Қуанғанда тәтті жырды жазғанмын – Ақылбек Шаяхмет

Бұл бетте «Қуанғанда тәтті жырды жазғанмын» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 18.07.2020
  • 0
  • 0
  • 1362
Қуанғанда тәтті жырды жазғанмын,
Кетті бәрі жұтылып.
Қиналғанда ащы жырды жазғанмын,
Шайнап-шайнап, тастады оны түкіріп.

Күле-күле ішегім де түйілді,
Өледі адам көп күлген.
Кім түсінер менің мына күйімді?
Күлкіден де мезі болып кеттім мен.

Инеменен жарып едім жарамды,
Іші толған іріңге.
Күннің көзі қыздырғанда ғаламды,
Тұзы қалды ыдысымның түбінде.

Күн мен түндей өтіп жатқан алмасып
Бір қуаныш, бір қайғы.
Кейде аймалап, кейде жөнсіз жармасып,
Менің алтын уақытымды ұрлайды.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері