналған көп адамның алдында айттым. Сонда ақын Ғафу Қайырбеков орнынан тұрып, құттықтап қолымды алды да:
— Осы айтқаныңыз қағазға түскен бе? — деп сұрады.
— Жоқ.
— Қағазға түсіресіз бе?
— Түсіремін.
— Ендеше, тез қағазға түсіріңіз, әйтпесе мен мұны поэма етіп жазып қоямын...
Студент күндердегі блокноттардың бірін ақтардым. Ақтара отырып, бұл жайды өзім жазбасыма болмайтынын түсіндім. Күндіз-түні соны қағазға қалай түсіруді ойладым. Қандай қосалқы оқиғалар жанастыру жағын іздестірдім. Ақыры сол жылдың желтоқсанында демалыс алып, осы әңгімені қағазға түсіруге отырдым.
Мен — журналист-жазушымын. Өмір бойы кеңседе қызмет істеп келемін. Профессионал жазушылардың журналист-жазушылардан артықшылығы олар кеңседе қызмет істемейді, үйлерінде жатады, тек қана творчествомен шұғылданады. Ондай мүмкіншілігім болмағандықтан, мен кесек деген көркем шығармаларымды тек қана жыл сайынғы кезекті демалысымды алғанда жазатынмын. Осылай етіп мен бір жылғы демалысымда «Махаббат жыры» деген алғашқы повестімді аяқтадым. Одан кейінгі екі демалысым «Ботакөз», «Әсем» дейтін шағын повестерге жұмсалды, т. т. Ал алпыс сегізінші жылдың кезекті демалысын «Жастық жыры» деген жаңа атпен ауызша «Қызыл көрпе» аталып келген осы әңгімеге жұмсамақ болдым.
Алғашқы жоспарым бұрын жарияланған «Махаббат жыры», «Ботакөз», «Әсем», «Ескі дәптерге» енді «Жастық жырын» қосып, замандастар жайлы шағын, бес повестен құралған роман жасау болды. Осы арада бұл шығарманың қай жақтан баяндалатыны да белгілі болып қалды. Өйткені оған дейінгі шағын повестердің бәрі де бірінші жақтан баяндалатын. Солардың бір бөлігі болғандықтан, мұны да солай етудің қажеттігі айқындалды.
Бұған дейін де мен бұл әңгімені қағазға түсіремін деп бір-екі рет талаптанған болатынмын. Бір рет бастағанымда журналист Ербол Алматыдан келген жазушымен екеуі тың жерлерді аралап жүріп, ауатком председателінің кабинетіне қонады. Сонда Ербол астана жазушысына өз өмірін баяндап береді. Екіншісінде ол кабинетте емес, далада, машина ішінде баяндайтын. Ал үшінші жолы оны кабинетте де емес, машина ішінде де емес, өзен жағасындағы шопан үйінде жатып баяндайтын еттім. Бірақ кітап біткеннен кейін оның басталуын тағы да өзгертуге тура келді. Бір кездескенімізде жазушы Мырзабек Дүйсенов екеуміз жалпы романның атын не деп қоюды ақылдастық. Ол «Махаббат, қызық мол жылдар» деп қоюға кеңес берді. Осыған тоқтадық. Осы атпен «Жазушы» баспасының 1970 жылғы жоспарына 15 баспа табақ роман беремін деп мен заявка жасадым.
Ал ауызша айтқанда 20-30 минутта аяқталатын «Қызыл көрпе» әңгімесі «Жастық жыры» деген атпен қағазға түсе бастағанда шағын повесть көлеміне сыймай, шырқап кетті. Бір ай демалысымда оны бітіре алмадым. 1969 жылдың басында тағы бір ай демалыс алып, тапжылмастан отырдым. Онда да бітпеді. Жазған сайын жаңа линиялар қосылып, шығарманың арқауы қалыңдай берді. Бұрын әңгіме Ербол мен Меңтай арасында ғана болса, енді оған Ербол — Сәлима, Бүркітбай - Сәлима, Меңтай — Тұмажан, Заман — Тана линиялары қосылды. Белгілі бір дәуір — Отан соғысы кезінің қиындығы, одан кейінгі ауыртпалық туралы шығарма жаза отырып, сол кезге тән бұл оқиғалардан аттап кете алмайтын болдым. Оның үстіне Меңтай мен Ерболды, олардың қасындағы басқа жанама кейіпкерлерді сол 40-жылдардың дәрежесінде қалдыру керек пе деген сұраққа да көп ойлануға тура келді. Қалдырсам 70 жылдың жастарына ол ұнай ма? Бұл кітаптың оқырмандары сол Меңтай мен Ерболдың, солардың тұстарының балалары болады. Олардың әке-шешелерінің махаббатын әрі таза күйінде, әрі өздеріне үлгі ете көрсету міндет. Қазіргі жастардың білім дәрежесі де, сыншылды көресі де өте жоғары. Бұлар жоқшылық дегеннің не екенін білмей, молшылық дүниесіне балықтай жүзіп келе жатқан жандар. Олардың махаббат жайындағы түсінігі де өзгешерек. Осылардың бәрін елеп, ескеру, ерекше қажет болды.
1969 жылдың басында алған демалысымда шығарманы аяқтай алмаған соң, сол жылдың желтоқсанына дейін жұмыс істей жүріп, кештетіп соған үңілумен болдым. Ақыры 1969 жылдың аяғында бір айлық кезекті демалысымды алып, 1970 жылдың 19 қаңтарында кітаптың соңғы нүктесін қойдым.
Кітаптың әр тарауын жеке новелла етіп аяқтап отырдым. Шамасы келсе әр тарау келесі тарауға жетекші болсын. Шамасы келмесе, біткен бір тарау өз алдына жеке әңгіме сияқтанып қалсын дедім. Өйткені осы күнгі оқушының кез-келген романды басынан аяғына дейін оқып отырарлық шамасы жоқ. Қолына тиген романның бір тарауын оқып, тартпаса тастай салуы да мүмкін. Мен кітабымның ең жоқ дегенде оқушы шыдамы жетіп оқыған тарауы ойында қалуына тырыстым. Ол үшін оның оқиғасы қызықты, тілі тартымды — екеуі де өмірдің өзінен алынған шындық болуына көп назар аудардым. Бірсыпыра тарауларды кейін қайталап көшіріп, ондағы оқиға, сезім, сөз шындығын үнемі тексеріп отырдым. Кей күндері жана материалдардан 3-4 бет жазсам, кейде жарты бетті толтыра алмай, қиналған шақтарым да болды. Әсіресе оқушының көз алдында картина сияқты боп қалса-ау деген тұстар тұтқыр тарта берді. Мысалы, Ерболдың ең алғаш жаңа жыл түнінде жауған көбірек қарды боратып келе жатқан сәті. Ерболдың Меңтайға сөз айтатын түні, Ерболдың қайта майданға кеткелі жатқанда Қарашекені шынжырлап жатқан жері т. б.
Әсіресе бұрын ауызша айтып жаттыққан жерлерім (Ерболдың ең алғашқы аудиторияға кіруі, бірінші лекцияны тыңдауы т. б.) өте тез жазылды.
Кітапты жазуын жазып бітсем де қолжазбамды жолдастарға көрсетуге қорқып жүрдім. «Ұнай ма, ұнамай ма? Ұрсып тастамай ма?» деп қымсындым. Оны алғаш оқып, пікір айтқан, көңілімді демеп, буынымды бекіткен ақын Музафар Әлімбаев болды. (Баспа қызметкерлері кітаптың кіріспесін ықшамдау керек дегенде тағы да Әлімбаев сенің кітабыңның бар мазмұны Пришвиннің мына сөзінде тұр, соған зер салшы деген кеңес айтты. Осыдан кейін алғашында эпиграф ретінде алынған Тургенев сөзі мен Пришвин пікірін ұштастырып, кітаптың кіріспесін қайта ықшамдадым).
«Жастық жыры» біткеннен кейін оған бұрынғы повестерді қосуға болмай қалды. Өйткені жалғыз осының өзі баспа жоспарындағы көлемнен көбіректеу боп шықты. Енді мұны жеке кітап етіп шығаруға тура келді. Тек «Жастық жыры» деген аты өзгертіліп, баспаның жоспарында көрсетілген «Махаббат, қызық мол жылдар» деген атпен шығып, «роман» деп аталатын болды. Сонымен, осы кітаптың түбіне бірінші рет фамилиям жазылды.
Сұрақ: Роман неге тек қана махаббатқа құрылған?
Жауап: Бұл романды жастар өмірінен алып, жастарға арнап жазған мақсатым, бұрынғы ата-бабаларымыздың мекеніне ұя салып, бүгінгі біздің орнымызды басатын, ісімізді жалғастырып, алға апаратын болашақ ұрпаққа, солардың жүректерінде асыл адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына титтей де болса өзімнің себебімді тигізуге ұмтылу еді. Біз — ата-ана, жан жүрегімізді жарып шыққан жас қауымның жақсы болуын тілейміз. Солар әділ, адал болып өссе екен дейміз. Баяғы Төлеген ағаларындай уәдеге берік, Жібек апаларындай ақылды, жаугершілік жағдайға душар болса, сонау Қарақыпшақ Қобыландыдай қаһарман батыр, кешегі Төлеген Тоқтаров, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова сияқты отаншыл, ержүрек болса екен деп арман етеміз. Өз жүрегіміздегі сол арманды мен жастарға қалай жеткізсем деп толғандым.
Сонда осы ойдың бәрін оларға бір ғана махаббат деген асыл жібекке түйіп беруді мақұл көрдім. Өйткені саналы өмірдің бар қызығы махаббатқа тіреледі. Махаббатқа соқпай кететін сезім аз. Анаға сүйіспеншілік, жарға құштарлық, Отанға перзенттік, туған топыраққа борыштық сезімдерінің бәрі махаббатқа байланысты. Адам бойындағы ең асыл сезімдердің бірі адамгершілік сезімі де махаббатпен сабақтас. Өйткені махаббат қадірін білмейтін адамда адамгершілік сезімі болмайды, ал адамгершілігі жоқ кісінің жүрегіне асыл махаббат ешқашанда ұя салмайды. Мінеки, осы себептен де мен жастардың жүрегіне махаббат арқылы жақындауды мақсат еттім. Кітабымның негізгі арқауын махаббат ете отырып, жастарымыздың жанына, жүрегіне, ойына қарапайым халқымыздың кейбір асыл қасиеттерін: ананы ардақтаушылық, қызды қадірлеушілік, алған жарын жанындай сүюшілік, ағаны құрметтеушілік, сертке беріктік, ұйымшылдық, бірлік-бірауыздылық, бауырмалдық сияқты советтік моралімізге сай келетін дәстүрлерін сіңіргім келді. Халқымыздың бұл қасиеттері туралы басқа кітаптарда да жазылған, айтылған, әлі де айтыла берер. Ал мен соған өз үлесімді қосуды парыз тұттым. Ол мақсатым орындалды ма, орындалмады ма — оны оқырман қауым біледі.
Сұрақ: Романда Меңтай неге трагедиялық түрге ұшыратылды? Оны тым болмаса тірі қалдыруға болмайтын ба еді?
Жауап: Меңтайдың басынан кешкен трагедиялық жағдай бірнешеу. Алдымен кішкентай күнінде әкесі өлді. Одан соң соғыста жалғыз ағасы қаза тапты. Оның күйігіне шыдай алмай шешесі қайтыс болды. Бұл соғыс кезіндегі соғыстың тақсіретін тартқан әр жанұяға тән қасиеттер болатын. Халықтың қалын ортасынан шыққан қыз болғандықтан, әрине, Меңтай да сол азаптардан өтуге тиіс еді. Байқауымша, бұл жағына оқырмандар қарсы емес, дәнеңе демейді. Бұдан басқа Меңтай ұшыраған тағы екі трагедиялық хал бар: бірі оның Тұмажанның торына түсіп қалуы, екіншісі өлімі. Көп жұрт, әсіресе, Меңтайдың өліміне өкінеді. Меңтайды өлімге кәрі де, жас та қимайды. Көп жастар Меңтай өлімін жылап отырып оқығандарын жазады. Ал Павлодар облысының Майқайың поселкесінде тұратын пенсионер қарт Кәрібай Уайысов бұл туралы өз хатында былай дейді: «Жолдас Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» деген романын түгел оқып шықтым. Жақсы жазылған. Менің сіздерге хат жазып отырған себебім, романға сын айту емес, Меңтай өлімінің қайғылы екенін айту. Сондай абзал жаратылған адамның өлді деген жерін оқығанда не болып кеткенімді өзім де білмеймін. Жүрегім әлсіреп, сасқанымнан дәрі ішіппін». Немесе Қызылорда облысының Жаңақорған станциясының тұрғыны Қылышбек Бейсекеев былай деп жазады: «Өмірімде қолыма қалам ұстап, шығарма талдап немесе пікір айтып көрген жоқ едім. Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» деген романын оқып, қатты толғаныс үстінде қалдым. Мейлі, Меңтай өлді дейік (жоқ, «өлді» деуге ауыз бармайды: оны өлді дегенше әлгі батырдың жолдасы болмай кеткір Тұмажанды өлтіру керек еді). Бірақ «өлгеннің артынан өлмек жоқ» деген бар емес пе? Ендеше Ерболдың содан бергі өмірінен оқушыға екі-үш бет қана хабар беруге болар еді ғой. Сосынғы бір айтарым: біздің ауылда осы кітаптың ішіндегі «Апамның айтқандары» деген нақылдарды қойын кітаптарына көшіріп алған адамдарды көрдім. Бұл да Меңтайды сыйлағандықтың белгісі деп білдім». Мінеки, оқырмандардың пікірі -Меңтайдың тағдыры туралы екі ұдай: біреулер өлгенін дұрыс көреді, біреулер тірі қалдыру керек еді деседі. Бірақ қанша қиналып, қынжылғандарымен көпшілік оқырмандар оның өлгенін дұрыс санайды.
Шынымды айтсам, мен Меңтайды «өлтіремін» деп ойлаған жоқ едім. Алғашқы жоспарымда Меңтай Ерболмен қосылмайтын, Тұмажан опасыз боп шыққаннан кейін басқа біреумен тұрмыс құрып кететін. Содан жиырма жыл өткеннен кейін Жоғарғы Советтің сессиясы кезінде депутат Меңтай мен журналист Ербол екеуі астанада кездесетін. Бірақ «Татьяна менің еркімнен тыс ерге шығып кетті» деп Пушкин айтқандай, Меңтай да менің еркімсіз Ерболға шықты, онымен аз уақыт қана тәтті дәурен сүріп, дүниеден қайтты.
Меңтайдың күйін кешіп, осы күні тірі жүргендер де бар өмірде. Ендеше оны романдағыдай қайғылы халге ұшыратпауға да болатын еді. Бірақ романның мазмұнын «Меңтай жақсы қыз еді. Алғашында адасты. Артынан бақытты болды» деген сөздерге ғана сыйдырсақ оқушы соған иланар ма еді? Иланбауы мүмкін. Өйткені өмірде екінің бірі бақытты бола бере ме? Қазір ғашықтарға ешбір бөгет жоқ: заман дұрыс, заң әділ дегенімізбен, әлденелер бөгет болып, әркім әртүрлі себеппен арманда кетіп жатпай ма? Романда Заман мен Тана мақсаттарына жетіп, бақытты болады. Оның үстіне Ербол мен Меңтайды бақытты етіп қойсам, тым тәтті болып кетпей ме? Міне, осындай толғаныс үстінде Меңтайды трагедиялық халге жеткізу жайында еміс-еміс ой келді. Оған мынадай бір себеп те болды.
Бұл роман жазылмас бұрын, газетте қызмет істейтін журналист кезімде бір жас әйелдің редакцияға жазған хатын тексере бардым. Аупартком кабинеттерінің бірінде арыз иесімен әңгімелестім. Қазірдің өзінде уыздай өңді келіншектің қыз кезінде керемет сұлу болғаны аңғарылады. Келіншек көзінің жасын сығып тастап, сұрақтарыма жауап берді. Ол өзі облыстық қалалардың бірінде жоғары оқу орнын бітіріпті. Көрікті қызға көз салғыштар көп болмай ма? Бұған да солай болыпты. Соған мастанып, бұл ешкімге қарамай қояды. «Бұйырмаған қызға бұғалық түспейді» дегендей, ешкімді көзіне ілмей, ойнақтап жүре береді. Әсіресе жұпыны жігіт қызға көп жалынады. Киімің нашар, бойың тапал деп қыз ол жігітті де маңына жолатпай қояды. Сөйтіп жүргенде қыз институтты бітіруге айналады. Бір күні кештен бірге қайтқан екі жігіт қызды шығарып салмақ болып келе жатып, алдап бір үйге кіргізеді де, екіншісі есікті сырттан кілттеп, кетіп қалады. Тағамы, шарабы жасаулы тұрған йен үйде әлсіз қыз еңгезердей жігітпен екі күн оңаша қалуға мәжбүр болады. Сөйтіп сақтығынан айырылған қыз пәктігінен айырылады — арамза жігіттердің шығарып саламыз дегеніне жүре берген сорлы бала осылайша опасыздың олжасына айналады. Бұл оқиғадан кейін қыз институтты тауысып, дипломын алып, үн-түнсіз қызметке жөнеледі де, барған жерінде бірінші сөз айтқан жігітке тұрмысқа шығады да кетеді. Бірақ шыққан жігіті мінезсіз болып кездеседі.
— Пәктіктен айырылғаннан кейін ақтығың адыра қалады екен, ағай, — деді келіншек тағы да өксіп жылап алып. — Күйеуім мас болған сайын мені балағаттап: «Сен маған келгенде қыз емес болатынсың» деп кінәлайтын, тіпті, қол жұмсап, ұратын болды. Осылай да осылай, зорлыққа душар болдым деп талай рет жалынып, жылап, шынымды айттым. Бірақ оған күйеуім сенбеді. Сенің бұрын ғашықтарың болған, пәктігіңді солардың біріне сыйлағансың деп, ол өз сөзін айтатын болды. Кей күндері үйге қонбайтынды шығарды.
Күйеуім — жоғары білімді зоотехник. Алғашында оқыған жігіт қой, ескі салттардың жөн-жосығына мән бермейтін шығар деп ойладым. Оған уәдемді берсем де, ұрлық қылған кісідей, өмірлік жан-жарыма ақаусыз жете алмағаныма қиналып, қысылған едім. Ақыры ойлағанымдай болып шықты. Сөйтсем оқыған жігіттердің өздері-ақ студент күндерінде көрікті қыз кездессе, қызыл көрген қарғадай шуласып, таласып, төбелесіп жүргендерімен, кейін үйленген кездерінде алған қыздарының сызаты жоқ, шыныдай мөлдірлігін талап етеді екен. Алған қыздары көңіліндегідей боп шыққан жігіттер қуана құжыңдап, алтын тапқандай мақтанышын сездіріп жүрсе, ондай болмағандар өз-өзінен тұнжырап, суық тигендей шытынай беретінін байқадым. Тегі, күйеуім мені сүймейтін шығар, шын сүйген адам ондайға қарамау керек қой деп те ойладым. Қайдан білейін. Осыны күздің күніндей тұнжыратпай, біржола ажырасып кетсем бе деп те оқталдым. Ерден шыққан әйелден ешкім пәктік талап етпейді ғой. Дәм жазса тағы біреуге қосылармын дедім. Бірақ олай етуге елден ұялдым, өзім оқытып жүрген шәкірт балалардан қысылдым. «Пәленше мұғалім күйеуінен ажырасып кетіпті» деген қаңқу сөзден қорықтым.
Өстіп дел-сал болып жүргенімде бір күні түнде күйеуім мас боп, менің бала күндегі жолдасым деп үйге бөтен біреуді ертіп келді. Оған төсек салдырып, маған соның қасына жат деп итермеледі. «Бұл маған келген кезде қыз емес болатын, бүгін сен қойнына жатып шық» деп оған ыржалақтады. Мен жерге кіріп кете жаздадым. Бұл қорлықты көргенше өлейін деп, қыстың аязында киімсіз далаға қаштым. Содан үсініп, үш ай ауруханада жаттым. Жақында ғана жазылып шықтым.
Шынымды айтсам, жынданудың сәл-ақ алдында қалдым, ағай. Тағы да сол үйде тұрып жатырмын. Күйеуімнің бетіне кісі екен деп қарағым келмейді. Бір столдың басында басымыз түйіспейді. Ол өз тамағын өзі істеп ішеді, мен де өз бетіммен тіршілік етемін. Ортамызда жалғыз бала бар. Екеумізді бір ошақтың басында ұстап отырған дәнекер сол ғана. Әйтпесе сырт бүтін болғанымен, іш түтін.
Осылай деп келіншек төмен қарап, сәл үнсіз отырды да, әңгімесін қайта жалғап кетті.
— Жас күнде, қыз кезімізде, көбіміздің көзімізді шел қаптап жүреді екен, ағай. Бір жігіттің бойы аласа, екіншісінің өңі сиықсыз — бұлар «Ландыш», бізге «Венера» керек деп, өзімізге адал серік болар жақсы жігіттерді аяғымыздың астында жатса да аңдамайды екенбіз. Бұрын институтта жүргенде группадағы жігіттердің бәрі мені сыйлайтын еді. Олар менің атымды Гүлім демей, ылғи Ақгүлім деп атаушы еді. Енді міне ақ гүл емес, қара гүл болдым. Жер үстінде құр сүлдерім жүргені болмаса, кейде өзімді тірі өлік, тірі аруаққа санаймын. Қызмет, бала, жора-жолдас — бәрі алданыш қой. Бірақ әйелдің шын бақыты осылардың үстінде өмірлік жан-жарының жақсы болуында екен.
Мінеки, ағай, өмірім осы менің. Ауруханада жатып, жаным қиналғанда редакцияға хат жазғанмын. Бір адам жіберсеңіздер бар қайғы-сырымды айтамын дегенмін. Келгеніңізге рахмет.
Бірақ өзімді-өзім әшкерелеп, жұртқа жайып қайтемін деген тағы бір ойға тоқтадым. Сізден өтініш, менің күйеуіммен оңаша сөйлесіп, осының бәрін айтыңыз. Алдымен арақ ішкенді қой деңіз. Бар бәле содан басталады. Осыған уәдеңді берсең мен сені масқаралап, газетке жазбаймын деңіз. Ол осыған көнсе, газетке жазбай-ақ қоюыңызды сұраймын.
Әрине, мен келіншектің күйеуімен де сөйлестім. Ол уәдесін берді. Бірақ осы оқиға менің есімде сақталып қалды. Мінеки, романдағы Меңтайдың тағдырын немен тындыру керек деп толғанғанда бұл жай ойыма оралды. Келіншектің сонда айтқан: «Тегі, күйеуім мені сүймейтін шығар, шын сүйген адам ондайға қарамауы керек қой деп ойладым» деген сөзі бір шындықтың шетін аңғартқандай болды. Меңтайды Ерболға қосу туралы ой осыдан туды. Ал халқымыз ежелден ұлын адал, қызын пәк етіп өсірген. Өйткені пәктік жас жұбайлардың бір-біріне болашақ қадір-құрметінің, достық-сыйластығының, риясыз берілгендігінің басы деп білген. Ендеше біз өз ұрпағымызды aтa-бабамыздың бүгінгі коммунистік моральға жақын келетін осы дәстүрі негізінде неге тәрбиелемейміз? Осы мақсат үшін қимасам да, қиналсам да, оқушы жан-тәнімен жақсы көрген ақылды ару Меңтайды құрбан еттім. Бұл «қаталдығым» үшін оқырман қауымнан кешірім өтінемін. Бұл арада менің ұзақ жыл очеркист болғаным да кінәлі ме деп ойлаймын. Өйткені очеркист өмірде болған оқиғаны ғана суреттейді, фактіні ғана шамалайды. Тегі, менің ескі кәсібіме тартып, Меңтай басынан өткен трагедиялық халді өмірде шын болған оқиғаға негіздеп жіберуім де ықтимал.
Қалай дегенмен де мен автор ретінде Меңтайға разымын. Өзі өлсе де көңіліндегі сабағын беріп тынды. Адалдықтың, адамгершіліктің, достықтың, асыл жардың әнін өзінше шырқап өтті. Менің жақсылығымнан үлгі алыңдар, қатемді қайталамаңдар деп кетті. Ол өзінің қоғамшыл, көпшіл ісімен, әділ адалдығымен әр оқырманның көңілінде қалды.
Сұрақ: Ербол мінезіндегі кейбір жасықтықтарды қалай ұғуға болады?
Жауап: Ербол — момын ата-анадан туған, халқының, қоғамының бойындағы ең жақсы қасиеттерді бойына сіңірген, Қазан революциясынан бес жыл кейін дүниеге келген жас азамат Ербол социалистік қоғамның қырқыншы жылдары піскен нәрлі жемісі, осы күні жаңа адамдар деп аталатын Қазан төлінің алдынғы легіндегі күрескер. Сырттай қораш көрінгенімен Ербол іштей ақылды, адамгершілікті, көпшіл, қоғамшыл, досшыл, сабырлы жігіт. Әңгіме адамгершілік пен арға тірелгенде ол екінің бірі бара алмайтын кесек қимылдарға барады: жан-жағын жалмауыздай жайпап келе жатқан жау танкісімен жекпе-жек айқасады; жолдастарына қауіп төнгенде жыландай ысқырып, снарядті құшақтап алып, шұңқырға лақтырады; досының қызы Тананың абыройын төкпеу үшін онымен үш күн бірге болғанда тастай боп қатып қалады; өзі жақсы көре тұра Меңтайдың басқаға берген сертін бұздырмайды; өзі жалаңаш-жалпы жүріп, костюмге жинаған ақшасын Заманды іздеп бара жатқан Танаға жол қаражат етіп береді. Оқырмандар оның бойындағы осы қасиеттерді дұрыс түсініп, бағалаған. Түсіне тұра кейбір оқырмандардың Ербол мінезіндегі екі «жасықтыққа» зығырданы қайнайды... Мектеп ішіндегі Бүркітбай Сәлиманы ұрғанда Ербол неге Бүркітбайды сақалынан алып, жағасын жыртпады? Неге ол вагонда Ошақбаевты тым болмаса шапалақпен бір тартып жібермеді? — деп өкінеді. Алматы облысының Кеген ауданынан «Меңтайдың өліміне Ерболдың ынжықтығы кінәлі. Ербол шүу басында сертін бұздырып, Меңтайға үйленіп алса, онда мұндай аянышты хал болмайтын еді. Бәріне еркектер кінәлі, оларға ешқашан да сенуге болмайды» — деп маған ашулы хат жазды. Бірақ осылардың бәріне оқырмандар өздері жауап беріп жатыр. ҚазМУ-дың М.О.Әуезов атындағы әдеби бірлестігінде осы романға арналған конференцияда бірді-екілі жігіттер Ерболды аузындағысынан айырылып қалатын ынжық деп кінәлағанда, өзге жастар (әсіресе қыздар) бұл пікірге қарсы шықты. Трибунадан сөйлеген кейбір қыздар әзілдеп: егер осы күнгі жігіттеріміздің бәрі Ерболдай болса, қыздар одан артықты іздемес еді деген пікірді де айтты.
ҚазПИ-де болған кездесуде сөйлеген Жамалова деген студент қыз: «Ербол Бүркітбайды бір ұрғанмен, Сәлиманың басына бақыт орнай ма? Ошақбаевтың бетіне бір түкіргенмен, Меңтайдың міні бүтінделе ме? Екеуі де болмайды. Ендеше мен Ерболдың сабырлылықпен астасқан ақылдылығын құптаймын» деді. Мен бұл жайында осы студент қыздан асырып ештеңе айта алмайтын сияқтымын.
Жазушының кітаптағы кейіпкерлерін жан-жақты білуі парыз. Сондықтан да мен шығармаға кіріспес бұрын оның кейіпкерлерінің кейбір прототиптерімен әлденеше рет кездестім. Оған журналистік қызметім мүмкіндік берді. Олардың бәріне де «Қызыл көрпені» ауызша айтып бердім. Әңгімем тыңдаушыларға ұнаған сайын маған да шабыт келіп, осыны жазсам, жұрт оқыр еді-ау деген ой баурай бастады. Осы тоқтамға 1968 жылдың күзінде анық келгенімді жоғарыда айттым. Ескі достармен жүздескенде өтіп кеткен қырқыншы жылдардағы студенттік өмірдің өзім ұмытып қалған детальдарын қойын дәптерге және түрте жүрдім. Шығармаға отырар алдында университеттің Совет көшесіндегі ескі корпусын әдейі барып аралап шықтым. Өзіміздің ескі аудиторияларға кірдім, кітапханаға бас сұқтым. Университеттің Калинин мен Виноградов көшелеріндегі ескі жатақханаларын жағалай және аралап шықтым. Дәлізде жүріп, бөлмелердің нөмірлеріне дейін үңіліп көз салдым. Қасымнан өтіп жатқан қыз-жігіттер менің осыдан жиырма жыл бұрын өздері сияқты студент боп, осы бөлмелердің бірінде жатқанымды, қазір сол студенттік өмір жайында кітап жазуға келгенімді, әрине, сезген де жоқ.
Ескі орындарды аралай жүріп, мен кітабымның бас қаһармандарының бірі Ербол Есеновтың қандай болуы керектігін ойладым. Сөз жоқ, ол Ұлы Отан соғысына барып, жауды жеңіп қайтқан саналы қазақ жастарының жиынтық бейнесі болуға тиіс. Сондықтан да Ербол кітаптың алғашқы беттерінде Ұлы жеңіске семіріп, туған жеріне, арман-астанасына сағынышпен жетіп, романтикалық күйде жүрген солдат күйінде суреттеледі. Мысалы, оның Совет көшесін бойлап университетке келе жатуы, оның тас баспалдағына табаны тигендегі жан тебіренісі, университетке қабылданып, деканаттан шыққанда өзін асқар Алатаудың үстіндегі ақ бұлттардың төбесінде қалықтап ұшып жүргендей сезінуі осыны дәлелдейді. Алғашқы лекция үстіндегі оның қыздар туралы лирикалық ойы, группадағы отыз қыздың бәрін бірдей ақылды, бәрі бірдей сұлу деп есептеуі осының айғағы.
Әрине, төрт жыл қанды қырғынға қатынасып, соғыс күнделікті ісі боп кеткен адам оның үйреншікті әдеттерінен бірден арыла алмайды. Сондықтан да Ербол алғаш аудиторияға кіргенде өзіне қадалған отыз қыздың көзін түнде жау самолетін іздеген прожекторлардың айқыш-ұйқыш сәулесімен салыстырады. Алғашқы лекцияға келген оқытушы аты-жөнін сұрағанда ол орнынан атып тұрып: «Сержант Ербол Есенов» деп тақ-тұқ жауап береді. Соғыста болмаған, әскер тәртібін білмейтін оқытушы түрегеп тұрған солдатқа «отыр» деп айтпай, лекциясын ары қарай жалғастыра бергенде Ерболдың рұқсатсыз отырмай, қақиып тұрып қалуы — міне, осының бәрі әскери дағды. Ерболдың сол қақиып тұрғаны көлденең жұртқа күлкі боп көрінгенімен, сол сәттің көп сыры бар. Бұл біріншіден, Ерболдың бойына әскери тәрбиенің мықтап сіңгендігін көрсетеді. Ал Ұлы Отан соғысының жеңісі әскери уставтың талаптарын адал көңілмен атқаратын Ербол сияқты солдаттардың табандылығымен келген. Егер Ерболға қаптап келе жатқан қалың жаудың алдынан зеңбірекпен не пулеметпен жеке қалып, жалғыз шайқас десең, шайқасады. Өзгелер межелі жерге жетіп алып, жайғасқанша сен тапжылма, шаман жетпесе, сол жерде Отан үшін өл десең, ол оғы біткенше жаумен атысып, сол арада тапжылмастан өледі де. Ал Ерболдың бойына армия-ананың сүтімен сіңген бұл қасиет ол әскерден қайтып келіп, студент болып аудиторияға кірісімен кете қалмайды. Оқытушы орнынан тұрғызып алып, қайтадан «отыр» деместен лекциясын бастай жөнелгенде Ерболдың жұрт кезіне нысана, күлкісіне тиек болып, рұқсат күтіп, бір сәт тапжылмастан тұрып қалған күлкілі жағдайында осындай бір астарлы жай және бар.
Рас, кейіннен әскери әдеттің кейбір сырт көріністері Ерболдың бойынан біртіндеп қала да бастайды. Бірақ әскери тәрбиенің мәні оның қанында мәңгі сақталып қалады. Сондықтан да Ербол үлкендерді көргенде генералдың алдынан өткен солдаттай сызылады, нашар оқитындардың сабақ ұғынуына көмектесіп, жолдастарының арасында коллектившілдік сезімін күшейтеді. Ербол өз аузынан мынадай тұжырым айтады: ананың емшек сүті, мектеп тағылымы, әскер тәрбиесі бірін-бірі толықтыра түседі; осы үш тәрбиені бойына сіңірген адам асыл азамат болады. Сондықтан да ол Меңтайдың басқа біреуге берген сертін бұздырмайды. Өйткені, ант бұзу ана тәрбиесіне де, армия дәстүріне де жат іс — сұмдық жай. Сол себептен де ол сүйген қызын ондай сұмдыққа итермелей алмайды.
Автордың мақсаты Ербол мен Меңтай жақсы жігіт, білімді қыз екенін көрсетіп қана қою емес, солар арқылы халқымыздың бойындағы кейінгі ұрпаққа, арғы, алыс болашаққа үлгі боларлық дәстүр, қасиеттерін насихаттау. Сол қасиеттерді Меңтай мен Ерболдың бойына өлшеп піше отырып, жұртқа жарасымды үлгі ұсыну еді. «Апамның айтқандары», «Өз ойларым», «Алтын діңгек» дейтін нақыл тараулар, т. б. осы пікірді нығайтуға қосымша түрінде кірді. Ауыз әдебиетінің үлгі-нұсқаларының ең асылдарын ауызға ала отыру да осы ниеттен туған. Ерболдың облыстық газетте тілщі боп жүргенде ел ішіндегі ескі салт-сананың кейбір ерсі қылықтарын сынап-мінеуі де осы тілекпен қабысады. Сырт қараған кісіге жасық, жуас көрінген Ерболға автор осындай идеялық жүк беріп, адамгершілік асыл қасиеттерін әр жүрекке жеткізер елші міндетін жүктеген, үміт артқан еді. Сондықтан мен көптеген оқырмандар пікіріне қосыла отырып, Ерболды «сырт қараған кісіге жуас, момын көрінетін - соғыста батыр, еңбекте ер боп шығатын, жаны жалынды, қарапайым қазақ жігіттерінің бірі» деп ұғамын.
Сұрақ: Кітаптың аяғында кейіпкерлердің кейіннен кім болғаны көрсетілген. Ал Ерболдың қандай күйде екені неге айтылмаған?
Жауап: Ерболдың кім екендігі кітаптың соңында емес, басында айтылды. Жазушы мен әдебиет сыншысына журналист Ербол өз басынан өткенді баяндап береді. Демек, ол журналист.
Сұрақ: Роман кейіпкерлерінің прототиптері бар ма? Бар болса, олар қазір қандай күйде, не қызметте? Жанұя жайлары қандай?
Жауап: Бірсыпырасынікі бар. Кейбіреулерінікі жоқ. Ал бірді-екілі кейіпкер кітапқа өз атымен кірді.
Бірақ бар деген прототиптердің сырт пішіндері, кейбір басынан кешкендері кітапқа кіргенмен, кейіпкер бейнелерін жасау үстінде олар мүлде өзгеріп кетті. Прототиптердің өздері білмейтін, бірақ өмірде болған, басқалар басынан кешкен жана оқиғалар қосылды. Сондықтан кітапты оқып шыққаннан кейін мына кейіпкерлердің прототипі менмін-ау деп ойлаған кейбір таныстарымның «мұндай оқиға менің басымнан өткен жоқ еді ғой» деп таңданулары да, шамданулары да мүмкін. Олай етудің қажеті жоқ. Өйткені бұл кітап деректі дүние емес, көркем шығарма ғой.
Енді сол прототиптердің немесе жартылай прототиптердің бас-басына жеке тоқтайын.
Меңтай бейнесінің соңғы жақтары қайдан, қалай алынғанын оқушы жоғарыда аңғарған болар. Ал ол бейненің алғашқы бөлігінің - бала, пәк Меңтайдың прототипі сол кезде бізбен бірге оқыған бір қыздың өмірінен алынған. Оның ағасының өлгені, соғыстан келген бір жігіттің мен ағаңмен жолдас болдым, ағаң өлерінде сені маған тапсырып кеткен деп ол қыздың уәдесін алғаны, «сен уәдеңді бұзба, бұзсаң өлтіремін» деп мейрам сайын Алматыға келіп, қызбен кездесіп жүргені рас. Артынан оның елдегі сиыры, үйі бар жесір келіншекке үйленгені, сберкассада қызмет етіп, облигацияға подлог жасағаны үшін сотталып кеткені де шындық. Меңтай прототипіне алынған қыз — қазір екі баланың анасы, орта мектептің мұғалімі. Жолдасы — ағарту қызметкері.
Ерболдың прототипін күнде көремін, екеуміз бір мекемеде қызмет істейміз. Әсіресе таңертең асығып, жұмысқа келген бетте шаш сипау үшін айна алдында жүздесіп, жымыңдасып та қаламыз. Оның төрт баласы, әйелі бар. Оны көргенде: «Сен кітаптағы Ербол менмін деп мақтанасың. Бірақ, жазушының әр шығармасында өз өмірінің элементтері араласа жүретінін, ендеше Ербол бейнесінде менен де титтей бірдеңе бар екенін оқырмандар да сезетін шығар» деп қоямын. Расында да кейбір оқырман Ербол мен авторды бір адам деп есептейтін көрінеді. Ал көптеген оқырмандар Ерболды өмірде бар, тірі адам деп те ұғынады. Сондықтан да олар баспаға жолдаған өз хаттарының сыртына «Ербол Есеновке тапсырылсын» жазады.
Заман мен Тана туралы. Заманның прототипі екеу. Біреуі 1941 жылы немістер тұтқиылдан шабуыл жасағанда Бреет түбінде тұтқынға түсіп, 1945 жылы майда әскери тұтқындармен бірге біздің қолға өтіп, кейіннен сотталған жігіт. Ол Орал қаласында шахтада жұмыс істеген. Жігіттің сүйген қызы оны артынан іздеп барып, қосылып, екеуі балалы-шағалы боп бірнеше жылдан соң елге келген. Бірақ бұл қыз ЖенПИ-де оқымаған, орта біліммен ауылда мұғалім боп жүрген еді. Заманның екінші прототипі белгілі халық ақыны Сапарғали Әлімбетовтың жалғыз ұлы, 1943 жылы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жас ақын Маман болатын. Маманның да шын сүйіп серттескен қызы бар еді. Міне бұл қыз ЖенПИ-де оқыды. Егер Маман жоғарыдағы жігіттің жағдайына ұшырап, аман қалса, бұл қыздың да оны жер түбіне болса да іздеп барары кәміл еді. Бұл кісі де кейін тұрмысқа шыққан, балалы-шағалы, жанды-жақты дегендей, үлкен жанұя болды. Қазір ерімен екеуі де орта мектепте мұғалім. Романдағы Заман мен Тана бейнесі осы екі жігіт пен екі қыздан алынған болатын. Ал Ербол мен Тананың соғыс кезінде кездесіп, екеуінің үш күн бірге болғанын суреттейтін достық, адалдық, адамгершілік жыры өмірде шын болған, нақты оқиғаға негізделген еді. Бұған кейбір кексе кісілердің сенбейтіні байқалады. Оған мен не айта аламын. Қолына тиген кітап жайы оқырмандардың еркі ғой, әрине.
Зайкүлдің прототипі бар десе де, жоқ десе де болады. Бар деуге болатыны, соғыс кезінде сезімі ерте оянып, еркек көрсе қылмыңдай бастайтын кейбір қыздардың болғаны рас. Сондайлардың біреуі ЖенПИ-ден қуылып, университеттің біз оқып жүрген группасына да келген болатын. Ол қыздың жатақханада сол кезде жана ғана шыққан «Алтын кілт» деген кәмпитті бір-біріне жем берген көгершіндей болып, жігіттердің аузынан (бір ұшын қыз, екінші ұшын жігіт тістеп) сорып отырғанын да көргенбіз. Зайкүлдің бейнесін жасарда сол қыз ойыма түскен де болар. Бірақ сол қыздың кейін қайда кетіп, қазір қайда жүргенін, тіпті, бар-жоғын да білмеймін. Зайкүлдің прототипі жоқ десе де болады дейтінім, ол бейненің бойына осы күнгі кейбір қыздарда кездесетін кемшіліктерді және қостым. Сөйтіп, Зайкүл жеңілтек, желөкпе бұрынғы қыздарға да, бүгінгі қыздарға да ұқсап шықты. Менің өз түсінігімше, бойында ұшып-қонба жеңілтектік мінездері болғанымен, жалпы Зайкүл ақкөңіл қыз. Жақсы жар кездесіп, қарапайым өмір сүрсе, ондайлардың кейін салиқалы әйелдер қатарына қосылып кетері сөзсіз. Бірақ «басына бақ» қонса, Зайкүл сияқтылардың кердеңдеп кететіндері де болады. Ондайлар ең алдымен тырапыштанып киінеді. Одан соң кенедей жабысып, күйеуінің машинасынан түспейді. Осыдан соң өзі шатпақтаған бірдеңелерін диссертациямның тарауы деп әркімге бір түзеттіріп немесе жанадан жаздырып, ғылым кандидаты деген атақ алып, алшаңдап шыға келеді. Ал соның қорғаған диссертациясынан коғамға келер бір тиын пайда болмайды. Өмірде осындай оқиғалар кездесіп жататындықтан, біздің Зайкүл де мұндай «модадан» құр қала алмады. Оның бойындағы жас кезіндегі — жеңілтектік, өскеннен кейінгі ұятсыздық, күйеуге шыққаннан кейінгі келісіп тұрған жағдай осындай озбырлыққа барып ұштасты.
Зайкүлге көп тиісетін қуақы мінезді Жомартбектің де прототипі бар. Қазір ол Қазақ ССР Ғылым Академиясында қызмет істейді, филология ғылымдарының докторы. Көптеген ғылыми еңбектері шыққан және бірнеше әңгімелер жинағы, повестері жарияланған белгілі жазушы. Бірақ қу тілді жігіттерді қыздар менсіне қоймайды ғой. Сол себепті де ол өлдім-талдым деп отызға жеткенде әрең үйленеді. Роман прототиптерінің ішіндегі әзірге балалары институтқа ілінбеген тек осы ғана. Автордың мақсаты халқымыздың бойындағы жақсы қасиеттерді көбірек көрсету болғандықтан, романда жағымсыз кейіпкерлер өте аз алынды. Түптеп келгенде кітаптағы шын мәніндегі жағымсыз кейіпкер екеу ғана. Оның бірі — Тұмажан да, екіншісі — Бүркітбай.
Тұмажан Ошақбаевтың басында біздің қоғамымызға жат екі түрлі мін бар. Ол Тұмажанның советтік моральға сыймайтын озбырлығы мен қоғам дәулетіне сұғанақтығы. Оның бойындағы осы қылықтарды оқырмандар қатты айыптап, зығырданы қайнаған хаттар жазды. «Махаббат, қызық мол жылдар» романын сүйсіне оқып, көп уақытқа дейін ойландым. Өзімді әлденеше рет Ербол мен Тұмажанның орнынa да қойдым, — деп жазады колхозшы Алтынбек Дәкібаев.
− Сонда Тұмажандай болғанша, ұл боп анадан тумағанның өзі артық деген тұжырымға келдім». Алты баланың анасы, үй шаруасындағы әйел Бағила Мұханова-Шапатова: «Кітапты оқып отырғанда Тұмажанға жының келіп, сондай ыза болып отырасың» десе, совхоз жұмысшысы Әлмұханбет Досжанов өз хатын: «Ошақбаевты ошаққа тірідей тығып жібергің келіп, бойыңды ашу-ыза кернейді» деп түйіндейді. Ал Л.Құтылбекова, С.Жаукеев және басқалар Тұмажан сияқтылардың ауылда әлі де бар екенін айтады.
Рас, Тұмажан сияқтылар ауылда ғана емес, қалада да кездеседі. Бірақ қазіргі Тұмажандардың іші өзгермегенмен, түсі өзгерген. Олар қара костюм, ақ көйлек киіп, екі беттері шиқандай боп, шекірейіп, мейманханалардың маңында жүреді.
Мінеки, Тұмажан бейнесінің прототипіне шүу дегенде баяғы өзімізбен бірге оқыған қызды аламын деп алдап кеткен жігіт алынған болатын. Оның сотталып кеткеннен кейінгі хал-жайынан хабарым жоқ. Менің мақсатым, қыздарды қашанда болса Тұмажан сияқтылардың қармағынан сақтандыра отырып, қыз намысын қорлау қылмыс жасағанмен тең екендігін жас жігіттерге ұғындыру еді.
Енді романдағы прототипі жоқ бейнелерге келейік. Олар Бүркітбай мен Сәлима.
Бұл екі бейненің екеуі де ойдан жасалғанымен, оқырмандар Бүркітбайға лағынет айтып, Сәлимаға шын жүректерінен аяныш білдіреді. «Сәлима сияқты, аюға қосақталған аяулы жандар біздің ауыл, ауданымызда да бар» деп жазады. Мұның өзі бұл екі бейненің мен өзім көрген прототиптері жоқ болғанымен, жұрт көрген, ел білетін прототиптері бар екенін көрсетеді. Кітапта өз атымен аталған кейіпкерлердің бірі Майра Ыбыраева (кітапта — Абаева). Ол қазір педучилишенің оқытушысы. Майрамен кітап шыққаннан кейін тағы бір кездестім. Сол жолы: «Мынау Майра деп отырғаны мен шығармын деп, көңілім тасып, аяқ басымым шапшаңдап, қыз күніме жетпесем де, келіншек күйімдегідей халге келдім. Бес балам ер жетіп, өз алдына отау болғанда солардың үйлерінің бірінші жасау — мүлкі болсын деп, бесеуіне арнап бес кітап сатып алдым. Алтыншысы мынау Уәкең екеуміздікі, Осыларға автограф жазып бер» деп, Майра алты кітапты алдыма жайып тастады.
— Осы Майраның шын сөзі, шын сезімі, — деп жолдасы басын изеді.
— Кітабым жастардың жасауына жараса, неге автограф бермейін, − деп, мен оның біріншісіне мынадай деп сөздер жазып, қолымды қойдым: «Бұл кітапты осы романдағы тікелей өз атымен атаған кейіпкерім, соғыстан кейінгі ауыр жылдарда университеттің азынаған аудиториясында аш отырып, бірге лекциялар тыңдаған ескі досым, қазіргі педагог, асыл ана Майра Ыбыраева мен оның жан жары абзал азамат Уәкеңе шын жүректен сыйладым.
1 желтоқсан 1970ж., Жамбыл қаласы».
Сол сапарымда Меңтай прототипінің негізіне алынған кісімен де кездестім. Менің келгенімді естіп, күйеуімен екеуі мейманханадан ертіп үйлеріне апарып, қонақ етті.
— Ағай, кітабыңызды оқыдым. Аяғында Меңтайды өлтіріп тастаған екенсіз. Бірақ тіріден артық етіп суреттепсіз, — деді үй иесі әйел ас үстінде.
− Ондағы анау Меңтай деген сен емессің бе? — деді күйеуі.
− Маған да ұқсаңқырайды, — деді әйел.
— Әй, осы өздеріңнің бірдеңелерін жоқ па еді? — деді күйеуі әзілдеп.
− Жоқ екеніне көзін жетіп отыр ғой, − деді әйелі наз-наразылығын қоса білдіріп.
− Рас, рас, — деп күйеуі әйелінің арқасынан қақты. Романдағы анық өз аты-жөнімен алынған екінші адам Тәкен Майшынов қазір Талдықорған облысының Ақсу ауданында тұрады. Жақында ғана Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталды. Сәуле деген ақжарқын әйелі бар. Екеуі де сауда қызметінде істейді. Үлкен қызы Фарида университетті, одан кейінгісі Халима политехникалық институтты бітірді. Өзге балалары институтта, мектепте оқып жүр. Майданнан қайтқан эшелоннан Ербол оқу оқимын деп Алматыға түсіп қалғанда мен үйге барып үйленемін деп елге тартқан Тәкеннің балалары заңды түрде Ерболдың балаларынан бұрын ер жетті. Анау, соғыстан қайтқан эшелон ел шетіне кіргенде арсалаңдап, бетіне айран жағып алатыны сияқты, осы кітап шыққанда Тәкеннің тағы бір қызығы бар.
Аудан дүкеніне «Махаббат, қызық мол жылдар» түскенде соның ішінде өзі де бар екенін білетін Тәкен (үйге бір келгенде жазып отырғанымды көріп кеткен) он бес кітапты бірден сатып алды. Көп кітап құшақтап, Жансүгіров селосын бойлап келе жатқан оған таныстары кездеседі.
− Ассалаумағалейкүм, Тәке, мынауыңыз не?
Тәкен сәлем алмастан бұрын кездесушіге қарсы сұрақ қойды.
− Сен Нұршайықов деген жазушыны білесің бе?
Алматыда тұратын үш жүздей жазушыны жұрттың бәрі тегіс біле бере ме, алғашқы жолыққандардың бір-екеуі «білмеймін» деп жауап береді.
— Онда жүре беріңдер, сендердің керектерің жоқ, — деп Тәкең ілгері кетеді.
Тағы да таныстар кездеседі. Сәлем бергеннің бәріне Тәкең жаңағы сұрағын қайтадан қояды.
— Е, білемін, аға.
— Білсең мына кітап соныкі. Оқы, ішінде мен бармын, — деп алшаңдай басып жүре береді.
Сөйтіп ол үйіне жеткенше қолтығында екі-ақ кітап қалады. Осыны Алматыға келгенде Тәкеннің әйелі Сәуле айтып, біздің ішек-сілемізді қатырғаны бар.
Кітапқа кірген «Тоғжан» деп аталатын новелла — тарауда аталатын адамдардың бәрі де өмірде болған, кейбіреулері қазір де бар адамдар. Олар неміс фашистеріне қарсы күресте ерлікпен қаза тапқан кіші командирлер: Айтқали Құсайынов, Нәсіп Қалиев, Әбдірахман Бимурзин, Сенбек Молдабаев, Мәншүк Мәметова, офицерлер Қажым Көшеков, Жамалхан Жамалбеков, Ақыраш Андиров, подполковник Әбілқайыр Баймолдин — бәрі де біздің құраманың түлектері болатын. Бұл солдаттар туралы емес, студенттер жайлы кітап болғандықтан, оқырмандарды жалықтырмау үшін соғыс көріністерін мысалдап қана алдым. Сол алған жерлеріме ен жоқ дегенде өз кітабымда аттары атала жүрсін деп, Отан соғысында опат болған азаматтардың аты-жөндерін сыналап кіргізіп отырдым. Осы тарауда аты аталған Ризуан Қалиев қазір бір облыста колхоз агрономы болып қызмет атқарады. Қаза табар алдында жауынгер жігіт хат жазған Зада есімді қыз да қазір республиканың бір жерінде болуға тиіс.
Енді кітаптағы оқытушы кейіпкерлер жайлы бір ауыз сөз. Роман жалпы университет туралы емес, бір факультеттің студенттері жайлы ғана болғандықтан, оқытушылар бейнесін сомдауға оншама бой ұрғаным жоқ. Тек бірер ғана оқытушының аттары аталады. Олар сол кездегі ұстаздарға ұқсай ма, ұқсамай ма, — оны сол кездегі студенттер біледі. Бірақ солардың кейбіреулері арқылы романда осы күнгі кейбір оқытушылардың да басындағы оғаш қылықтары ептеп сыналатыны хақ.
Міне, роман кейіпкерлерінің прототиптері, олардың қазіргі жайы дегенде айтылатын сөз осы. Бұл жердің оқырмандары үшін бұл кітаптың шылғи шындық боп, кей жерлерде болған оқиғаларға ұқсап тұратын себептері де кітап кейіпкерлерінің прототиптері барлығынан болар. Бірақ пәленшенің прототипі пәлен дегенмен, романда солардың мүлде өзгеріп кеткендігін таға да ескерткім келеді.
Сұрақ: Осы романды жазу үстінде қандай кітаптар оқыдыңыз?
Жауап: Жана кітап оқығаным жоқ. Ескіден Фадеевтің «Тас-талқаны» мен Ерубаевтың «Менің құрдастарымын» қайталап қарап шықтым. Ал романым өндіріске кеткеннен кейін қолыма бірінші алған кітабым Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесі» болды.
Сұрақ: Жазушылардан кімді жақсы көресіз?
Жауап: Классиктерді кім жақсы көрмейді. Ал жалпы совет жазушыларынан сүйіп, сүйсініп оқитыным А.Фадеев, М.Шолохов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов.
Сұрақ: Роман желісіндегі әр алуан махаббат линияларының бірінен жазушы М.Иманжановтың «Есеновтың тағдыры» дейтін әңгімесіне ұқсастық аңғарылады. Осы неден?
Жауап: Мен қазіргі қазақ жастарының өмірін жырлаған жазушылардан екі адамды ерекше бағалаймын. Олар — Саттар Ерубаев пен Мұқан Иманжанов. Біріншісін көре алғаным жоқ. Ал екіншісімен 1954 жылдың күзінде бірінші рет жақын танысуымның сәті түсті. Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің жолдамасымен тың игерушілер өмірінен шығарма жазуға Павлодарға келген Мұқан Иманжановқа серік болып (ол кезде мен Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы едім), тың игеруші жаңа совхоздарды араладым. Бірнеше күнге созылған сол сапарда Мұқан менің «Шешен», «Қызыл көрпе», «Командировка» сияқты ауызша әңгімелерімді айтқызып, тыңдады. «Сен өзің дайын жазушы екенсің, осы айтқандарыңды қағазға түсір» деп кеңес берді. Ал қисаң «Қызыл көрпеңді» маған бер, мен әңгіме жазайын. Қимасаң оны да өзің жаз деді. Әрине жақсы көретін жазушың қолқаласа, оның үстінде жазылмаған әңгімең болса, оны кім қимайды. Алыңыз дедім. Жазғандарымды Алматыға, тура Иманжановтың өзіне жіберуге және уәде еттім.
Мұқан менен алған сол сюжетті «Есеновтың тағдыры» деген әңгіме етіп, «Тыңдағылар» атты кітабына кіргізді. Мінеки, Иманжанов екеуміздің арамыздағы творчестволық достық осылай басталады. Мұқан Иманжановтың тікелей қамқорлығымен 1956 жылы «Алыстағы ауданда» деген атпен менің тұңғыш очерктер жинағым жеке кітап боп басылып шықты. Маған СССР Жазушылар одағына мүше болып өту үшін бірінші рекомендацияны да Мұқан Иманжанов берді (Серік Қирабаев екеуі). Мұқан Иманжанов жалғыз менің ғана емес, ол кездегі көптеген жас жазушылардың (осы күнде олардың бірсыпырасы атақты жазушы болып кетті) шынайы қамқоршысы, адал ұстазы болды.
Міне, сол 1954 жылдың қарлы күзінде, түнде, ауатком председателінің кабинетінде қонып жатып Мұқанға айтқан кішкентай әңгіме келе-келе кеудемді кернеп, оны өзім жазбасыма болмайтын күйге жеттім. Мұқан жазған ол әңгіме ақыры осындай үлкен романға айналды. Романның бір линиясындағы ұқсастық осыдан шықты.
Сұрақ: Сіз бұл кітапты қайда: курортта, теңіз жағасында ма, әлде үйде, тек кабинетте отырып қана жаздыңыз ба? Қалай жаздыңыз, басынан бастап аяғынан бір-ақ шықтыңыз ба?
Жауап: Бізде кабинет деген болмайды. Бір бөлмеде төрт бұрыш болса, оның бір бұрышын «кітапхана», екіншісін — «ас ішетін орын», үшіншісін — «қонақ бөлме», төртіншісін «кабинет» деп атаймыз. Кітаптың көпшілік беттерін со «кабинетте» жаздым. Жеке тарауларын ауруханада жатып жалғастыруыма тура келді. Мысалы, Меңтай өлетін тарауды ауруханада, «Мәдениет және тұрмыс» журналының редакторы Мұса Дінішевпен бір палатада жатып бітірдім (Мұсекең соқыр ішегін алдырған-ды). Ал қалай жаздың дегенге келсек, басынан бастап, сыдыртып аяғынан бір-ақ шыққаным жоқ — творчестволық процесс кейде қазанның қайнағанына ұқсаңқырайды. Қазанға суды толтырып, астына от жағып, бетіне қарап отырсаң, оның беті бірден бұрқ-сарқ деп қайнап шыға келмейді. Әне жерден бір бүлк етіп, мына жерден бір бүлк етіп, бірте-бірте су беті тұтас сарқылдай бастайды. Сол сияқты мен романның басын жазып жатқанда оның орта тұсында, не аяқ кезінде айтылар ойлар, оқиғалар қаумалап келе береді. Ондай кезде мен жазып отырған жерімді қоя қойып, жанадан келген ойларды дереу бір-бір жапырақ қағазға түсіріп отырдым. Оның үстіне шырт ұйқыда жатқан шағын — түнде төсектен түртіп оятатын ойлар тағы болады. Кейін сол тұстарға жеткенімде, осыдан бірнеше күн бұрын қағазға түсіріп алған оқиғаларды өрбітіп, жеке ойларды сол күйінше романға көшіріп отырдым.
Кітап тек үйде ғана жазылған жоқ. Сонымен бірге оның көптеген жолдарын көшеде тұрып та жаздым деуіме болады. Өйткені таңертең жұмысқа бара жатқанында неше алуан адамдарды көресің, олардың әртүрлі қимылдарын аңғарасың. Содан өзіңе ой түсіп, кітабыңа керекті жаңа детальдарға кездесесің, жаңа нақылдар табасын. Жолда кездескен үркек ойдан айырылып қалмау үшін бір үйдің бұрышына тұра қалып, жалма-жан қалтаңнан қойын дәптерің мен қарындашыңды шығарып, жаңағы сөзді жазып алуың қажет. Өз-өзіңнен тоқтай қалып, жанталасып қағазға бірнәрсені түрте бастауың жүріп жатқан жұрттан ұят та. Ұят болса да үйтпеске амалын жоқ. Өйткені, басқа келген ой, бұтаққа қонған бір топ торғаймен тең. Сол сәтінде суретке түсіріп алмасаң, топ торғай пыр етіп ұшады да кетеді. Содан ұмытқан ойды іздеуден ауыр азап жоқ. Іздегенмен оны таба алмайсың. Мысалы, кітаптағы мынадай жолдар ең алдымен көшеде қойын дәптерге түскен еді:
«Баласы арақ ішсе шешесі у ішеді. Маскүнем, жаман бала жақсы ананы ажалынан бұрын көрге кіргізеді.
Жақсы дос жаман әкеден артық.
Көшеде көлденең тұра қалып, бірінің ернін бірі жұлып жердей боп жалмап, жұрт көзінше сүйісіп жатқан қыз бен жігітте ар да, ұят та болмайды.
«Шошақай қыз шешесінің атына кір келтіреді», т. б. Өстіп барып «Махаббат, қызық мол жылдардың» осы күнгі нұсқасы дүниеге келді...
Сұрақ: Бұл кітап енді қашан қайта басылып шығады?
Жауап: «Махаббат, қызық мол жылдарды» қайта бастырып шығару жайында «Жазушы» баспасына да, Қазақстан комсомолының Орталық комитетіне де оқырмандардан көптеген өтініш-тілектер түсті. Жер-жерде өтіп жатқан оқырмандар конференцияларында айтылған осындай тілектерді және ескере отырып, Қазақстан ЛKCM Орталық Комитеті 1971 жылдың басында Қазақстан ССР Министрлер Советінің Баспасөз жөніндегі мемлекеттік комитеті мен «Жазушы» баспасына жас оқырмандардың тілегін айтып, бұл кітапты қайта басып шығару жөнінде ұсыныс енгізді.
Баспа бұл өтінішті ескере отырып, оны 1972 жылдың жоспарына енгізді.
Сөйтіп бұл кітап 1972 жылы «Махаббат жырлары» деген атпен қайтадан шықты. Кітап екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімге «Махаббат жыры», «Ботакөз», «Әсем», «Ескі дәптер» кіреді, екінші бөлім «Махаббат, қызық мол жылдардың» бір өзінен ғана тұрады. Ен алғашқы жоспарым бойынша осылардың бәрінің басын қосып, бір роман деп атадым. Романның бірінші бөлімінде: журналист Ербол Есенов өзгелер туралы баян етсе, екінші бөлімінде өзі және өзінің достары туралы сыр шертеді.
Осы арада егер кітап қайта басылса, оған оқырмандар айтқан кейбір ескертпелер ескерілді ме деген сұрақ тууы мүмкін. Иә, ескерілді. Мәселен КазГУ-де өткен конференцияда Ербол Меңтайдың мойнын сілекейлей береді делінген еді. Енді Ербол сілекейлемейтін болды. Сол сияқты артық деген абзацтар қысқартылды. Жұрттың тілегіне сәйкес кейбір беттерге толықтырулар жасалды.
Кітап 20 тараудан тұрады. Мұндай көлемді кітапты кейбір авторлар бірнеше бөлімге бөледі. Әр бөлімді жеке-жеке тараулайды. Мен өйтпедім. Кітап ұнаса, оқырман бас алмастан оқыр, ұнамаса үш бөлімге бөліп, отыз тарауға тартып ескектетсең де оқымайды деп ойладым да, бұл жағының «техникасына» мән бермедім. Осылай ойласам да жұрт наразылық білдірмес пе екен деп іштей сезіктеніп жүрдім. Бақсам, бұған оқырмандар да мән бермепті. Сондықтан кітаптың бұл басылымында оны бөлімдерге бөлмей, бұрынғыша қалдырдым.
Қайта басылымында кітабым кемшіліктен жүз процент арылды демеймін. Кем-кетіктері әлі де болар. Оларды жаңа оқырмандар көрсетер, сөйтіп тағы да түзетермін деп ойлаймын.
Сұрақ: Бұл кітапты Меңтай өлімімен бітіру жөн емес пе еді? Одан соң қалған кейіпкерлердің кейіннен кім болғанының керегі не?
Жауап: Өзі де солай, кітап Меңтайдың өлімімен бітіп тұр. Содан кейін бір беттей ғана эпилог ретінде басқа кейіпкерлердің бүгінгі тағдырынан мәлімет беріледі. Өйткені, «Махаббат, қызық мол жылдар» осымен бітеді. Олай болса, оқырмандардың өзге кейіпкерлердің кейіннен кім болғанын білгісі келер, ендеше біреуге қажет болмағанымен, біреуге керек болар деп ойладым.
Оның үстіне кейбір оқырмандар бұл кітаптың жалғасы қашан шығады деп сұрайды. Енді біреулер: «Махаббат, қызық мол жылдар» үш кітаптан тұруы керек. Қазіргісін екінші кітап деп есептеп, Ерболдың соғысқа дейінгі және университет бітіргеннен кейінгі өміріне арнап бірінші, үшінші кітаптарды жазу жөн деп кеңес береді. Әрине, ондай кітаптар болмайды. Ендеше кітаптың соңындағы эпилог орнындағы кішкентай тарауы оқушыға автордың осы ойын жеткізу жөніндегі жүкті арқалап тұр деп білген жөн.
Сұрақ: «Менің сіздерден өтінішім: «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабын баршаға ортақ тіл — орыс тіліне аудартсаңыздар екен. Менің орыс, тәжік, дүнген, татар құрбыларым да оқысын бұл кітапты.
Алтай Жапарбекова, Жамбыл қаласы».
Осындай өтінішті Целиноград қаласынан Қасым Қарпышев, Чернигов қаласында әскери борышын өтеп жатқан жауынгер Сағынбай Қаратаев және басқа оқырмандар да жолдаған.
Жауап: Оқырмандардың осы тілектерін ескере отырып, «Жазушы» баспасы бұл кітапты 1973 жылы орыс тілінде басып шығаруды жоспарлап, Ленинградта тұратын орыс жазушысы Г.А.Горышинмен шарт жасасты. Жазушы Глеб Горышин «Махаббат, қызық мол жылдарды» орыс тіліне аударып жатыр.
Мінеки, оқырман хаттарындағы авторға қойылған сұрақтардың ең негізгілері осылар.
Осымен оқырмандарға жауабымды аяқтаймын. Әр жүректе асыл адамгершілік, айырылмас махаббат болсын. Өмірден қол ұстасып өтер жан серік жалғыз жарын шын сүйе білмеген адам жолдасын да жақсы көре алмайды, коллективін де құрметтей білмейді. Жанжарына адал болмаған адам қылған қызмет, істеген жұмыс, атқарған қоғамдық міндетіне де адал бола алмайды. Кеудесінде өз адамгершілік, берік махаббат ұя салмаған адам анасына да, Отанына да адал бола алмайды. Жоғарыда келтірген осы ойымды тағы да қайталағаныма кешірім өтіне отырып, әр жастың жүрегінде асыл махаббат болсын, сол махаббат әр жас жанұяның алтын діңгегіне айналсын деп тілеймін, қырда жайқалған қызғалдақтай қыздарым мен өндірдей өрен ұлдарым менің! Тек жас отбасының ғана емес, «Махаббат» деген асыл еңбекке түйілген отаншылдық, еңбекшілдік, достық, туыстық, бауырмалдық, Қазан революциясының ісіне, дәстүріне жан-тәнімен берілгендік сезімдері біздің Ұлы Отанымыздың алтын діңгегі болсын деймін!
Жастықтың, жігердің, адалдықтың, адамгершіліктің алтын туы асыл махаббат жасасын!
1-10 қаңтар, 1972 ж.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі