Қараша – Исраил Сапарбай

Бұл бетте «Қараша» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 21.07.2021
  • 0
  • 0
  • 1111
Жаңбыршаң бұлт жабағыланды,
Жабылып Күннің қабағы қалды.
Көзайым көктем, жайдарман жаздың
Жапырағы көшіп, сабағы қалды.
Өзгерткен өңір өңі-келбетін
Көріне көзге көрінер жетім.
Үзіп те жұлып шымшиды жаңбыр
Өңсіз де үнсіз өлі көл бетін.
Жəутеңдеп көкке жанары құрғыр,
Қағілездене қағады дір-дір.
Таусылған сəні, жаншылған жаны
Балауса бақтың балағы кір-кір.
Жылымшы көңіл жыланып тағы,
Былғаныш көше быламықтанды.
Бораннан байыз тапқан табындай
Бауырына таудың тұман ықтады.
...Көрініп көктің көгілдір кеші,
Көрбілте күннің сөгілді іргесі.
Келеді деумен көңілдің қошы
Өтеді-ау өстіп өмірдің көші.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері