Сағыныш – Ырысбек Дәбей

Бұл бетте «Сағыныш» атты Ырысбек Дәбей жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 10.08.2021
  • 0
  • 0
  • 646
Жыл құстары есен-сау келдіңдер ме,
Қанатыңды сылатып торғын желге.
Біздің туған өлкені көрдіңдер ме,
Қанаты жоқ сергелдең менмін жерде.
Сендерге құсап ұшуға жоқ амалы,
Аман ба екен бабамның молалары.
Көздеріңе түсті ме көкке шығып,
Көрші қыздың бұлғаған орамалы.
Тамсандырған табиғат тағылымы,
Сағыныш қой пенденің ауыруы.
Соңдарыңнан көз салып тұрды ма екен,
Ана жүрек – арылмас қамырығы.
Жылдар жылжып жүзінен, ай алыстап,
Қара дөңде қалқайып таяқ ұстап.
Әкем байғұс оңаша отыр ма екен,
Азан-қазан байырғы бая – қыстақ.
Сен өткенде көгімнен керуенім,
Елімді аңсап еріксіз егілемін.
Қабырғама қайысқан қанат бітіп,
Мен бір күні аспаннан көрінемін...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері