Өлең, жыр, ақындар

37% қағидасы

Шамасы, әркім-ақ өмірінде әлдебір нәрсені іздеп табудың оңтайлы жолын қолданумен байланысты мәселеге тап болып көрген шығар. Тұрғынжай жалдау, жұмысқа алу, жан жарыңды таңдау… Ең жақсы нұсқаны қалай таңдаған жөн? Қандай стратегия ең озық нәтижеге жетелейді? Жауабы — ұтымды жерде тоқтау немесе 37% қағидасы. Бұл стратегияның сізге ең үздік нұсқаны таңдап алуға, сондай-ақ уақытыңыз бен жүйке жасушаларын үнемдеуге септігін тигізу ықтималдығы жоғары. Қазіргі таңда «Хатшыны таңдау мәселесі» деген атаумен белгілі басқатырғы жарияланған соң 37% қағидасы көпшілікке кеңінен танымал болып кетті. Бұл мәселенің шешімін осы қағида өте әдемі тауып береді.  

Хатшыны таңдау мәселесі  

Сіз — жұмыс берушісіз. Сіздің міндетіңіз — хатшы қызметіне үміткерлермен (жұмысқа тұрғысы келетіндердің мөлшер саны белгісіз) тілдесіп, олардың ішіндегі ең үздігін жұмысқа алу.  

Сіз жұмыс іздеп келгендердің әрқайсысымен бір рет қана тілдесе аласыз (кімнің кімнен кейін кіру реті кездейсоқ). Үміткерді жұмысқа алу немесе алмау туралы байламды тілдесіп болған бойда шығаруыңыз керек. Сіз не кандидатты жұмысқа алмайсыз да, дереу келесі үміткерді шақыртасыз, не ол адамды салған жерден жұмысқа аласыз. Сіз жұмысқа тек бір адамды ала аласыз және ол адамды алған соң, басқа үміткерлерді көру аяқталады. Алдында тілдескен кандидатураларға оралуға болмайды. Бірнеше адаммен бірақ тілдесуге де тыйым салынады.  

Бұндай түйткілдің түйінін қалай тарқатуға болады? Бұл жерде ішкі түйсігіңізге және тағдыр тәлейіне иек артқаннан басқа амал жоқ сияқты, бірақ олай емес — математиктер осындай тұрпатты мәселелерді бір жақты қылудың оңтайлы стратегиясын түзіп шығара алды, оның үстіне стратегия үміткерлердің мөлшер санына байланысты емес. 37% қағидасы — сол стратегияның дәл өзі.   

Қағида былай дейді: үміткерлердің алғашқы 37% көріп, олардың ешқайсысын алмау, бірақ олардың ішіндегі ең үздігін көңілге тоқып қою керек. Бұлардан кейінгі үміткерлердің 63% тілдескен кезде алдыңғылардың бәрінен озық шыққан бірінші үміткерді алу керек.  

Бұл стратегия неге ең ұтымды және 37 саны қайдан шықты? Жай-жапсарын анықтайық.  

Неге 37%?

Сонымен, ең әуелі, үздік кандидатураны іздеу кезінде болуы мүмкін қателіктерге зейін салған абзал. Сіз үздік кандидатураны байқамай, келесісіне өтіп кетуіңіз мүмкін, немесе басқа кандидаттардың бірталайынан қарым-қабылеті төмен үміткерді жұмысқа алып қоюыңыз мүмкін.  Әйтеуір, оңтайлы стратегия осы екі шектің ортасынан теңгерім тауып беруі тиіс екені анық: тез келісе салуға болмайды, сонымен қатар соңғы кандидат бәрінен жақсы болады деп ойлап, үміткерлердің бәрін кері қайтара беруге де болмайды.  

Математикалық формулаларды қарастырып отырмаймыз, одан да салған жерден нәтижеге назар аударайық. Ғалымдар ешқайсысын алмай, бірақ олардың ішіндегі ең мықтысын қаперге іліп қою үшін тілдесіп шығатын кандидаттар бөлігі 1/е тең, бұл жерде е — натурал логарифмнің негізі, яғни шамамен 2,71828 тең. Бұл болса шамамен 37% тең болады.  

Түсініп отырғаныңыздай, 37% қағидасы — бұл оңтайлы стратегия, бірақ ол ең жақсы кандидатты іріктеп алатыныңызға кепіл бола алмайды. Нақтырақ айтсақ, бұндай стратегияның табысты болу ықтималдығы 37% құрайды (sic). Басқаша айтқанда, 37% қағидасымен әрдайым ең жақсы нәтижеге жете бермейсіз, бірақ оның үздік нәтижеге жеткізу мүмкіндігі өте жоғары.  

Енді осы ұтымды жерде тоқтау қағидасы сіздің қажетіңізге жарайтын шынайы өмірге етене жақынырақ мысалды қарастырып көрейік.

Сіз пәтер жалдауға бел будыңыз делік. Сіздің уақытыңыз шектеулі, алдында көрген нұсқаларға оралуға болмайды (жақсы пәтерлерді бұл кезде басқалар жалға алып қойды, ал нашар пәтерлерге оралудың еш мәні жоқ). Ендеше пәтер іздеуге арнап бөлген уақытыңыздың 37% ұсынылған нұсқаларды көріп шығуға жұмсаңыз да, осыдан кейін алдында көріп шыққан пәтерлерден жақсы шыққан ең бірінші пәтерді алыңыз.

Көріп тұрғаныңыздай, математика кей кездері шынайы өмірде әжетке жарап, қыжалатыңыздан шығарып жатады. Сіз тағы қандай алгоритмдер мен қағидаларды білесіз? Бізбен бөлісіңіз!   

Сәттілік тілейміз!

Оқуға кеңес береміз:

20/80 қағидатын өмірде қалай қолдану керек

Питер қағидаты — неге біліксіз қызметкерлердің қоршауында қала береміз

Өмірлік тәжірибе (Мэрфи заңдары)


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

Саят

Енді осы қағиданы қолданатын болдым.

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз