Қырат мені шаршатты – Мағиза Құнапияқызы

Бұл бетте «Қырат мені шаршатты» атты Мағиза Құнапияқызы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 12.09.2021
  • 0
  • 0
  • 687
Біз сыртынан жанап өткен таныс бақ,
(Себебі онда тек ғашықтар табыспақ).
Күте ме екен?
Қырат мені шаршатты,
Мен жақындап қалған сайын алыстап.

Түсінбедім кім біздерді қинаған?
(Қоштасып ап азаптанып қимағам).
Ештеңеден хабары жоқ біздерге,
Осыншама үлкен сезім силаған?!

Жазғырып ап онан кейін кешіріп,
Көкжиекке көп қарадым тесіліп.
Тым биікте лапылдады от сезім,
Қолым жетсе тастамақ ем өшіріп.

Бірде жетіп, бірде жетпей бір ұшқын,
Кеудеме кеп күмбірледі күміс мұң.
Құтылмақ боп мазасыз бұл шақтардан,
Жақындадым, өшіруге тырыстым.

Одан сайын шарықтады өр сезім,
Қансыратты жүрегімнің бөлшегін.
Қуа-қуа мен де кеттім биіктеп,
Білмесемде биіктіктің өлшемін.

Қызықтамай дүниенің дүрмегін,
Неге мұнша жұмбақ өмір сүргемін?
Сол сезіммен қатарласып қалыппын,
Сен де сонда жүр ме едің?!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері