Біз жігіттің алғырын, батылын, өжетін, қайсарын қыранға теңейміз. Өйткені, қыран құс биікте өсіп, биікке самғайды. Көк төсінде қанатын қақпай ұзақ уақыт қалқып жүрген қыран құсқа кім де болса қызыға қарайды. Аспан аясында сызып бара жатқан қыранды кейде күміс қанат ұшақ па деп те қаласың.
Иә, қыран — ерлік пен өрліктің, сымбат пен сұлулықтың символы, яғни белгісі. Алайда сол қыран бірден қыран бола қалады ма?
Қырандар екі мың метр биіктен жоғары тау шыңдарында ұя салып, екі жылда бір рет жұмыртқалайды екен. Ана қыран жұмыртқасын шайқап, балапан жарып шыққаннан кейін, оның аяғын қылмен ұяға бекітіп қояды да, ата қыран екеуі жем іздеп кетеді. Екі қыран кезек-кезек балапандарына жем әкеліп беріп жүреді.
Арада бірнше күн өтіп, балапан өсе береді. Сары үрпек ауызы қара қошқылданып, қанатын жиі-жиі қомдап, ұшуға талпына бастайды. Осы кезеңді байқап жүген ата қыран балапанның аяғындағы ұяға бекітулі қылды үзіп, оны теуіп, төмен қарай құлатып жібереді. Бала қыран болса төмен қарай құлап бара жатып, қанатын жайып жіберіп, қалықтай ұшады. Ол жерге жақындап барып, биікке қайта көтеріледі. Міне, сөйтіп барып бала қыран біртіндеп нағыз қыранға айналады. Сол күннен бастап ата-анасына алаңдамай, өз бетінше өмір сүріп кетеді.
Ал, ұядан теуіп жібергенде қанатын жайып үлгере алмаған балапан жерге құлап, мерт болады.
Шіркін, адам баласы да қанатын дер кезінде жайып, көкке көтерілген қыран балапанындай өз бетінше өмір сүріп кетсе ғой...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі