Дағдару – Гүлманат Әуелхан

Бұл бетте «Дағдару» атты Гүлманат Әуелхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 03.02.2021
  • 0
  • 0
  • 611
Кезбе бұлттар кеңістікте қаңғырып,
Қара таудан естіледі жаңғырық.
Тірлігіне пенделердің аярлық,
Аспан тұрды төбесінен паң күліп.
"Ақын болу" дейді біреу азап ұқ,
Адамдардан жоғалғанда тазалық.
Барғайбатын жасырмаққа тырысты,
Мынау әлем күлбеттеніп сазарып.
Өміріме силайтұғын зор бақыт,
Махаббатымды алдым неге қорлатып.
Жүрегімнің тасқа айналған мүсінін,
Тоғыз жолдың торабына орнатып.
Күлкім мұңға бара жатыр ауысып,
Бар шаттығын түн ұрлаған тауысып.
Махаббатсыз құшағында ғасырдың,
Жүрегі жоқ міскіндермен қауышып.
Алмас көңіл адалдыққа қайралып,
Асау сезім найзағайға айланып.
Күліп тұрды жүрегімнің жартысы,
Кемпірқосақ бұрымына байланып...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері