Өлең, жыр, ақындар

Жиренше мен Қызылым

Бір жолы Қызылым қарт Жиреншеге жолығып:

— Шешен, сізден бір сұрайын деген сөзім бар еді, — дейді.

— Сұраңыз, — дейді.

— Он бес лақ, жиырма бес серке, отыз бес орақ, қырық бес қылыш, елу бес егеу, алпыс бес арқан, жетпіс бес шідер жоғалттым. Осыған құлақтас болыңызшы! — дейді.

Жиренше:

— Ақсақал, тоғызыңыздың жөнін айтып берейін, өзіңіз тауып алыңыз. Он бес жас — құйын қуған желмен, жиырма бес — дауыл ұрған перімен, отыз бес жас — ағып жатқан селмен тең. Қырық бес — аю аспас белмен, елу бес — ерттеп қойған атпен, алпыс бес — арқандап қойған атпен тең. Жетпіс бесте — көңілің — жермен тең, сексенде — селкілдеген шал боласың, тоқсанда — толық миың орта түсер, жүзде — күдеріңді үзе бер: өлмесең де, өліден кем боларсың! — дейді.

— Әттеген-ай, өзім жиырма бестегі жігіттей едім! Көңілімнің жердей болғанын қарашы, бекер-ақ сұраған екенмін! — деп, Қызылым қарт жантая кеткен екен.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз