Өлең, жыр, ақындар

Қарт қазақ

(Қос хикая)

ҚОЗЫ

Жаз күні еді. Бірақ бұл уақиға жаз жылуы әлі жетпеген салқын Сибирь тайгасының бір түкпірінде болды.

Қойдың жайылғаны қызық қой, Жұмекең соны тамашалап тұрды білем, бұдыр таяғына сүйеніп, ұзақ уақыт жыбырлаған жануарлардан көзін алмай езу тарта берді.

Қарауға да қызық, жайылғаны да қызық: жұмарланып бір жерге үймелей қалады да, жыбырлаған қойлар бір кезде аңтарылған тарыдай шашылып, ендей жөнеледі, қайтадан жиырылады; шөптен-шөпке, шөкеден-шөкеге жүгіріп, жер түгін таласа қырқысады.

«Апырым-ай!» деп басын шайқады да Жұмекең сиректеу келген әдемі ұзын сақалын сипап қойды.— «Қойдың қойдан айырмасы жоқ, Қобданың қойлары да осындай...»

Жұмекеңнің ойына алыстағы Қобдасы түсіп кетіп, жаңа ғана жылы шырай бөлеген ашаң жүзіне енді мұңды көлеңке жүгірді. Мұнда көлеңке ғой, күн нұрын тасалаған жүрдек бұлттай, оқтын-оқтын соғып кететін шағын шаттықтың өзін де қоқырайта қояды — адам жүзі солғын тарта қояды, солған гүл реңдес...

Жұмекең...— Жұмағали Бекниязұлы — сонау алыстағы Ақтөбесінен, оның Елегі мен Қобдасынан көз жазғалы сан жылдар өткен бір кәрие еді. Жасы алпыстан асқан және оның үстіне ауыр бейнет арқалап келе жатқан жанда тоқ келбет бола ма, ашаң, тіпті арық өңді, бірақ жүзінде ақылдың, сабырлы, өте салмақты мінездің ізі арылмаған кәдімгі «иман жүзді» жан-ды. Оның үстіне Әлім елінің келісті сиқы бар адамы-ды: ұзынша жақ, жап-жазық кіршіксіз маңдай, орташа түзең мұрынды, жұқа ерінді, кәрілігіне қарамастан әлі тіп-тік және жас жігіттің мүсініндей орта бойлы сұлу дене. Әрине, Сибирьде сибирьше киінген. Аяғында керзі етік, үстінде мақталы шолақ қара куртке, ал басында баяғыдан өзімен бірге келе жатқан қызыл құлақшын, кәдімгі қазақы қойдың қызыл елтірісінен тіккен бөрік.

Жүрегі шаншып кеткендей, таяққа сүйенген күйі қарт біраз тұрды да басын көтеріп, өзенге қарай ойыса жұмарланған қой соңынан жүрді.

— Бар болғыр, мына ағаштың ішінде қозысын тастап кетер...

Қарт Жұмекең адымын жиілете түсті. Алды өзенге қарай бет қойып, тез-тез жылжыған қойдың ең соңындағы көк саулықты оның көзі бірден шалды. Саулық өзенге жақын кішкене алаңның ортасына жетпей жата кетті. «Бейшара» деді ол жақындап келіп. Оның мүсіркегенін сезбеген саулық көкке қарай тұмсығын шүйіре бір күшенді де, орнынан тұрып кетті.

— Бейшара, қызғанып жүр.

Қой соңынан еруге аса зауқы жоқ, қоздауға айналған саулық тағы да жатуға бейімделді.

— Сол жерге, сол жерге. Шөбі қалың, құрғақ ойтаң,— деп ана жануарға «ақылын» айтты да қарт саулықтың алдын орағытып, ыңғайлы деген жеріне қайыра түсті. Саулық «кетпейсің бе, енді?» дегендей, бозаңдау көзбен қартқа ренжігендей болды да тұрып қалды. Қарт ілгері жүрді, саулық тағы да жата кетті.

Өзенге тірелген қойға жете беріп, қарт:

— Жануар, мал екеш мал да біледі. Көз таса жер іздейді. Әйтеуір ит-құс жоқ қауіптенетін. Қоздасын. Құрғыр тек «жалпақ бөксе» үстінен шығып қалмаса?! Осы төңіректе жиі кездеседі сол берекетсіз,— деді өзімен-өзі сөйлесіп.

— Ойының арғы түкпірінде аю аса қауіпті көрінбеді, аузы айтса да қарт тап осы жерде аю бола қоймайтынын білетін де еді. Әрине, қойға және жас қозыға жалғыз бөрі мен аю ғана емес, басқа да жау жеткілікті, кездессе түлкі де қарап қалмас, ал алаңнан-алаңға шүйілген орман ителгісі де іліп әкетуден бас тартпас-ақ.

Қарт өзенге тірелген қойды кері лықсытты.

Әлгіндегі мұң көлеңкесі жүгірген жүзі қайтадан жадырағандай. Қоздауға айналған саулық, оның ит-құстан аман болу қамы Жұмекеңнің алыстағы аулына ойысқан ойын басқа жаққа бұрды. Ол қойды кері ығыстырып назарын өзенге аударды.

Сибирьдің ну орманын жарып өтуге оңай жол іздегендей алыстан арқаға асыға жүгірген бұл жылан ирек су сирек жынысты жылға-жылғаны қуалап кеткен; басы да, аяғы да жоқ; қайдан шығып, қайда барарын білдірмей қалыңға сүңгіп жоғалып жатыр. Жар қабақтағы шымылдық талды ашып қарамаса адам байқар емес, кей жері әдейі бүркеп қойғандай, ал ашығырақ жердегі құмсақ кемерден үңілсең су бейне мөлдір айна: түбіндегі қиыршық құмға ойнаған жасыл шабақ пен қызыл қанат бейне бір көз алдындағы аквариумда асыр салып жатқандай. Бай өзен, әдемі өзен ғой бұл, Сибирь суы.

Жұмекең кейде су түбіндегі еркін ойнаған балықты тамашалап төмен үңіледі; көзіне жалпақ даланы бір көрсетпей қойған ит мұрны өткісіз тайгаға қарағысы да келмейді. Бар әлемді жауып, бүркеп тұрған бір қалың торғын. Төбеңдегі аспан алақандай-ақ, айнала көкке қол созған қалың қарағай, жыбырлаған арша, бойлауық қызыл қайың.

Күнде келіп жүрген бұл Ханкөл тұсы селеннен бес шақырымдай-ақ. Жағаның жары да, талы да, төмен үңіліп қарайтын кемері де қой қораның төрт бұрышындай таныс еді, сондықтан Жұмекең бүгін беті-қолын жуатын «дәрет қайраңына» төмен түспей, жоғарыда тұрып қарады. «Ана саулық қоздаған соң қозысын ауыздандырып келіп жуынайын» деп ойлады. Сөйтті де төмен қарап тұрып, жалт беріп жасыл шабақтардың зым-қайым үріккенін көрді.

— Апырым-ай!— деді тағы да Жұмекең.— Балық екеш балық та...

Бұл жолы ол «балық екеш балықтың да жауы бар» дегенді аяқтамай әлденеге күдіктеніп, саулыққа көз салуға асықты. Оған тіпті кенеттен жасыл шабақтардың үріккені көңіліне үрей салды. «Шабақтар тегін үрікпейді... Шорағай, болмаса басқа бір бұзық бар ғой сол маңда».

Қойлар алаңның кең жиегіне басқұрдай оралып қалыпты — баяғы тынымсыз оттап, жер түгін жымпаздауда екен. Жалғыз-ақ қара жағал ақ серке бір шетте одырайып тұр.

— Қожайынның кеудесін көтеріп тұрысын қара,— деді Жұмекең риза болғандай серкеге бағып.— Қарауыл қарап тұр.

Үнемі қойдың алдында жүретін, бәрінен бойшаң қарағай мүйізді ақ серке әдетінше жұмарланған топты жетектеп жазып, ілгері аттауды қойған, ортада тұр. Одырайып әлденеге үңіліп тұр. Қарттың саулықты тастап кеткен жайпақ апаны сол жерде еді. Ол серкеге жақындай түсті. Ойпаңда көк саулық қоздап қалған. Жаңа ғана шаранасын тазартқан ана жануар кеудесін көтере алмай ілгері емініп, етпеттеп жылжыған қошақанның асты-үстіне түсіп жатыр екен. Қошақан тұра алмай, ілгері емінумен әлек те, саулық оны шыр айналып еміренумен әлек. Ал қарт қойшының жақындағанын көріп қара жағал басты бір шайқап қойды да, оның қолындағы бұдыр таяққа жаратпай көз тастады. Сөйтті де жалма-жан қарттан бұрын қамтып қалайын деген жанша ойға секіріп түсті. Қарт өз көзіне сенбей оң қолының сыртымен көз ұясын сүйкелей қалды. «Тез! Тез! Ұмтыл!» деген аталық жарлықпен серке жас қозыны тұмсықтап орнынан тұрғызуға жанталасты — асыға түрткілеп қартқа көз аласын көрсетті.

— О, тоба!— деді қарт. Оның даусы шығып кетті.— Мал екеш мал да аталық әдетке ие. Менің...

Ол әлдекімнің құлағынан арашалап үнін кілт үзді, ерні ғана жыбырлап «менің» деген сөзден кейінгі «қозымды» ішінен айтты.

Тап осындай аяқтанар-аяқтанбас халде қалған еді оның «қозысы да». Кәдімгі қозысы... жалғыз ұлы... өзін әкеткенде еңбектей бастаған Жақиясы.

Оған көп заман өтті ғой. Тайганың өзіне келгелі қашан. Осы өзеннің бойының өзі де қарттың бір ғұмырына ие болған. Мұнда ол қой бағуға қолы жеткенше не істемеді. Ағаш кесуді үйренген жоқ, өмір үйретті, күн көру әрекеті еріксіз жетектеді. Ағаш кесу ғана емес, сал байлау — оны ағызу; ағып келген салды ағытып, өзеннен жағаға шығару жұмысында неше жылы қалды. Ағытқан салдың бөренелерін біріндеп түртіп шанышқымен жылжытып, тырнадай тізбектеп транспортерге иегін іліктіруге де Жұмекең маманданып үлгірген. Ұқыпты адамға, тиянақты еңбек иесіне кім назарын аудармайды. Бір түбектің белгілі Жұмағалиы болды. Ол ағаш шығару, ағаш жинау — штабель текшелеу маманы да атанды. Бұл скирд-скирд бөренені тап осы өзеннің жағасына тірелетін тар табанды темір жолмен келген қызыл вагонге күні-түні тиеп сонау алыстағы шахтаға, заводқа үздіксіз жөнелткен жандардың бірі емес пе? Қырық бес минут ішінде бір вагонды тиеп үлгеруге шеберленген қазақ та осы Жұмекең. Жұмекеңнің бригадасы озат атанбай қалған күні жоқ. Ол оп-оңай қолға түскен ерлік емес-ті. Арқаны аязға сорғызбайтын, адамшылық қадірді аяқ асты еткізбейтін, бір тілім нанға қайыршылық қолды создырмайтын еңбектің ғана құдіреті еді. Ащы қасіреттің құшағынан да алып шыққан сол еңбек...

Бір минутте көз алдынан шұбап өткен ауыр өмірінің ұзақ жолын шолып үлгертпей, қара жағал ақ серкенің аталық қамқорлығын да аяқтатпай арт жақтан:

— Бай-бабай!— деген белгілі қарлыққан жуан үн күр етті.

Қарт селк етті! Ол аңсызда шыққан адам даусынан шошып селк еткен жоқ, жай кезде жан түршіктіретін жағымсыз аю күрілді Антоқтың дыбысынан селк етті. Көруге қораш, кепкен шабақтай семіп қалған қазақ шалы түгіл, Антоқ күр еткенде бүкіл колхоз селк ететін — кәрі, жасы, әйелі, қызы тегіс тынып қалатын, тіпті көбінесе Антоқтың бетіне қарсы келмей ығып жүре беретін. Председатель құдіретті емес, Антоқ животновод құдіретті.

Қарттың селк етпеске шарасы жоқ. Бұл оң аяғы тұп-тұтасымен жоқ адамның ірі томар кеудесі бура санындай сыңар аяққа — және әрі жуан, әрі зілдей күжбан балдаққа асылып ырғала қозғалғанда жолындағы адамды таптап кетер деген үрей туғызады. Оның үстіне қызыл тарғылданған үлкен көздері, баржиған күрең беті және шоқпар мұрны қарсы қараған жанға зікір айтқызғандай. Жұмекең қарт оған тіктеп қарауға да сескенетін. Қарай қалса тез көзін бұрып әкетіп: «Апырым-ау, осыны қайда көрдім? Әйтеуір бір көрген адамның кеспірі сияқты. Мұнда — «Таежник» колхозына қалай келген?»— деп дағдарыс ойға кете беретін.

«Осы Антоқтың нәсілі кім екен?»— деп ойлап қалатын Жұмекең кейбір кезде. Әсіресе, ол мұны ұзын-ұзын отырғыштардың үстіне қисая кетіп, атүсті қалғып жатып ойлайтын. Бірақ сол колхоз қосының ішіндегі тақта үстінде шолақ күртесін жастық етіп жата кететін жандардың ішінде кім жоқ; чалдоны мен чувашы, крашыны мен мордвасы, башқұры мен ясашны дейтіндері мидай араласып кеткен-ді. Сол топтасып жатқан халықтың ішінен «осы сен кімсің?» деп сұрайтыны сирек кездеседі. Сондықтан Жұмекеңнің де оқта-текте ойына келген бұлдыр сұрағы қалғып-мүлгіп жатқанда өзінен-өзі аяқсыз бұлдыр тартып жүре беретін еді. Сонда да ол оянып кеткенде әлгідегі бұлдыр ойын жинақтағанда «Антоқ» дегені «антұрған деген сөзбен тектес емес пе екен?!»— деп қалатын.

— Бай-бабай, сен ана қара жағал теке! Көрдің бе?! Ол да бай, сен де бай!..

Антоқтың қарып кеткендей сөзі қартты әрідегі ойдан бері оралтты білем.

— Здрасти, Антоқ Антоқич!— деді ол сасып.

Бірақ Антон, сәлемді алған да жоқ, алдымда жан бар екен деп сәлемге сәлем қайырған да жоқ. Ол тек жол бергендей кері шегіне түскен қарттан әрі бір ырғалып серкеге жақындап қалды. Өгіз түгіл әзірейілдей бұқаға да қарсы баратын қара жағал шын қызғанатын жау жаңа келді деп түсінді білем, жүрісі де, ісі де ожар адамға соққы беруге дайындалды; ол кейінірек бір бүйір жылжып, «тап осы жерден көтеріле соқсам нақ кеудеден қос қарағай найзаны қадай сарт еткізермін» дегендей жалма-жан көкке шаншыла көтерілді. Ата серкенің қозыны қорғау әрекеті қартқа қатты ұнаса да, мына қызыл көз Антоқты сұлатып салуы бәленің басы болар деп ойлады. Серкенің секіріп соғатынын және оңдырмай соғатынын ол жақсы білетін.

— Антоқ Антоқич! Серке! Сақ бол, серке!

Көтеріле соққан қара жағалдың қос қарағай найзасы тайып кетті, Антоқ кілт бұрылып қалды. Сыңар аяқ жанның мұндай шапшаң және әдісқой екенін қарт бірінші рет көрді. Қатерлі жаудың қаһарлы мүйізінен аман қалып қою бұл сойқан адамға аз көрінді. Ол серкенің жазасын беруге ұмтылды. Қайта көтеріле берген қара жағалды күжбан балдақпен бір сілтеп өтті. Бірақ кемтарлық оның қаруын серкеге дарытпады, балдақтың басы жерге тиіп, өзі ұшып кете жаздады, оң қолымен жер тірей қайта түрегелді. Айлакер адамның амалына шара жоқ екенін сезген серке де кері шегінді. Орғып әрегірек шығып «тоқтай тұр» дегендей, қарағай найзасын шайқап-шайқап қойды.

Қарт не дерін білмей, не істеуге ретін таппай дағдарып қалып еді. Ал, балдағын қолына дұрыстап ұстап, қалпына қайта келген Антоқ еш нәрсеге де қараған жоқ. Серкеге де енді қайтып көз салмады. Ол тек «бұларға не болған?!» деген жанша мағынасыз көзбен сүзе қарап қойып, есіл-дерті қозысының емшекке тырбанғанымен болған көк саулыққа жетіп барды. Сөйтті де жалма-жан артқы екі аяғын көтеріп, кеудесіне әлі келмей ілгері сырғанаған қозыны желкесінен қысып жерден көтеріп алды.

— Бейшара, күні бойы қызғанып, ойдан-ойға қашып жүріп, жаңа ғана қоздады...

Қарт саулық жайын баяндап үлгергенше Антоқ қозыны жерге тастап та жіберді.

Қозы сылқ етті. Не болғанын білмей қалған қарт көзін Антоқтан қозыға аударғанда қозының артқы аяғын ақтық рет серпіп қалғанын көрді. Қимылсыз қалған жас төлдің үстіне емірене түскен саулыққа ол қарай алмады, тек қана оның алдында ауыр күнәлі болып қалған жанша күйбеңдеп тамағын кеней берді.

— Сойып, бұйра елтіріні диірмен басындағы Семенге бер!

Қабағы қатты тыржиған қарт «елтірі» дегенге денесі шіміркенгендей дір етті де, басын шайқады.

— А, бай-бабай! Сен!..

Антоқ сөзін аяқтамай жалма-жан жердегі қозыны жуан саусақтарымен бүркітше бүріп алып қолтығына қысты. Сөйтті де қартқа бұқа көздің тарғылын көрсетті. Зіл тастады. Өзі секеңдей жөнелді. Ал, саулық: «Таста! Қайда әкеттің?!» дегендей алдыңғы аяғымен жерді тарпып қалып, маңырап соңынан ілесті. Аздан кейін ол кері жүгіріп келіп, жаңағы қозының талпынған жерін иіскеледі. Ол қозыны таппады. Қартқа қарады. Қарт жерге қарады. Аздан кейін екеуі де кетіп бара жатқан Антоққа көз тігіп еді, келсаптай сыңар аяқ пен күжбан балдаққа асылған томар дене ырғала теңселіп, жар жағасына жетіп те қалған екен. «Мен не істейін? Ана... жалмауыз. Самогон...» деп ерні жыбырлап, қарт жануардың басын сипады.

1965 ж.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз