Өлең, жыр, ақындар

Қабанбайдың батасы

Абылай ханның заманында қазақ жұртынан шыкқан батырлар: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаздауысты Қазыбек. Шақшақұлы Жәнібек, Көкжарлы көкжал Барақ, Шанышқылы Бердіқожа, Сырым Малайсары, Балтакерей Тұрсынбай, Тарақты Байқозы, Әлтіке Жидебай, уақ Баян т.б. болған екен. Бұл батырлардың бәрі де жалғыз жүріп қалмақтың қамалын бұзған батырлар. Қазақта батырда Қаракерей Қабанбайдан асқан батыр жоқ, үйсін Төле биден асқан би жоқ. Бұл екеуі де Абылай заманында қарттық жеңіп тұғырдан түскен кісілер.

Арғында Әлтіке Дос батыр деген батыр болыпты. Кезінде жауға қарсы соғыста көп ерлік көрсетіп, даңқы шыққан адам екен. Бір жолғы соғыста сегіз жасар баласы Қожаназар мен екеуі қапылыста қалмақтың қолына түсіп қалады. Бір күні қалмақтар ақылдасып: «Біріңді олжаға алып қалып, біріңді елге қайтарамыз, қайсың қаласындар, әкелі-балалы екеуің ақылдасыңдар!» — дейді.

— Жаным, әкетай-ай, — дейді сонда сегіз жасар Қожаназар, — көк лағың болайын, әке! Мені осында қалдырып, тездеп ел-жұртты тауып алыңыз!

Сонда Дос батыр:

— Балам, қалмақ шалға зәру емес. Жас ұланға зәру, біреуі бала қып, өзіне қосып алады. Жұдырықтай сені жау қолына тастап кету мен үшін ұят. Сен елге аман барсаң, Дос өлген жоқ екен, міне, тірі келді деп қуанады. Қатын аласың, балалы боласың, сенен туған балалардың бірі күндердің күнінде менің кегімді алатын болады, — деп батасын беріп, баланы елге қайтарып, өзі сонда қалады.

Айтқандай Қожаназар еліне келген соң қатын алады. Балалы болады, баласының атын Жидебай қояды. Сол Жидебай жеті-сегізден асқан кезде Дос батырдың қара шаңырағында отырған інісі Әлмұрат байдың үйіне Қаракерей Қабанбай батыр келіп қонады. Мұны құлағы шалған Жидебай:

— Барсам-ау, көрсем-ау, батасын алсам-ау! — деп түн бойы көз ілмей шығады. Таңға жуық көзі ілініп кеткен екен, бабасы Дос батыр түсіне кіріп аян береді: «Балам, Алашқа аты шыққан Қабанбай батырдан барып батасын алып қал!» — дейді бабасы. Шошып оянған, жейдешең далаға шықса, Қабанбай батыр таң бозынан жорыққа аттанып жатыр екен, солай қарай тұра жүгіреді. Өзіне қарай еліктей ұшып келе жатқан баланы көріп Қабанбай тоқтай қалады.

— Ата, маған керегі бата, батаңызды беріңіз! — дейді бала ентігін баса алмай тұрып.

— Жарайсың, балам, түнде түсімде Дос батыр айтып еді, — деп батасын береді де, — төрт киелі алмажайым бар еді, біреуін саған байладым, ал, балам! — деп, Қабанбай батыр жүріп кетеді.

Ержете келе сол Жидебай «Әлтіке Жидебай» батыр атанады. Абылайдын қалмаққа қарсы жорығында көп рет ерлік көрсетіп, үш жүзге даңқы кетеді. Абылайдың ірі қолбасыларының біріне айналады. Бір ғажабы, бұл адам түнгі жорыққа қиын екен, айсыз қараңғы түнде көңілге алған
жерін дөп басып табады екен. Тіпті тас қараңғы түнде біреу бір нәрсесін жоғалтса, Жидебай батырды іздейтін болыпты. Сол жоғалған нәрсе Жидебай батырдың найзасын шаншыған жерінен табылады екен. «Ал сен осыны қалай табасың?» деген жанға Жидебай сырын айтпайды екен. Мұның сырын Абылай да ұға алмай қайран қалып:

— Әй, осының қызыл түлкісі бар ғой деймін, — деп сезіктеніп, бір күні әлдебіреуді аңдуға қойыпты.

Бұл кезде бұлар дала жорығында жүріпті, әлгі аңдушы ептеп, ұйқтап жатқан Жидебай батырдың қойнын ашып қараса, өңірінің астында, төсінің үстінде жатқан қызыл түлкіні көріпті, түлкі жалт қарағанда, үрейі ұшып қаша жөнеліпті. Ханға келіп, көргенін айтыпты. Көргені бар болсын, сонан екі көзіне шел қаптап, су қараңғы болып қалыпты. Сөйтсе, Қабанбай батырдың: «төрт алмажайымның бірін саған сыйладым» дегені, ол кісінің жорықта өзіне көмек көрсетіп, қауіп-қатерді алдын ала сездіріп, айсыз қараңғыда жол бастайтын төрт қызыл түлкісі болған екен. Соның бірін Жидебайға берген екен. Жидебайдың Қарауылшы батыр атануында Қабанбайдың сол бір киелі батасының көп септігі тиген екен.


Пікірлер (2)

Байдалы

Не деген касиетти адамдар болган

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз