Қырсығады екем – Мағиза Құнапияқызы

Бұл бетте «Қырсығады екем» атты Мағиза Құнапияқызы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 12.09.2021
  • 0
  • 0
  • 607
Мазасыз ойлар сен келсең сап тынады екен,
Қасыма менің кідіріп бақ тұрады екен.
Әуре болып несіне келдің дегенмен,
Көңілім сені көргенді жақтырады екен.

Қарбаласпын деп сылтауды маңайлайды екем,
Бір жүрген күнді еске алып сан ойлайды екем.
Келмейтініңді ішімнен сезіп тұрсам да,
Сен жақтан келген көлікке қарайлайды екем.

Сен үшін қиын белестен аса алады екем,
Сонда да бәрін жасырып қасарады екем.
Оңаша қалғың келгенін біліп тұрсам да,
Топтасқан жанның ішіне апарады екем.

…Көрмесе күнді гүл мұңға тұншығады екен,
Тұншығады екен, тұншыққан гүл сынады екен.
Шыдамым бітті қырсыға қоймаспын деуші ем,
Қырсығады екем бәрі бір, қырсығады екем.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері