Өлең, жыр, ақындар

Көкшетау

  • 20.04.2021
  • 0
  • 0
  • 852
Қашаннан қияға үкі, далаға айдар,
Қарағайлар, секілді нар ағайлар;
Ақ қайың, құшағыңды аш, анама айнал,
Сағынып салып келдім араға айлар,
Кеудемде шымырқанып бала қайнар.
Егісі ен шалқыған дәулетті елім,
Еңіс пен жапқан түлік тау бөктерін;
Еліне сәуле шашқан сәулет керім,
Есепсіз орден таққан әулетті ерің,
Ертеңнің егіп жатқан бау көктемін.
Ежелден тауы – пана, тасы – қорған,
Бұлқынған бал бұлақтың басы болған;
О-о, менің алтын бесік, асыл ордам,
Жарқын қыр, жәннәтті алқап, жасыл орман,
Ұлыңмен бірге шалқып, тасы, толған.
Табиғат тартқан арда сый-шырайын,
Аңқыған жұпар ауа, иісі майың;
Жел – жігіт, желек – қобыз: күйші дайын.
Беу, қалай бұраңдайды биші қайың.
Бар жанды сен осылай сүйші дәйім.
Қасыңдай қас арудың қиғаш біткен,
Өрнегің өлеңіме сыймас тіптен.
Музейім, қалған маған мирастықпен,
Көрген жан меймандай боп сыйлас күткен,
Арнайды ақ тілегін қимастықпен.
Мағжан мен Сәкенді де ғашық қылған,
Іледей Ілиясты тасыттырған;
Қасымды қайраған от шашып тұрған,
Өзіне бар ақынды асықтырған,
Шабытпен жүрген шашу шашып тыңнан.
Құбылып тұрған қысы-жазы, көктем,
Саңқылдап көлінде – қу, қазы – көктен,
Сұңқылдап сал-серілер сазы жеткен,
Би-бағлан шежіресін жазып өткен,
Халқымның Хан ордасы тәжім еткен!
Саин – сұс, Мәлік – айбын ерен, дүрім,
Имантау, Бурабайлым, Зеренділім;
Кербезім, кереметтім, кемел күнім,
Кеудеде толқын атып кемер бүгін,
Қызырым, қызығыңа кенелді ұлың.
Сырлы әуез сымбатыңа серік екен,
Ақан – тіл, Біржан – көмей сері мекен,
Сезімнің сексен көлің селі ме екен,
Жаһанда жер бар ма екен жеріңе тең?
Айбарлы Абылайдың ақ ордасы,
Жырымды байғазы ғып беріп өтем.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сен ұялшақ қыз едің

  • 0
  • 0

Сен ұялшақ қыз едің, Мен ұяңдау ұл едім.
Сен деп соғып жүрегім, Сел боп тасып жүр едім.
Сен алманың гүлі едің, Мен қайыңның бүрі едім.
Жанымда боп бір бақта, Жайнауыңды тіледім.

Толық

Қаладағы досыма

  • 0
  • 0

Бала ғашық ежелден, дана ғашық,
Далаға асық, досым-ау, далаға асық.
Құпиясын өзіңе қалады ашып,
Ақ селеумен кетсең ғой араласып.

Толық

Сыршыл болып барамыз

  • 0
  • 0

Күннен күнге жақын тартып арамыз,
Түннен түнге сыршыл болып барамыз;
Мені сонша табындырып тастаған,
Шыныменен сенбісің, ей, қара қыз!

Толық

Қарап көріңіз