Өлең, жыр, ақындар

Ғажайып планета

(фантастикалық әңгіме)

— Биолог Туранов, сіз өз пікіріңізді кесіп айтсаңызшы, қараптан қарап отырып дағдарып қалдық қой. Осылай отыра береміз бе, жоқ әлде тысқа шығып өлеміз бе?

«Байқоңыр-12» космос кемесінің командирі Елшібек Оразов креслода шалқалап жатқан биологқа осылайша шүйілді.

Туранов көзін тарс жұмып сулық жатыр. Оның қалың ой арпалысында жатқанын сезу онша қиын емес-ті. Ол ақырын жыбырлап көзін ашты да, кеудесін көтеріп отырды. «Байқоңырдың» барлық экипажы мұны қаумалап тұр. Туранов алпамса денелі кең маңдай командир Оразовты, әншейінде талшыбығым деп әзілдейтін кеме дәрігері Мәриям Темірболатованы, конструктор-механик байсалды мінез Осиповты көз жүгірте шолып өтті. Бәрінің де жанарында бұлыңғыр үміт ізі. «Байқоңыр» болса космос әлемінің бір белгісіз түкпіріндегі әлдеқандай жұмбақ сырлы сарғыш планетаның тұтқыны. Кеме экипажының бұл планетаның үстіне шығу-шықпау жөніндегі айтыс-таласы, пікір алысуы бір тәуліктен бері толассыз.

Экипаж мүшелері түгел дерлік шаршап-шалдыққан. Ойда жоқта кез болып, басқа түскен сергелдең бұларды бір мезгіл асып-састырып абыржытса, енді бірде көңілдеріне қаяу түсіріп жабырқатқандай. Әркім өз ойымен әуре. Командирдің аты командир ғой. Қалай бұйрық берсе, басқасы солай жүрмек. Не дер екен қазір мына ғалым?

Бұл жерде экипаждың барлық мүшесі бірдей жабырқаулы деуіміз артықтау да болар. Өйткені, кемеде бесінші мүше де бар болатын. Ол кеудесін шамасынша көріп көңілді тұр. Екі көзі жасыл от шашып жарқ-жұрқ етеді. Бұл жасанды адам физиомеханикалық «Кибер» еді.

Кибер маймаңдап басып тақап келді.

— Қастерлім,— деді ол биологтың иығына қолын салып. (Оның әрқашан осылай сөйлейтін әдеті еді). Сіздер мына мен болмағанда бағанағы космос айдаһарының аузына түсіп, тәтті тағамға айналған болар едіңіздер. Мен білмейтін өнер сіздерде мол. Бірақ осы бір қызықты жұмбаққа миларыңыз қалайша жетпей тұр? Оның үні электронды музыкадағыдай әсем де нәзік естілді. Бұл кибер түп табиғатында әзілқой боп жаратылған-ды. Оның кез келген нәрсені әзілге айналдыратынын космонавтар жақсы біледі. Сол себепті ешкім тіс жармады. Барлығының көзі Турановта.

Биологтың көз алдынан кешегі бір ғажайып оқиға тізбектеліп өте шықты. «Байқоңыр-12» өзіне жүктелген тапсырманы ойдағыдай орындап, «Тұңғиық» жұлдыздар жүйесінен екпіндей көтеріліп, Орталық космос станциясының мекен-тұрағына қарата ақпа жұлдыздай заулап келе жатыр еді. Экипаж кемедегі жұмыстың бәрін автокосмонавқа жүктеп, үш айлық терең ұйқыға кеткен-ді. Мұндай алыс жолдарды космонавтар анабиоздық ұйқыда өткізеді ғой. Әйтпесе жүздеген жылдарға созылатын космостық саяхатқа олардың өмірі жете ме? «Байқоныр-12» кемесі мылқау тыныштықта космос әлемін тіліп үнсіз жүзіп келеді. Ең ақыры әзілқой Кибер де «шешініп» жатып қалған. Кенет «апат» аппаратының кернейі сарнап қоя берді. «Байқоңыр-12» жүрісін баяулатып кібіртіктеп қалыпты. Бұған алдымен Кибер оянды. Ол жанұшыра жүгіріп, механик Осиповты жұлқылады. Әпсәтте бүкіл экипаж аяғынан тік тұрды. Осипов электрондық миды іске қосты.

— Не боп қалды?

— Жанар отын секциясында апат!

— Хауіптілігі қандай?

— «Байқоңырға» міндетті түрде қону керек!

Оразов электрондық мидан координатты сұрады.

Электрондық ми өз экранына космос картасын жайып салды. Экипаж мүшелері әлем картасына үңілді. «Байқоңырдың» келе жатқан жері от жебе болып жарқырайды, ұлан-асыр космос мұхиты. Галактикалық жеке-жеке жұлдыз жүйелері шоқ-шоқ болып шашылып жатыр. Оқта-текте космос аралдары жеке-жеке дөңбек оттар, құйрықты жұлдыздар көзге шалынады. Қайда тарту керек?!

Оразов «Байқоңырдың» жолына ең таяу деген қос жұлдыз шоғырына бұрылуға ұйғарды. Ол небәрі он жеті планетадан құралған. Қос жұлдыз егіз Күндер іспеттес. Екеуінің дәл ортасынан орбита сызып, бір алып сарғыш планета айналып жүр. Екі Күн ата-анасы, ал ана планета олардың кенжесі тәрізді. Екі шырақтың нұрлы сәулесіне бөленіп, ерекше жарқырайды ол. Бүкіл әлемдік тартылыс заңының ең бір ғажап қасиетін бір өзі пайдаланып тұрғандай. Қай жағында болсын мәңгі жарық, біркелкі мәңгілік температура. Шіркін, үстінде өмір бар ма екен, жоқ па екен?

Оразов «Байқоңырды» дәл осы планетаға бағыттады. Экипаж мүшелері үнсіз ишаратпен бұл шешімді мақұлдағандай. Тек ерке Кибер алақанын соққылап қуанып қалды. Алақай, жаңа планета көреміз!

Оның бұл қуанышы орынды да еді. Оған себеп космос заңы бұлжымас қатал заң. Қандай бір экспедиция болмасын ОҚС-тің (Орталық космос станциясының) бұйрығына сөзсіз бағынуы тиіс. Айрықша бір төтенше жағдай болмаса, белгіленген маршруттан ауытқуға ешкімнің правосы жоқ. Оразовтың ОҚС-пен байланысуға уақыты болмады. Электрондық ми аса бір үлкен хауіп болмаса, космос кемесіне қону керек екенін айтпайды. Экспедиция жинап қайтқан материалдар өте құнды еді. Оны аман-есен адамзат ұрпағына жеткізу бұлжымас борыш. Тура жолдан ауытқудың кесапаты мол-ақ. Кеме уақыттан ұтылады, жанар отыны таусылады.

Оразов мұның бәрін іштей мықтап сезінді. Алайда шешім біреу ғана болуға тиіс. Ол— «Байқоңырды» және оның жиған материалдарын қайткен күнде аман сақтап қалу.

Экипаж мүшелері әрқайсысы өзінің жұмыс орнында. Жиған-терген материалдарды сұрыптап космостық қобдиша-ракеталарға салып жатыр. «Байқоңыр» анау-мынау боп кетсе, материалдар өлмесін. Бәрінің ойы осы.

Автокосмонавт «Байқоңырды» ерекше ептілікпен қосжұлдыз атмосферасына алып кірді. Міне сарғыш планета өрісі.

Гравитомашина планетаның тартылыс күші сферасын сезіне бастады. «Байқоңыр» жүрісін баяулатып, орбита таңдай бастады. Жұрттың көзі дүрбілі иллюминаторда.

«Байқоңыр» планетаның ең шеткі орбитасына еркін енді де, оның спутнигіне айналды. Сол кезде күтпеген жерден қызық құбылыстар басталды. «Байқоңыр» орбитаға түсісімен жан-жақтан метеорит тәріздес ұсақ денелер жауып кетті. Кәдімгі жер үстіндегі адамды бас салатын шыбын-шіркей тәрізді. Қозғалыстарында ешбір заңдылық жоқ. Жапырлап ұшып тұс-тұстан «Байқоңырды» соққылап құлап жатыр. Бірінші боп айқайлап жіберген кеме биологі Туранов болды.

— Жолдастар, құттықтаймын мен сіздерді! Сіздер адамзат тарихында тұңғыш рет жанды метеориттер жауынын көріп отырсыздар. Кибер, дереу биомагнитті іске қос! — деп дауыстап жіберді ол.

Осы кезде Кибер астыңғы отсектен сүйретіп бірнеше сүлік тәріздес жанды заттарды әкеліп тастай салды.

— Қастерлім, Туранов! Мен сіздің осындай бұйрығыңыздың болатынын алдын ала бал ашып біліп едім. Биомагнит сізге тамаша космос балықтарын ұстап берді. Кәнеки, ауыз тиіп көрелікщі,— деді ол.

Экипаж мүшелері жапырлай жүгірісіп космос сүліктерін көре бастады. Мәриям резина қолғабын киіп те үлгеріпті. Жүгіріп келіп ұстай алды да, жиіркеніп тастай салды.

— Кибер-ау, мына біреулерің ішке кірмей жатып өліп қалды ғой!

Космос балықтары расында да тұяқ серіппей тарамысша тартылып қалды. Денелерінен жасыл сұйық бөлініп жатыр.

Туранов бірнеше шыны сауыт әкеліп, жалма-жан жаңағы сұйықты құйып алып жатыр. Сұйық сусыма кілегей іспетті. Сынапша толқып ұстатар емес.

Сұйықтарды құйып алғаннан кейін биолог бұйрық берді.

— Мына балықтар шығарылып тасталсын, орнын отқа күйдіріп тазалаңдар. Нендей жұқпалы ауру әкелгенін қайдан білеміз. Кеменің қорғаныш қалқанын шығару керек!

— Бұл кезде кеме командирі Оразовтың көзі электрондық телескопта еді. Кенет ол шалқасынан түсе жаздап кері бұрылды.

— Туранов, бері кел! Мынау не деген сұмдық! Планета дөңбекшіп жыбырлайды ғой. Бетінде бейне бір үлкен дауыл тұрып, астан-кестеңін шығарып жатқан сияқты. Міне бізге қарата бір снаряд ұшып келеді! Сақтаныңдар, жанды торпедо!

Туранов телескопқа жетіп үлгермеді. Әлдеқандаіі бір күштің әсерінен көзі қарауытып құлап түсті. Барлық сезгені өнебойын, барлық ерік-күшін ғажайып сиқыр билеп, тәтті ұйқыға бөленіп бара жатқандай.

Тұла бойын ыстық жалын шарпып, түпсіз шыңырау апанға тұншықтырып әкетіп барады. Ең соңғы көзін ашқанда көргені басқа экипаж мүшелері де құлап жатыр екен. Ол бұлқынып кеудені басқан ұйқыны тарқатуға әрекет жасап көрді. Бірақ белгісіз бір күш тұқыртып әкете берді. Соңғы минутта ол енді халіміз не болды деген оймен жанұшыра бір талпынды да сулық жатып қалды...

Міне ол қайтадан достарының ортасында. «Байқоңыр» өз еркінен тыс жаңағы бөгде планетаның үстіне қонған екен. Космонавтар өздерін өздері бейне бір тұтқын кейпінде сезінді. Барлығы да аурудан жаңа тұрғандай. Жүздері сынық, көңілсіз. Тек жалғыз Кибер ғана жабырқар емес. Масайрап ортада тұр. Әңгімесін қайта-қайта саңғырлап айтып тауыса алмайды.

— Бір кезде қарасам бәрің бірдей сулап жатырсың. Дереу электрондық миды бұрай қойдым. Ол: «Байқоңырды» шұғыл қондыру керек, бір секунд кешіксе кеме алып биомагниттің аузында кетеді деді. Содан кейінгісін автокосмонавт жасады. Кеме торпедоға соқтықпай маневр жасап жалт берді. Бірақ Торпедо жаны бар аң сияқты екен. Бізді қуалап найжағаймен атқылады. Кеменің қорғаныс қалқаны сытырлап сөгіліп кететіндей көрінді. Дегенмен кеменің ішіне белгісіз бір күшті толқындар енген болуға тиіс. Сіздердің талып қалу себептеріңіз содан ба деп ойлаймын.

Халіміз тым мүшкіл болуға айналған соң мен атом зеңбірегінен сәуле семсерін сілтедім. Сол сол-ақ екен жанды торпедо қақ бөлініп, төмен қарай құлады.

Автокосмонавт бұдан кейін біздің кемені бөгде планетаның атмосферасына баяу алып кірді. Қонуымыз да ешбір қиындықсыз өтті,— деп аяқтады әңгімесін Кибер.

Планетаның табиғаты өте қызық екен. Кеменің үлкен телеэкранынан ойлы-қырлы сарғыш алқап көрінді. Бір ғажабы кілемнің түгіндей ғана шөп тәріздес бірдеңе ескен тақыр дүние. Тек оқта-текте ғана арқан жіп сияқты шубалған ағаштар бой созып шайқалады. Мәриям теледүрбімен жан-жақты түгел шолулап қарап шықты. Көңілсіз де қорқынышты. Алғашында қарайған тас сияқты бірдеңелер қарауытып жатыр еді, кейін олардың бәрі зым-зия болып ұшып кетті. Олардың жаны бар хайуанаттар екені айдан анық. Сезім мүшелері де ерекше дамыған. Томпаңдаған борсық тәрізді.

Бұл планетаның қос Күні де біздің жақтың Күніндей кішкентай екен деп ойлады Мәриям. Сол сәтте оның жүрегі дүрсілдеп өзінің үйреншікті жерін сағынды. Планета атмосферасы жөңкіліп жүрген сүлік тәрізді «құстарға» толы. Кәдімгі бір мұхит сияқты дөңбекшіп, шалқып, толқын атып жатқандай. Әредік-әредік жарқылдап от шығады. Бейнебір бұлтсыз күнгі найзағай іспетті.

Шындығына келсек космонавтар мұндай жағдайға душар боламыз деп мүлде ойламаған-ды. Үстеріндегі скафандрларының биотокқа қарсы күресер қорғанышы жоқ.

Алып шыққан биомагнит аппаратының қуаты да мына планетада түкке аспай қалды. Мәселе биологқа келіп тірелді.

Экипаж мүшелері Турановтың аузына қарады. Биолог ғалым «Байқоңыр-12» қонғаннан кейін планета табиғатынан көптеген үлгілер жинап зерттеулер жүргізген болатын. Ол орнынан тұрды да биоанықтауыш электрондық машинадан соңғы информацияларды алды. Өңінде сабырлылық, терең ойлылық нышаны сезіледі. Мәриям Турановтың жүзіне мұңая қарап отыр.

— Маған көптеген нәрсе түсініксіз,—деп бастады ол сөзін. Егер жиналған ғылыми деректердің негізінен қозғасаң бірталай қызық пікір айтуға тура келер. Атмосферада белок пен көміртегі орасан көп мөлшерде шоғырланған. Бұған қарағанда планетадағы тіршілік мөлшерлі шарасынан мүлде асып кеткен тәрізді. Кеме аспаптары планета үстінде оттегін бөліп шығаратын қуатты көздер бар екенін тіркеді. Бұл өте қызық құбылыс. Планетадағы фотосинтез процесі атмосфераның жоғарғы қабаттарында жүреді екен. Яғни біздің жер бетінде өсімдік топырақта өсіп-өніп, олар алуан түрлі формада табиғаттың, ауа райының ыңғайына қарай икемделсе, мұнда тіпті де олай емес.

Өсімдік атаулы ауада жүзіп жүретін көрінеді. Шайтан білсін олардың қандай формада екенін?! Ұсақ полимерлер тізбегі болуы ғажап емес. Жай көзге көрінбейді. Мөп-мөлдір. Анау көрінген жасыл жолақтар солардың күнге шағылысқан нұры.

Экипаж мүшелері телеэкранға қарап айран-асыр болысты.

— Өзіміз куә болдық қой. Планетаның ауа райы мүлде өзгермейтіндей біркелкі. Сол себепті мұндағы өсімдіктердің жер бетіндегі сияқты түрліше формасы жоқ. Олар атмосфераға тарап кеткен.

— Бұл бір біз естімеген ғажап екен. Онда жаңағы «Байқоңырға» қарай ұшқан снаряд осы планетаның бізге лақтырған сексеуілі болған ғой шамасы,— деді Кибер.

Бәрі қарқылдап күлді. Кибер жұрттың күлкісі аяқталмай жатып:

— Егер олай болса Мәриям екеумізге рұхсат беріңіз. Ауадан қауын-қарбыз, бүлдірген сүзіп қайтайық,— деп қалды.

— Қалай болғанда да бізге сыртқа шығу керек. Кеменің ақауын жөндеп алу оншалықты қиын емес. Бірақ қайта ұшып шыға алатындығымызға үлкен күмәнім бар,— деді сәлден соң Туранов. Ол экипаж мүшелерінің көңілді күлкісіне іштей қуанса да өзін байсалды ұстады.— Бұл күлкі емес достар. Атмосфера биотоктың аса қуатты разрядына бөгіп тұр. Біз мұнда тұрғанда, әрине, ешбір хауіп жоқ. Ал көтеріліп ұша бастасақ, планетаның тарту күшін біздің организм жеңе алмайды. Денеміз ұсақ-түйек бөлшектерге ыдырап кетуі мүмкін.

— Осындай үлкен планета тек ұсақ биоорганизмдер құйынынан тұрмайтын шығар. Мұнда даму сатысы жоғары ақыл иелерінің болулары да ықтимал ғой,—деді Мәриям. Мен сыртқа шығып барлап қайтуға қарсы емеспін. Сіздердің барлықтарыңызға биомагнит скафандр кигізіп, оның полюстарын ауыстырып жіберейік. Сонда ешбір микроб бізге жақындай алмайды.

Дәрігердің бұл сөзіне ешкім тіс жарып қарсы болмады. Кемеде Осипов пен Оразов қалатын болды да, сыртқы эксгіедицияға Мәриям, Туранов және Кибер шығатын болып ұйғарылды.

Экспедиция мүшелері жол жабдықтарын жөндеп болғаннан кейін жұмсақ дөңгелекті амфибия атомобильге отырды. Вертолеттік қондырғыны әдейі алмай тастап кетті. Мынау ауадағы толып жүрген «балықтар» оның винтінің айналуына жол бермес. Атомобиль жап-жайдақ тақырмен жылжи жөнелді де, алыстан қарауытып көрінген тауға бет алды. Кибер жолшыбай машинаны үш-төрт рет тоқтатты. Туранов әр аялдаған сайын топырақ ұнтағын, өсімдік қалдықтарын іздеген болады. Бірақ онысынан түк шықпады. Бір-екі рет аяқ астына бұрғы салып көріп еді, қоймалжың көкшіл сұйық бұрқылдап шыға келді.

— Бұл не ғажап! Жердің астында да белоктық заттар шоғырланған ба? — деп күбір етті Туранов.

— Ахмет-ау, сіз өзіңіздің қайда тұрғаныңызды ұмытып кетіпсіз-ау. Сіз сиқырдың үстінде тұрсыз,— деп Мәриям оның сөзін бөлді. Бұрғыны қайтесіз, онан да ана біреу шұбалып өсіп тұрған арқандар ағаш па, басқа ма соны барып көрсек қайтеді.

Туранов басын шайқады.

— Ағашқа ұқсамайды. Жыланша сусып тұрған бірдемелер ғой. Пәлесінен аулақ.

— Қараңызшы, арқандардың табан асты үңірейіп тұр. Қып-қызыл бірдеңе жылтырайды, — деді Мәриям.

Атомобиль ағаштарға 50-60 метр жақын келіп тура қалды. Кибер киноаппаратын суырып арқандардың әрбір қозғалысын суретке түсіріп жатыр. Сол кезде телерация қызыл от берді. Экраннан Оразовтың бейнесі шыға келді.

— Неғып тоқтап қалдыңдар?

— Кісі жегіш ағаштарды бақылап тұрмыз,— деп жауап қатты Кибер.

Енді ағашты атомобиль арқылы кемедегілер де бақылай бастады. Айнала тымырсық, желсіз. Бірақ соған қарамай, ағаштың тармақ-бұтақтары жан-жағын соққылап теңселіп тұр. Сыртқы түрі қорқынышты-ақ. Кенет ғажап көрініс болды. Ағаштар ысқырған дыбыс шығарып, бірін-бірі соққылап дуылдасып қалды. Бейнебір жетібасты аждаһа деп қалуға болардай.

Космонавтар енді көрді. Алыстан бөрене тектес жанды торпедолар ұшып келе жатыр екен. Олар жантүршігерлік дауыспен қиқу салып келеді. Беталысы «Байқоңыр-12».

— Зеңбіректі дайындаңдар. Мынау бағанағы айдаһарлардың бір тобы,— деп айқайлап жіберді Кибер. Мәриям қорыққанынан бүрісіп қалды. Торпедолар дуылдап тұрған ағаштардың үстіне келгенде ысылдаған, сытырлаған үндер естілді. Іле-шала қорқынышты жәндіктер топырлап құлай бастады. Хандры ағаш деп отырғандары жаны бар хайуанаттың қолы сияқты бірдеңе болып шықты. Шіркіндердің ептісі-ай, торпедоларды жерге түсірмей қағып алып, жұмарлап, ауыз сияқты бір қуысқа тықпалап жатыр.

— Тауға бет алыңдар. Ағаштардың не екенін көрдіңдер ғой. Мұқият сақ болуларыңды сұраймын. Сіздердің қолдарыңызда «Байқоңырдың» тағдыры.

Туранов пен Мәриям Оразовтың бұл сөздерін бұйрық деп ұқты. Экран сөніп қалды. Атомобиль кедір-бұдыры жоқ жайдақ жолмен баяу қозғалып жүре берді. Әрбір сүйем жолды электрондық аппаратпен мұқият зерттеп келе жатыр. Атомдық локатор жүрген жолдың әрбір жүз метрінде шыңырау тұңғиыққа толқын жіберіп, түрлі деректер жазып келеді. Бір жарым сағаттай жол жүргеннен соң атомобиль үлкен жарға келіп тірелді. Жардың асты ағып жатқан қара қошқыл өзен. Өзеннің үстін жұп-жұқа мөлдір қабық қымтап жауып тұр. Өзен үсті құж-құж қайнаған ұсақ жәндіктердің қара құйыны. Қара қошқыл судың ішінде де алуан түрлі жәндіктер мол екен. Біреусі жыланша иірілген ұзын, екіншісі домалақ, кейбіреуі үшбұрышты жалпақ. Бірақ бәрінің де тұрақты формасы жоқ. Бұлтыңдап сынапша толқып құбыла береді. Туранов пен Мәриям жар басында ұзақ уақыт тұрды.

Кибер өзенге ау салып жаңағыдай балықтардың төрт-бесеуін ұстап алды. Бірақ олар балық сияқты аузын ашып туламай, кәдімгі тюленьдерше домалап қашып берді. Кибер мәз болып қуып жүр.

— Ахмет ағасы, не болса о болсын мен бір балық сорпасын қайнатып жіберсем қайтеді?

Туранов Кибердің әзіліне селқос қалды. Дегенмен балықтардың бір-екеуін алып тоңазытқышқа бекіттіріп тастады. Содан кейін өзі Мәриямды қолтығынан алып өзен жағалап кетті. Кибер атомобильді арттарынан баяу жүргізіп келеді.

— Ахмет, сіз айтыңызшы бұл неғылған ғажап планета? Көзімізге тірі жәндіктерден басқа ештеме түспей қойды ғой. Мына ағып жатқан суы да жаны бар бірдеңе сияқты. Мен өте қысылып келе жатырмын. Біреу (бәлкім осы планетаның ақылды тұрғыны болуы ғажап емес) екі көзін өңменнен өткізе тесірейіп тұрған тәрізді. Арқам тоңазып, қорқа бастадым.

— Тоқташы, Мәриям, сен мынау дүңкілдеген дыбысты естисің бе? Мәриям енді ғана естіді. Расында да бір дүңкілдеген дыбыс алыстан еміс-еміс келіп тұр. Ол оның жүрек соғысымен бір ритмде сияқты. Мәриям шошып кетті. Жүр атомобильге қайтайық. Олар артынан біреу қуып келе жатқандай қалбалақтай ұшты. Аяғының астында үлкен бір жануардың денесі сияқты. Олар атомобильге ентіге жүгіріп келіп қараса, Кибер кабинаға бүк түсіп жатып қалыпты.

Мәриям Кибердің басын ашып қарады. Оларда еш ақау жоқ. Барлық электрондық лампалар қаз қалпында.

— Ахмет, енді не істейміз? Киберіміз өліп қалыпты ғой.

Туранов Кибердің.жүрек тұсын, миын ашып қарады. Бірақ ешбір мүкіс таба алмады. Содан кейін олар Кибердің жотасындағы аккумуляторды алып көрді. Мәриям шыдай алмай күліп жіберді.

— Кибер өз аккумуляторының қуатын разрядтап жіберіпті де, оның ішіне жаңағы өзендегі қоймалжың сұйықты құйып қойыпты.

— Сабазың өзіне жан салып алмақшы болған екен ғой. Идеясы дұрыс-ақ. Бірақ қарсы мәндес зарядты ұмытқаны несі мұның.

Туранов нейлон сүзгімен ауадан жәндіктер сүзіп алды. Дорбаға үш-төрт килограмдай шыбын-шіркей тәріздес құрттар толды. Ахмет оны ептеп отырып аккумулятордың ішіндегі сұйыққа қосты. Сол кезде Кибердің денесінен ток жүріп оған жан бітті.

— Ойпырау мына жерде топырақ пен кәдімгі судан адам жасап алуға болады екен ғой,— деді Мәриям.

Кибер орнынан тұрып санын шапалақтап қуанды.

— Енді құда қаласа, біраз темір-тұмырдан арылып жеңілдейтін шығармыз.

— Байғұс-ау онда тамақ ішіп әуре боласың ғой. Темір болғаныңның өзі жақсы емес пе,— деп Мәриям шаншып алды.

Сол кезде атомобильдің телеэкраны жарық берді. Экранда Оразов.

— Туранов, қайтуға бет бұрыңыздар. Бізге енді көп күтуге болмайды. Қос жұлдыз системасы өзінің қозғалысымен бізді маршруттан бірте-бірте алыстатып әкетіп барады. Енді бір-екі тәулік кешіксек жүз жылдық шалғайдан бір-ақ шығамыз.

Атомобильден ешбір дыбыс шықпады. Кибер төменгі отсекке басын сұғып жиналған жәндіктерді қызықтап тұр еді. Ешкім үндемеген соң таңданып өзінің жолдастарына көз салды. Мәриям алған әсердің күштілігінен бе, әлде шаршап ұйқысы келді ме, атомобильдің жұмсақ орындығына шалқалап қалғып кетіпті. Осы кезде Турановтың иығынан да әлдеқандай күш басып, тұқыртып әкеткен еді. Кибер екеуін алма-кезек жұлқылап оята берді. Экраннан Оразовтың бейнесі тесіле қарап тұр.

— Не болған сендерге, тападай тал түсте ұйықтағаны несі, жүрмейміз бе? — деді Кибер.

Мәриям әрең-әрең көзін ашты.

— Менің жүрегімнің соғысы құлағыма өте дүдкілдеп естіліп тұр. Турановқа айт,— деді де сылқ ете қалды.

Оразов шұғыл қайтуға бұйырды. Рульге Кибер отырды. Оның құлағына солқылдап үдей соғып тұрған жүректің дыбысы естілді. Оның жаратылысында қорқу деген сезім жоқ-ты. Бірақ адамзатқа төнетін хауіпті түсінетін тетігі бар. Сол тетіктің қызыл лампасы жалт-жұлт жанып есін шығарды. Кибер атомобильдің жүрісін жылдамдатып кемеге ұмтылды...

Жып-жылы тәтті ұйқы құшағында жатып Туранов өзін-өзі біреудің қатты тартқылап оятып жатқанын сезінді. Қаншалықты күштеніп қозғалғысы келсе де, жалғыз бақайына шамасы келмей жатыр. Қаны ұйып, жүрегі тоқтап қалған сияқты. Біреу әлуетті қолымен иығынан сілкілеп-сілкілеп жіберді. Туранов тістеніп көзін ашты. Күңгірт тұманнан басқа ештеңе көрінбейді. Әлдеқайдан тұңғиық шыңыраудан әлдекімнің айқайлаған дауыстары талып естіледі. Бірте-бірте оның денесіне қан жүгіріп, көзі көре бастады. Оразов пен Мәриям иығынан укол салып жатыр екен.

— Сендер планетаның орбитасын, оның тәулік, айлық мерзімін есептедіңдер ме,— деді ол.

Оразов электрондық есептегіш машинадан перфолентаны суырып алып, Турановтың қолына ұстатты. Ол креслода шалқалап жатып, тез көз жүгіртіп өтті.

— Біз екі сағаттың ішінде бұл планетаны тастап шығуымыз керек. Әйтпесе жаңағы Мәриям екеумізді ұйықтатқан ыстық леп ақырындап осында да жетеді. Қалғанын планетадан құтылғаннан кейін айтамын.

Экипаж мүшелері әрқайсысы өзінің міндетін атқаруға кірісті. Ешқандай бұйрықтың қажеті болмады. Әпсәтте «Байқоныр-12» қанатын қомданып, гүрілдей бастады. Кеме соплосынан ұшқындап шыққан жалын планетаның үстін күйдіріп қоңырсыған иіс шығарды. Кенет аяқ асты теңселіп, жер сілкінгендей болды. «Байқоңыр-12» тік көтеріліп тартып кетті...

Міне барлық қорқыныш артта. Кеме экипажы жайласып өз жұмыстарын жүргізе берді. «Байқоңыр» космос картасындағы өзінің жолына түсті. Оразов Турановқа қарап ойланып отыр.

— Ахмет, осы біздің жаңағы көргеніміз не пәле? Сіз биологсыз ғой, қандай тұжырымға келдіңіз?

Туранов аз-кем үнсіз отырды да, сөз алды.

— Мен білсем, біздің көргеніміз космос әлеміндегі еңбір сирек ұшырасатын ғажайып құбылыс. Жаңағы бізді тұтқындаған планетаның жаны бар болып шықты.

— Жаны бар?

Барлық экипаж мүшелері айран-асыр болып үрпиісіп қалды.

— Бүтіндей бір планетаның алып жануар болуы мүмкін бе? Бұл ақылға симайтын жағдай екен,— деді Мәриям. Айтып отырғаныңыз тіпті космоста тіршіліктің пайда болу заңына да қайшы ғой.

— Тіршіліктіц пайда болу заңына дейсіз бе? — деді Туранов.— Сіз өзіңіз қалай пайда болдыңыз? Қосмостық табиғаттың адам сияқты тірі организмді дүниеге тудыруы тіпті де ғажайып емес пе! Бұл да сондай бір құбылыс. Жер бетіндегі тіршілік ауа райына байланысты мың құбылған формада өсіп-өнді. Ал бұл планетаға ондай форманың қажеті жоқ. Олар ортақ биогравитациялық заңға бағынған.

— Бізді сіз асықтырғанда нендей хауіпке сүйендіңіз? Және біз осындай алып планетаның тартылыс күшін қалайша жеңдік?— деп сұрады Оразов.

— Мен алдымен планета үстіндегі жәндіктердің азайғанын, олардың қозғалыстарының саябыр тапқанын байқадым. Содан кейін дүңкілдеп соққан жүректің дыбысы естілді. Ол осы планетаның алып жүрегі болуы ғажап емес. Жүрек соққанда жан-жаққа жылы леп тарап, ол бүкіл планетаны ұйқыға баурайды екен. Біздің Мәриям екеуміздің ұйықтап қалуымыз сол себептен екені даусыз. Планета бір космостық тәулікте ұзақ уақыт ұйқыға кететін көрінеді. Біз соның куәсі болдық. «Байқоңырдың» биогравитацияны жеңіп ұшып шыға алуы да осы ұйқының арқасы.

Экипаж мүшелері тым-тырыс қалды. Әрқайсысы өзінің жиған-терген материалдарын ойлап Орталық космос станциясына қандай құнды ғылыми дерек алып келетініне қуанып отырған еді.

«Байқоңыр-12» автокосмонавтың басқаруына көшіп барлық экипаж мүшелері анабиоздық ұйқыға жатты. Тек қана Кибер ояу отыр. Оның маңдайындағы жалғыз көз жасыл от шашып жылт-жылт етеді...


Пікірлер (2)

Бекзат

Осындай фантастикалық әңгімелер ұнайды

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз