Өлең, жыр, ақындар

Қонақ үйдің "қорқақтары"

Поездан түнгі сағат 1-де түстік те, бес-алты кісі бірге жүрдік. Отырар орын жоқ, вокзал залынан қуып шықты да, түнімен еденін жуып шықты, перрон да бос емес. Ендігі лаж — аяққа қонақтау, аяқ үстінде тұрып қалғу.

Станцияның алдында аздаған ағаш, ескі сәкі орнатқан шайхананың баспанасы, "келетін -кететіндердің" асханасы бар екен. Бізге оның да пайдасы тимеді. Қойған жүгімізді бірі әрі сүйреді, бірі бері сүйреді.

— Қонақ үйі бар ма?

— Бар десе де болады, жоқ десе де болады. Келген қонақ осы жерге қонады.

— Бары қалай, жоғы несі?

— Бар дейтініміз — "қонақ үй" дейтін аты бар, жоқ дейтініміз қонақ тоқтар жері жоқ.

— Аудан орталығы, әрі тоғыз жолдың тоқайласқан жері, бір поезд келіп, бір поезд кетіп жатады, түсетін қонақ жетіп жатады, бұл бір ғажап екен! — деп тоқырайды тоқайласқан жолаушылар.

— Нартай ақын, жантаятын жер де жақын, жүрегіңіз қысылса, жүріңіз сәкін - сәкін! —деп Әбдікәрім тақпақтап күлдіріп қояды. Біз қонақ үйді іздеп келеміз. Алқынып тұрып Көкең жөн сілтейді:

— Ей, жігіттер, мен көрген қонақ үй: ет базардың аржағында, сүт базардың бер жағында, көшенің бұрышында, жерден жеті қарыс қана биіктігі бар үй еді ғой... Өтіп кеттік, асып кеттік! — деп жобалайды.

Әне-міне дегенше түн ортасы да болды. Іздей - іздей қонақ үйді таптық. Есік емес, үңірейген тесігі бар, тентек сықырлауықты қақпаны әрең ашып, қақтық. Дыбыс жоқ, тым -тырыс. "Товарищ" деп те жалынамыз, "жолдас" деп те жалбарынамыз, мүмкін өзбек болар деп, "ортақ" деп те сұраймыз. Бірақ жауап жоқ.

Тықылдатып тыным бермеген соң ақырын басып, жай жүріп біреу келеді.

— Ашыңыз, жолаушымыз! — деп едік.

— Ашпаймыз, жолыңыз болсын, жүре беріңіз! — деді.

— Неге олай?

— Ол солай, қорқамыз.

— Неден қорқасыз?

— Үй қараңғы, электр қиылған, лампаның майы жоқ, ең ақыры оттықты да бітірдік. "Пожалуйста" ертеңгісін келіндер, есік ашық.

Біз көп арбастық, көп айтыстық, қасақана жаңбыр да бізді сабалап, мойнымыздан сорғалап тұр.

— Түстерің нашарлау екен, — деді іштен сығалап қарап тұрған әйел. Түсіміздің нашар емесін, сүмірейтіп тұрған жаңбыр екенін дәлелдеп, өзімізді таныстырып екі сағаттай кейістік, ақырында келістік. Есік ашылды.

— Байқап басындар, біріңді бірің қолдарыңнан ұстаңдар, еденнің тесігі бар, су құйған бақ бар, тайып кетпендер, ағып кетіпті... қап, мына бір шелекті біреу қағып кетіпті... — деп ол әйел сөйлеп келе жатыр.

Дежурный әйел бізді қараңғы үйге кіргізіп, жататын орынды болжаумен сілтеді.

— Сіздер алтау екенсіз, алтауыңа екі койка. Шуламаңдар, сиысып жатындар! — деп, қысқа-қысқа бұйрық берді де, шығып кетті.

Койканың аяқтары алшиып, төрт тағандап айқайын сала жөнелді. Ортасы ойылып, түсіп кетті. Көкең үйелеп қалды да, ұялған дауыспен өлеңдетіп:

Қайтеді үйелетіп мына шіркін.

Ойылып бара жатыр біртін-біртін?

Екі темір қабысып, ортасында

Қалмасы игі ем селтиіп екі мұртым! —

деп күледі.

Кәкеңнің сықағына қосыла күлуге де әл жоқ, қойындасып, қолтықтасып құлап тұрып, жығылып түсумен танды атырдық. Жарықтан қашатын жәндіктер жанталасып қашып жатыр. Тарақандар тым-тырақай сидаңдап қашады. Қан денелер торсаңдап, томпаңдап жорғалайды. Тозаңға сүңгіп, шаңға көміліп малтып жүр. Сынық терезе болмағанда дем алу да қиын еді. Кәкеңнің өкпесі сыр-сыр етіп:

Тар үй сығып алғанба үнімізді,
Есітпесін басқалар мұнымызды...—

дей беріп еді, дежурный әйел жетіп келді де:

— Алты адамға ақша төлеңдер, асығыспын! — деп алақанын жайып тұр.

— Қонақ үйдің директоры кім? Ол кісіні көруге бола ма? — деп едік.

— Ол кісі аудандағы колхоздың бастығы, өрі бізге директор.

— Ә, айлықты екі жерден соғатын, екі койкаға алты кісіні тығатын, қонған қонағы таң атқанша әрең тірі шығатын директор десеңші, бізге сол кісі керек! — деді Әбдікәрім. Әңгіме тағы шиеленісті. Дежурный өршелене түсті.

Кәкең енді ауданды қойып, облыстың басшыларына өлеңмен арыз жазып отыр:

Ардақты облыстың басшылары,
Жұмыстың көп қой рас, жақсы жағы...
Торабы тоғыз жолдың Арысыңда,
Жоқ екен жолаушының бас сұғары!

Кәкең көп жазды, ауыр-ауыр сөз жазды. Оған бәріміз де қосылдық. Бірақ қонақ үйдің "қорқақтары" ол өтінішті өздерінен басқаға көрсетер ме екен? Ай, көрсетпес!

Олар көрсетпесе, біз көрсеттік!


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар