Өлең, жыр, ақындар

Көктем кеші

  • 29.07.2019
  • 0
  • 0
  • 1871
Көктем кеші көңілді көрінеді,
Алыстан бір әсем ән өріледі.
Жарасымды жақсы әуен ырғағына
Елегізіп көңілім желігеді.
Жанға жылы сол бір ән сабырымды ап,
Мен де солай беттеймін ақырындап.
Көк жүзінде көп жұлдыз жымың қағып,
Қошеметпен көз қысып, жатыр ымдап.
Амандасып алтын ай нұр жаяды,
Жерде жастар жалындап жыр жаяды.
Бірте-бірте жаңағы таныс әуен
Оркестр боп күмбірлеп ұлғаяды.
Жаңа ғана жұмыстан тараса да,
Үйде отыру жастарға жараса ма?
Қоңыр салқын көктемнің кештерінде
Қайта кіріп кетеді тамашаға.
Тамашаның ішінде тамашасы,
Желк-желк етіп бір қыз жүр қара шашы.
Баурап алып кетеді барған беттен,
Болса-дағы бәрінің аласасы.
Соның әні жаңағы ән асқақтаған,
Өлеңімді ойдағы бастатпаған.
Өзін ойлап талай түн қас қақпағам,
Жүрегіме зәредей ас батпаған.
Бойымда бір керемет күшім шалқып,
Келіп тұрмын қасына ішім тартып.
Екеу-екеу айнала тұра қалып,
Қызық ойын басталды «үшінші артық».
Кезек-кезек жүгіріп айналады,
Көңілдері бәрінің жайланады.
Басқалары жатқанда орын тауып,
Менің жолым амалсыз байланады.
Тұрса-дағы тартып-ақ құдіреті,
Бір реті келмейді, бір реті.
Жүгіруін тілесем – мүдіреді,
Мүдіруін тілесем – жүгіреді.
Мен жүгірсем, ол артқа ығысады,
Кезек келмей, басқамен тұрысады.
Өмір заңы осылай болса-дағы,
Жүрек бірақ бір-бірін ұғысады.
Бойымда бір керемет күшім шалқып,
Қайта-қайта қараймын ішім тартып.
Жүгіріп кеп алдыма тұра қалса,
Деп тілеймін бола қап үшінші артық.
Міне-міне, шеңберден шықты атылып,
Қадаламын қиылып ықта тұрып.
Алдыма кеп алқынып тоқтай қалды,
Қағылған бір қазықтай нық батырып.
Ақ саусағын қысамын, жылытамын,
Айналамды, өзімді ұмытамын.
Артық та емес, кем де емес, бәрі түгел,
Алдымда тұр аңсаған үміт әнім.
Ай қарайды пердесін бұлт түріп,
Аймалайды жер төсін күліп тұрып.
Жай қарайды еркешім сыр ұқтырып,
Құшағыма қымсына кіріп тұрып.
Қиялымды қияға жетеледім,
Келер күнге көз салып кете бердім.
Арқама кеп белдік сарт етпегенде,
Сөйтіп тұра берер ме ем, нетер едім?
Бұлттан шығып тағы да ай қарады,
Аппақ нұрға бөлеп бір айналаны.
Дүние әлгі сұлу қарындас боп,
Алдымда шыркөбелек айналады.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мырзан Мырзаға

  • 0
  • 0

Ей, Мырзаным, Мырзаным,
Мен өзіңе ырзамын:
Адамға ақыл айтатын,
Айтқанда батыл айтатын.

Толық

Тұсаукесер

  • 0
  • 0

Былтырғыдан, балдырған,
Қалдың біраз есейіп.
Жарылқасын алдыңнан,
Тұсауыңды кесейік.

Толық

Көкте күннен нәр алған

  • 0
  • 3

Көкте күннен нәр алған,
Көпке нұр боп таралған.
Елбасымыз халқының
Бағы үшін жаралған.

Толық

Қарап көріңіз